Қойын дәптердегі жазбалар
Бисмилләһир-рахмәнир-рахим!
Мейірімді Алланың сыйының арқасында қасиетті Мекке-Медине топырағын басып, мұсылманның бесінші парызы – қажылықтың барлық шарттарын өтеп қайтқанымызға да біраз уақыт. Мәңгі ұмытылмас сапардың жаңғырығы да бәз-баяғы қалпында. Өшпеген. Керісінше, бір мезет есіңе түсірсең бойыңа бөлекше қуат шиырар, жаныңа ерекше ізгілік нұрын себер сиқырлы сәттердің дабылдап қоя берерін қайтерсің. Осындай ғажайып әсер үстінде қойын дәптердегі үзік-үзік штрихтардың басын біріктіріп, жүйелеп түзіп оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім. Қажылық рәсімдері жөнінде әлсін-әлсін жазылып жүргендіктен, оның бүге-шігесін тәптіштемей, қасиетті міндетті орындау барысында байқағандарымызды, бізге беймәлім араб елі хақында там-тұмдап болсын көрген-білгенімізді баяндап, қалтарыста ұшырасқан қызықты жағдайлар мен елең еткізер деректер төңірегінде әңгіме өрбітпекпіз. Сонымен...
Он мың метр биіктегі ой
Әлқисса, бұл өзі мен үшін күтпеген оқиға. Рас, ұдайы есте жүретін, отбасымызда жиі айтып қоятынбыз. Өйткені, қажылыққа бару – әр мұсылманның аңсар арманы ғой. Қол жетпес қиялдай көрінген қиыр сапарға асығыс-үсігіс жиналдық. Небәрі үш-төрт сағаттың ішінде бүкіл құжаттарымызды мөрлеп, таңбалап түн ортасында Астана әуежайына тарттық. Көңіл – алаң. Үміт пен күдік қатар арбасады-ай. Жүрекке жылылық ұялататыны елордамыздағы Сауд Арабиясы елшілігі қызметкерлерінің қас-қабағы, шетінен құрақ ұшып жүр. «Сапарларыңыз сәтті болып, қажылық борыштарыңызды адал орындап, Алла алдындағы құлшылықтарыңызды абыроймен орындап қайтуға тілектеспіз. Сіздер осынау үлкен жолға Корольдің шақыруымен бара жатырсыздар. Мұндай құрмет кез келгеннің пешенесіне бұйыра бермес...». Әп-сәтте санаңды серпілтіп, мерейіңді марқайтар жүрекжарды лебіздердің іле-шала әлдеқандай бұлыңғыр, сағым сезімге бөлегенін де жасырмаған жөн. Атам қазақ күпті ойын «Көрмеген жердің ой-шұқыры көп» деп түйіп айтқан емес пе...
Ұзақ түнге көз ілмей, таң рауандап келе жатқанда байтағымыздан самғай көтерілген «Бинг-737» Ыстамбұлға бет түзеген. Салондағы жолаушылардың дені түрік ағайындар. Емін-еркін, емен-жарқын. Газет-журнал сапырып, құлақтарына бітемелерін бастырып музыка тыңдауда. Телесериал тамашалаушылар да жеткілікті. Менің қажылық сапардағы серігім Альберт Сафуллин алдыңғы қатарда отыр. «Нұр Медиа» холдингі бас директорының орынбасары боп істейтін бауырыммен бағана Саудия елшілігінде танысқанмын. Қызық. Бір шаһарда жүрсек те бұған дейін бір мәрте кездесіп, жүздеспептік. Әлгінде әңгіме арасында аңғарғаным, ҚазМҰУ-дің түлегі шығыстану факультетін бітірген, қытай тілінің маманы көрінеді. Жас болса да көпті көргені жарқ-жұрқ қылығынан анық байқалады. Өзі де, сөзі де шегедей. «Саспаңыз, сұрай-сұрай Меккеге де жетерміз...». Езуіме үйірілген күлкіні стюардессаның сыңғырлаған үні шайып жіберген.
– Жолаушылардың қаперіне! Біздің ұшағымыз Түркияға Әзербайжан дәлізі арқылы кіреді. Қазір он мың метр биікте ұшып келеміз.
Ағылшынша түсінбесем де, түрікшесінен ұққаным осы сарындас. Кешелі-бері ұйқыдан маза кеткен, әншейінде жайлы жердің өзінде оңайшылықпен кірпік айқастырмайтын мен иллюминаторға тесіле түсемін. Ойым да қалғып-шұлғып сан-саққа бөліне береді-ау. Шартарапты шарлап кеткендей. Түн қараңғылығын қақ айырып, зуылдап келе жатқан мынау алып көк кемесінің күміс қанатының ұшында тынымсыз жарқ-жұрқ еткен шырақтай жалтылдап, ұстатар емес.
– Е,е... Жаратқанның аспанында да түп-түзу, емін-еркін ұша алмайсың. Бәсе, төтесінен тартқанда, бүйтіп алты сағаттай айналмасақ керек. Мейлі, әйтеуір кездейсоқ қауіп-қатерден сақтай гөр. Әр ел, әр жұрт тура жердегідей өз әуе кеңістігін де кескілеп, бөлшектеп, меншіктеп алған заман емес пе.
Іштей күбірлеймін. Ойды ой қоздатады. Жан-дүниемді біржола билеп алған сапар сазы бала жастан құлаққа сіңісті мешіттер мекені Мекке-Медине туралы, жер мен көктің арасында қалқыған қасиетті қара тас хақында қилы-қилы хикаяларды еске түсіреді. Қиял-ғажайып аңыздарға бергісіз әңгімелердің ұзын-ырғақ сорабымен бірге, Меккеде тәкие салдырған Құнанбай қажының, алып мемлекет Кеңес Одағының Сауд еліндегі тұңғыш елшісі болған Алаш ардақтысы Нәзір Төреқұловтың өр тұлғаларын көз алдыма елестетемін. Олар жайында үнемі айтылып та, жазылып та жүр. Оқиға орайына қарай арыстар есімдерін қастерлеп ауызға алып жатқаным да...
Соңғы күндері жатсам да, тұрсам да көмескі бейнесі жанарымда көлбеңдеп, аты-жөні көмейіме тығыла беретін нағыз мұсылманның бірі турасында ойламау әсте мүмкін бе?! Ол – әйгілі шешен, қара қылды қақ жарған би Жәлменде Байшығашұлы. Менің жерлесім, ауылдасым, ақиқатына келсек, Жетісудің жампозы ғана емес, исі қазақтың дүлдүлі. Өкініштісі сол, біздің буын Жәлменде есімін де, оның атақты ақын ұлы, кеңес өкіметінің қанды қол жендеттері үш мәрте атқанда өлмеген жаужүрек Пышан жөнінде де өте кеш естідік. Тәуелсіздіктің арқасында барлық шындықтың беті ашылғаны мәлім. Мектеп қабырғасында жүрген шағымызда әке-шешеміздің өзара күбірлесіп, сыбырлап отыратыны еміс-еміс есте. «Теңіздің арғы бетіндегі Арқадағы тобықты елінен Меккеге Абайдың әкесі Құнанбай барып қажы атанса, мына біздің Сарыесік атырабынан жалғыз Жәлменде барған. Өзі Құнанбай қажымен кездесіп, Абаймен дәмдес, пікірлес болғанға ұқсайды. Шиліқарындағы Сиез төбесіне аймақтағы ел-жұртын түгел жинап, бата сұрап, қоштасыпты. О заман белгілі. Алпысты иектеп қалған оның ниетін құп көрсе де, ағайын-туыстары қиыр сапарға шығуына ықылас бермепті. Райынан қайтпаған Жәлменде би жанына тек інісі Бимендені ертіп, қажылыққа дабырлатпай аттанған көрінеді. Жарықтықтың тілегін құдай қабыл етіп Меккеде қайтыс болып, туған жеріне оралмады ғой...».
Күні кешегідей жаңғырады. Ұшақ ішінде мүлгіп отырып, шалғайдағы ауылыма саяхат жасағандаймын. Мың бұралған әсем Қараталдың Балқашқа құяр төменгі сағасында, қалың тоғайдың бөктерінде бой көтерген Байшегірдің суретін қолыма ұстап тамашалағандаймын. Жәлменде бабаның кіндік қаны тамған өркенді өңірдің, өзімнің туып-өскен алтын бесігімнің әр сүйемі, әр бұтасы, әр шоқысы... Бәрі-бәрін ой көзімен көріп отырмын. Байшегірдің іргесінде қол созымдай тұста Жәлменденің қыстауы – Дөңши, одан сәл әріректе ауылдан екі шақырымға толар-толмас жерде жаз жайлауы – Шиліқарын, осы маңды жанай өтіп, көл жағасындағы балықшылар мекені Көпбірлікке маңдай тірейтін қасқа жолдың жиегінде жыл сайын халқын құрылтайға жинайтын Жәлменде болыстың Сиез төбесі... Көңілде сайрап-ақ тұр. Міне, тұп-тура осы жерден қасиетті Меккеге қажылық сапарына аттанған екен. Артық-кемі жоқ жүз он жыл бұрын. Әрине, ол кез бен бүгінгі уақыттың арасы жер мен көктей...
Айтпақшы, Жәлменде Байшығашұлы туралы энциклопедиялық дерек көздерінде былай деп жазылған: «Даңқты би, шешен 1843 жылы туған. Ұлы жүз құрамындағы Жалайыр руының Арықтыным-байшегір тармағынан шыққан. 12 жыл болыс, 9 жыл би болған. Қоянды жәрмеңкесінде Абаймен кездесіп, жақын танысады. Үржарда өткен 7 уезд өкілдері бас қосқан сиезде түйіні қиын мәселелерді шешуге Абай Жәлмендені арнайы шақырады. Жол аяғы қашықтықтан екі-үш күн кешіккенімен, сиезді Жәлменде би ашады. Құрылтайда хатшылық міндет атқарған Абай оның сөздерін уезд бастығы Лосовскийге аударып отырады. Уезд бастығы осы жиында Жәлменденің басшылығымен шығарылған ережені өзгеріссіз бекітіп, оған атқарған адал еңбегі үшін алтын медаль береді. Жәлменде қырғыз Шәбден төре, қазақ халқының белгілі адамдары Бөлтірік шешен, Маман бай, Есінбек Жәнекеұлы, Бақтыбай Жолбарысұлымен етене араласқан. Ол 1901 жылы қажылыққа барған сапарында Мекке мен Мединенің аралығындағы «Жаннәтіл бақия» деген құдықтың маңында қаза тапқан». Шегелеп таңбаланған бұл дәйектер Жәлменде атамыздың осал адам болмағанын анық айғақтаса керек. Ал әйгілі тұлғаның асыл тұяғы – «Баласы Жәлменденің Пышан едім» деп жырлаған, жасындай жарқылдаған ел еркесі жайындағы аңызды бүгінгі ұрпақтары мақтанышпен әңгімелейді.
Таңғы тыныштықты жолсеріктің даусы бұзды. Бәрін де айтқызбай ұққандаймыз. Қыбыр-күбір көбейген. Іле бұлттан-бұлтқа сүңгіген ұшағымыз құлдилап төмендей бастады. Түн түңлігін түрген күннің қызыл арай кірпіктері енді ғана қылтиып келеді екен. Шығыс жақ жалын түске боялғандай. Ғажап! Бейне бағанағы Астанадағы көрініс.
– Сонда, біз Күнді қуалап келе жатырмыз ба?! – деймін іштей өз-өзіме. – Иә, қасиетті Меккеге бір табан болса да жақындадық. Иншалла!..
Түбі бір – туысқан
...Кірпік ілмегеніме екінші күн. Сонда да сергекпін, айрықша күш жаныма қуат бергендей. Бұған да шүкір. Тоқсанның төріне тақаған аяулы анамның екі ауыз сөзі көкейімнен кетсейші. Алыс сапарға аттанып бара жатқанымды айтып, телефон шалғанымда, сәл мүдіріп барып айтқан сөздері есімде.
– Не дейін, құлыным! Мен үшін тосын жағдай. Алланың берген несібесі де. Жұмбақ жолда тек Құдайың қолдап-қорғап, желеп-жебеп, жетектейді. Мұндай сапар жүз жасаған әкеңе де бұйырмаған. Аман-сау барып қайт...
Ыстамбұлдың халықаралық әуежайында жеті-сегіз сағат қаңтарылып отырғанымызды, одан кейінгі Сауд Арабиясының ежелгі астанасы Жидда әуежайындағы сергелдеңімізді жақсылық нышанына баладық. Өйткені, ертеректе Жәлменде секілді бабаларымыз жол азабын жылдап, айлап тартқан ғой. Жол торыған жатжұрттықтар мен пиғылы теріс қарақшылар адымдарын аштырмайтын. Оның үстіне төтеннен келген ауру-сырқау, пәле-жәле және бар. Соның өзінде арып-ашып, Алла тағаланың алдындағы мұсылмандық парызын өтеуге деген ынта-ықыласы мен құлшынысы мүлдем ерек екенін сезінгенде тәубе демеске еш лажың жоқ. Болар-болмас қиыншылықтарды, ұсақ-түйек кедергілерді елемегеніміз рас. Ертегідегідей қалаған жерімізге топ ете түссек несі қызық, несі мәнді?! Жидда жалын шарпып тұр екен. Күн әлдеқашан батса да ыстықтың беті қайтпапты + 390. Шыдармыз. Бір тамашасы, ғимарат іші сап-салқын. Әуежайда қалың арабпен шүлдірлесіп, бір-бірімізбен тіл табыса алмай, қақпақылға түскеніміз еріксіз мырсылдатады-ай. «Ұлы орыс тілі» шырпы сындыруға да жарамады. Әйтеуір шыр-пыр күйген Альберт заматында араб астанасы Эр-Риядқа, іргедегі Мысырға, ұйқыдағы Астанаға да телефон соғып, араб тілін білетін дос-жарандарын байланысқа жалғастыра жүріп, барлық шаруаны оңынан шешкен. Кілтипанның да, күрмеудің де кілті оп-оңай ағытылғаны сол, әуелде құжаттарымызға бастарын шайқап, иықтарын қиқаң еткізгендер бәйектеп жүгірсін. Жүз мыңдаған адамға арналған алып ғимарат – қажылар терминалының бұрыш-бұрышын аралатып, қосымша құжаттарды лезде әзірлеп, қолымызға ұстатып, арнайы жабдықталған бөлмеде тынықтырып, шай-сумен қаталаған шөлімізді басқызып, ең соңында қол-аяғымызды жерге тигізбей біздерді түн ортасында шаһардағы «Marriott» бес жұлдызды қонақ үйіне джиппен жеткізген.
Кейінірек мәлім болғанындай, біздің кейпімізді өзге мемлекеттерден келген біраз қаламдастарымыз да бастарынан өткізіпті. Тіл білмеудің машақатына осында бір айға жуық уақыт болғанда көзіміз әбден жеткендей. Жырақта жүргенде сәт сайын көкейіме келе берген ойды ретті тұста айта кеткенді жөн көріп отырмын. Тәуелсіз еліміздің орта мектептері мен жоғары оқу орындарында басқа шет тілдері пәндерімен қоса, келешекте араб тілін де жүйелеп оқытуды қолға алған дұрыс-ау деген ой мазалай береді. Ислам өркениетінің қазіргі өрісі мен даму қарқыны етек-жеңімізді жинап, асыл құндылықтарымызды тереңірек ұғынып, түйсінуге жетелейтіндей. Ертеден келе жатқан үрдістің бірі – мектептерде ағылшын, француз, неміс тілдері үйретіліп жүр. Сондай-ақ, ендігі жерде қазақ мектептерінде жаппай араб харпін үйретіп, араб тілін меңгертудің зияны жоқ. Араб тілі біз үшін жат тіл емес. Ең алдымен, ол – Қасиетті Құран-Кәрімнің тілі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) тілі. Барлық рухани құндылықтар мен қағидаттардың осы тілде жеткені мәлім. Сүре аяттарын тікелей түпнұсқада оқудың маңызы жөніндегі мәселе бөлек әңгіменің өзегі.
...Пенде шіркінді қойсайшы. Болмашыға қиналып қабақ шытып, күйзеліп ренжіп шыға келеміз. Самаладай жарқыраған мейманхананың табалдырығын аттар-аттамастан құрыс-тұрысымыз жазылып, езуімізге күлкі үйірілгендей. Ежелгі таныстарынша ықыласпен қарсы алып, бір-бірімізді түсінбесек те баппен бас изесіп, ишарамен ұғысқан Сауд Арабиясы корольдігі Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты өкілдері әп-сәтте жеке-жеке нөмірлерге жайғастырған. Әлгінде үн-түнсіз мәшинеге бізге ілесіп кірген соқталдай-соқталдай үш негр жігіті де журналистер екен. Айтқызбай аңғарғанымыз – үшеуі де қара құрылықтан. Тып-тыныш қабатта қарама-қарсы орналасқан Альберт екеуміз ағыл-тегіл сыр шертісіп және бір сағат отырдық.
– Шүкір, аман-сау қасиетті топыраққа да табанымыз тиді, – деймін мен қуанышымды жасырмай.
– Иншалла! – Сағатына қараған серігімнің даусы таңырқай естілген. – Оу, Жәке, түн ортасы бопты. Көз шырымын алайық. Астанада таң атып келе жатыр. Уақыт айырмашылығы төрт сағаттай шамасы. Таңертең бәрін штабтан анықтармыз...
– Жарайды, тынығайық.
Ертеңгі жеңіл-желпі тамақтан соң бірінші қабатқа түстік. Қаламның суреті бейнеленген плакат-бағдарламаға тесілген төрт-бес жігіт назарларын бізге аударып, жылыұшырай қарсы алған.
– Қазақсыңдар ма? – деді тығыршықтай, еңселі жігіт иығындағы камерасын қолына ұстап. – Мен әзербайжандық әріптестерің боламын, аты-жөнім Азер Мамедов. Республикалық телевидениеде істеймін. Сендерді жаңа ресторанда көрдім, қазақша сөйлесіп отыр екенсіңдер. Мына жігіттердің барлығы да журналистер көрінеді. Жаңадан танысып жатырмыз...
Өз тіліне орысшасын араластырып танысқан Азермен оп-оңай түсінісіп, мәз-мейрам боп қалдық.
– Қашан келдің?
– Ыстамбұл арқылы ма? Әлде, Бакуден төте рейс бар ма?
Оқшауырақ жұмсақ диванға жайғасқаннан соң барып, жаңа танысымыз басынан кешкенін жыр ғып шертті.
– Ертеде ата-бабаларымыз қажылыққа қиналып жеткенін жақсы білесіңдер ғой. Қысқасы, мен де біраз азап көрдім, – деген әзілдей мырсылдап. – Ауа райының қолайсыздығынан ұшағымызды Ыстамбұл қабылдамай, Анкарада жарты күн бөгелдік. Жиддаға кештетіп келдік. Аз-маз ағылшыншам мен түрікшемді бірде-бір арабқа ұқтыра алсамшы. Әбден қиналдым жалғыз өзім. Мен ойлағанмын, арнайы біреу-міреу күтіп алар деп. Амалсыздан түннің бір уағы болса да, осы шаһарда қызмет істейтін жерлесім, дәрігер досыма телефон шалдым. Мән-жайды түсінген Азат пәтеріне апарып қондырып, демалдырып дегендей ес жиғызды. Ел-елден қажылыққа шақырылған журналистердің тұрақтайтын жерін, яғни осы қонақ үйін де досым тауып берді емес пе. Кәне, екінші қабаттағы баспасөз орталығына барайық. Өзіміздің Өзбекстаннан Байназаров Нығметолла деген тележурналист жүр. Сендермен таныстырайын бауырларыңды.
Орнымыздан өре түрегеле бергенімізде:
– Орта толсын жігіттер, – деген өкпе тұсымызға жалт қарастық. – О-о, Азержан, туысқандарыңды тауып алғансың ба?
– Міне, жаңағы айтқан Нығметолланың өзі де келді.
– Иә, ниеттерің қабыл болғай. Қалай жеттіңіздер, қашан келдіңіздер? Тым тәуір болды, мына Азер екеуміз кешелі-бері жалғызсырап жүр едік. Қарашы, бір ғана Қазақстаннан екі журналист келіпті, ә?! Яқшы-яқшы... Ендігі жерде еш алаңдайтыны жоқ. Қазақтар айтады ғой: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Әлі асықпай таныса жатармыз. Құрбан байрамына дейін осындамыз... Жүріңдер, қазір қарсы алу бөлмесінен ихрамымызды алады екенбіз. Құдай сәтін салса, ертең түстен кейін Меккеге барамыз, умра жасаймыз. Содан кейін өз ретімен үлкен қажылық, Арафатқа түнеп, Муздалифа мен Минада болып, Жамарат ақабаға – шайтанға тас лақтырамыз...
Ертеңіне қатарымызға Түркіменстаннан келген Дәулеткелді Аннамұрадов, душанбелік Сарбан Сайдов пен мәскеулік татар жігіті Шәміл Идиатуллин қосылды. Түбі бір туысқандар мәре-сәреміз. Ең жақсысы, төрт тілде сөйлейтін тәжік журналисі арабша ағып тұр.
Көз алдымда – жүректегі сурет
Қол ұстасып, иық тірескен біз ихрамға кірудің барлық шарттарын мүлтіксіз орындап, ақ шағаладай боп шыға келдік. Әрине, айтуға жеңіл. Әйтпесе... екі бөлек шүберекті, яғни «изар» мен «риданы» жалаңаш денемізге оранып жүрудің өз машақаты әжептәуір әуреге түсіргені бар. Түймесіз, ілгексіз жалаң екі жапырақ матаны «киіп» жүруге де өйтіп-бүйтіп машықтанып алдық. Ихрамды жамылып сыртқа шыққанымда бойымды ерекше бір сезім бөлегендей күй кештім. Көз алдыма Жиддаға ұшардағы Ыстамбұл әуежайындағы көрініс елестеген. Жолаушыларды тіркеп, алыс сапарға аттандыратын атшаптырым зәулім залдың іші лық толы – ихрам киген үлкен-кіші. Барлығы да түрік туыстар. Мұсылмандық парыздарын өтеуге асыққанын аңғару қиын емес. Қатты таңданғанбыз, қатты қызыққанбыз. Лек-легімен ағылған қалың нөпір өз кезегімен, өз ретімен ұшып жатыр, ұшып жатыр. Солардың санатында біздің рейстің жолаушылары да ілгері жылжуда. Ұшақ табалдырығы алдындағы соңғы аялдамада біз күтпеген тосын жайдың куәсі болдық. Алға озыңқыраған дөңгелек жүзді, сәлделі жігіт ағасы өз тобына қарата: «Кәне, екі-үш мәрте қайталап көрейікші. Қазір әуеде миқат шекарасына жеткенде дауыстап айтамыз» деуі мұң екен үйме-жүйме жұрт тәлбие дұғасын саңқылдатып қоя берді:
«Ләббәйкәл-лаһуммә ләббәйк, ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләббәйк, иннәл-хамдә, уәнниъмәтә, ләкә уәл-мулк, лә шәрикә ләк».
Қазақша мағынасы: «Ей, Алла! Міне, мен Сенің алдыңдамын. Міне, мен Сенің алдыңдамын. Сенің ешбір серігің жоқ, міне, мен Сенің алдыңдамын. Расында, мадақ, нығмет және мүлік Саған тән. Сенің серігің жоқ».
Сапар қарсаңында алдын-ала жаттап алған тәлбие сөздерін көпке қосылып, біз де сан мәрте қайталағанбыз. Тіліміз мүдірмейді.
Мейманхананың барлық жайларында, холлдарында, штаб пен баспасөз орталығында теледидарлар жергілікті арналар Меккеден үздіксіз таратып жатқан бейнехабарларды тәулік бойы көрсетеді. Құлаққа қанық, жүрекке ұялаған сөздерді енді міне, біз де хормен айта бастадық. Қырық-елу журналист жайғасқан автобус жол апшысын қуырып келеді. Алғашқы топ умраны кеше жасап қайтқан. Бүгін олар Мединеге аттанып кеткен ертелетіп. Өйткені, жол ұзақ – шамасы төрт жүз шақырым. Ал, Мекке Жиддадан 75-80 шақырым көрінеді. Былайша айтқанда, таяқ тастам жер. Таспадай тілінген күретамырдың өзегі кең әрі қауіпсіз. Қарсы қозғалыс жоқ. Қос қаптал жолдың ортасын аласа пальмалар мен бәкене ағаштар бөлген. Айрықша назар аудартатыны, жасыл желектердің жүлгесін қуалай су трубалары тартылыпты. Әр тал ағаштың түбінде мөлт-мөлт бұрқақтаған өмір нәрі жылт-жылт етеді. Бұл күнде бізге жетіп отырған тамшылатып суарудың бір түрі осы болса керек. Жолдың екі жағалауына алма-кезек жалтақтап келеміз. Ашық, алаңқай бос жатқан жер байқалмайды. Іркес-тіркес бой көтерген зәулім ғимараттар, шоғыр-шоғыр ауылдар, көк күмбезді мұнаралы мешіттер, қатар-қатар тізілген үлкенді-кішілі сауда орталықтары мен дүкендер... Біріне-бірі ұласып, бірінен соң бірі дөңгеленіп қалып жатыр...
Әуелдегідей емес, қозғалыстың көптігінен автобусымыз да әлсін-әлсін ішін тартып, кібіртіктеп келеді. Жоқ, әлде алып-ұшқан жүрегімізге қанат біткендей ме? Ілгері ұмтыла, алға көз сүземіз жарыса. «Ендігі қасиетті Меккенің төбесі көрініп, Әл-Харам мешітінің көк тіреген зүмірет мұнаралары қол бұлғаса керек». Сөз жоқ, тура осы мезетте жарқылдап-жайраңдап отырған менің тағдырлас серіктерім – Алжирден, Чадтан, Шри-Ланкадан, Нигерден, Суданнан, Камеруннан, Тунистен, Ливиядан, Малиден, Жапониядан, Ресейден, Әзербайжаннан, Өзбекстаннан, Сербиядан, Түркиядан, т.б. елдерден келген жігіттер де осындай ойдың құшағында.
Бірін-бірі жанай, өз қатарларын қатаң сақтап, оңтайлы тұста айналып алға түскен сәтте суретін сан мәрте қызыға тамашалаған Құран-қақпа көзіме оттай басылған. Үлкен трассаның екі жиегін жартылай доғаша иіп қосқан әдемі тұғыр-қақпаның дәл төбесінде парақтары айқара ашылған Құран бейнеленген. Тамаша архитектуралық белгі-ескерткіш – Қасиетті алып кітап сонадайдан шалынады. Тағатсызданып отырған жігіттер бірауыздан «Ләббәйкә» деп тәлбиені дауыстап өлеңдете жөнелді. Сол-сол-ақ екен алды-артымызда жүйткіген көліктегілер мен жаяулатып сап түзеген құлшылық жасаушылардың қалың нөпірі бірінен кейін бірі іліп әкетті. Ғажап ырғақ, ғажап әуез – Мекке аспанын кернеп тұр.
Көлігіміз де құмырсқадай жыбырлап қалған. Тұс-тұстан, жан-жақтан ағылған халықтың легінде қисап жоқ. Құдды толассыз тасқын. Қарға адым жер – мұң. Көше қиылыстарындағы кептелісті реттеген полицейлердің мазасыз жұмыстарын іс-қимылдарынан ап-анық көресіз. Сөйтсе де жүздерінен реніштің, дегбірсіздене әбіржудің еш нышаны сезілмейді. Барлығын да сабырға жеңдірген. Қиян қиырлардан, алыс шалғайлардан, сеңгір-сеңгір тау асып, телегей-теңіз су кешіп келген, іргедегі елдерден жаяу-жалпылап зарығып аңсап жеткен адамдардың қас-қабағына – Алланың қонағы деп қарап қызмет көрсетуді басты борышы санайды. Мұндай ғажайып үрдісті, дәстүр боп қалыптасқан тамаша жүйені қасиетті мекеннің қаласынан да, даласынан да айқын аңғарасың. Себебі, Құдай жолындағы құлшылықтың алаңсыз, селкеусіз өтуі – міндет. Осындай айрықша маңызды, жауапты шаруаны жыл сайын ың-шыңсыз биік деңгейде атқарып жүргені, негізінен арабтардың ежелден қанына сіңген қасиеті – сабырлылықтың нәтижесі болса керек. «Иманның сенімді серігі – сабырлылық» деген ғақлияның астарына жіті үңілгеніміз абзал.
...Кешкі шырақтар жамыраған шақта Қағбаның түбіндегі зәулім-зәулім жеті ғимараттан тұратын әйгілі «Меридиан» мейманханасына маңдай тіредік. Құмырсқаның илеуіндей, құжынаған қажылар. Өңкей ихрам оранған үлкен-кіші... Түр-түсі, сөз-тілі, өң-жүзі – алуан-алуан. Сүзіліп жанар жүгіртемін жан-жағыма. Әр-әркімді шырамытыңқырап, сөзге тартып та қоямын. Ешқайсысы бүлк етпейді, түсінбейді. Жымыңдаған күйі кідірмей өте шығады. Әзірге бірде-бір қазақты ұшыратпадым. Индонезия, Тайланд, Малайзия, Бахрейн, Марокко, Танзания, Того, Сингапур, Эфиопия, Непал тәрізді тағы басқа елдерден келген қажылардың сапында, сөз жоқ, менің Қазақстанымнан ынтыға жеткен төрт мыңдай жамағат жүр. Олардың қайсыбірімен әлі-ақ кездесіп қалармыз. Осы зүл-хижжа күндері.
Орайлы мезетте ескертер бір дерек. Қажылық парыздарын өтеу үшін Меккеге жыл сайын дүние жүзінің 125-130 мемлекетінен миллиондаған адам келетін көрінеді. Сауд Арабиясы Ақпарат министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек, биыл олардың нақты саны үш жарым миллионнан асып отыр. Журналист ағайындардың ұдайы «Әлемнің барлық жолы Меккеде түйіседі» деп жататыны осыдан-ау. Сол миллиондардың бірі ретінде әйгілі Әл-Харам мешітін, әйгілі Қағбаны тездетіп көруге асығамын. Шиыршық атып, тағатсызданғанымды сезе қойған Альберт:
– Әлхамдулилләһ, – деді мейманхана ішіндегі дүңгіршектерді жағалап жанар жүгірте жүріп. – Құдай сәтін салса, қазір жуынып-шайынып алған соң Қағбаға барамыз. Менің түсінгенім, екі аялдамаға жетер-жетпес. Өз бетімізше тартып кетуге болмайды. Тәртіп солай. Сабыр. Көресіз бе, арабтар әсте асықпайды. Айтпақшы, Жәке, зәмзәм тек осында сатылады екен. Дүкенші өзбек жігіттерінен анықтап, сұрап білдім...
Күткен сәт. Тобымызды шашау шығармастан төте туннельмен зуылдатып алып келген. Құбыланың қасында тұрмыз. Күндізгідей жап-жарық. Бейне таулардың алақанындағы күміс зереңдей мөлтілдеген қасиетті мешіттің айнала-төңірегі тұрмақ, қою қараңғылыққа сүңгіген заңғар мұнаралардың ұшар басындағы қалақтай Айдың өзі ап-анық, жарқырап шалынады. Кезекті рәсімдердің тәртібін шама-шарқынша түсіндірген бойы көш бастаған алжирлік журналист жігіт Мұстафа Шәрифтің соңынан ілестік.
Әл-Харамның ешқандай ғимаратқа, ешқандай кешенге ұқсамайтын өзіндік архитектуралық сән-салтанаты керемет. Әлемдегі ең алып мешіт еріксіз тамсантады, сүйсінтеді. Іші-сырты құжынаған халық. Тайып жығылардай айнадай жалтыраған қызылкүрең гранит төсеніштердің қалы кілемдерге тірелген тұсында тәпішкемізді шешіп алдық. Жалаңаяқпыз бәріміз де. Ебедейсіз қимылдап, сүрініп қалмауға тырысасың. «Сақтықта – қорлық жоқ». Адамдар ағысы толассыз. Сәл бөгелуге болмайды. Самаладай жарқыраған қабырғаны жанай өрлеген кең баспалдақпен көтеріліп, әлгінде ғана мегзеген егіз алып мұнара – Әбдел-Әзиз қақпасына бұрыла бергенімізде сол жағымыздан ертеден білетін, қаршадайдан миымда өшпестей боп кескінделген, санамда мәңгі қашалған таныс бейне көзге оттай басылған.
Қасиетті Қағба! Қасиетті Құбыла! Қасиетті қара тас – «Хажр әсуат!» Қос жанарымды аудармаған қалпымда алға ілбіп келемін. Қағбаны сағат тіліне қарсы айналып жүргендердің санында есеп жоқ. Ілкі сәттік әсер үстінде мүлдем байқамаппын. Құлшылық жасап жалбарынғандар, ағыл-тегіл егілген жарымжан ғаріптер аяқ астында да мүлгіп-шұлғып отыр. Іштей күбірлеймін: «Бұған да шүкір! Құдіреті күшті Алла, ризамын!.. Мың мәрте тәубе!..»
Маңайыма қызыға, таңдана қараймын. Қарақұрым жұрттың тілін түсінбесем де, бақытты жүздерінен ерекше қуаныш сезімін аңғарғаным рас. Тіпті, әрқайсысының жүрек лүпілін естіп тұрғандаймын. Қара сөзбен бейнелеп жеткізе алсамшы. Көзімді тырнап ашқаннан аялап, қастерлеп жүрегімнің бір бұрышында құндақтаған ғажайып сурет.
Құмарым қанбай, көзім тоймай қарай беремін, қарай беремін...
Зәмзәмнің қасиеті мен құпиясы
Көзімнен ыршып түскен жалғыз тамшы бетімді сызған бойы аузыма тамған. Кермек дәм, яғни маңдайымнан сорғалаған тер моншақтары емес. Шынымен-ақ жылап келеді екенмін. Қарақұрым жұртпен бірге біздің журналистер тобы да Қара тасты шыр айналып жүрміз. Алғашқыдағы өрекпіген көңіл саябыр тауып, кеудемнен шығып кетердей атқақтап тулаған жұдырықтай жүрегім де тыншыған тәрізді. Төртінші, бесінші, алтыншы... айналым. Қарсы беттегі зәулім мұнарадағы жасыл цифрлы сағатқа әлсін-әлсін қараған топ бастаушымыз әр айналымның уақытын да жаңылмай ескертіп қояды. Үздіксіз жалбарынған, құлшылық еткен адамдардың өксік қысқан үндері құмығып естіледі. Қағбаның Қара тас тұрған бұрышына тақағанда айтылатын тәкпір, Йемен жақтағы бұрышы мен Қара тас тұрған бұрышы аралығында айтылатын дұғаны қайталаған дауыстар жігерлі шығады. Шеңбер жол қусырылған мезетте есебін тауып қасиетті Қара тасты алақандарымен сипап, сүйіп қалуға ұмтылады. Мен де сәтті мүмкіндікті мүлт жібермей, алтыншы айналымды тауысып, соңғыға жеткенде қасиетті Қара тасқа ернімді тигізіп, алақаныммен екі-үш мәрте сипадым. Сондай-ақ, ежелгі Байтолланы тұрғызған Ибраһим Мақамын алақаныммен аялай ұстап, зиярат еттім. Жалбарына тілек тіледім. Жеті рет айналғаннан кейін, тура Қағбаның түбінде сапарлас әріптестеріме ілесіп тауап намазын оқыдым. Бұдан артық нәсіп, бақыт болмас, сірә!..
Жүздерін имандылық нұры аймалап, кеуделерін қуаныш кернеген біздің топ Қағбаның іргесіндегі зәмзәммен шөл қандырып, кезекті парызды – Сафа мен Маруа арасын жеті мәрте жүріп өтуге асыққан.
Көңілде қимастық, соңымызға жалтақ-жалтақ қарай береміз. Аса жоғары сапалы жібек талшықтарынан тоқылған қара мата биіктігі 13 метрлік текше (құбыла сөзі, осы «куб» дегеннен шыққан) тасты тұтастай көмкеріп тұр. Араб каллиграфиясымен жазылған Құран аяттарының әр әрпі, әр таңбасы арнайы жасалған алтын, күміс жіптермен әдіптеп тігіліп, зерленеді. Елдегі қалыптасқан дәстүр бойынша мұндай маңызды да, жауапты міндетті шебердің шеберіне жүктейтін көрінеді. Әрине, жалғыз-жарым ісмердің қолынан келер оңай шаруа емес. Бүкіл әулет боп жыл бойы тапжылмай отырып, көз майы мен қабілеттерін бағыштайтын секілді. Қажылық сапары кезінде жергілікті газет-журналдар осындай шеберлер әулетінің суретін жарыса жариялағанын өз көзімізбен тамашаладық.
Қағба туралы, Қасиетті қара тас жайындағы толғаныстың тиегі ағытылғанда Зәмзәм бұлағы тасада қалмасы анық. Ендеше, әңгіме арнасын солай қарай бұралық. Әл-Харам мешітінің ішіндегі ғажайып құбылыстардың бірі саналатын қасиетті су хақында шертілер сыр мен жыр да жеткілікті. Бұл күнде зәмзәмді исі мұсылман қауымы біледі десек артық айтқанымыз емес. Өйткені, шипалы су жөніндегі аңыздар мен риуаяттар көп-ақ. Қайсыбірін әке-шешелеріміз бен үлкендердің ауыздарынан біз де естігенбіз. Қиял-ғажайып ертегідей елітіп тыңдағанбыз, таңдайымызды тақылдатқанбыз. Қазіргі өркениеттің талабына сай, әлденеше қатарға жыпырлатып тізілген, заманауи технологиямен жабдықталған алтындалған, күмістелген шүмектерден сарылдаған зәмзәмді біз де құмарлана сіміріп тұрмыз. Мейірленіп, рахаттанып ішкенбіз. Қаталап қалғандаймыз ба, қалай?.. Аңсарымыз ауғандықтан шығар. Әйтпесе, аңқамыз кеуіп, көмейіміз құрғайтындай шөл қайдан болсын... Үйме-жүйме жұрт бірінен соң бірі қатар-қатар тізілген стақандарға қол созып, бұлақ шүмектерін ағытуда. Таңданыстарын ірікпеген:
– Қандай дәмді!..
– Салқындығы ұнады. Тамағымды қарыған жоқ.
– Қорықпаңыз, ангинаңыз болса, жазылып кетеді...
– Шипасы мол, қасиетті су ғой.
– Зәмзәм десе зәмзәм!..
Ә дегенде екі стақанды төңкеріп, сәл-пәл ойланып тұрғанымды байқай қойған алжирлік әріптесім мәз-мейрам күйі, екі қолын ербеңдетіп бірдеңелерді түсіндірген болды. Онысын ұға қойдым. «Екі көзіңді жу, бетіңді жу... Бәлкім, шипасы тиер...» Көзілдірік киіп жүретінімді меңзегендей. Мен бет-аузымды, көзімді шайып, үшінші стақанды сімірдім... Неткен рахат! Маңдайым бұршақтап, жүйкем балбырап шыға келген...
Айтпақшы, зәмзәмға қатысты өзекті аңыздың негізгі жүлгесін еске түсірейікші: Ибраһим пайғамбардың әйелі Сара көңіліне келген қызғаныштан Ажарды жақтырмайды. «Бұл да Алланың әмірі шығар» деп күндердің-күнінде Ажар мен кішкентай ұлы Ысмайылды құм-шағылды, елсіз-сусыз далаға апарып тастатқызады. Елсіз шөлді мекеннің аты Мекке еді. Жапан құла түзде шырылдаған нәресте қатты шөлдейді. Қаталаған баласына су іздеп, аласұрып екі таудың арасында ерсілі-қарсылы бәйек боп зыр жүгіреді. Аллаға жалбарынып жәрдем тілейді. Рахымы мол Жаратушының әмірімен жанұшыра екі аяғын тепкілеп жылаған баланың өкшесі тиген жерден бұлақ шығарады. Сөйтіп, екі ғаріп аман қалады. Бұрқақтап атқылаған қайнар қазіргі Зәмзәм бұлағы екен. Айдаладағы суға аспандағы құс айналып, керуен көштері аялдайды. Бәрі де шөлдерін қандырады. Келе-келе осы керуен бекетінде үлкен шаһардың қабырғасы қаланады.
Міне, бүгінгі Исламияттың ұлы кіндігі Мекке қаласының іргетасы осылайша бой көтеріпті. Кәусар бұлақ – Зәмзәм тұмасы да неше ықылым заманнан бері үздіксіз атқылап тұр. Тек белгісіз бір себептермен хижраның 223 және 234 жылдары уақытша тоқтап қалыпты. Ал одан кейін мұндай түсініксіз жай қайталанбаған көрінеді. Бұл да зәмзәмнің бір құпиясы болар...
Зәмзәм суының шипалық қасиеттері жайында қажылыққа барып қайтқандардың аузынан жиі естиміз. «Тамағымның ауырғаны сап тыйылды», «Жөтелім қойды», «Асқазаным мазаламайтын болды», «Жүйкемнің құрысқан-тырысқаны кеткен секілді» дегендерді өз құлағыммен талай рет естідім де. Тәуелсіздіктің арқасында Мекке-Мединеге барушылардың қатары көбейді ғой. Олардың барлығы да тәбәрік ретінде таспиық пен зәмзәм әкеліп жүр. Әрине, шелектеп, тонналап әкеле алмайтыны белгілі. Базарлық құтыға құйылған бірер-жарым стақан суды тілектерін айтып, жоралғыларын жасап бүкіл отбасы мүшелерінің қасықтап ішкендеріне де куәміз. Осындайда, тіпті, ауылдағы бір әжеміз зәмзәмді қайнатып, рахаттанып, жайланып ішкісі келіпті. Қызықты қараңыз, отқа қойылған шәйнектегі су қайнамаған. Бұған неге қайран қалмасқа...
Ал, осы жолғы қажылық кезінде жергілікті басылымдар зәмзәмнің ғажайып тағы бір қасиеті туралы сенсациялық мақала жариялады. Арафатта түнеген күндері әріптестеріміз газеттегі жаңалықты қолдан-қолға тигізбей оқыған. Келесі күні Минаға аялдағанымызда баспасөз орталығындағы тау боп үйілген газеттердің арасынан әлгі материалды тауып алдым. Ағылшынша шығатын «The Saudi» газетіндегі мақаланың қысқаша мазмұнын түйіп жеткізейін:
...Сомалилік Әли Абдулла Рахманның зәмзәм суын ішкеннен соң құлағы естіп, «байланған» тілі қайта шығыпты. 29 жылдан кейін! Ғажап-ақ! Әли Рахман қазір Ұлыбританияда тұрады екен, әйелі, төрт ұлы бар. Өз елінде есепші болып істеген ол азамат соғысына қатысып, қатты жарақат алады. Соның кесірінен сөйлей алмай, құлағы естімей қалады. Бармаған жері, қаралмаған дәрігері болмайды. Жазылмайды, ем қонбайды. Амалсыздан мүгедектік топқа қабылданып, саусақтарымен «сөйлесетін» қимыл-ымдау әліппесін меңгереді. «Аллаға шүкір, енді мен мүгедек те, жарымжан да емеспін. Қағбаны алғаш рет тауап еткеннен соң, көппен бірге зәмзәм іштім. Үлкен мешіттің маңын аралап жүргенімде бойымды ерекше құдіретті күш билегендей болды. Артынша таң намазының Фаджрін құлағым шалды. Қуаныштан жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Жанымдағы жолдастарыма «Менің құлағым естиді» деп жылап жібердім. Олар таңғажайып оқиғаға қайран қалып, жағаларын ұстады...» Әли Рахманды қажы миссиясының жауапты адамдары Меккедегі Аджяд ауруханасына жатқызып медициналық сараптаудан өткізеді. Тексеру нәтижесі «Әлидің есту, сөйлеу қабілеті дені сау адамдармен бірдей» деген шешімді тұжырымға тоқтайды. Сирек оқиға – сирек құбылыс. Міне зәмзәмнің құдіреті мен қасиеті.
Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Өз еркіңізде...
Әңгіме орайына қарай зәмзәмға тікелей қатысты хадис жолдарын еске салғанды жөн көрдік: «Зәмзәм суы бас ауруына шипа және оған қарасаң, көздің жанарын нұрландырады, дененің ыстығын басады».
Ибн Аббас риуаят еткен хадисте: «Зәмзәмді кім қандай ниетте ішсе, сол ниетіне жетеді. Егер шипа сұрап ішкен болса, Алла оған шипа береді. Пана тілеп ішсе, Алла оған пана болады, егер шөліңді қандыру үшін ішсең – шөлің қанады» деген.
...Зәмзәмға шөліміз қанған біз Сафа мен Маруаның арасын жеті рет жүріп өттік. Жүгіретін жерінде жүгірдік. Қиналғанымыз жоқ. Сергекпіз, сенімдіміз... Көңіл – шат, бойда – қуат.
Бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Маңдайының терін алақанымен сүрткен, тобымыздағы ең үлкеніміз Жапониядан келген ардагер қаламгер Абдулазиз Кубаш Сайшу күлімдей:
– Бүгін Жиддадан шыққалы он үш шақырымдай жаяу жүріппіз, – деді ихрамының омырау жиегіне қыстырып қойған қадам өлшегіш оймақтай аппаратына үңіліп.
Бәріміз шу ете түстік. Әрине, әрқайсымыз өз тілімізде:
– Көп пе, аз ба?..
Қажылар әулеті
– Әне, қазақ, – деді түркімен досым Дәулеткелді иығымнан тартып. – Тез жүгір. Кетіп қалады.
Артыма жалт қарасам жұқалтаңдау, шоқша сақалды қария баспалдақпен түсіп барады екен.
– Ата, тоқтаңызшы, – дедім дауыстап. – Ассалаумағалейкум!..
Құлағы сақ көрінді. Қалт тұра қалған ол сүзіле қараған қалпы тіл қатқан.
– Амансың ба, балам… Иә, ниетің қабыл болғай. Қай жақтан келдің, аты-жөнің кім?.. Құдай нәсіп етіп, Меккеге үшінші рет келіп отырмын. Егемендігіміздің арқасында. Кеңес заманында қанша ұмтылсам да жолым түспеп еді…
Елпілдеген елгезек ақсақал сөз тізгінін ұстатар емес. Әлде жерлестерін сағынып қалған ба? Бәрін тізіп айтып жатыр…
– Жалғызсыз ба? – дедім мен керектерімді қойын дәптеріме түртіп жатып…
Ақтаудан келген атамыздың ныспысы – Айнаддин Келімбердіұлы. Мұсылмандық парыздарын бүкіл отбасымен өтеп жүр екен. Бәйбішесі Дәметкүл, келіні Жазира, ең кенже ұлы Қайыр төртеуі қажылықтың рәсімдерін бірге жасап жүрген көрінеді. “Аллаға шүкір, төлбасым Диқанбайым барлық қаржыны тауып беріп, қасиетті сапарға барып келіңдер” деді ғой. Бұл жолы Айнаддин атамыз әке-шешесі үшін умра жасағанын айрықша қуаныш сезімімен жеткізген. Рас бір отбасынан төрт бірдей адамның қажы атануы, қандай бақыт!
Миллиондардың арасынан бірде-бір қазақты жолықтыра алмаймын ба деп жүргенімде Меккенің түбіндегі “Меридиан” қонақ үйінде Әшірбек есімді екі азаматпен жүздестім. Бірі – таныс, иткөйлекті қатар тоздырған құрдас-дос, ал екіншісі – жетпістің желкесіне шыққан ел ағасы. Екеуі де жамбылдық. Жолы да, жөні де үлкен Әшірбек Айдашев Қордай ауданындағы шаруашылықтарда басшылық қызметтер атқарыпты. Негізгі мамандығы зоотехник болса да, арғы-бергі тарихты тереңнен толғап, аз уақыттың ішінде біраз жайдан мағлұмат берген. Өзі Зейнел апамызбен бірге, көршісі Нұрғайшаны қажылық міндеттерін өтеуге алып келіпті. Ағамыздың назар аударарлық сауапты ісін қадап айтқан дұрыс шығар. Әшірбек аға жасы ұлғайған, жүріп-тұруы қиындау екі апамызды Медине қаласынан сатып а