Ұлыбританиялықтар екіге жарылды
YouGov компаниясы ұлыбританиялықтардың арасында әлеуметтік сауалдама жүргізіп, олардың Еуропалық одақ құрамында қалу және қалмауы туралы пікірлерін зерттеді. Зерттеу қорытындысын Reuters агенттігі 9 мамыр күні жария етті. Британдықтардың 42 пайызына жуығы Біріккен Корольдіктің Еуроодақ құрамында қалуын жақтаса, тұрғындардың 40 пайызы бұл одақтан шығуын қалайтындықтарын айтқан. Осы зерттеуге тапсырыс берген Times газетінің жазуынша, тұрғындардың 13 пайызы бұл мәселе жөнінде дауыс берудің қалай жүргізілетіндігін білмейтіндіктерін айтса, респонденттердің 6 пайызы өздерінің әлі бір қорытындыға келе алмай отырғандықтарын білдірген. Би-би-си орыс қызметінің дерегі бойынша, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон егер британдықтар Еуроодақтан шығу жөнінде дауыс беретін болса, мұның өзі Еуропадағы бейбіт өмірге қатер төндіретіндігін ескерткен. «Еуропаға теріс қарап, оған арқамызды берген әрбір кезімізде ерте ме, кеш пе біз осындай мәселенің көтерілуін жақтаған болатынбыз. Бірақ қашанда болсын қайта оралуға тура келген еді. Сол кезде бұл мәселенің өзі үлкен шығынға түскен болатын», деп атап көрсеткен премьер-министр. Мұның алдында, яғни 24 сәуір күні егер Ұлыбритания Еуроодақтан шығатын болса, қандай проблемаларға тап болатындығын АҚШ президенті Барак Обама да айтып, британдықтарды бұл қатерден сақтандырған болатын. Үстіміздегі жылдың ақпан айының басында Брюссель Еуроодақты реформалау жобасын Ұлыбританияға тапсырды. 19 ақпанда барлық тараптар бұл жобаны мақұлдады. Жоба бойынша Лондонға өз валютасына бақылау жасауды сақтап қалу және мигранттармен қарым-қатынас саясатын өз бетінше реттеу мүмкіндігі берілді. Еуроодақ құрамынан шығу жөніндегі Ұлыбританиядағы референдум 23 маусым күні өтпек. 2015 жылдың мамырында Кэмерон 2017 жылдың соңына дейін Біріккен Корольдіктің Еуроодаққа мүшелігі мәселесі бойынша референдум өткізуге уәде берген болатын. Премьердің өзі елдің Еуроодақ құрамында қалуын жақтап отыр. Бірақ ол үшін одаққа айтарлықтай реформа жүргізілуі қажеттігін ескертуде.Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс адамдардан босап қалуы мүмкін
Германиялық және кипрлық ғалымдар өз зерттеулерінің нәтижесінде 2050 жылға таман Таяу Шығыстың бір бөлігі мен Солтүстік Африка адамдардан босап қалуы мүмкін деген қорытындыға келген. Қазіргі жүріп жатқан климаттық өзгерістердің салдарынан аталған өңір адамдар үшін тұруға қолайсыз болып саналуы мүмкін екендігін болжаған ғалымдардың зерттеу нәтижесі туралы Германиядағы Макс Планк қоғамы хабарлаған. 2016 жылдың сәуір айының соңында әлемнің 175 мемлекеті парниктік газдарды ауаға шығаруды азайтуды көздейтін келісімге қол қойған болатын. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бұл жағдай жаһандық жылынуды баяулатуы тиіс. Сөйтіп, 2050 жылға таман орта жылдық температура 2 Цельсий градусынан артпайтын болады. Алайда, ғалымдардың зерттеуінше, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы болуы мүмкін табиғат апатының бетін қайтаруға мұның өзі жеткіліксіз. 2050 жылға таман аталған өңірде жазғы температура 46 градусқа дейін жетеді. Ал түнгі орташа температура 30 градустан төмендемейтін болады. Аталған өңірде төтенше ыстық күндер қазіргіге қарағанда 5 есе көбейе түсетін болады. Ал осы ғасырдың соңына таман бұл өңірдегі жазғы температура 50 градусқа жетеді. Ыстық күндердің саны 118-200 тәулікке дейін созылады. Мұндағы жағдай ауаның былғануы есебінен де нашарлай түседі. Күшті желдің есебінен шаң басу көбейеді. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада қазіргі күндері 500 миллион адам өмір сүруде. Мұндағы ыстық күндер саны 1970 жылмен салыстырғанда екі есе көбейген. ХХ ғасырдың басынан бері Сауд Арабиясында, Ирак пен Сирияда ауаның шаңдануы 70 пайызға артқан. Мұның өзі құрғақшылықтың күшеюінен және құм үйірген дауылдардың артуынан болып отырған көрінеді.Мигранттар ағынының артатындығын мәлімдеді
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун өзінің жуықта жасаған баяндамасында әлемде адамдар көші-қонның артатындығы туралы болжам келтірді. Бұл ағын кикілжіңдердің артуы, климаттың өзгеруі, аштық пен теңсіздіктің күшеюі есебінен артатындығын айтты. Аталған баяндамада 2015 жылы халықаралық мигранттар мен босқындардың саны 244 миллион адамды құрағандығы, бұл көрсеткіштің 2010 жылғы ағыннан 45 пайызға өскендігі туралы деректер келтірілген. «Болжам бойынша әлем халқының саны алдағы уақыттары өз өсуін жалғастырып, 2050 жылға таман 9,7 миллиард адамды құрайтын болады. Егер халықаралық мигранттар үлесі тұрақты сақталатын болса, онда олардың саны 2050 жылға таман 321 миллион адамға жететін болады», деп есептейді Пан Ги Мун. Осыған байланысты ол әлемдік көшбасшылардың босқындардың үлкен топтарының жерден-жерге ауысу проблемасына ұжымдық тұрғыдан ықпал ету тиімділігін арттыруға назар аударуларын сұраған. Әлемдегі ең ірі миграциялық дағдарыстардың бірі 2015 жылы Еуроодақ елдерінде орын алғаны белгілі. Сириядан және осы өңірдегі басқа да елдерден шыққан босқындар Эгей теңізін кесіп өтіп, Еуропаға келіп паналады. Бұл құрлыққа өткен жылы миллионнан астам адам келді. Олардың 850 мыңы Түркия арқылы Грекияға жету бағытын таңдап алған. Босқындар арасында назар аударатын осындай маршруттар қатарында Солтүстік Африка елдері арқылы Жерорта теңізіне жетіп, одан әрі Еуропаға қарай өту бағыты болды. Босқындарға осы бағыттарда теңізден өту көптеген қиындықтар келтірді. Шағын қайықтарды пайдаланғандардың біразы апатқа ұшырады. Мәселен, Ливиядан шығып Италияға жетпек болғандар арасында өткен жылдың 30 сәуірі мен 1 мамыры күндері кемінде 113 адам апатқа ұшырады. 18 сәуір күні 400-ге жуық босқын Египет жағалауларында суға кетті.Ірі мұнай компаниялары Арктикадағы бұрғылаудан бас тартуда
Ірі мұнай компаниялары Арктикадағы барлау ұңғымаларын жүргізуге АҚШ үкіметі беретін лицензиялардан бас тартуда. Олардың қатарында Royal Dutch Shell, ConocoPhillips және Statoil компаниялары бар. Бұл жайында 10 мамыр күні Bloomberg агенттігі хабарлаған. Агенттіктің дерегінше, АҚШ үкіметінің беретін лицензияларының құны шамамен алғанда 2,5 миллиард долларды құрайды екен. Мұнай компанияларының Арктикадағы бұрғылау операцияларын жүргізуден бас тартуының сыры түсінікті. Мұнай рыногындағы қазіргі жағдай компанияларды өз шығындарын барынша шектей түсуге мәжбүр етуде. «Арктиканы игеру бірқатар жылдарға кейін шегерілуі мүмкін. Өйткені, мұнай бағасының төмендеуі, оның үстіне аталған өңірде игеруге жұмсалатын қосымша шығындар, экологиялық тәуекелдер осындай жағдайға алып келіп отыр» деп мәлімдеген The Economist Intelligence Unit энергетика жөніндегі талдаушысы Питер Кирнан өзінің сөзінде. Ақпараттық агенттіктің деректері бойынша, мұнай ойыншылары жалпы алаңы 2,2 миллион акрды (11,3 мың шаршы шақырымға жуық) құрайтын аумақты бұрғылау құқығынан бас тартып отыр. Мұның өзі 2008 жылы АҚШ үкіметі аукциондарда сатқан барлық лицензиялардың 80 пайызы болып табылады. Сол кезде мұнайшылар Чукот теңізіндегі 2,8 миллион акрлық аумақты бұрғылау құқығын алу үшін 2,6 миллиард доллар жұмсаған болатын. Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»