Сәкең туралы айту қиын. Әсіресе, ол кісінің азаматтық болмысын бірер сөзбен жеткіземін деу тым үстірт ой. Дегенмен біз – Сәкеңнің соңынан ерген әріптес інілері – үндемей қала алмаймыз. ХХ ғасырдың екінші жартысында Сәтбаев шаңырағын көтерген Қазақстан ғылымы жан-жақты қанат жайғанда, осы қиындыққа толы жылдарда ғылым әлеміндегі бірегей, ең бір белсенді тұлға біздің Сәкең – академик Салық Зиманов еді. Қазақ руханиятын қалпына келтіруге, жаңа заман талабына сай қоғамдық ғылымдар дәрежесін, оның ішінде сан салалы заң ғылымының негізін қалап, өркендетуге Сәкеңнің қосқан үлесі бір төбе.
Сәкең феноменінің негізі, бастауы неде, қабілетті жас ғалым жүре білімдар болды ма, әлде тума дарын ба еді дегенде Тайсойған құмында дүние есігін ашып, еліміз үшін өте бір қиын кезеңде орта білімді алар-алмастан соғысқа аттанған жеткіншек көз алдыңа келеді. Майданда ерлік көрсетіп, 22-23 жасында майор, артиллерия полкінің командирі шеніне дейін көтеріліп, жоғары білімді соғыстан қайтқасын тәмамдап, ғылымдағы жолын Сәкең 50-жылдардың басында бастады. Жарты ғасыр ішінде аты мәшһүр академик дәрежесіне көтеріліп, ғылымда айтулы жаңалықтар ашып, бүгінде еліміздің егемендігінің ғылыми негізін қалаушыларының бірегейіне, көш бастаушысына айналды. Бұл бір адамның маңдайына дари бермейтін құбылыс, тағдырдың сыйы. Сәкең бүгінде осыған ие.
1987 жылдың көктемінде Ғалымдар үйінің үлкен залында Г.Колбин бастап бүкіл орталық комитеттің аппараты қатысқан идеология мәселесіне арналған конференция өтті. Оған зиялы қауымның маңдайалды өкілдері қатысты. Мәселе – қазақ халқына тағылған ұлтшыл деген жаланы ғылыми тұрғыдан жала деп тауып, дәлелдеу еді. Сәкең жиналыста ВКП (б) тарихында ғасыр басында, Ленин қатысқан поляк социал-демократтары мен еврей «Бунд» партиясына тағылған ұлтшылдық айыптарын сынға ала тұра, бүкіл халықты ұлтшыл деп қаралау қазіргі партия басшыларының теориялық дәрменсіздігін көрсететінін, бұл халықтар бірлігіне қағылған қауіпті сына екенін айтты. Келген басшылар Сәкең сөзінен именді, бұлтартпайтын дәлелдер ВКП (б) тарихындағы болған оқиғалармен негізделді. Дана халықтың батыл да парасатты ұлдары бар екені тағы бір дәлелін тапты. Бұл тарих алдында халық тағдырын шешетін ерекше тайталастың бір көрінісі еді.
Сәкеңнің шешендігі, терең білімділігі соншалық, ол сөйлеген ортада үлкен әсер қалдырады. Шешендік дәстүр жалпы халқымызға тән қасиет, әйтсе де Сәкең шешендігі өзгеше. Ол ашық дидактика, софистикаға ұрынбайды. Мұнда ғылымға, дәлелге, эрудицияға негізделген шеберлік сан қырынан көрініп, көрікті ой табиғи үйлесімін тауып отырады. Шамасы, көп жылдар философ, заңгер ғалымдармен біте қайнап, ұжымға басшылық етуі ол кісіге жан-жақты білімдарлықты дарытып, шешендік арсеналын байыта түскен. Сонымен қатар, философия, заң, құқық саласында қалыптасқан көне грек, римдік дәстүр, ал Ресейде атақты Плевако, Кони есімдері әсер етпеді деу де қиын. Кейде Сәкең осылардың бәрінен хабардар, еңбектерімен таныс, шамасы, кезінде ұқсап бағуға да ұмтылыс жасаған-ау деген ой келеді. Осы үш қайнар әсері ешкімге ұқсамайтын қазақ топырағындағы Зимановтың шешендік шеберлігін қалыптастырғандай.
