Оңтүстікте аграрлық саланың даму деңгейі жоғары. Бүгінде осы салада 70 мыңнан астам шаруа қожалықтары болса, облыстың өңірлік жалпы өнімінің он үш пайызын солар құрап отыр. Ал егін шаруашылығының үлес салмағы 54 пайызға жетеді.
Оңтүстіктің шаруалары мал шаруашылығына әбден бейімделіп алды. Бейімделгені қалай, төрт түлік ата-бабамыздың кәсібі емес пе дерсіз, келісеміз. Бірақ, айтар датымыз бар.
Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің тізгінін ұстап отырған Ислам Әбішев кезінде Оңтүстіктегі Ордабасы ауданында әкім болған. Қазір шаруа қожалықтарына аудан, қалаларда ашылған несие серіктестіктері 6-7 пайызбен қаражат беріп отырса, осы жүйенің өмірге енуіне ұйытқы болған, жобасын әзірлеген осы азамат. Ислам Әлмаханұлы Бадам ауылында жиын өткізді. Қатыстық. Ауыл шаруашылығындағы күрмеулі мәселелер сөз болды. «Сіздер алдарыңыздағы бес-алты сиыр, ондаған жандықтарыңызды өріске айдап тастап қарап отырасыздар. Жем жемеген сиырдың бүйірі қабысып не сүт, не ет бермейді. Анау Сайрамдағы Қарабұлақ ауылындағы мал бордақылап отырған өзбек ағайындарға қараңыздар. Жайылымдық жер жоқ. Бірақ, олар баққан бір қара мал сіздердің екі сиырыңыздың етін береді. Сиырлары да сүтті. Алып барайын, тәжірибесін үйреніңіздер», деген.
Яғни, малды өріске айдап тастап, кешке қоралап алудың заманы өтіп барады. Құрамажем жемеген малдың бүйірі майланбайды, су тегінге кетеді. Ислам Әбішовтің сол аңғартқаны шаруаларға сабақ болды. Бүгінде ірі қара бордақылап, ақшаны күреп тауып отырған қазақ шаруалары көп. Соның бірі – Төле би ауданындағы Сайлыбай Сахов ақсақал. Оның шаруа қожалығы аудандағы бетке ұстар шаруашылыққа айналған.
«Өмірбай ата» серіктестігінің қорасында бүгінде асыл тұқымды жүзден астам ірі қара бағымда. Алғашқыда бие байлап, саумал, қымыз дайындап саудаға шығарған Сайлыбай Сахов сұранысы көп сүтті бағыттағы шаруашылықты жолға қойған. Серіктестіктегі 60 сиырдан күніне 500 литрден астам сүт сауылады. Өткізетін жер қайда дейтіндей емес, атақты «Фуд Мастердің» филиалы іргеде.
Бұл шаруашылықта ауылдың он төрт азаматы нәпақасын айырып отыр.
– Кәсіпкерлікті ашуға тәуекел керек, – дейді Сайлыбай Сахов. – Жұмыс жоқ деп ауызыңды құр шөппен сүрте берсең ешкім дүниесімен бөліспейді. Қазақтың даласы кең-байтақ. Жайылымдық жер де, жем қоры да жеткілікті. Сондықтан, кәсібін ашуға жүрексініп жүргендерге берер кеңесім, өз шаруашылығыңның қазығын қақ. Бастапқыда ауыр болар, бірақ, бейнет бәрін жеңеді. Кейін зейнетін көресің.
Ауыл шаруашылығында жақсы табысқа жетіп отырған серіктестік басшысының байламы осы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы