Қоян жылын қарғалылықтар жарқын жаңалықтармен бастады. Мұнда жаңа жыл қарсаңында бірнеше жаңа нысандар пайдалануға беріліп, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартты. Петропавловка ауылында республикалық «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бөлінген 155 миллион теңгеден астам қаржыға қайта жарақтандырылған су құбыры іске қосылды. Осы жұмысты жүргізген «Ақтөбе арнаулы құрылыс құрастыру» ЖШС Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылдың да су құбырын қайта жарақтандырды. Бұл құрылысқа 122 миллион теңге бөлінді. Республикалық бюджеттен бөлінген 135,5 миллион теңгеден астам қаржы Мамыт ауылында да ауыз су мәселесін шешуге алғышарт жасады. Сумен қамтамасыз ететін екі нысан құрылысы биыл аяқталады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Қайрақты ауылы да ауыз сулы болады, бұл үшін республикалық бюджеттен 100 миллионға жуық теңге бөлінді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бөлінген 9 миллион теңгеге Қосестек селолық округіне қарасты «Жаңа тұрмыс» шаруашылық құрылымының мал шаруашылығы кешеніне электр желісі тартылды. Шаруашылық басшысы Мұрат Құбиевтің қуанышында шек жоқ. Қуанбағанда ше, электр қуатымен көп шаруаны тындыруға болады, малшылар да тұрмыстық игіліктерді көретін болды.
Ауданда жаңа жыл қарсаңында көптеген жеке кәсіпкерлік нысандары ашылды. «Ақтөбе-Ор» халықаралық трассасы бойында 24 орындық «Родничок» кафесі пайдалануға берілді. Мұнда жолаушылар тынығатын үш бөлме бар. Осымен бір мезгілде аудан орталығы Бадамшада ашылған «Керемет» және «Бақдәулет» кафелері де тұтынушыларды қабылдай бастады.
Мұнда келушілерге қаладағыдай жағдай жасалған. Кең де сәулетті кафелерде қызмет көрсету мәдениеті де жоғары. «Альбина» жеке дүкені де қарғалылықтарға жаңа жылдық тарту болды.
Осы ашылған жеке кәсіпкерлік нысандарының барлығы да «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе өкілдігінің қаржысы есебінен несие алу арқылы іске қосылып отыр. Өкілдіктің директоры Гүлжанат Ерғазинаның мәлімдеуінше, өткен жылы бөлінген қырықтан астам несиенің 14-ін қарғалылықтар алған екен. Несие қаржысы толық игеріліп, өз мақсатына жұмсалыпты.
Күрделі жөндеуден өткен аудандық өлкетану мұражайы да жаңа жылда келушілерге есігін айқара ашты. Бұрын бір-екі бөлмеде орналасқан мұражай күрделі жөндеуден кейін адам танымастай өзгерген. Ғимарат кеңейіп, жаңа экспонаттар қоюға мүмкіндік туды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.