Сәкең ғалым ретінде, өмірінің қай кезеңінде болмасын, тіпті қазір абыз атанып, басын ақ қырау шалған шағында да оның бүкіл болмысы толассыз идеяға толы. Республикамыздың тәуелсіздік жолындағы өмірі неғұрлым шытырман, күрделі шешімдер талап етуіне орай ғалым да мазасыз ізденіс бағытында. Бұл – қатардағы қабілет иесіне емес, тума дарынға тән қасиет. Біз ғылымдағы әріптестері оған сан жылдан бері куәгерміз. Біздің ойымызша, Зиманов шығармашылығы бүгінде Алаш зиялыларының рухани жалғасы іспетті. Қиылған қиял-арман, үзілген үміт-мақсат талықсып барып, Зиманов мектебі арқылы ғылымның, білімнің бір басым бағытына айналып, өріс алуда.
Зиманов атына өз басым 60-жылдардың басынан, академияның экономика институтының аспиранты кезінен қанықпын. Сол жылдар академия институттарына Мәскеу, Ленинград, Қазақ университетін бітірген жастар келіп орналасып жатты. Ғылымның өресі, беделі биік кез (академия президенті Қаныш Сәтбаев). Осылардың ішінде бір топ талантты жас философ, заңгерлер Сәкең басшылық еткен Философия және құқық институтына топтасты. Бұлар Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев, Науменко, Герасим Югай, Мамия Баканидзе, кеше ғана дүниеден озған Ағын Қасымжанов бар. Сәкең осы таланттарды баулыды. Олар шын мәнінде жоғары, жүйелі дайындығы бар осы саладағы қазақ ғалымдарының бірінші буыны еді. Тоталитарлық заманда Сәкең жастардың еркін, батыл пікірлерін, ой-өрісін қолдай, қорғай білді. Міне, осы жастардың есімдері Одақ көлеміне, шет елдерге кеңінен танылды. Қазақстан философтары мен заңгерлерінің бірінші буынын Сәкең осылай қалыптастырды, республикада деңгейі жоғары, философия, құқық ғылымдары өмірге келді. Қазақстан философтары мен заңгерлері өз алдына бағыт ашып, ғылымда белгілі бір салаларда көш бастады. Бұрын-соңды біздің қоғамдық ғылымдарда бірден үзіліп, үздік топ жарған мұндай құбылыс бола қойған жоқ еді. Осының басы-қасында Сәкең болды, шын мәнінде көшбасы, ғылымда жаңашыл лидер ретінде танылды. Өзі де ерекше тұлға бола тұра, талант табиғатын сыйлап, қорғаштай білетін қайраткер екенін осы жылдар жемісі айқын танытты десек артық болмас. Сәкең өзі де жас әріптестерімен бірге дүниежүзілік ғылым бұлағынан сусындады. Оның ірі ғалым болып қалыптасуы да осы 60-шы жылдардың еншісінде.
Күмән жоқ, Сәкең басқарған ғылыми ұжым, үздік жастар тобы республикада қоғамдық ғылымдардың дамуына тікелей әсерін тигізіп отырды. Ол кезде ең жас ғылым докторы Жабайхан Әбділдин жиналыстарда: «...Біз ғылымның алғы шебіне шығуымыз керек, шығамыз да!» деп суырылатын, ұрандайтын. Тағы бір ескерер жәйт, Сәкеңнің әріптестері арасында сол кезде қалыптасқан ғылымдағы беделі, пікірі әрдайым жоғары болды. Біз осы жағдайды қатар жүргенімізде әрдайым байқайтынбыз. Иә, ұстаз пікірімен олар әрдайым санасып, өздері қазір академик, доктор дәрежесінде болса да, сөзіне тоқтап отырады. Шамасы, пікір түбінде жатқан шыншылдық, ғылыми парасат пен халқымыздың үлкенді сыйлаған ұлы дәстүрі үйлесім тапқандай.
