13 Мамыр, 2016

Шешімі табылмайтын мәселе болмайды

347 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
IMG-20160512-WA0008Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко Батыс Қазақстан облысына келді. Сапар Ресей парламентшілерінің Қазақстанға ресми сапары аясында іске асты. Облыс орталығы – Орал қаласындағы күн тәртібінде шекара маңындағы және аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері қаралды. Кездесулерді Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып жүргізіп отырды. Ол Қазақстан мен Ресей сенаторларының аймақтардағы кездесуі үшін Орал қаласы тектен-тек таңдалып алынбағанын, бұл өңір геосаяси тұрғыдан да, жағрафиялық тұрғыдан да өте ұтымды түрде орналасқанын атап көрсетті. Бұдан әрі Сенат Төрағасы Қазақстан мен Ресей арасындағы жеті мың шақырымнан асатын ортақ шекараның негізгі ауқымы Батыс Қазақстан секілді шекаралық аймақтарға тиесілі екенін атап көрсетті. Тауар айналымы мен қарапайым адамдар арасындағы байланыстардың сүбелі үлесі де осы өңірлердің еншісіне тиеді деді ол. Осындай тұжырымға нақты дәлелдер келтірген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов еуразиялық ендікте орналасқан өңірдің бай тарихы мен дәстүріне және зор экономикалық әлеуетіне екпін түсірді. Содан соң Еуразиялық экономикалық одақтың маңызды рөліне тоқталған аймақ басшысы осы шеңберде өткен жылы Ресей Федерациясымен арадағы сыртқы сауда айналымы 433 миллион АҚШ долларын құрағанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, бүгінде облыста екі ел арасындағы ортақ кәсіпкерлік істің 200-ден астам субъектісі тіркелген. Шекаралық аймақта Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындары табысты әрі нәтижелі қызмет атқарып келеді. Биылғы жылдың басында пайдалануға берілген Орал қаласындағы Достық үйінде облыстағы этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу кезінде В.И.Матвиенконың кеңінен ойлап, тереңнен толғай білетін үлкен парасат иесі екені айқын көрінді. Оның қазақстандықтарға деген шынайы, ізгілікті ілтипаты мен құрмет сезімі оның әрбір сөзінің астарынан айқын аңғарылып тұрды. Қазақстанда тұратын әрбір азамат пен әрбір этнос өкілі Қазақстанның басты байлығы деп түсінетін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түпкі­лікті байламы мен тұжырымы терең сүйіспеншілік сезімін туғыз­­бай қоймайды, деп сабақ­тады өз ойын Достық үйіндегі кездесуде Валентина Матвиенко. Федерация Кеңесінің Төрайы­мы, сонымен бірге, көршілес екі ел арасындағы ортақ шежіре мен ортақ ерлік дәстүрлері ұрпақтар сабақтастығының арқасында алдағы кезде келешек ұрпақ санасында жаңғыра беретініне сенім білдірді. Соның бірі – Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан мен Ресей халықтарының неміс фашизмін тізе бүктірудегі ортақ жеңісі. Жеңіс сезімі – құдіретті де қастерлі сезім. Қай кезде де бұл сезімді жоғалтпай, бойымызда ұстай алсақ, біздің ортақ тарихымыз жадымыздан еш уақытта өшпейді, деді ол. Ресейдің мемлекет қайрат­кері­мен кездесу кезінде Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев халқымыздың салты бойынша «Қош келдіңіз!» – деп қазақ тілінде мәртебелі мейманға қошемет көрсетті. «Дос» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Вера Шохина шекаралас өңірлердегі өткізу бекеттерінің мүмкіндігін кеңейту, оны өзара сауда-экономикалық қарым-қатынастар үшін оңтайлы деңгейге жеткізу  және екі ел арасында өзара ыңғайлы туристік кластерді дамыту қажеттілігіне тоқталды. Бұған жауап ретінде үн қатқан В.Матвиенко бұл мәселелер облыста екі ел парламентшілері өкілдерінің қатысуымен талқыланғанын, бүгінгі күні бұл мәселе өз шешімін табуы үстінде екенін айтты. Сөзінің соңында В.Матвиенко шешімін таба алмайтын бірде-бір проблемалық мәселелер болмайтынын, қандай күрделі істі де өзара ақылдасып, кеңесе отырып бір ыңғайға кел­ті­руге болатынын жеткізді. Соның ішінде Қазақстан мен Ресей пар­ламентшілері осындай бағытта өзара ықпалдаса отырып жұмыс жасай алатынын алға тартты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко бастаған екі елдің парламентшілері Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді мәдени байланыстар мен бағдарламалар аясында облыс орталығындағы Кафедралық шіркеуде, А.С Пушкин және өлкетану мұражайларында болып, мұндағы құнды жәдігерлермен танысты. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақтан облысы