Тиімді пайдалану – табысқа бастайды
Асықсақ та аптықпайық
Өзге салаларға қарағанда, ауыл шаруашылығының ерекшеліктері көп. Мәселен, ауа райына тәуелділік. Көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық шараларға сай атқарып, бітік астық өсіргеннің өзінде күз жауын-шашынға ұласып кетсе, диқан байғұстан маза кетті дей бер. Күткендегідей өнімге қол жеткізе алмағаннан кейін жұмсалған шығынның орнын толтыру қиын. Екіншіден, озық технологияларды енгізу, органикалық, минералды тыңайтқыштармен құнарландыру, машина-трактор паркін жаңалау, жанар-жағармай сатып алу орасан зор қаржыны қажет етеді. Және бір күрделілігі, ауыл шаруашылығы бейнеті мол, жемісін көп тостырып беретін сала саналатындықтан, құйылған қаражаттың қайтарымын жылдар бойы күтуге тура келеді. Сол себепті инвестициялық тартымдылықты қалыптастыру өте маңызды. Мен оны өз тәжірибемнен жақсы білемін. Біздің шаруашылық иелігінде 30 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығына жарамды жер бар. Оның 24 мың гектарына дәнді, майлы, жемазықтық дақылдар егіледі. Парға қалдыру, ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталады. Жерімізді ұзақ мерзімді жалға алынғандықтан, тиімді пайдалану – басты міндетіміз. Бұл жағынан мақтана аламыз. Түсімділік 20-24 центнерден кеміп көрген емес. Ұжым мүшелеріне әлеуметтік қолдаулар жүйелі көрсетіледі. Мектеп, клуб, ФАП секілді нысандарға жөндеу жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Жолдар қалпына келтіріліп, әр үйге сапалы ауыз су тартылған. Әрине, атқарылған жұмыстарға қарамастан, проблемалар да жетіп-артылады. Бұл саладағы еңбек өнімділігі әлі де төмен күйінде қалып отыр. Бұл туралы Елбасының төрағалығымен өткен келелі кеңесте атап айтылды. Шынында да, 1 гектар жерден орта есеппен 400 доллардың өнімін алатын отандық фермерлерді шетелдік әріптестермен салыстыру ұят. Өйткені, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар әкелу, инвестициялар тарту мәселелері көңіл көншітпейді. Қазақстанда ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі өнеркәсіп саласындағыдан 23 есе төмен екендігі біраз жайтты аңғартса керек. Оның бір ұшығы тікелей жерге қатысты үлкен әлеуеттердің игерілмеуіне келіп тіреледі. Өз ойымды Жер кодексіне қатысты өрбітетін болсам, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұзақ мерзімді жалға беру өркениетті елдердің бәрінде бар. Ал, шетелдіктердің жалға алғаны – 65 мың гектар ғана. Олардың соншалықты қызығушылық танытпауының себебі, құйылған қаражат кері қайтарылмай ма деген қорқыныш, жүрексіну басым. Бұл мәселеде абай келетіндері, мүмкіндігінше дұрыс жағдайдың жасалғанын қалайтындары түсінікті жайт. Сол себепті шетелдік жеке, заңды тұлғалар үшін ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жалға беру мерзімінің 25 жылға дейін ұзартылуын қалталы қаржыгерлерді барынша тартудың бір амалына балаған абзал. Жер заңнамасының негізгі мәні бос жатқан жерлерді айналымға қосу, оларды игеруге инвесторларды қызықтыру болса керек. Олар өздерімен бірге заманауи жобалар мен бағдарламаларын қоса ала келеді. Жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындары ашылады. Инфрақұрылым жақсарады. Азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Өкініштісі сол, Жер кодексіне енгізілген жаңа түзетулер қалың бұқараға тиісті дәрежеде жеткізілмегендіктен, күмәнді сұрақтардың көбейгені рас. Осыған орай Президенттің Жер кодексінің әрқилы қоғамдық пікірлер тудырған бірқатар нормаларына белгілі мерзімге дейін тоқтау салуын құптаймын. Жерді тиімді пайдалану, жалға беру, аукцион арқылы сату мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырып, заңнамалық тұрғыдан екшеп алу еш артықтық етпейді. Президент атап көрсеткендей, бұл ретте мораторий сақталған жағдайда ауыл шаруашылығының жағдайы нашарлауы мүмкіндігін «Нұр Отан», Демократиялық күштер коалициясы аясында