Сәкең кезінде Қаныш ағаның жеке қамқорлығына, ілтипатына ие болған адам. Қанекеңнен алған өмір сабақтарын, жалпы ол кісінің биік парасатын, аурасын Сәкең көбіне ішіне баурап бүксе де, ол кісінің ұлы мектебінің кейбір дәстүрі туралы бізге де ыңғайы түскенде айтып отыратын. Бұл сөз сараңдығы ұлы адамның бейнесіне ұқыптылықпен қарап, сөз шалшығына салып лайламайын деген ойы болуы мүмкін. Әрі Қанекеңе жанасты жүрмін деп айтуды ыңғайсыз көруі, өзін көлденең тартқысы келмеуі түсінікті секілді. Бұл Сәкең табиғатына лайықты-ақ.
1967 жылы Зиманов академияның жалпы жиналысында академикке сайланғанына біз куә болдық. Ол кезде жаңалыққа елегізіген, әсіресе жақсылық хабарға тәнті, жас кезіміз болатын. Академик ағамыздың да 45-тердегі дер шағы еді. Біз – жастар, ол кісі бірден көтерілген биікті ризалық сезіммен қабылдағанбыз. Соңынан өз басым 80- жылдар аяғында академик боп сайланғанымда Сәкең қолдайтынын ашық айтты, сараптау комиссиясын басқарды. Бұл жәйтті өмір сабақтастығы, ағалық қамқорлық дәстүрі деп ұғындым. 70- жылдары Сәкең академияның бас ғылыми хатшысы қызметін атқарды. Мұнда да ұйымдастыру қабілетімен өзіндік із қалдырды.
Өзім куә болған соңғы 50 жылға тарта уақытта Сәкең зерттеген, қалам тартқан заң ғылымының мәселелері ұлан-ғайыр: жалпы мемлекет, құқық теориясы, қазақ топырағындағы заң салаларының орнығып, даму жолдары, қазақ мемлекетінің ғасырлар тарихындағы құқықтық даму негіздері мен өзіндік дараланған дербестігі. Бүгінгі жас мемлекетіміздің құқықтық егемендігін қалыптастыру жолдары, елдігіміздің тағдырын шешуге қатысты күрделі, жаңалыққа толы идеялар, ұсыныстар толассыз туындауда.
Осыған орай небір беделді халықаралық жиындарда Сәкең жаңашыл, озық ойларын баяндап, кезек күттірмейтін ғылыми шешімдерге қолдау талап етуі әрдайым келешекке бағытталған ізденісінің айғағы. Сәкеңді бүгінгі таңдағы қоғамдық ғылымдар тағдыры толғандырып, жалпы Қазақстан ғылымының келешегі әрдайым мазалайды.
Соңғы жылдары академик Зимановтың ғылымдағы парызы көшпенді өркениеттің қазақ халқына ғана тән бірден-бір рухани құндылығы – қара қылды қақ жарған билер билігінің тарихи тәжірибесін зерделеп, ғылым әлеміне заманауи дәрежесінде ұсыну. Бүгіндегі жас мемлекетіміздің егемендігін бекіндіріп, құқық жүйесіне негіз боларлық халық мұрасын ұтымды пайдалану жолдарын негіздеп, мәселені халықаралық конгресс дәрежесіне көтеруі және осыған байланысты он томдық монографиялар сериясын орыс, ағылшын, түрік, қазақ тілдерінде жарыққа шығаруы академик Зимановтың дүние жүзі ғалымдарының назарын аударып, қызығушылығын танытқан ғылымдағы айшықты үлесі және соны жаналығы.
