13 Мамыр, 2016

ЭКСПО-2017 көрмесі тақырыбын зерттеген ғалым

280 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Мое фото 01қандасымыз, профессор Сәкен Шерязевтің болашақтың қуатына сенімі зор Техника ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Шерязевтің есімі Челябіде, тіпті, Челябі облы­сында кең танымал. Оның алдынан дәріс тыңдаған, білімге сусын­даған жастар бүгінде белгілі кәсіп­кер, электрші білікті маман, шаруа­шылық ұйымдастырушы, ғалым болып қалыптасқан. Ғалым­ның ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген жаңғырмалы энергетикалық ресурстар мәселесін де зиялы қауым, ғалым әріптестері жоғары бағалай­ды. Ол осындай биікке жетуі топы­рағы киелі атамекендегі ата-анасы­ның, ұстаздарының арқасы екеніне бас июмен, шүкірлік етумен келеді. Әкесі жастай қайтыс болды да, бес баланы анасы жалғыз өзі өсірді. Көкшетау облысының сол кездегі Володар ауданындағы шалғайда жатқан Құмтөккен ауылында бес баланың қарнын тойдыру үшін анасы Дариғаның істемеген жұмысы жоқ. Жарықтықтың бейнеттен беті қайтпайтын. Жалғызілікті әйелдің балаларын жұмсамағанда амалы қанша? Сәкені кішкентайынан іске шалымды болды, қозы бақты, өсе келе малға иелік етті. Құмтөк­кен ауылындағы 8 жылдық мектеп­ті бітірген соң, Көкшетау совхоз-тех­никумы мемлекеттік тәжі­рибе станса­сының «Ауыл шаруа­шы­лығын электрлендіру» бөліміне түсті. Техникумда оқу орыс тілінде жүреді, ауылдан келген Сәкен бір ауыз орысша білмей­тін. Дегенмен, қазақы намыс ауыл баласының рухын түсірген жоқ. «Электротехника негіздерінің теориясы» пәнінен сабақ беретін Александр Синовский деген оқы­тушы алғашқы сабақты тақтаға формула жазудан, түбір астына алып есеп шығарудан бастады. Бұл сабақтан формуламен есеп шығара алмасаң, болашақ электрші мамандығына оқып керегі жоқ. Мұғаліміміз бізге есепті шешуді тапсырды. Бүкіл ауди­торияда формуланы мен ғана шештім. Математикадан мықты негізімді қалаған ауыл мектебін­дегі ұстаздарыма осы күнге дейін алғысымды айтамын. Оқытушы мені орнымнан тұрғызып, алдыңғы орынға, өзіне жақын отырғызды, ылғи назарында болдым, дейді Сәкен Қойшыбайұлы. Бірде физика сабағында мұғалімнің қой­ған сұрағын дұрыс түсіне алмаған­дықтан, жауабын да жеткізіп айта алмады. Мұғалім «екі» қойды. Намыстан тұтанардай болып, қыза­рып кетті. Сабақтан кейін оқыту­шысы Людмила Бизельді кабине­тіне іздеп барды. Орыс тілін нашар білетінін, оның сабағын дұрыс тү­сіне алмағанын айтты. Сонда апайы «Мен қазақша үйрене алмаймын, дұрысы сен орысша үйрен. Білім саған керек», деді. Расында, 70- жыл­дары техникалық оқу орындарында қазақ тілінде білім алу үшін оқулық, тіпті, ол туралы түсінік те болмайтын. Ол кітап­ханаға барды да 6-7 сыныптар­дан бастап, барлық орыс тілі оқулық­тарын алып, қайта оқыды. Өз жерімде жүріп, өз ана тілімде армансыз сөйлей алмай, білімді де ана тілімде ала алмай қысылдық қой. Орыс тілін үйреніп, сол тілде ғылыми жұмыстар жазсам да, мен осы кезге дейін қазақ тілінде ойланамын, оны орысшаға аударып жазып отырамын, дейді бүгінде Сәкең. Қызығы сол, бір ауыз орысша білмей келген жас бала техникумды 4 жылда үздік бітіріп шығады. Ұстаздары оны міндетті түрде өтетін 3 жылдық тәжірибе уақытынан босатып, Че­лябідегі ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институтына түсуге жолдама береді. Ол кезде бұл институт Кеңес Одағы бойынша ауыл шаруашылығына кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындары арасында Тимирязев академиясынан кейін екінші орында тұратын. Бүкіл Сібір, Урал, Қиыр Шығыс және Орталық Азия мен Қазақстан үшін мамандар даярлайтын. Сәкен Қойшыбайұлы дәстүрі мол білім ордасында да үздік оқыды, қызыл дипломмен бітірді. Ғылымға икемі бар Сәкен туған жерде еңбек етсем деген мақсатын кейінге шегеріп, аспирантураға түсу үшін Челябіге қайта аттанады. Аспирантураны тәмамдаған соң іле 1990 