26 Қаңтар, 2011

Хат қоржын

437 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оқырман

ұсыныс жасайды...

Ардагерлер кеңесі қаржыландырылса

Айтайын дегеніміз, қандай бір дүбірлі мерекелік іс-ша­ра­ларын өткізу барысында қар­жыға тірелетін мәселелерде барлық деңгейдегі ардагерлер кеңестері қалталылар мен іскер азаматтардың қолдауына жалтақтап қараумен, солардан дәметумен болады. Бес саусақ бірдей еместігіндей, көмегін ұсына қойса жақсы ғой. Әйт­песе үнемі алақан жая берудің өзі қадірді қашырмай ма? Осы жағын ескере келіп, республикалық Ардагерлер ке­ңесіне ұсыныс жасағалы отыр­мыз. Жергілікті ардагерлер ке­ңестерін бюджеттен қаржы­лан­­дырудың ретін табуға болмас па екен? Шағын штат бекітіп, аздап қаржы көлемін ан­ықтап дегендей. Жасыратыны жоқ, кейбір жергілікті ардагерлер ұйым­да­ры өз күштерімен офис жал­дап та жұмыс істейді. Бірақ бұл оңайлыққа түспейтінін ұғы­­намыз. Қайткенде де жо­ғары органдар араласып, бір оң­тайлы жолын қарастырса деген үмітіміз бар. Өз кезегінде ардагерлер ұй­ымдары Тәуелсіз еліміз­дің өр­кендеп, қуаттануы тұр­ғы­сын­да өз үлестерін қосып жүр­генін көптеген жарқын мысалдардан аңғаруға әбден болады. Н. ДӘУЛЕТОВ, Сарыағаш аудандық ар­да­герлер кеңесінің хатшысы, Б. ШІРІНБЕКОВ, Сарыағаш қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

... талап етеді

Адал табысым рәсуа болды

Мен екінші топтағы мүгедекпін. 40 жыл үзіліссіз еңбек етіп, ең төменгі зейнетақы рәсімделді. Одан мүгедектікке беретін жәрдемақы көтеріңкі болып, соны қанағат тұтып жүрмін. Жиған-тергенімді «Валют-Транзит» банкіне салып отырған едім. Ол банкінің жайы белгілі. Басқарушылары темір торға тоғытылып, банк жабылып тынды. Соның есебінде азын-аулақ өсім ақшам қалған еді. Соны әне-міне береміз деп, сағызша созып келеді. Бұлай сан соғып қалған жалғыз мен емес, мыңдап саналады. Талай өтініш қағаз жазып, жоғарыға жөнелттік. Еш қайран жоқ. Мысымыз құрыды. Жетпістен асқан адамға тыныштық керек. Телміріп, құр үмітпен жүрудің өзі ауыр соққы біз үшін. Әділдік қашан үстемдік құратын болады? Осы тілегім жетер ме екен, тиісті орынға. Жоқтап отырғаным – маңдай­ақым­ның өтемі. Күнкөрістің қиындығынан қолыма еріксіз қалам алдым. Үміттіміз! Рахымжан БӨЛЕКБАЕВ, 2- топтағы мүгедек. Тараз.

... пікірін бөліседі

Қырықтағы адам кәрі ме?

Жасыратыны жоқ, қоғамымызда жұмыссыздық бар. Онымен күрес жоғары билік тарапынан жүйелі жүргі­зі­ліп келе жатқанынан да хабардармыз. Бірақ бір демде бәріне жұмыс үлестіре қоюдың да қисыны келмейтінін түсінеміз. Осындайда жастар жағының селтеңбайға салынуы қи­найды. Мамандығына сай жұмыс табу оңай емес. Ал жасы егде тартқандардың жайы тіпті асқынып тұр. Егде деймін-ау, кәдімгі қырықтағы қылшылдаған жігітіңнің өзін «кәрісің» деп, жұмысқа қабылдарда кеудеден итергенін естіп жүрміз. Дұрыс па, осы? Сонда жұмысқа 20-30-дағылар ғана қабылданар болса, басқалары не істеу керек? Нағыз ақыл тоқтатып, тәжі­рибесі байыған кезде қажетсіз болып қалудан өткен соққы бола қоймас, сірә? Елбасының өзі бір сөзінде, зейнет жасына келгендердің денсаулығы мықты болып, іскерлік қабілеті төмендемеген жағдайда, жұмысын жалғастыра бергені абзал деп айтып қалғанын өз құлағымызбен естігенбіз. Ендеше осы ойды ескерейік. Тағы бір айтарым, бастық өзгере қалса, сол орынға келуші командасымен сау ете қалады. Содан бұрын­ғыларды себепті-себепсіз қысқарту баста­лады. Өз ертпесін тығу керек қой... Осы келеңсіздікті тыйған жөн болар еді. Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, зейнеткер. Астана.