Сәкең шындықтың, турашылдықтың адамы. Ұсыныстары, тұжырымдары, зерттеулері ғылым заңдылықтарына, өмір қажеттілігіне, өркениет талабына бағынады. Сондықтан да елдігіміздің дамуына ауадай қажет дәлел. Әрине, кешегі тоталитарлық үстем жүйедегі заман ағымы, монизм басымдығы Сәкең шығармашылығына әсер етпей қоймады десек, ағаттық болар еді. Жарты ғасырдан аса талмай ізденіс жолында айтулы жеңістер мен шегініс іздері де болуы ғажап емес. Тіпті сол жағдайдың өзінде «Ленин және қазақ мемлекеттігі» деген монографияда қазақ қоғамының демократия жолына жаңа дәуірдегі ұмтылысын, тар жол, тайғақ кешудегі мемлекеттікке талпынған тәжірибесін Сәкең ғылым тұрғысынан сараптап бақты. Жалпы, академик Зиманов еңбектері ТМД елдері заң ғылымының ажырамас бөлігі, айшықты жетістіктері санатында десек, асырып айтпаған болармыз. Бұл келешек ғылым тарихын зерттеушілердің үлесіндегі әңгіме.
Сәкең мектебі, кәсіби деңгейі тікелей дәріс алған ортасынан деу қиын. Өткен ғасырдың 40-50-жылдары жоғары білімнің жаңа қанат жайып, буыны қатаймаған шағында бірлі-жарым профессорлар Ресейден арнайы немесе айдалып келгендерден құралатын-ды. Бұл жағдай әсіресе философия, заңгерлік, экономика білімдеріне тән еді. Осы күнгі білім, ғылымды бастап жүрген кейбір азаматтар: «...Біздің ұстаздарымыз осылар болып еді», деп көтеріңкі сөйлеуі көбіне шындықтан әсірелеуге жақын. Шынтуайтында, шешуші рөл атқарған осы қайраткерлердің табиғи қабілеті, іздену талпынысы мен алғырлығында ма деп ойлаймын. Ал Сәкең дарыны көбінесе Одақ көлеміндегі жүрген, араласқан ортасымен бiтe қайнап, республикада ғылым мен білімнің шұғыл дамуында шыңдалды деуге болады. Ағамыздың Жаратушы туа дарытқан алғырлық қасиеті, табиғи парасаты өзі тікелей белсенді араласқан білім, ғылым, өмір тәжірибесінен сусындады дер едім. Осы феномен Сәкең еңбектерінің әрдайым алға, келешекке, дамуға бағытталуының сырын ашатын секілді. Академик Зиманов шығармашылығының басты ерекшелігі, өміршеңдігі де осы деп тұжырымдауға әбден негіз бар.
Сәкеңнің соғыстағы ерліктері өмiрінің өз алдына бip ерекше бeттepi. Кезінде төңірегінде топтасқан жас ғалымдар: «Ол кiciгe жоғары қолбасшылар берген мінездемеде: «Жастығына қарамай айрықша батыл, ұстамды, кескілескен шайқас үстінде жауапкершілікті өзіне артып, шұғыл шешім қабылдап, қауіпке төтеп береді», делінген екен деп айтатын. Сәкеңнің өзі де әңгіме арасында соғыста басынан кешкен кейбір жәйттерді айтатыны бар. 1943 жылы Кавказдағы үш мың метрлік Аджимушкай асуында тау атқыштары дивизиясы жау қоршауында қалған екен. Маңызды тау шатқалын біздің жауынгерлер бермеу үшін қарсыласып-ақ бағыпты. Көмек келгенше әбден әлсіреп, кейбірі тіпті адам етімен қоректенген де көрінеді. Сәкең айтады: «Бip күні әлсіреп, қозғалуға шама жоқ, жатырмыз. Жанымдағы көмекшім: «Жолдас командир, өлесіз ғой, басқалар әне былай шығып жеп келіп жатыр, мен де солай жасадым, барыңыз», деді. Сонда: «Өлсем де адам болып өлейін», деп шыдадым, бармадым», дейді. 80-шi жылдары сол аймаққа жол түсіп демалыста болғанымда, тау асуында арнайы салынған соғыс музейінде болдым. Сол кезде осы жәйттер елестеп, 22 жасар Салық бейнесі де көз алдымда тұрып алды.