жылы «Ауыл шаруашылығы тұтынушыларын күн энергиясын пайдалану арқылы электрлендіру» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл қазір бүкіл әлем ғалымдары арасында маңызды әңгіме арқауына айналған энергетика ресурстарын жаңғырту, күн және желден алатын қуатты пайдалану саласындағы алғашқы қарлығаш еңбектердің бірі болды. Ғалым Оңтүстік Урал ауыл шаруашылығы университетінде дәріс оқи жүріп, ғылыми жұмыстардан қол үзген жоқ. 2011 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. –  «Ауыл шаруашылығы тұтыну­­шыларын энергетикалық қамта­масыз етуде дәстүрлі және жаңғыр­малы энергоресурстарды ұтымды үйлестіру әдістемелері» деген тақы­рыптағы докторлық диссертациямда күн мен желден алатын энергия көздерінің тиімділігі, оны арзандату, мұнай мен көмірден алатын энергияға балама іздеу жұмыстарын тереңдете зерттедім. Бұл дүниежү­зінде көкейкестілігі күшті мәселе. Адамзат тек мұнай мен көмірге ғана тәуелді болып қалуға тиіс емес. Табиғат тонала бермеуі керек. Сондықтан ғалымдардың ал­дын­да жаңа энергия көздерін іздеу, жаңа технологиялар жасау міндеті тұр. Қазақстанда 2017 жылы өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің мақсат-мүддесі де осыған саяды, арзан әрі тиімді энергия көздерін тіршілікке жаратуды жетілдіру екені белгілі. Болашақтың энергиясы үшін ізденіс, тек ізденіс керек, – дейді техника ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Шерязев. Ғылымда шекара болмайды, оның нәтижесі барлық адамзаттың пайдасына шешілуі тиіс. Сәкен Қойшыбайұлы жаңғырмалы энергияны дамыту мәселесін – болашақ қуатын, яғни ЭКСПО-2017 көрмесі тақырыбын сонау 90-жылдардан бас­тап зерттеп келеді. Жаңғырмалы энергияны дамыту ауқымды аймақты алып жататын, соған қарамай тұтынушылары аса қуатты емес, жұмысы науқандық сипатта болатын ауыл шаруашылығы үшін өте тиімді болар еді. Қазір эко­номиканың осы саласына пайдаланатын электр энергиясы құнының 70 пайызы оны тасымалдауға кетеді. Сондықтан, мемлекет оған дотация төлеуге мәжбүр, дейді Сә­кен Шерязев. Ғалымның айтуынша, өзгелер секілді Қазақстанның да энер­гетикалық қуаттар тиімділігі жөніндегі дұрыс саясаты ауыл шаруа­шылығын көтеруге мүмкіндік туғызады. Егер электр энергиясы арзанға түссе ауылшаруашылық өндірісі де бәсекеге қабілеттілік та­нытады, елдің азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етеді, сырттан келетін өнімдер азайып, елдің экс­порттық әлеуеті арта түсері анық. Профессор Сәкен Шерязев жаң­­ғырмалы энергетика жайын­дағы теориялық білімін жүзеге асыруға, өндіріске енгізуге талпынып жүр. Ол соңғы жылдары зерттеу жұмыстарын А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ғалымдарымен бірлесіп жүргізе бастады. – Қазір өзім қызмет істейтін уни­верситетте 4 кандидаттық диссер­тацияға жетекшілік жасадым, 8 аспирантымды, көптеген магистранттарымды баулып жүрмін. Зерттеген жұмысымды, білімді жастарға үйрету керек деп есептеймін. Кандидаттық диссертацияларда да, аспиранттар, магистранттар жұмыстарында да өзім зерттеген тақырып одан әрі жалғастырылды. Менің жаңғырмалы энергияны пайдаланудағы ғылыми жаңа­лықтарымды ауыл шаруашылығы мен тұрмысқа енгізуде табыстарым да бар. Мысалы, Челябі облысында тұрғын үйлерді күннен алынған қуатпен жылытатын жүйе жұмыс істейді. Оны Қазақстанда да жасауға толық болады, – дейді Сәкен Қойшыбайұлы. Оның жаңғырмалы энергияны, болашақ қуатын зерттейтін қазақстандық және ресейлік ғалым­дар бірлесіп жұмыс істеу үшін ор­тақ ұйым құрсақ, күн мен желден алынатын энергия туралы үздік жұ­мыстарын атамекенде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне әкелсем деген биік мақсаты бар. Ғалым ғылым мен болашаққа сенеді, күн мен желден алынған энергия өндіріске де, тұрмысқа да еркін енетін күннің алыс емес екеніне кепіл. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ – ЧЕЛЯБІ – ҚОСТАНАЙ