26 Қаңтар, 2011

Желтоқсан туралы ой-толғамдар

2373 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Коммунистік біртұтас мемлекеттің ыды­рауы­на, тиісінше, одақтас республика тәжін кигенмен, іс жүзінде унитарлық елдің саяси құр­сауымен шырмалған отар аймақтарын дербестенуге баста­ған қазақ жастарының тарихи қозға­лысына биыл ширек ғасыр. «Жаңа 37 жыл» көріністері басыл­ғалы бері жұртшылық сонау дүбірлі күндердің себеп-салдары жа­йын­да жыл­ма-жыл сөз етіп келеді. Желтоқсанға 20 жыл толар қарсаңда Ал­ма­тыдағы Республика алаңына – Көтеріліс алаңына – кіреберісте еңселі ескерткіш бой түзеді. Тәуел­сіздіктің биылғы мерейлі 20 жылдығымен бірге, Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы да аталып өтетініне шүбә келтіруге болмайды. Әйтсе де... Таяуда Алматы қалалық әкімдігі 17 желтоқ­санға орай дәстүрлі «дөңгелек үстел» өткізген-ді. Негізгі баяндаманы Тарих инс­титутының дирек­торы жасады. Ол институт әзірлеген «Қа­зақстан тарихының» 5-томы жақында ғана жа­рыққа шық­қанын, томның 1986 жылғы Желтоқ­сан оқиғасын арқау еткен жұмыстарды сараптаумен бастал­ға­нын аян етті. Оқиғаға баға берудің қиын екенін, сол күндері өзінің жақындарының да жапа шеккенін әңгімеледі. Одан кейін сөй­леушілер, негізінен желтоқсаншылар, көтеріліс­тің әр қырына тоқтал­ды. Желтоқсаншылардың құқықтық жағ­дайын нақтылауға қызмет ететін жаңа заң жобасын жасау мәселесі нақты қолға алынғаны айтылды. Ал­дағы ширек ғасырлық датаға дейін Желтоқ­сан­ға саяси баға беріледі деп үміттенетіндерін жария етті. Дегенмен, баяндамаға байланысты менің көңіліме оралған күдік сейілмеді. Сондықтан да сөз алып, желтоқсаншылар күткен саяси баға­ның осы 25 жылдық кезінде де беріле қоюы не­ғайбыл екенін айтып, күмән келтірдім. Өйткені, еліміздегі тарихи зерттеулермен бір­ден-бір түбегейлі шұ­ғылдана­тын, тәуел­сіз Қазақстан тарихын ширек ғасыр­дан бері жа­зып келе жат­қан ғы­лыми мекеме, баянда­машының айтуы­на қа­рағанда, Желтоқ­сан­ды әлі оқиға деп са­найды, оған әлі ғылым тілімен тиянақты баға бермеген. Осы уақытқа дейін қалыптасқан қо­ғам­дық пікір бойынша, Жел­тоқсан көтерілісі отар­лық дәуірдегі ұлт-азаттық қоз­ғалыстың соң­ғы, шешуші серпілісі іспетті бағала­натыны белгілі. Ал ұжымдық «Қазақстан тарихы» күні кеше шыққан арнаулы томында сол кезеңді арнайы қарастыр­ған­мен, оны өз атауымен атамаған. Ендеше, бұл кезінде билеушілер бұзақылық келеңсіз оқиға ретінде бетке басқан сонау ереуілден бері 24 жыл өтсе де, оған саяси баға беруге негіз болатын ғылыми тұғырнама жасалмағанын көрсетеді емес пе? Демек, 2010 жылғы іргелі ресми ғылыми еңбекте дәл анықтама берілмеген, мән-мағынасы айқын тұ­жырым­далма­ған Желтоқсан көтерілісі саяси баға­сын 2011 жылы ала қоюы екіталай-ау деген күдік өз-өзінен туындайды... Кезінде тарихшы Бекмаханов бір өзі-ақ Кене­сарының ұлт-азаттық қозғалыс көсемі екенін дәлел­дейтін іргелі монография жазған, рас, оны метрополия кері бағалады, себебі, біз отар ел ахуалында едік. Енді ше? Қазір біз тәуелсіз мемлекетпіз. Алайда еліміздің ресми ұжымдық ғылыми-тарихи мекемесі­нің жекелеген зерттеушілер әлде­қашан дәлелдеген шындықты растай алмай отыр­ғаны қалай? Ғасыр­ларға созылған ұлт-азат­тық қозғалыс­тың жеңісті шыңы болып табылатын Жел­тоқсан туралы әділ де дұрыс тұ­жырымдама жасауда неліктен дәрменсіздік танытуда? Менің­ше, ширек ғасыр­лық қаралы-сал­танатты күнге дейін бұл мәселені қалай дұрыс­тауға болатынын осы­нау ғылыми мекеме­нің шұғыл ойланғаны жөн... Менің осы пікірлерімнен кейін баяндамашы қайта сөз алды, оқиғаны кітапта тап солай – ұлт-азаттық көтеріліс деп бағалағандарын, оны баяндамасында көрсеткенін (мен аңдамасам керек), 5-томға тап солай жазғандарын айтты. Бұл хабарға отырғандар түгел риза болды. Желтоқ­саншылар қатарында біз де қол соқтық... *** Әрине, мұндай мәлімдемеден кейін Білім және ғылым министрлігінің, Ғылым комитеті, Ш.Ш.Уә­ли­ханов атындағы Тарих және этноло­гия институты, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты атынан 2010 жылы жарыққа шыққан іргелі «Қазақстан тарихының» 5-томын­дағы Желтоқ­санға қатысты ғылыми тұжырым­дармен тікелей танысып байқауға асыққанымыз түсінікті болса керек. Тек, өкініштісі, кітапты оқи келе, лапылдаған кө­ңі­ліміз су сепкендей басылды. Жасыратын несі бар, оны құдды маркстік-лениндік әдістемемен қарулан­ған кеңес тарихшылары жазғандай әсер қалдырды... «Қазіргі Қазақстан» деп аталған 5-томда Желтоқ­сан жайы екі жерде сөз болыпты: «Қазақ­станның қазіргі заман тарихының тарихнамасы мен деректері» бөлімінің «Тарихнама» атты 1-та­рауында Жел­тоқ­санды зерттеген еңбектерді шолған үш бет (19–21-бб.), «Қазақстан тәуелсіздік алу қарсаңында» деген 1-бөлімнің «Кеңестік қоғам дағдарысының те­рең­дей түсуі» атты 2-тарауында болған оқиғаларды хроноло­гиялық ретпен баян­даған бес бет (90–95-бб.) бар. 19-бетте: «Қазақстанның қазіргі заман та­рихында 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары ерекше орын алады, бұл оқиғаларға мұрағат деректері бо­йынша 60 мыңнан астам адам қатысты, 8 мыңнан астам адам қамауға алынды, 200 қатысушы сотталды, 1,5 мың­нан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, әкімшілік жаза­лауға тартылды. Қанша­ма жас қыршын қаза тап­ты», деген хабарлама келтірілген. Одан әрі: «Кезінде Парламенттің арнаулы комиссиясы 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларының себебін зерттеп, зардап­тарына талдау жасады. Алайда бұл оқиғалар отандық ғылымда әлі ла­йықты көрінісін тапқан жоқ», деп бір түйінделеді. Назар ау­да­рыңыз: «бұл оқи­ғалар» содан бері 24 жыл өтсе де, «отандық ғылымда әлі ла­йықты көрінісін тапқан жоқ»! 20-бетте: «Алматының алаңында болған оқиға­лар­ға» «сол кездегі партия басшылығы» берген «бас­тап­қы бағаны теріске шығаруға мүмкіндік» туғанда, 1997 жылы шыққан «1986 жылдың жел­тоқ­саны: дақпырт пен шындық» деген «көлемі шағын, алайда маңызды» еңбе­гінде академик М.Қ.Қозыбаев «осы­нау тарихи оқиға­ға жаңаша қарап, ...болған оқиғаны тұңғыш рет «желтоқсан көтерілісі» деп атап, оған шынайы талдау жасай білді», делінген. Бірақ осы­дан 13 жыл бұрын: «1986 жылдың желтоқсанында ұлт-азаттық қозғалысы өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол Одақтың ыдырауымен және республи­ка­лардың егемендік жариялауымен аяқталған тұтас бір тарихи белестің бастауы болды», деп қорытқан М.Қ.Қозыбаевтың тұжырымын бүгінгі ұжымдық ав­торлардың тәуел­сіз ел ғалымдарына лайықты дең­гей­де тиісінше дамыта да, тиянақтай да алмағаны бай­қалады. Олар жастар қозғалысының жер-жерде өріс­теп, жаппай сипат алғанын ескермей, тек Ал­матыда болған ахуалды ғана қарастырады, әрі оны көбіне «желтоқ­сан оқиғалары» деп бағалауға бейім тұрады. Ұжымдық авторлар: «Қазақ жастары 1986 жыл­дың желтоқсаны күндері ондаған жылдар бойы үстемдік құрып келген тоталитарлық режімге батыл қарсы тұрды, сөйтіп, бұрынғы КСРО кеңістігінде ұлттық-демократиялық қозғалысты дамытуға өл­шеусіз үлес қосты. Оқиға басқа халықтарға қарсы бағытталмаған-ды, бұл елдегі екі күштің: буыны қатпаған демократия мен ол кезде қылышынан қан тамып тұрған әкімшіл-әміршіл жүйенің тұңғыш қақтығысуы болатын» (93-б.), деп тұжырымдайды. Тек бұл, шындап келгенде, осыдан жиырма шақты жыл бұрын Шаханов комиссиясы берген баға... Сондай-ақ, 654-беттегі «Хронологиялық көрсеткіш­те» Жел­тоқ­сан көтерілісіне бар болғаны: «1986 ж., 17–18 желтоқсан – Алматыдағы жастар мен сту­дент­тердің КОКП мен Кеңес өкіметінің ұлттық саясатына қарсы жаппай толқулары» деген анықтама берілген... *** Біздің күткеніміз не еді? Әрине, Желтоқ­санның нақтылы саяси сипатын ашатын әділ ғы­лыми баға. Отандық ғылым, тәуелсіз елдің тарих ғылымы жан-жақты дәлелдеп, қорытқан ғылыми дәйек. Осы ретте өткен тарихымызға бір сәт көз жүгіртейікші... КСРО деген ортақ шаңырағы­мыздың Тәуелсіз Республикалар Одағы болуға тиіс әуелгі мәрте­бесі сақталмады: қатаң бір пар­тиялық орта­лыққа ба­ғын­дыру арқылы ол жаңа империяға айнал­дырыл­ды. Республикалар алдам­шы да астарлы идеология арқылы жаңа отар деңгейіне түсірілді. Тиісінше, елімізде ұлт-азат­тық қозғалыс іс жүзін­де толас­таған жоқ: ұлт мүддесін көздейтін ойлар астыртын да, рұқсат етілген ауқымда да түрлі қарқынмен дамып жатты. Соның нәтижесінде халықтың ұлттық санасы өсті, ақыры, жағдай ушыққанда, бұрқ етіп, ұлт-азаттық көтеріліс тұ­тан­ды. Міне, осы жәйттер «Қазақстан тарихын­да» ғылыми түрде тиянақ­талып көрсетілсе деп едік. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деген әдемі атауы бар империяны тұтастандырған коммунистік режім­нің қазақтарды отар құлдары деңгейіне түсіріп, басып-жаншуы – бүгінде тарих сахнасы­нан кеткен өкіметтің мемлекеттік қылмысы ғой, соны ғалымдарымыз аталған іргелі тарих кітабын­да сиырқұйымшақтатпай, ғылыми жолмен әшкере­лесе деп тілеп едік. Алайда бұл үміт ақталмады. Осыдан барып мынандай сауал еріксіз ойға оралады: ғылыми дәйегі жасалмаса, біздің өкіметіміз саяси баға бере қояр ма екен? Не істеу керек? Шұғыл арнайы комиссия құруды сұрау керек шығар? Әлде, Желтоқсан жайы екі мүшел уақыт бойы жан-жақты айтылып келе жатқандықтан, тиісті саяси бағаны жоғарғы биліктің, айталық, Парламент­тің өзі-ақ берер ме екен? Ал нұсқау күтіп отырған ғылым, бәлкім, билік тарапынан берілген бағаны дәйектейтін қомақ­ты ғылыми еңбегін содан кейін жаза жатар... Ескі заманғы әдетінше... Өкінішті-ақ, әрине... Әлде отандық ғылым тұтқасын ұстағандар осы өзекті мәселеге қатысты кемшіліктерін мойын­дап, шұғыл да батыл әрекет жасар ма екен? Қалай болғанда да, желтоқсаншылар үміті, халық үміті алданбауға тиіс. Өйткені, бұл тәуел­сіздігімізді нығайтып, баянды ете түсу үшін керек. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, Алматы.