Соғыста топ жарған Сәкең батырлығы табиғи болмысына тән қасиет бола тұра, өмірге келген ортасының жауынгерлік дәстүрінен де қуат алғандай. Ұлы бабалары Исатай, Махамбет, Сырым рухтары ес білгеннен санаға сіңіп, әсіресе соғыста оның жігерін қайрап, шыңдай түсуі айтпаса да белгілі. Бір қиян-кескі шайқаста Сәкең арнайы тапсырма алып, өз батареясына жау артиллериясының оғын жаудыртып, жалпы полк шабуылына жол ашқан екен. Осыны басқару үстінде асқан ерлік, ұстамдылық, әскери қабілетінің жарқ етуі кездейсоқ құбылыс емес-ті. Жиырмадан жаңа асқан қазақ жігітінің кеудесіне «I дәрежелі Отан соғысы» ордені тағылыпты. Бұл жас азамат үшін жоғары баға. Бұл оқиғаны Жеңістің 55 жылдық мерекесінде Сәкең Шәрбан апай eкeyi бip жайлы отырыста бізге айтқан еді. Жайшылықта ағамыз өзіне қатысты әңгімені ашылып айта бермейді. Жалпы түйініміз, Сәкең ерлігі табиғатына дарыған қасиет деуімізге толық негіз бар. Оның дарынды тұлғасының өмірде толығынан ашылмай кеткен бip қыры десек те болады.
Соғыс бітерде 24 жасар Сәкең подполковникке ұсынылып, Фрунзе атындағы әскери академияға жолдама берілгенде, елге қайтуға бел байлап, өз орнына орынбасарын жіберіпті. Ол азамат соңынан генерал-полковник, Прибалтика әскери округінің қолбасшысы дәрежесіне дейін көтеріліп, академик Зимановты қонаққа келіңіз деп талай шақырғанда бара алмадым дейді. Егер сол әскери жолмен кетсе, Сәкеңнің жаңашылдыққа, дәуір талабымен сәйкестікке ұмтылған болмысы оны сөзсіз қолбасшы дәрежесіне көтерер еді деген ойдамыз.
Зиманов соғыста жүргенде көп жағдайда өмірдің талай қиындығы мен ғажайыбына көзінің алғаш ашылғанын да жасырмайды. 1944 жылы Минск қаласын азат еткеннен кейін опера және балет театрында фронт офицерлері үшін балет спектаклі көрсетіліп, оған жас офицер Зиманов та шақырылған екен. Сөйтіп, Сәкең тұңғыш рет еуропалық театрды, оның ішінде балетті тамашалайды. Бірінші акт бітіп, екінші акт басталады, бірақ дала жігітіне концерттен күткен үйреншікті көрініс – ән естілмейді. Шыдамы таусылып, жанындағы командирінен: «Ылғи осылай басынан аяғына дейін билей бере ме?» депті. Маңайындағылар күлісіп, соңынан «Зиманов жолдас, балеттен басқа ештеңе жоқ па?», деп әзілдейтін болды дейді ол сол бір кезеңдерді еске алған шақта.
Академик Зиманов ғылыми, қоғамдық өмірде ерекше тынымды, сапалы іс-әрекеттерімен Сәтбаевтың рухани ізбасарлары қатарында шоқтығы биік тұлға ретінде танылды. Ол жүрген ортасына, соңынан ерген ұлт азаматтарына, зиялы қауым, шәкірттеріне үлгі бола білді. Ғылымда, қызметте қолынан іс келетіндерді ғана қолдады.
Біз – ғылымдағы, қоғамдық өмірдегі әріптестері алдымыздағы ағамызды зиялы қауымның айшықты бірегейі дейміз, ұлттық интеллигенцияның бетке ұстар символы ретінде қадір тұтамыз. Сәкең академик Бәйішевтің қазасында: «...Шындықтың алтын қазығы еді», деген еді. Бүгінде қазақ интеллигенциясының, зиялы қауымның бағдар тұтар алтын қазығы Сәкең. Бар болыңыз ортамызда!
Аманжол ҚОШАНОВ, академик.