(Жазушы Шәрбәну Бейсенованың «Сүзгеннің соңғы күндері» повесін талдау)
Сүзге – ХVІ ғасырда өмір сүрген Сібір ханы Көшімнің әйелі... Әйелі болғанда да бір мәліметте екінші әйелі, екінші бір мәліметте сегізінші әйелі. Сібірге іргесін беріп отырған қазақ байы – Сүйіндіктің қызы – Сүзге. Ібір-Сібір жұртын билеген, бір мәліметте арғы атасы хорезмдік, Көшім ханның бас бәйбішесі болса мейлі еді, бәленбайыншы әйелі Сүзгенің көркем шығарма тақырыбына айналу сыры неде? Бүгінгі жұрт Көшімнің басқа әйелдерінің бірінің атын білер ме екен? Білмейді-ау. Ал Сүзгені біледі. Сүзге ХVІ ғасырдан бүгінге аңыз болып жеткен, шежірешілердің жазбаларында хатталған есім. Тіпті, өзіміздің қазақ әдебиетінің тарихын түріктік ортақ алтын бастауға қарай сүйрелеумен өткен профессор Бейсембай Кенжебайұлының өзі: «Орыстың ХІХ ғасырда жасаған тобольдық жазушысы, атақты «Конек-Горбунек» деген поэманың авторы, П.П.Ершов баяғы Сібір ханы Көшімнің әйелі Сүзге туралы поэма жазған екен. Сүзге ақылды, сұлу болыпты, ақын соны дәріптепті» (Б.Кенжебайұлы. Күнделіктер. 1-ші дәптер, 35-бет.) – деп сұқтана жазыпты күнделігіне. Бейсекеңнің айтып отырғаны – «Черноглазая Сузге»! Демек, біздің Сүзге қызымызға сұқтанушы бір Бейсекең емес екен, орыс ақыны да өз мадақ поэмасын арнапты. Арғы анасы (әжесі) баянауылдық П.П.Ершов «Тұлпар тай, сұңқар тай» («Конек-Горбунек») поэмасы жайында сыр жарғанда «Қазақ даласынан бала кезімде қанатты аттар көріп едім. Бала қиял мені кейін осы шығарманы жазуға итермеледі» деген. Тарихқа еніп, әйгіленіп кеткен шығарма жайында артық айтып жатпай-ақ қоялық. Ал ақынның «Сүзгесі...» ХІХ ғасырдың межесінен аспай қалып қойған шығарма! Демек, Ю.Тынянов тілімен айтсақ П.П. Ершовтың «Сүзгесі...» – әдеби факті ғана. Енді міне, Шәрбану Бейсенова «Сүзгенің соңғы күндері» аталатын хикаят жазып отыр. О, бәрекелді!
ХVІ ғасырда қазақ даласынан ханаралық қарым-қатынастың құралына айналып уыз жас Сүзге Сібірдің кексе тартқан көкшуланы Көшім ханға қатын үстіне ұзатылып кете барады. Аз уақыт тұрып, өзінің ақылымен қадірін асырған, бірақ перзент сүйіп үлгермеген Сүзге. Сібірді жаулаушы Ермак жасауылдарының шабуылынан Көшім хан шегіне қашып, оның екі ордасының біріне айналған «Сүзге турада» ханшайымдық етіп тұрып жатқан, асқан сұлулығымен аты шыққан Сүзге халқы үшін құрбан болар еді. Шығарма фабуласы осы ғана. Аз күндік оқиға. Ғұмырлық қасірет.
Шығармада Сүзгені соншалықты аяулы етіп тұрған – оның айналасындағы қарашасын қиын-қыстау сәтте тастай қашпай, солардың жолында құрбан болуы. Ол – Сүзгедейін әйелдің қасиетінен туған қасірет. Шынын айтқанда, кермеге келіп қалған жаудан сытылып шығып, ығысып кете баруға барша мүмкіндігі жетіп-ақ тұр. Алайда, ол өзінің жеке басын күйттемей, өзіне сенген, тіпті ханша деп тіршілік етіп жатқан Кіші Орданың қараша халқын қоршаған жаудан құтқарып, құтқару жолында айласын асырып, жанын тонатпай, тәнін қорлатпай, өзін солар үшін құрбан етуі – қасіретті өлімін қасиетті өр рухты өлімге айналдырып даңққа бөлеп тұр. Ол осы ақық өлімімен өзі өле-өлгенше төбесіне көтеріп өткен Көшім ханнан да биіктей түседі көз алдымызда. «Түйедей тас, түймедей асыл тас...» дегендей шап-шағын дүние, шып-шымыр туынды ойға орап жаратылыпты.
Қазақ сахарасынан Көшім ханға жасау-жабдығымен ұзатылып барған Сүзгенің жалын атқан жастығы, асқан сұлулығы мен бейкүнә аңғалдығы...бәрі-бәрі айналасына күдік ұялата бастайды. Кәдімгі күнді көре алмайтын байғызбейілдік, көреалмаушылық, күндестік, қызғаныш. Күндестерінің көз алдында жүрсе көзтүрткі боларын білген Сүзге содан да бір алабы өзінің төркін жұртына ұласып кете баратын Ертістің бір жарлауыт қабағындағы биік шоқыға Хан иесінің көңілін тауып қалашық салдырды. Ол «Сүзге тура» (кей мәліметте «Сүзген») аталды. Өзін-өзі алдауға жарады. Жанын жегідей жеген Жалғыздықты алдауға жарады. Өсек-ғайбаттан аулақ болуға жарады. Хан иесінің көңілін өзіне аударуға жарады. Алайда, атақты Сібір жаулаушысы Ермактың шабуылы Көшімді «Үлкен хан ордасынан» жел көтерген қаңбақтай ауа көшуге мәжбүр етті. «Сүзге тураға» қарайлауға, Сүзге сұлуға қайырылуға мұршасы болмады. Ермактың тарихтан белгілі екі қолбасшысы Иван Кольцов пен Иван Гроза болса, Жармақ тапсырмасымен Иван Гроза «Сүзге тураға» қол бастап келді. Жау ниеті белгілі. Көшім үшін «Сүзге тураны» шаппақ. Көшім үшін Сүзгедейін сұлуды қолға түсіріп, патша ағзамға сый етіп тартпақ. Осы бір қысылтаяң сәтте басқа-басқа, хан иесі – Көшім жасай алмаған ерлікке Сүзге барды. Хан иесі қайырыла алмай кеткен халқын аман алып қалып, ақылды айласымен оларды құтқарып, өзін өлімге қиды... Сүзгенің бір қарағанда, шағын ғана ерлігін тарихтағы талай ұл-қыздың патетикалық тұрғыдан нұсқаланған ерлігімен салыстыруға да болар, бәлкім. Бірақ, бірақ жазушы Шәрбану бейнелеуінде Сүзге ерлігінің табиғаты олардан бөлек.
Шығарма көп желілі емес, бір желілі. Эпилог іспеттес қосымшаны есепке алмасақ, Кіші орданы басқыншы жаудың қоршаған үрейлі сәтінен басталып Сүзге өлімімен аяқталады. Олай болса, шығарманы – Сүзгенің жан байлығына құрылған хикаят десе де болады. Ол: «Сүзге ханым тұла бойын зіл басқандай еңсесін жанышқан азапты күйден ұзақты күнге еш серпіле алмай қойғаны» деп психологиялық ауыр күйден басталады. Ол сөйлемді «Абажадай сарай іші, міне, тапа-тал түсте күңгірт тартып, зілмауыр ауа ұйып қалғандай» деп онан сайын ауырлата түседі.
Сүзге басындағы ахуалды енді бірде оның айналасы көңіл ауанымен былай береді: «Бұның қабағына кірбің ілінгелі нөкерлері де, қызметшілері де тайсақтап, бетіне тіке қарамай, жанарларын алып қаша береді».
Шығарма осындай психологиялық алаңдаулы ауыр ахуалды берумен бастап өрістейді.
Әрі қарай Сүзгенің жан-әлемін жөргемдей түседі жазушы. Сүзгенің тағдыры шиыршық жіптей суыртпақталады кеп. Бірыңғай баяндауға ден қоймай, Сүзгенің көңіл-күйімен, ішкі жан бұлқынысымен сюжет өзара сабақтас өріледі. Бірде түс көруі, келесіде ішкі монолог, тағы бірде бір жанның екіге жарылып айтысуы (періштесі мен сайтаны) сипатында көрінеді. Оның жанын жегідей жеп бара жатқан Жалғыздық қысылтаяң сәтте оқ жыландай бас көтереді. Сүзгені жан қайғысы – Жалғыздық қинайды. Өзі де байқамаған. Ал шындығында Жалғыздық – Сүзгені бір сәт те тастап кетпепті, бейтарап қалдырмапты бір сәт те. Жалғыздықтың жанына тереңдей ұя салып алып, ажырамастай жандасып, тіпті мұң кеулеп тұрар жансерігіне айналғанын тек өзі білмеген. Сол, сол Жалғыздық әрдайым ішінен бұлқына бас көтереді. Жанындағы жара болып мазалайды Сүзгені.
Сүзге Жалғыздықты жан-жарым деп таныған хан иесіне деген ақ-адал ықыласпен тұншықтырып тастағысы келеді. Ол қиын-қыстау сәтте де хан иесін ауызға алдымен алып, соның тілеуін тілеп отырады. «...Япырай, осы уақытқа дейін хан иемнен бір дерек (хабар деп алғаны жөн еді – Қ.Е.) болса керек еді. Үн-түнсіз ұзақ кеткені қалай? Әлде қосындарын ертіп, жер шетінде, қидаласқан майдан шебінде жүр ме екен? Солай шығар... Алтын басы аман болса игі еді!?» дейді ол. Кейіпкердің осындай ішкі дауысынан біз хан иесі басын өз басынан артық қадірлеген, оны дүйім жұрттың басы тұтып, өзін оның жолына құрбан етуге дайын Сүзге ханымды көреміз.
«Ханды қарайлатпаған үлкен ханымдардың ісі ме екен деп топшылайды». Күндестік көңілдің күдігі бұл. Хан иесіне тигізбей кінәлау.
«Хан иесінен жаман-жәутік болса да бір бала сүйгенде, бұл үшін болмаса да өз қанынан жаралған ұрпағын аждаһаның аузында қалдырмауға келері хақ еді ғой...». Жар арманы, перзентсіз ханымның ішкі күйігінен туған күдік. Мұнда да хан иесін кінәлау жоқ. Қайта кінәні өзіне аудару басым.
«Хан алдында қадірі болмағаны ма? Бұл хан үшін, бөбектің қызықтап ойнайтын, ойнап-ойнап жалыққан кезде лақтырып тастай салатын әдемі қуыршағы есебі екен-ау. Анда-санда келіп, құмарынан шығып кетер қуыршағы ғана. Иә, иә! Бұл өзі албырттықпен ханның бір сәттік мейірім-мерейін шынайы кәусар сезімге балап жүрген екен-ау. Ханның бір сарайы мен санаулы түндеріне ғана уақытша құқы бар жас иіс қана екен. Одан артық ешнәрсеге ұмтылма, ештеңеге дәмең болмасын... Көшкен жұртында жападан жалғыз қалуы соның дәлелі емес пе? Бұл ғой соны ұқпай жүрген, соншама көзсіз болар ма?..» Кінәні өзіне арта отырып хан иесіне өкпелеуі бар. Әйел жанының ішкі запыраны бар. Ол өмірі кінәлап көрмеген Хан иесіне деген көңіліндегі асқынған күдікті туғызды. Бұл – Хан иесіне деген шексіз сенімдегі ханымның сенімінің тас-талқан болып күйрейтін сәті, күдіктің психологиялық тұрғыдан шарықтап шегіне (кульминациясына) жетуі.
Осыдан бастап Сүзге өзін-өзі қайта тергеп, ысынған көңіл суына бастайды, шамырқанған көңіл «сап, көңілім, сап...» деп барып сабасына түседі. Енді Сүзге ханым Хан иесін ақтауға көшеді. Хан иесін кінәлай тұра оны ақтап алу, ақтап алуға себеп болар ақыл табу – кейіпкерді биіктете түседі. Ол енді Хан иесі тілегіне енеді: «Хан иесінің алтын басы аман болса, ерте ме, кеш пе әйтеуір бір іздеп келері шүбәсіз. Оған көңілі кәміл сенгендей. Оған дейін тек мына іргеге келіп алып, масайрап жатқан кәпірдің зобалаңынан құдіреті күшті Тәңірдің өзі сақтасын...» дейді Сүзге.
Бір желілі хикаятта Сүзгені осылайша сезім сергелдеңіне салып, іштей шарпыстыру – табиғи қалыпты адам-пендеден табиғи бояумен жасалған көркем образ дәрежесіне көтеріп алып бара жатады.
Асылы, сюжет өрімінде кейіпкер психологиясын орайын келтіріп ашу бар да, шығарманың бар болмысын психологиялық талдауға құратын шығарма бар. Шәрбану мына қолымыздағы шығармасын бастан аяқ психологиялық талдауға құрған дер едік.
«Терезеден сыртқа телміріп қарай-қарай көзі талып, сілесі қатқан шақта төсегіне барып қисайған. Көзі ілініп бара жатыр екен, әлде бір шудан, үздіксіз дүрсілден шошып оянғаны. «Қалың кәпір ат ойнатып, қалаға басып кіргеннен құдайым сақтағай! Бұл неғылған шу, не деген тарсыл?» Қатты шошынған ол ызы-қызы шудан тұнған құлағын екі алақанымен баса қойды. Алайда толастар емес. Сөйтсе, шулаған өз құлағы да, дүрсіл – кеудесінен шығып кетердей атқақтай соққан өз жүрегінің соғысы екен. «Қорыққанға қос көрінеді», – деген осы да. «Бисмилләһи» – деп үш қайталап, білетін дұғаларын оқып, суылдаған көңілін әрең тоқтатқаны».
Сарайды жау қоршаған қиын сәттегі Сүзге психологиясы. Қатерді күту – қатерге берілу! Ел шетіне жау тигенде үлкен орданы алып ішкі аймаққа шегініп кеткен Хан иесінен пәрмен жоқ, пәрмен түгілі хабар жоқ шарасыз ханымның жаумен бетпе-бет келіп қиналып тұрған сәтіндегі Жалғыздық психологиясын жазушы осылай береді. Сүзге психологиясындағы барынша шарықтап, психологиядан психикалық құбылысқа айналып бара жатқан сәт те Сарай сыртындағы тегеурінді жау дүмпуі мен шарасыз күйдегі ханым тірелген тығырықты ситуация арасында табиғи көрінеді.
Кейіпкер жанын жазушылық талдаудың аса бір шарықтап шырқап шыққан сәті ретінде Мұхаметқұлдың Сүзгені таяп келіп қалған жау қоршауынан алып шығып кету үшін келген сапарындағы Кіші Ордадағы жүздесуін айтар едік.
Ханым мен ханзаданың кездесуі бір сәт ханымның есіне алғаш Көшім шаңырағына түскен кезіндегі ойын көрсету үстінде қызыға қарап, оны күндестері байқап қалып, қарадай кінәсіз кінәлі, күнәсіз күнәлі болып қала жаздаған бір қиырға ала жөнеледі. Расында, жас ханымның ханзадаға көңілі кетіп-ақ қалған екен. Оны Сүзге үлкен ханымдардан жасырғанымен өзінен жасыра алмады. Өзі мойындап та мойындамай сытылып кеткен сол бір сезімі құрғыр мына кездесу тұсында лыпып көңіл төріне қалқып шыға келгені. Заматында сытылып кеткенімен, біржолата құтылып кетпеген екен.
«Мұхаметқұлдың атын естігенде жүрегі оқыс шоршып, солқ ете түскендей. «Неге келді екен?» Ол орнынан ебелектей ұшып тұрды. Ханымға тән байсалдылығынан айырылып, жеңіл етек әлдекімдердей шошаң ете қалғанына өзінен-өзі қуыстанып, қысылып қалды» деп суреттейді осы бір сәтті.
Одан әрі Сүзгенің жан күйзелісін, сезім шарпысуын әзәзіл мен періште елесті өзара айтыстыру арқылы шебер жеткізіпті. Әрі диалог, әрі монолог дерлік шарпысулар соншалық табиғи, соншалық нәзік психологиялық тебіреніске ие. Өзара тайталасқан шарпысуға басу айтар кейуана сөздері ше? «Сезімге ерік берген солқылдақтықтың аяғы сор болмасын десең, намысыңды ойла». «Айбынды хан иеңнің абыройына дақ салып қана қоймай, артыңдағы өзіңнің қалың еліңді де жерге қаратқаның». «Сен таза періштең бар жансың, періштеңді қорлатпа...» секілді ойлар орайы табылып айтылып, қалауы табылып қолданылып жатады. Сүзгені әзәзілдің азғыруынан аман алып шығар осы үн, осы дауыс (марқұм күтуші кейуана кейпі) Кейуананы тың кейіпкер-елес етіп көрсетеді. Ол Сүзге қасиетіне қасиет үстейді, оны көркем образ райында көркейте түседі.
Шәрбану шығармасын оқып отырғанда әйел рухының мықтылығына қайран қаласың. Сүзгені қиын-қыстау ситуацияда шырылдатып ой ойпаңына түсіріп, одан рухын көтеріп алып шығып оны ең ақыры өзін бәленбайыншы тоқалдыққа алған Көшім ханнан да азаматтығы, халықтық ойы мықты әйел етіп тұлғалап отыр. Ол Көшім хан секілді ел-жұртын жауға тастай сала бой тасалап қашпады, қиын-қыстау сәтте өзінің сұңқар басын өлімге тігіп халқын құтқарды.
Сүзге рухы, шынында, сұмдық мықты рух! Сібірдің Көшім ханына жетінші әйел болып алты әйелдің үстіне келіп отыр. Уыздай жас қыз бала, ай дидарлы ажар қандай, көрікті әйел, заты әйел демесең ақылдың кені дерлік Сүзгені... хан иемнен алты «бәйбіше» бірдей қызғанбағанда қайтсін?! «Екі әйел – екі ел!» Ал Сүзге тағдырында алты әйел енді жетінші жас қалыңдық және бар. Жайшылықта бақкүндес алты әйел енді келіп бірігіп кетіп жас тоқалды таламақ. Бейне жас тоқал олардың ері – Көшім даңқы мен байлығына қызығып келгендей-ақ. Әйтпесе ай дидарлы ажарымен Көшімді бөлектей иіп алып кетердей-ақ. Сүзге – «бел құда – белді құда» аталатын қазақы билік институтының құрбаны. Сүзгеден Көшімнің алты әйелінің үстіне әйел болып барасың ба деп сұраған жан бар ма екен, сірә?! Жоқ қой. Алты әйелдің үстіне келген Сүзге сұлу и болып кетер жер осы еді. Тығырықтан нұрлы ақылы алып шықты. Әйел психологиясын жете білетін, әйел психологиясына бойлай еніп, нәзік пернелерді басып, нәзік жан иірімдеріне тереңдей бойлай жазатын жазушы Сүзгені осы тығырықтан кейіпкерін зерек те ерек ете тұлғалап тамаша алып шығады. Өзге кісі болса Сүзгенің сұлу келбеті мен тән азабын қызықтап, мәселені «төсектің» айналасында шешер ме еді, қайтер еді?! Шәрбану мәселені басқаша шешкен. Ол мүсіндеген Сүзге тән азабынан бұрын жан азабымен арпалысып жүрген мұңдық. Жан азабы Сүзге үшін алдындағы алты бәйбішенің мұның артықшылығын күндеп өсектеп, жанын шоққа қаруы, ері – хан иемнің мың-сан елдік шаруадан бұған уақыт таппауы... міне осының бәрі Сүзге жанын Жалғыздық болып қариды, айналасы толы нөкер, күтуші келіншектер, күзетушілер... солай бола тұра Сүзге Жалғыз. Бәрі бар, тек жан шәрбаты жоқ. Жан қалауының жоқтығы ел шетіне жау тигенде Сүзгеге қайырылуға шамасы келмей, алты әйел, бала-шағасымен «Хан ордасынан» шегініп ала жөнелуі тұсында (осындай ұрымтал тұстарда) бір селт етіп шыға келіп, біразға дейін жанын алау-далау етіп алаң күй кештіреді, жанын табаға салып қуырғандай күйге ендіреді. Соның бәрін де жеңеді. Жеңетіндіктен де Сүзге рухына қайран қалып, оны көркем образ райында құлай қалап отырмыз. Ол жазушы қаламының құдіреті. Жазушы қаламының құдіреті бізге Сүзгені сан қырынан көрсете біледі. Сол үшін де Сүзгені қуаттай қолдап отырмыз.
Сүйіндіктің сүт кенжесі – сұлулықтың символы – Сүзге!
Асқан парасаттылықтың эталоны – Сүзге!
Хан күту, оны жар тұту – ханшайымдықтың тап-таза үлгісі – Сүзге!
Ханшайымның көшпелі хандық қоғамдағы алар орнын өзін құрбан ете жүріп аса асқақ биікке көтерген – Сүзге!
Өзін ғана ойламай, айналасындағы қараша мен алашасын ойлайтын, не ойласа да хан иесі – Көшім ханның асыл басының амандығымен сабақтастыра, сонымен ғана байланыстыра ойлайтын Сүзгені бай сүйіп байыптанбаған, бала тауып ана атанбаған қалыпта-ақ ел анасы биігіне көтерілген көркем образға балаймыз. Қасіреттің уын жұтып, өзімен-өзі «майдандасқан» Сүзгенің жап-жас басына осыншама қасиет дарыта отырып, оны жіңішке жіп суыртпақтағандай етіп түрлі жағдай, түрлі ситуацияға орай ой кештіріп, көшпелі қоғамдағы ханым орнына орай сезімін бүркеп ұстайтын, өзін тежеп ұстайтын, өзінің жан сезімін жеңіп, адалдық, пәктік, тазалыққа жеңдіріп ұстайтын, сондықтан да іштей арпалысты күй кешіп өтетін Сүзгедейін кейіпкер сомдау, оның жанына табиғи еніп, қойма ақтарғандай аяусыз ақтарып, жанының қылын өте нәзік шертіп кісі сүйсінерлік жан қалтарысы мол көп бояулы көркем образға айналдырып алып шығу, соны көркем образ сомдау – сөз жоқ, шын суреткерлік. Бұл жерде Сүзге бойындағы барды талдау ғана емес, ол өмір сүрген ХVІ ғасырдағы көшпелі қоғамға тән, сол қоғамға сыйымды іс-әрекет, мінез-құлықты, ой-парасатты Сүзге бойына жинақтау арқылы оны оқып отырып риза болатын, жаны жадыраса бірге жадырайтын, жаны күйсе бірге күйрейтін шарықтау шегіне жеткізе бейнелей білу – сөз жоқ, шын шеберлік үлгісі. Әдетте қайрат тұрған жерде нәзіктік тұра бермесі мәлім. Ал Сүзге жанындағы нәзіктік оны қайратқа бастап алып барады. Ол қайрат – өз сезімін өзі тежеп ұстау, ол – жанын жегідей жеген Жалғыздықты хан иесіне деген сенімі