жұртшылықты кеңінен қатыстыра отырып кең ауқымда түсіндірудің, оған қоғамдық бірлестіктерді, бұқаралық ақпарат құралдарын, депутаттарды тартудың маңызы зор. Жер кодексіне енгізілген өзгерістер жерді шетелдіктерге сатуды қарастырмайды. Ал, еліміздің ауылшаруашылық тауарларын өндірушілеріне жерді сатып алуға артықшылықтар мен жеңілдіктер беріледі. Ең бастысы, бұрын жалға алынған жер телімдерін сатып алу құқығының берілуі жерге деген қарым-қатынасын өзгертеді. Мақсатты пайдаланылмайтын жерге салықты көбейткен жөн. Жер қазақстандықтардың басты байлығы болғандықтан, сөз жоқ, табыс, пайда әкелуі тиіс. Біз жерді тиімді игеру есебінен 230 адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Алда аукциондарға міндетті түрде қатысатын боламыз. Еркебұлан МӘМБЕТОВ, «Мәмбетов К» командиттік серіктестігінің бас директорыСолтүстік Қазақстан облысы
Ұтымды ұйымдастырғаннан ұтылмаймыз
Елбасы Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий жариялап, ол мәселелерді мұқият талқылауды Үкімет жанынан құрылатын комиссия мен «Нұр Отан» партиясына жүктеп отыр. Менің ойымша, бұл өте орынды қадам. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бізге мұраға қалдырып кеткен жер әрбір қазаққа қымбат және қасиетті. Өйткені, жер мен Отан егіз ұғым! Елімізде жеріміздің дербестігін, тұтастығын сақтау үшін бірталай маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, шекарамыз көршілес мемлекеттермен арада болған келісімдерге сай бекітіліп, Ата Заңымызда территориямыздың тұтастығын, бөлінбейтіндігін мемлекеттің қамтамасыз ететіндігі атап көрсетілген. Елімізде бұрынғы кеңшарлардың көпшілігінің жерлері игерілмей, егіс танаптары арамшөптерге толып, жарамсыздыққа ұшырауда. Бұлай болуының негізгі себептері ауылшаруашылық техникаларының, жанар-жағармайлардың, қосалқы бөлшектердің, тыңайтқыш, гербицидтер бағаларының қымбат болуына байланысты жергілікті тұрғындардың жерді пайдалана алмай отырғандығынан дер едім. Үкімет тарапынан жасалып отырған жеңілдіктер негізінен ірі шаруашылықтарға бағытталған, ал ауыл азаматтары бетпе-бет кездесіп отырған мәселелерді шешуге жетімсіз екені шындық. Сондықтан, алтын бесік ауылдардың біразында жұмыссыздық белең алып, жастар қалаларға амалсыздан кетуде. Бұдан ұтылған кім? Ал ауылға қаржылай мүмкіндіктері мол азаматтар келіп, шаруашылықтар құрып, жұмыс орындарын ашса – ауылдықтар ұтпаса, ұтылмайтыны анық. Ауылды дамытуға арналған жұмыстар баянды болуы үшін, ауыл тұрғындары қаражаттың аздығына байланысты өз істерін ашуға мүмкіндіктері болмай қалмауы үшін Үкіметке, жергілікті атқарушы билік орындарына айтар мынадай ұсыныстарым бар. Біріншіден, барлық құнарлы жерлер тек сатылуға түсіп кетпеуі үшін олардың жалға берілетін бөлігі жергілікті тұрғындармен келісіліп белгіленуін және сатылу мен жалға берілу үдерістері тең дәрежеде жүргізілуін қамтамасыз ету керек. Екіншіден, шетелдік тұлғалар жалға алған жерлерін қыйтұртқы әдістермен жекеменшікке түсіріп алмауы үшін қажетті шаралар қарастырылуы тиіс. Үшіншіден, үй (қосалқы) шаруашылықтарын дамыту үшін елді мекендер жерлері санатын кеңейту және шалғайдағы жайылым жерлерді пайдалануды заңды жолға қойған жөн. Төртіншіден, Жер кодексінде қарастырылғандай, бес жыл көлемінде екі жыл пайдаланылмаған жерлерді Үкіметке қайтару ісінде жергілікті және жоғары атқарушы органдардың, сот билігінің жұмыстарын жандандыру қажет. Бесіншіден, шенеуніктердің жұмысбасты болып, халыққа түсіндіру жұмыстарының кемшін түсіп жатқанына байланысты, Үкімет жанынан құрылатын комиссиямен қатар, ауыл шаруашылығының маңызды мәселелерін қабылдауға, халыққа насихаттауға білімі мен тәжірибесі мол білікті азаматтар мен ел ішінде беделді ағаларды тарту, құрамына осындай адамдар кіретін кеңестер құру керек деп санаймын. Сайып келгенде, «Бірлік бар жерде тірлік бар», дейді халық даналығы. Барлық күшімізді, ауызбіршілігімізді ауылдың, еліміздің дамуына жұмсайық, ағайын! Тұрар АЛТЫНБЕКОВ, еңбек ардагері ҚАРАҒАНДЫҚоғам мен тұрақты даму мүддесіне орай
Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормаларының әрекет етуіне 2016 жылдың соңына дейін мораторий жариялау туралы шешімін толық қолдайтынын білдіреді. Мемлекет басшысының шешімімен Үкімет жанынан «қызу желі» – біртұтас колл-орталықтың құрылуын бүкіл ел үшін маңызды шешім деп есептейміз. Бүтіндей алғанда, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жұмыс кеңесіндегі барлық шешімдері мен тапсырмаларының, бірінші кезекте, қазақстандықтардың мүддесіне, бүкіл қоғам мүддесі мен оның тұрақты дамуына орай туындап отырғанын атап өткіміз келеді. Біздің бірлестік экономикамыздың, соның ішінде ауыл шаруашылығының инвестициялық тартымдылығын арттыру қажеттігімен толық келіседі. Кеше жұмыс кеңесінде Мемлекет басшысы біздің аграрлық сала инвестицияларға мұқтаж, біздің фермерлерге жаңа аграрлық технологиялар қажет деп әділ атап көрсетті. Тек сонда ғана біз бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық өнімдерін өндіре алатын боламыз. Біздер, кәсіпкерлер, түсіндіру жұмыстарына қосылуға және Үкімет жанындағы комиссия жұмысына атсалысуға дайынбыз.Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы
Дер кезіндегі шешім
Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының ассоциациясы, еліміздің бүкіл жұртшылығы сияқты, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жер кодексінің бірқатар нормаларының әрекет етуіне 2016 жылдың соңына дейін мораторий жариялау туралы стратегиялық шешімін толық қолдайды. Осынау кемеңгер және шын мағынасында халықтық шешім қоғамды толғандырған барлық мәселелерді салмақтап және бүкіл мүдделі тараптардың мүдделерін ескере отырып қарауға жағдай жасайды. Біз Мемлекет басшысының Үкімет жанынан комиссия құру туралы тапсырмасын толықтай қолдаймыз. Комиссия қызметінің, оның жұмысы қоғамдық ұйымдар өкілдерінің және бүкіл мүдделі мемлекеттік органдардың кең ауқымды қатысуымен жүргізілетіндіктен, тиімді болатынына сенімдіміз. Комиссияның талқылау қорытындысы бойынша Жер кодексінің даулы мәселелеріне қатысты көзқарастар қалыптастырып, Парламентке нақты ұсыныстар енгізілетіні ерекше маңызды. Бұл шешімдер қазақстандықтар мен олардың хал-жағдайына қатысты қамқорлықтың Мемлекет басшысының басты стратегиялық бағыты болып табылатынын тағы бір көрсетіп берді. Биылғы жылы біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтпекпіз. Біздің еліміздің барлық табыстары өзіміз ұқыптылықпен сақтауға және нығайтуға міндетті қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың арқасында ғана мүмкін болып отыр. Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының өркендеуіне өз үлесін қосу әр азаматтың ісі! Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының ассоциациясыЖаңа мүмкіндікке жол
Жұмыс кеңесі шеңберінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев маңызды шешімдерді жариялап, нақты тапсырмалар берді. Біз Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдерді бүтіндей қолдаймыз және олардың дәл уақытында шешілгеніне сенімдіміз. Біздің Президентіміздің Жер кодексінің бірқатар нормаларына 2016 жылдың соңына дейін мораторий жариялау, сондай-ақ, Үкімет жанынан Жер кодексінің даулы мәселелері бойынша көзқарастар қалыптастырып, Парламентке нақты ұсыныстар енгізу туралы шешімін кемеңгерлік деп есептейміз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «қызу желі» ашу мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы үнқатысуды қамтамасыз етуде маңызды қадам болып Біз Елбасының бұл шешімі біздің экономикамыздың және ең алдымен, аграрлық сектордың одан әрі дамуына жағдай жасауға қолайлы шаралар қалыптастыруға мүмкіндік туғызатынына сенімдіміз. Өскемен қаласы Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту орталығы