белсенді, іскер тұлға қалыптастыруда айтарлықтай рөл атқарады
Мамандарды ғылыми-әдіснамалық және оқу-әдістемелік жағынан толыққанды қамтамасыз ету бағытында «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығының филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының іс тәжірибесі де айтарлықтай жетістіктерімен қуантады. Институт ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының мақсаттарына сай, Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының білім саласына қатысты басты басымдықтары негізінде жұмыс жасайды.
Бүгінгі басты бағыт бұл орайда орта білім беруді жүйелі жаңғырту жағдайында жұмыс істеуге дайындау арқылы мұғалімдерге жан-жақты қолдау көрсету болып табылады. Жаңартылған оқу бағдарламаларын сынақтан өткізу және ендіруді ғылыми-әдіснамалық және оқу-әдістемелік қолдау, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін тарату, жаңартылған білім беру мазмұны және жаңа оқу бағдарламалары бойынша біліктілікті арттырудың жаңа бағдарламаларын жасау, жаңартылған білім беру мазмұнын сынақтан өткізу және ендіру мәселелері бойынша мұғалімдерге арналған конференциялар мен оқыту семинарларын ұйымдастыру және өткізу Қазақстанда инновациялық инфрақұрылымның жүйелі және бірізді дамуына мүмкіндік беретін институттың басты қағидатына айналғанын тағы да қайталап атап өту ләзім.
Білім және ғылым министрлігінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №455 бұйрығына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнын қанатқақты енгізу туралы шешім қабылданып, республикада 30 мектепке мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын қанатқақты енгізу және орта білім беру мазмұнын ішінара жаңарту 2015 жылдың 1 қыркүйегінен басталды. Осы бұйрық негізінде Батыс Қазақстан облысында Орал қалалық М.Ықсанов атындағы №36 орта мектеп және Теректі ауданы Шаған орта мектебі бекітіліп, жұмыс жүргізілуде. Осы тақылеттес мектептер республикамыздың әр аймағында белгіленіп, оның өту барысы министрлік тарапынан қадағаланып отыр. Бұл қанатқақты мектептер жаңа стандартты сынақтан өткізу және республиканың барлық мектептеріне оны енгізудің сапалы өтуін қамтамасыз ету үшін эксперименттік алаң болып табылады.
Жаңартылған білім беру мазмұнын сынақтан өткізуде облыс бойынша 1-сыныптың 140 оқушысы, бастауыш мектептің 7 мұғалімі, 2 қанатқақты мектептің 15 пән мұғалімі қатыстырылып отыр. Сондықтан осы мұғалімдерді қажетті білім нәрімен, іскерлік рухымен, дағдылар және құзыреттілікпен қаруландыру – тікелей институттың құзырындағы іс.
Жаңартылған білім беру мазмұнын белгілейтін типтік оқу жоспарында 1-4 сыныпқа арналған «Жаратылыстану», гуманитарлық-қоғамдық пәндерінің негіздерін оқытуда «Дүниетану» және тілдерді деңгейлеп оқытуда (қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәндері) тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын үйрету жоспарланды. Тағы бір жаңалығымыз, бастауыш мектептің 3-4 сыныптарында оқушыларға ақпаратты іздеу, талдау және тасымалдау дағдыларын үйрету мақсатында «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні оқытылатын болады. Жаңа оқу бағдарламаларының ерекшелігі – оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында: ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау дағдыларын дамыту; адам, табиғат және қоғам туралы олардың бастапқы білім қорларын қалыптастыру (әлемнің біртұтас бейнесі); рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту; оқудың функционалдық дағдыларын қалыптастыру: санау, оқу, жазу, өз ойын нақты әрі дәл жеткізе білу, себеп-салдарлы байланыстар орнату.
Бастауыш мектеп оқушысы математика және информатика, жаратылыстану, адам және қоғам, технология және өнер, денешынықтыру сынды білім салалары аясында білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау және бағалау деңгейлерінде күтілетін нәтижелерді көре отырып, меңгеруге талаптанады. Білім сапасын анықтау құралдары ретінде оқуға ынталандыратын және оқушының жеке даму траекториясын белгілеуге мүмкіндік беретін формативті бағалау мен мектепішілік суммативті бағалау түрлерімен белгіленді. Стандарттың осы бөліктері өз оқуын өз бетімен құруға қабілетті, өмір бойы білім алуға ұмтылатын оқушы тұлғасын дамытуды көздейді. Бойында қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілігі жоғары деңгейде қалыптасқан, өзіне және өзгелерге құрметпен қарай алатын, өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынас құратын, еңбек пен шығармашылықта өз мүмкіндігін толығымен жүзеге асыра алатын, ашықтықты бойына сіңірген қоғам азаматы ел дамуына айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.
Біліктілікті арттыру жүйесінде мұғалімдердің функционалдық сауаттылығы – қазіргі білім берудегі жаңа және нақты жағдайға икемделу дегенді білдіреді. Педагогтарды бұл бағытта даярлау нәтижелі жүруде. Соның бірі соңғы 2-3 жыл көлемінде қоғамда пайда болған, шетелдік әріптестер үндеген «Facebook», «WhatsApp» тәрізді әлеуметтік желі бағдарламаларын қолдану педагог үшін аса қиындық соқтыра қойған жоқ. Бұл – қуанышты жағдай. Әр жаңалықты бірінші кезекте жеке басына қолдануды меңгерген адам ғана оқушысына мазмұнды білім бере алады. Сондықтан, институтта оқытылатын барша курстардың вариативті модульдеріне смарт құрылғылардың, АКТ құралдарының көмегімен жеке әлеуметтік міндеттерін шешу жолдарын үйрету жолға қойылды. Нәтижесінде мұғалім жеке уақытын, қаржысын үнемдеуге, заманауи технологияны жеке басына пайдалана білуге үйренеді. Мұндай ұстаз педагогикалық қызметіне де жаңа технологияны толыққанды қолдана білу дәрежесіне көтеріледі.
Стандартта белгіленген жаңа мазмұн оқушылардың сыни, шығармашылық тұрғыда ойлау дәрежесін дамытуды да көздейді. Осы дағдыны мұғалімдерге үйрету мақсатында институтта өткізілетін барлық курстарда сыни тұрғыдан ойлауды дамытудың тәсілдері, сыни ойлауды оқу және жазу арқылы дамытудың стратегиялары, жобалау әдісі, өз пікірін жазбаша рәсімдеу (мақала, эссе, комментарий беру және т.б.) әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылады. Сондықтан мұғалімдердің функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда оқу әрекетінің сипаты тұлғалық-бағдарлы, яғни проблемалық, жобалық, зерттеу, пікірталастық пішіндерде өтеді. Оған қоса, курсаралық кезеңде өткізілетін ғылыми-практикалық семинарларда мұғалімдер мақаланың тақырыбын құру, аннотация жазу, түйін сөздерді іріктеу, библиографиялық тізімді жазу сынды нақты дағдыларды үйренеді. Өзі оқытатын пәні аясында мұғалімнің зерттеуші позициясында болуы тек осы пәнді оқытумен шектеліп қана қоймай, оның басқа пәндермен байланысын қарастыруды, жаңалықтар қалай ашылғандығы туралы білімді ұсынумен, пәннің негізін қалаушы ғалымдар туралы білімді жеткізумен шұғылданғанда ғана мүмкін болмақ. Бұл өз алдына мұғалімді білімді ұсынушы ғана емес, сол білімді бірге жасап, өзін де оқушы деп тануына әкеледі. Осындай әрекет өмір бойы білім алу дегенді білдіреді.
Құрамында мұғалім де, оқушы да бар осындай ізденуші топ «білім алушылар қауымдастығына» айналады. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың кілті осы қауымдастықтың қолында болмақ. Өз күшіңмен табылған білім, өз табандылығыңмен дәлелденген шындық өміріңде пайдалы болатындығы сөзсіз екендігін талай ғұламалар айтып та кеткен.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында (17 қаңтар, 2014 жыл) белгіленген «орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек; мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс, оларды оқыту нәтижесі сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деген міндетін орындауда мұғалімдердің біліктілігі қашанда бірінші орынға шығады.
Бүгінгі мектеп пен біліктілікті арттыру институттары еңбегін табысты ете алуға қабілетті тұлғаларды дайындауға ұмтылады. Ал мұнда бірлескен әрекет қана жемісті нәтижеге жеткізеді. Бұл күнде «Өрлеу» деп аталатын 60 жылдан астам тарихы бар біздің институт та заман талабына сай іс-әрекетін, мазмұнын қатар өзгертуге мүдделі. Институттың жиырма бір оқытушысы жаңартылған білім беру бағдарламалары аясында біліктілікті арттыру курстарын оқып, мұғалімдерге жаңа стандартпен оқыту әдістемесін үйретуде.
Әлемдік білім беру үрдісіне негізделген жаңартылған білім беру мазмұнындағы жаңа курстардың, деңгейлік курстардың өткізілуіне байланысты қысқа мерзімді курстар өз маңызын жойған жоқ. Ол курстар аясында да жоғарыда айтылған міндеттер өз шешімін табуда.
Қорыта айтқанда, міндет ауыр, мақсат айқын. Отандық іс-тәжірибе негізінде әлемдік тәжірибедегі алдыңғы қатарлы идеяларды басшылыққа ала отырып, функционалды сауаттылығымызды арттыру үшін сыни тұрғыда ойлай алатын мұғалімдер қатарын көбейтсек, жақсы нәтижеге жететініміз сөзсіз.
Софья ІЗМҰХАНБЕТОВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институтының директоры