Ақтау қаласында төмен вольтты электр моторлары мен генератор жинайтын және жөндейтін бірлескен қазақ-румын кәсіпорны құрылатын болды. Жуырда Бухарест электр машинасы зауытының өкілдері (UMEB Elektromotoren) маңғыстаулық кәсіпорындарға жаңа зауыттың жұмысы туралы айтып берді.
«UMEB Elektromotoren» әлемдегі төмен вольтты электр моторлары мен генератор өндіретін бірінші румыниялық компания болып табылады. Зауыт өз қызметін 1903 жылы бастаған болатын. Бүгінде «UMEB» кәсіпорнында шығарылатын қозғалтқыштардың 60%-ы шетелдерге экспортталады, бұлардың қатарында Италия, Германия, Финляндия, Испания, Ұлыбритания және тағы да басқа мемлекеттер бар.
Бұдан былай маңғыстаулық кәсіпорындар өндіріске қажетті аталмыш тауарларды сырттан сатып алмай-ақ, жергілікті жерде тапсырыс беретін болды. Әсіресе, азық-түлік өнімдерін шығаратын фабрикалар, тоқыма және металлургия өнеркәсібі, химиялық, құрылыс материалдары және өзге де мекемелер тапсырыс берушілер қатарын көбейтеді деп күтілуде.
– «UMEB» Румыниядан бөлек Шығыс Еуропаға да жақсы танылған кәсіпорын. Зауыттың өнімдері көбіне кен орындарында сұранысқа ие және қазіргі еуропалық стандарттарға сәйкестендірілген. Негізінен зауытта өндіріс үш фазалық асинхронды қозғалтқыштар, тұрақты ток генераторы, ілеспе және электр генераторлары көптеп шығарылады. Электрлі қозғалтқыштар жарылыс қаупі жоқ ортада көп пайдаланылады: химиялық және мұнай-химия, тау-кен және металлургиялық өндіріс, ауыр жүк көтеруге арналған тартқыш, қозғалтқыш, қала көлігі, сонымен қатар, электр генераторлары мен генератор қондырғысын өндіруші зауыттар тапсырыс берушілер қатарын көбейтіп отыр. Барлық қозғалтқыштар көптеген елдерде кез келген климатқа төзімді келеді, әсіресе, СЕ таңбасын енгізген мекемелерде ешқандай қиындық туғызбайды, – дейді «UMEB» қорының Азиядағы өкілдігінің директоры Василий Друмя.
Жалпы, жарылу қаупі жоқ электр қозғалтқыштары көбіне газбен, жанармай қоспасы және тез жанғыш сұйықтықтан төнетін өрт немесе басқа да жарылғыш заттарға есептеліп шығарылады. Яғни, сәл қауіп төнетін жерде қозғалтқыштардың жарылу қаупі жоқ. Бұл қозғалтқыштар көбіне химия және мұнай-химия өндірісінде, мұнай өңдеу зауыттарында, мұнай платформаларында, газ құбыры, фармацевтикалық, графикалық, жылу электр стансаларында, кеме зауыттары, өңдеу өнеркәсібі және оффшор платформаларында пайдаланылады. Сондай-ақ, бұл қозғалтқыштарға қоқысты жинау және қайта өңдеу, нан, қант, күріш, шағын сүт зауыттарынан сұраныс көп.
Ал Ақтауда жұмысын бастағалы отырған төмен вольтты электр моторлары мен генераторларды жинап, жөндейтін зауыт қаладағы өндіріс аймағында орналаспақ. Алғашқы кезеңде жергілікті 20 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаңадан қызметке алынған жергілікті жұмысшылар Румынияда білімдерін жетілдіреді. Ал зауыт өз жұмысын үстіміздегі жылы маусым айында бастайды деп жоспарланған. «Ауыспалы және тұрақты ток өндіретін электрлі қозғалтқыштар, электр агрегаттары мен генераторлары түрлі бағытта шығарылады, әсіресе, бір және үш фазалы электр агреттарына деген сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, біздің өнімдердің сапасына күмән келтірмесеңіздер болды, әркімнен естігенше өндірісте пайдаланып көрген дұрыс, сонда ғана бұл бос сөз емес екендігіне көз жеткізе аласыздар», деді «BROADHURST INDUSTRIAK MANAGEMENT» қорының президенті Мариус Ион.
Бұған дейін «Теңізшевройл», «NCOC», «KаzTransOil», «ЕмбіМұнайГаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «ӨзенМұнайГаз», «МаңғыстауМұнайГаз» сынды Атырау және Маңғыстау өңіріндегі ең ірі кәсіпорын басшыларымен кездесулер өткізілген. Ақтау қаласында жүзеге асқалы жатқан бірлескен жобаның маңыздылығына тоқталған мұнай-газ мекемесі басшылары ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін жеткізді. Сонымен қатар, болашақта бұл өнімдер Кеден одағы елдеріне экспортталады деген жоспар бар.
– Біздің сарапшылар мониторинг жүргізген болатын, нәтижесінде талдау қорытындысы көрсеткендей, аймаққа мұндай кәсіпорынның керек екендігіне көз жеткіздік. Румыниялық әріптестермен келіссөздер жүргізген соң, серіктестікті әділет органында тіркеу, экономикалық және заңды мәселелер жөнінде кеңестер, жергілікті кәсіпорын басшыларымен екіжақты кездесулер ұйымдастыру және тағы басқа жұмыстарды қолға алдық. Аталмыш қызмет түрлері біздің тарапымыздан тегін көрсетілуде, – деді «Маңғыстау индустриялық палатасы» ЗТБ төрағасы Ғалымжан Балтілеу.
113 жылдық тарихы бар румыниялық «UMEB» компаниясы өз елінен бөлек өзге мемлекетте бірлескен кәсіпорын ашу туралы шешім қабылдағанда сенімді серіктес ретінде Қазақстанды таңдапты. Бұл Қазақстанның сенімділігі мен тұрақтылығының дәлелі болса керек.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы