түйе сүтінде Лактоферин сиыр сүтінен 30 есе көп
Созақ ауданы – Арқамен қойындасып жатқан өңір, Оңтүстіктің теріскейі. Жусан иісі бұрқыраған даласы сырт көзге өңсіздеу көрінгенімен жер асты қазба байлығына бай. Бүгінде Қазақстан уран өндіруден әлемде жетекші мемлекеттердің біріне айналса, Франция, Канада сияқты мемлекеттермен бірлесіп игеріп жатқан уранның негізгі қоры осы Созақта.
Созақ даласын зерттеген геологтар мұнда көгілдір отынның үлкен бассейні бар дегенді айтады. Осындай қазба байлықтарымен қатар Қазақ ордасының алғаш ту тіккен жерінің маң даласы төрт түлікті көбейтуге бірден-бір ыңғайлы өңір. Созақтан Арқаға аттап шықсаңыз бір тамшы суы жоқ, бетінің тұзы шығып бедірейіп жатқан Бетбақдалаға кез келесіз.
Ұлы Отан соғысы кезінде Сталин танктердің сауытын қалыңдатуға тапсырма бергенде оны іске асыратын ғалымдардың қатарына ең алдымен Кәрім Мыңбаев тартылған.
Сол Кәрім Мыңбаев ағамыз: «Бетпақтың асты толған кен. Бұл Қазақстанның оазисі, баға жетпес байлығы, біз жақын болашақта игереміз», деген екен. Бірақ, атақты ғалым дегеніне жетпеді. Әуеде жарылған ұшақ ішінде кетті. Қарағандыда өткен мерейтойында Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның «иттер, Кәрімді әдейі жарып жіберді ғой», деп егіле күрсінгенін, кіжінгенін естідік.
Сол Бетпақ әлі түсін бермей жатқанымен академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдірахман Омбаев былай дейді: «Бетпақта жаз бойы жайылған малды Созаққа әкелгеннен кейін бір аптаға жеткізбей сойып алу керек. Өйткені, оның еті жай ет емес, түрлі пайдалы минералдарымен қоректенген дәрумен ет».
Академиктің сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Бірақ, оңтүстікте Созақтың жусан жеген малына сұраныс көптігі рас. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов әр аудан, қаланың табиғи ерекшеліктеріне қарай бағыт-бағдарын айқындағанда мол жайылымы бар Созақтың үлесіне мал шаруашылығын өрістету тиген. Табиғаты қатал Созақ жерінде жылыжай салу тым қымбатқа түседі.
Айқұш-ұйқыш өзен, тұма бұлақтары жоқ өлкеде тамшылатып суару әдісімен өнім алу қашпаған сиырдың уызына жерік болумен бірдей. Ал жусанды, селеулі даласы төрт түліктің қай-қайсысын өсірсеңіз де аузыңызды ақ май етеді. Ең бастысы, сулы өлкенің су татыған, дәмі аузыңда қалмайтын малындай емес тұзды шөпке піскен малының еті дәрі, асқанда иісі бұрқырап тәбет ашады.
Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Созақта сүті мың бір ауруға ем түйе шаруашылығын құруды ұсынған. Шөбі тұзды бірнеше аудан, қаланы атап келіп, түйе сүтін өңдіруге байланысты кооператив құруды тапсырды. Осыған байланысты Созақта Ауыл шаруашылығы министрінің жауапты азаматтарының қатысуымен үлкен жиын өткен. Аудандағы түйе шаруашылықтарымен танысқан мамандар бір тоқтамға келді.
«Қазіргі таңда, шаруалардың алдында тұрған негізгі мәселе өнімді өңдеу және өткізу екені белгілі. Бұл мәселені шешудің бірден-бір заманауи жолы шаруалардың кооперативке бірігіп, өнім өндіруге, тасымалға кететін шығынды азайту», деген Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Б. Негмашов министрлік тарапынан ауданға түйе сүтін өңдейтін құрылғыны лизингке беруге болатынын айтты.
Түйе сүтінен жасалатын қымыран, басқаша айтқанда, шұбат адам ағзасына өте пайдалы дәруменге бай. Ертеде атақты дәрігер Ибн Сина жағы түсіп қартайып, жантәсілім етейін деп жатқанда шәкірттері, «Ұлы ұстаз, адам баласын болашақта қалай емдеуге болады. Ақырғы сөзіңізді айтып кетіңіз?» дегенде тілі сөзге келмей жатқан ғұлама иегімен көз ұшында жайылып жүрген түйелерді нұсқаған екен.
Созақта әкімнің ұйғарымымен түйе сүтін жинаумен айналысатын кооператив құрылатынын естігеннен кейін осы түйе шаруашылығына ғылымдық жолдағы бар саналы ғұмырын арнаған ғалым Мұсатілла Тоқановтың жаңайқайы тағы да алдымыздан кесе көлденеңдеген.
Ғалымның да ғалымы болады. Кейбір бармақ басты, көз қыстымен жоғары атаққа жетіп алғандар майға бөккен тоқаштай қызара бөртіп, өз буына пісіп жүреді. Сөзінің дәмі жоқ, ғылыми ашқан тұшымды жаңалығы және жоқ. Ал таза ғалым Мұсатілла Тоқановтың жөні басқа. Бұл кісіні түнде шырт ұйқысынан оятып алып, түйе деген қандай түлік, оның қандай пайдасы бар десеңіз бұлбұлдай сайрап қоя береді.
Түйе сүтінің кереметтігіне орай Мұсатілла Тоқанов келтіретін деректер мынадай.
Орыс физиолог-микробиологі И.И.Мечниковтің пікірі бойынша, 95 пайыз созылмалы ауру салдарынан адамның ерте қартаюына тоқ ішектегі шірінді микроорганизмдер әкелетіндігі дәлелденген. Ғылыми клиникалық зерттеулер бойынша ауру мен қартаю ішкі ағзадағы сүт қышқылы жетіспеушілігін, интоксикация құбылысына байланысты деп есептеген. Асқазан және тоқ ішекте пайда болған шірінді микроорганизмдер әсерінен денсаулықтың әлсіреуіне әкелетін токсикалық метаболиттер (индол, скатол және улы заттардың туындылары) пайда болады. Мечниковтің зерттеулері бойынша «ағзада сүт қышқылды микроорганизмдер көп мөлшерде болса, басқа шірінді микроорганизмдерінің көбеюіне жол бермейді», сол себепті де адамның өмір жасын ұзарту мен денсаулығын сақтау үшін, тамаққа сиыр сүтінен жасалған «қышқыл сүт» өнімі «айран», «йогурт» өнімдерін күнделікті қолдану қажет деп есептеген.
Жүрек-қан тамырлары аурулары және қант диабеті (сусамыр) ХХІ ғасырдың індеті болып табылады. Жүрек және қант диабеті ауруларының туындауының негізгі факторы болып дұрыс тамақтанбау мен дене қозғалысының болмауы, ол 80 пайыз жүректің және мидың ишемиясы ауруларына алып келеді. Дәрі-дәрмектерді пайдалану ішектің қалыпты микрофлорасының пайдалы жұмысына кері әсер етіп, созылмалы қан-тамыр ауруларына әкеліп соқтырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамалық мәліметтері бойынша, әрбір 10 секундта дүниежүзінде 1 адам қант диабеті ауруынан көз жұмады екен. Болашақта 2050 жылдарда әрбір 2 адам сусамыр дертіне бейім болатындығын ескертеді. Қант диабеті ауруына шалдыққан адамдар инфаркт, инсульттен 5 есе өлім-жітімге бейім болатындығы клиникалық зерттеулермен дәлелденген.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Тағамтану институтының президенті Т.Шармановтың ғылыми клиникалық зерттеулері бойынша, түйе сүтінен жасалған шұбатпен созылмалы өкпе, бауыр ауруларын, холециститті, өт жолдарының қабынуын емдеуге болатындығы анықталған. Түйе сүтінде табиғи иммунды күш-қуатты күшейтетін, адам денсаулығына пайдалы 120 химиялық элементтердің құрамы бар. Басқа жануарлардың сүтіне қарағанда, химиялық құрамы жағынан ана сүтіне жақындау болып келеді. Түйе сүтінің сиыр сүтінен ерекшелігі витаминдер мен май түйіршіктерінің сіңімділігі өте жоғары. Түйе сүтінен жасалған шұбат адам денсаулығына пайдалы биологиялық дәруменді емдік шипалылығы бар тағам.
М.Тоқановтың ғылыми зерттеу нәтижелері түйе сүтінің витаминдері мен микроэлементтері жоғары деңгейде болатындығын анықтады. Бір литр шұбат адам ағзасына тәуліктік қажетті А, С, В
1, В
2, D, Е дәрумендерімен қамтамасыз етеді. Адам ағзасына ең қажетті витаминдер С 5 есе, РР 3 есе, Е 2 есе, темір микроэлементі 10 есе, кальций 1,5 есе, ал ақуыздағы лактоферин ферменті 30 есе сиыр сүтінен артық екендігі дәлелденген. Түйе сүтінің ақуызында иммуноглобулин, лактоферин, емдік антиоксиданттарға ие, иммунды күшейтетін құрамдар, келеңсіз бактериялар мен вирустарды жоятын лактоферин сиыр сүтіне қарағанда 30 есе көп, сиыр сүтінде (0,08 мг/мл лактоферин болса, түйе сүтінде 2,48 мг/мл) ол адамның ағзасында ауру тудыратын бактериялар мен вирустарды жойып, ағзаға күш-қуат береді. Бір литр түйе шұбатының қуаттылығы – 911 ккал, жылқы кымызының қуаттылығы – 528 ккал-ға тең, сиыр айранында 660 ккал бар.
Қазіргі және халықтық медицинаның ұсыныстары бойынша түйе сүтінен жасалған шұбат күнделікті пайдаланған кезде туберкулез, іш құрылысы, бауыр, қан жетіспеушілік, қант диабеті, обыр және Альцгеймер сияқты ауруларды емдеуде қолданылатын бірден-бір емдік тағам болып есептеледі.
Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Еуроодақ, Азия, Африка, Америка елдерін түйе сүті, сүт қышқылды өнімдерімен қамтамасыз ету шешімі 2006 жылы қабылданған. Түйе өсіретін Қазақстаннан Мавританияға дейінгі елдердің экономикалық күш-қуатын көтеру мақсатында шешім қабылданған.
Міне, түйе сүтінің қасиеті. Біз көз алдымыздағы байлығымызды әлі бағалай алмай жүрміз. Осы түйе сүті, оның сүтінен құрғақ ұнтақ жасауға қабілеті әбден жететін ғалым жайлы жазудай-ақ жаздық. «Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, Онан да шықты жаңғырықтың» кері болып жатыр. Мына қызықты қараңыз. Тоқановқа бұған дейін ғылыми жаңалығын сатуды ұсынған Моңғолия, Қытай кәсіпкерлерінен бөлек, түйені негізінен зообақтан көбірек көрген Еуропа ғалымдарынан ұсыныс түсіп жатыр. Австриялық KZF Service басқарушы директоры Рихард деген азамат «аптасына 40 тонна құрғақ түйе сүтін дайындап бере аласыз ба?» деп қиылып өтінеді. «Сіз өзіңіздің өніміңізді Еуропа және АҚШ мемлекеттеріне сатуға шығаруға бізбен эксклюзивті өкілеттік беруге қол қоюға дайынсыз ба?» деп сұрайды.
Ол жазғанға өкпе жоқ. Тоқановтың ғылыми жаңалығын ғаламтордан оқып, іске қосылған ірі кәсіпорын деп жүрген шығар.
Тоқетерін айтсақ, түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ Қазақстанға мұнайдан әлдеқайда көп табыс береді. Мұның бәрі ғылыми дәлелденген.
Егер Тоқановтың қолына түйе сүтін өңдейтін ғылыми жаңалығы зор қондырғыға қажетті ақша тауып бере алсақ, онда ол ЭКСПО-2017-ге әлемде баламасы жоқ қазақстандық бренд өнімді қоюға шамасы жетер еді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында елді болашаққа қарай нақты қадам бастыратын салаларға басымдық беруді тапсырып отыр.
Расы керек, мемлекеттік ғылыми байқауларда жүлде алып жүрген ғалымдарымыздың жаңалықтарының кәдеге асып жатқаны шамалы. Өйткені, сырттан тасымалдайтын шикізаты көп. Өзімізде өндіруге кәспорындарымыз әзірге дайын емес.
Ал түйе малы – қазақтың бір түлігі, көз алдыңызда жүр.
Біздің талай мәселе көтергеніміздің әсері болды ма, әлде Еуропа, АҚШ елдерінің түйе сүтіне қызығушылығы әсер етті ме, М.О.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Ж.Мірхалықов М.Тоқановтың сүттен құрғақ ұнтақ алу технологиясының алғашқы сатысын іске асыруға грант есебінен 38 млн. теңгедей қаржы бөлуге шешім қабылдапты. Жоқ, ол ақша Тоқановтың қолына берілмейді. Мемлекеттік сатып алу бойынша кәсіпкерлер арасында ойнатылады. Жеңген тарап Тоқановтың ғылыми жұмысына керек қондырғы сатып әпереді. Ал ғалым өндірген құрғақ ұнтағын халықаралық стандарт талаптарына сайлығын анықтауға Еуропаның сұратқан мемлекеттеріне жібермек.
Бүгінде түйе сүтінен жасалған құрғақ ұнтаққа АҚШ, Жапония, Қытай, Моңғолия, Израиль және Австрия елдері қызығушылық танытып отыр.
Айтқандай, күш-қуатты көтеретін препараттарды пайдаланғаны үшін WADA Қазақстанның көптеген ауыр атлеттерін жазалады. Оның ішінде қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Жасұлан Қадырбаев та бар. Қазір жасырын емес, спорт аренасында фармокологтардың да жарысы өтіп жатады. Бұл ретте Тибет елінің табиғи жетістіктерін пайдаланатын қытай атлеттері допинг-тесттен аман өтіп жүр. Ғалым Мұсатілла Тоқанов лактоферин препараты ағзаға тез сіңеді, иммунды күшейтеді, допинг-бақылауда көрсетпейді дейді. Лактоферин түйе сүтінде сиыр сүтінен 30 есе көп екендігін ескерсек, спорт саңлақтарынан сүйінші сұрай берсе де болады.
Мұсатілла Тоқановтың тағы бір жаңалығы – геомагниттік толқындардың әсерін зерттеу. Жер астынан шығатын қара энергия нүктесіне түскен адамның істеген ісі оңбай, жындысүрей қалыпта жүреді, ауруға шалдығады.
Ал оны емдейтін жерді Алла тағаланың өзі пенделеріне берген. Ол – оңтүстіктегі жер асты Ақмешіт үңгірі. Мұнда бойыңдағы лас энергиядан он-он бес минутта тазарып шығасың. Осыған байланысты Тоқановта бизнес-жоспар бар. Геомагниттік толқын кеселін жоятын Ақмешіт жанынан түйе, бие шаруашылығын ашуға мүмкіндік берсек, Қазақстандағы ең мықты емдеу-сауықтыру орталығы іске қосылар еді.
Облыс әкімі бастамашы болған түйе сүті кооперативіне қосарымыз осы.
Барымызды бағалай алсақ, түйе сүті қазақтың бағын ашады, байлығын еселейді, денсаулығын нығайтады. Тоқетері осы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы