Жас орындаушылардың дәстүрлі республикалық «Жас қанат» эстрадалық ән байқауы Бейбітшілік және келісім сарайында 20-22 мамыр аралығында өтеді деп жоспарлануда. Еске сала кететін жайт, ел Тәуелсіздігі мен «Жас қанатқа» биыл 25 жыл толып отыр. Сол себепті де жер-жердегі талантты жастарды қолдап, көктемгі бұлақтың көзін ашуда жемісті еңбек етіп келе жатқан ән байқауынан үстіміздегі жылы ерекше сыйлар күтілуде.
Осынау жобаға орай 1992 жылы өткен «Жас қанат» байқауының лауреаты, бүгінде қазақ ұлттық эстрада өнерінің жұлдызы Медеу Арынбаев өз ойын бізге былайша баяндап берді: «Жас қанат» осы аралықта еліміздегі ең беделді де танымал ән байқауына айналғаны рас. Оның сахнасында алғаш рет өнер көрсеткен шат-шадыман шақ күні кеше ғана сияқты еді... Қайран, 25 деп халқымыз ерекше сүйіспеншілікпен үміт артқан, небір әсем әнге арқау болған жалын атқан, жыр ұнатқан жас емес пе бұл? Сондықтан, шіркін, асау да бұла 25-тің мінезіне лайық тамаша таланттар танылар сәтке санаулы ғана күндер қалды».
– Алғашқы бәйге қандай ерекшеліктерімен есте қалды? – деген сұрағымызға әнші: «Ол уақытта байқауға тіркелудің өзі оңай болмайтын. Аранжировка мен техникаға жауапты мамандардың аздығы, ән жаздыратын студияның жоқтығы... т.с.с дүниелер жас әншілер өнерінің толыққанды ашылуына көп қиындық туғызды.
Өкінішке қарай, ақпарат тарату мүмкіндігі де тым шектеулі болды. Қатысушыларды табу шөп үйімінен ине іздегендей іс еді әрі оларды амалсыз мейрамханалардан іздеуге мәжбүр болатын.
Әйткенмен де «Жас қанат» байқауы өзінің мәртебесін ешқашан түсірген емес. Тіпті, 1992 жылғы байқауда бірінші жүлде ешкімге бұйырмай қалды. Неге? Онысы өте дұрыс шешім еді. Өйткені, «Жас қанат» байқауынан кәсіби жоғары деңгей, тиянақты дайындық талап етілді. Осы арқылы ол бүгінде еліміздің ең беделді байқауына айналды, – деп жауап берді. – Әрине, уақыт бір орында тұрмайды. Жиырма бес жылда көп нәрсе өзгерді, тіпті уақыт та. Қазіргі күні түрлі телевизиялық байқаулар, реалити-шоулар пайда болды. Техниканың мүмкіндігі әлдеқайда артты, қазір қатысушыларға SMS арқылы не әлеуметтік желілерде дауыс беріледі.
Осындай байқаулардың көптігі, әрине, кәсібилікті екінші орынға ысырып жіберетіні қиын, яғни «харизма» алғашқы орынға қойылады. Бүгінде мықты вокалдың өзі ескерілмей қалатыны жасырын жайт емес. Ал, «Жас қанат» байқауының өзге сайыстардан айырмашылығы – басты назар әрдайым кәсіби деңгейге аударылып, дайындыққа барынша мән берілетіндігі.
– Ән байқауының тағы қандай қырлары көңіл аудартады?– деген сұрағымызға сахна жұлдызы: «Алғашқы байқаудан бастап әр қатысушы 2 ән орындайды. (Әр байқау күні – бір әннен), 2007 жылдан бастап өнер сайысының талабы ұштатылды, содан бері сайыс 3 кезең бойынша өтіледі, әрі әр кезеңде ұпайы төмендеген қатысушы сайыстан шығарылып отырады. Жалпы, қазылар алқасына 546 ән ұсынылды. Оның 24-і бірнеше рет орындалды. Ал, байқауға қатысуға ниет білдіретіндердің саны орташа есеппен 75-80 өтінімді құрайды, ал 25 жылда бұл көрсеткіш 5 774 өтінімге дейін өсті», деді.
Қаршыға КҮЛЕН