мен сезіміне арқа сүйей тежеп отыру, ол – қайсар да батыр тұлғалы ханзада – Мұхаметқұлға деген ішкі бұлқынысты сүйіспеншілікті байлап ұстау, байлап ұстау аз, қолдан зорлап тұншықтыру, ол – қиын-қыстау сәтте (жау шапқанда) – өзін құрбандыққа шалып, өзіне ақ-адал қызмет еткен қарашасы мен алашасын құтқаруы... Осының бәрі Сүзгенің бойындағы нәзіктіктің қайратқа ұласуы. Әйел жанындағы нәзіктік өзін сан рет алдап-арбайтын, сезім жетегіне ертіп желеңдетіп, сендіре де төндіре сөйлейтін өз ішіндегі әзәзілге жол берсе, сайтан азғырған әйел болар еді де шығар еді. Бір тән екіге жарылып, сайтаны мен періштесі өзара арбасып, ырғасқанда да нәзік те қайратты парасатты өзіне жан серік етіп ала білді Сүзге! Өте нәзік, жаны жаралы, көңілі қаралы әйел бойындағы нәзіктіктен қайраттылық осылай туып еді. Абай айтатын «өзін-өзі жеңіп ұстамаған – құлдың» қапысыз шындық екеніне осы сәт тағы бір рет көз жеткізесің. Өзін-өзі жеңіп ұстау... Апыр-ай, басқа-басқа, тап Сүзгедейін ер мейіріне мелдектеп қанбаған, балауса бойжеткеннен келіншектік кейіпке, келіншектік кейіптен байырқаланған ханымдық өреге сезім дариясын жанымен ғана емес, тәнімен де жүзіп өтіп жетпеген жанға тіпті қиын-ау. Қиын деп шамалайсың... Солайы солай! Адамға тән сүйіну мен күйіну – оған да тән. Ол сан рет өртеніп барып басылмас па?! Солай! Сөйте тұра, Сүзге өз бойындағы сезім атаулыны өзін хан иесінің жары – қазақ қоғамындағы, Сібір жұртындағы бәйбішенің рөліне енгізді де, өз бойындағы тәнін шарпыр ыстықты да, жанын қарыр суықты да сол рөлді ойнай жүріп, парасатқа жеңдіре білді.
Сүзге тақырыбына Шәрбану тарих үшін барған емес. Сүзге тақырыбына Шәрбану – қазақ қоғамындағы шын әйелдің орнын анықтау үшін, көшпелі қоғам берекесінің әйел затына байланысты екенін айту үшін, әйел жанын қаза түсіп, одан төсекті қаузайтын емес, қоғамдық, әлеуметтік, адам әлеуетіне қатысты ойларды қозғайтын, қозғауға себепкер болатын көп бояулы, табиғаты жұмбақ, рухани ерлік жасаған, рухани ерлігінің қайнар бастауында әйел бойындағы еріне берілгендік, әйелдік тазалық жатқандығын айту үшін, шырайын шығарып жазу үшін барған. Тарих – Шәрбану үшін кейіпкерін сынға салар тарихи мекен ғана. Тарихқа ден қойсақ өмірінің ақыр-аяғына дейін аузы түкті кәпірмен айқасып өткен Көшім хан атқарған тарихи міндет ала бөтен. Алайда, Сүзгенің ерлігінің рухани пәрменінің күштілігі Көшім ханды қимай отырып опасыздың орындығына отырғызуға дейін жетіп қалады. Иненің жасуындай саңлау қалдырмай Сүзге бейнесін сезім құйылыстары мен ақыл ағыстарын жарыстыра, жарастыра бір ырғақ, бір деммен соншалық табиғи жарату, сөз жоқ, жазушы шеберлігі. «Сүзгенің соңғы күндері» – қайнарын пәк тазалықтан алатын, қандай жағдайда да адалдықтан айнымас, айнытпас ақылдылық, нәзіктіктен туар қайрат жайындағы жыр, парасат жыры.
Біз көбіне сырт ерліктің құрбанымыз. Сырт ерлікті туғызар жан қайнары қайда? Онда шаруамыз бола бермейді. Содан да сырт ерлікке құл бола, бас ұра отырып батырымызды да құлатамыз, өзіміз де құлаймыз. Қаламгер бәсі төмендер сәт – осы! Қаламгер бәсін түсірмеу шарты, әлгі сырт ерлікті туғызатын ішкі өрлікті аша білу! Ішкі өрлік кейіпкер психологиясына ене алғанда ғана ашылмақ. Жиырмасыншы жылдардың аяғында Смағұл Сәдуақасовтың қойған алты сұрағына жауап бергенде Мұхтар Әуезовтің: «...орыс жазушыларында анық сүйетінім Лев Толстой, Федор Достоевский. Адам жанын соларша қойма ақтарғандай ақтармаған соң жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психологизм араласпаса, оның бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тұқ жолы. Мына екеуіне қарағанда, өзің де ұяласың, жан құдайының алып жұртын көргендей болып кішірейіп, тапталып ұяласың. Жазушылықтың асқары деп сүйемін» («Өз жайымнан мағлұмат» өмірбаяндық жазбасынан.) – деген жап-жас баланы даналыққа бастап тұрған керемет сөзін ұмытып кете береміз.
Әңгімені тарихтан бастап, тарихқа жақындай аяқтағалы отырмыз. Көшім хандығы – қазақ тарихшылары тарапынан жете зерттеле қоймаған тақырып. (Соңғы кездері ғана қолға алына бастады.) Енді, міне, сол олқылықтың орнын Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері» аталатын хикаяты толтырып отыр. Әрине «Етімді шал сипаған құрт жесін...» деп өзін мерт ететін қыздар образы бар еді қазақ әдебиетінде. Ол өз басы үшін ғана күрес. Ондай кейіпкер бүгінгі таңда бізді қанағаттандырмаған болар еді. Тәуелсіздіктен кейін қазақ прозасының кәсіптік деңгейі қайта төмендеді. Міне, осындай шақта туған «Сүзгенің соңғы күндері» бізді ерекше сүйсіндірді. Тарихи белгілі бір кезеңде (ХVІ ғасырда) өмір сүріп, халық жадынан шығып ұмыт болған есімді қайта оралтуымен бір қуантса, екіншіден, қазақ прозасында тамаша психологиялық ішкі иірімдерге толы туынды жаратып қазіргі қазақ прозасының кәсіптік деңгейін көтеруімен ерекше сүйіндіріп отырған жайы бар Шәрбану Бейсенованың!
«Сүзге...» әдеби туынды райында әдемі пішім. Пішімге сай мағыналы мазмұн. Іші-сырты (пішімі мен мазмұны) бірдей үйлескен бүтін бітім. ХVІ ғасырда қазақ сахарасынан құдалық қана емес, құдандалық мақсатпен Сібірдің көкшуланы Көшім ханға жасау-жабдығымен ұзатылған, Сүйіндіктің мұңлық қызы – Сүзге оптимистік мұңға оранып, көп бояулы көркем образға айналып, арамызға бес ғасыр салып оралды. Сол жап-жас, сұлу қалпы. Отызға да жетпеген. Сол жас та болса ақылды қалпы. Қазақ әдебиетіндегі соңғы кездердің жемісі болып, психологиялық жан тебіренісімен туған соны бір образ – қаракөзайым Сүзге! Көзайым, ағайын, ендеше, көзайым!
Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор.