14 Мамыр, 2016

Әке беделі

1740 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
«...Мен көп қазақтың балалары сияқты, әкенің ісінен үлгі алып, оның қаталдығына шыдап, ананың тәрбиесімен өскен адаммын».  Н.Ә.НАЗАРБАЕВ РизагаСөз басы Тәрбие мәселесіне байланыс­ты жастармен болған бір кездесуде: «Әке қандай болуы керек? Әкенің қатал болғаны дұрыс па?» деген сұрақ қойылды. Әкенің ықпалды, талапшыл болғанының, әке өнегесімен өсудің, бала-шаға­сы үшін әкесі зор бедел иесі болуы­ның ұрпақ тәрбиесіндегі ора­сан зор маңызы туралы ұдайы көкейімде жүрген ойды айтудың сәті түскенде, басты дәйек ретінде жоға­рыда аталған кітап пен үзінді мысалға келтіріліп еді. Одан әрі әке туралы, оның дәстүрлі қазақ отбасындағы ешқандай жағдай, ешбір күш шайқалта алмайтын беделі туралы пікір алмасу, ой айту, тәжірибе бөлісудің бәрін қамтыған әңгіме басталып кетті. Осы мақаланы жазуға да сол кездесу түрткі болды. Жаһанданудың, басқа мәде­ниеттердің ықпалынан болар, біздің қоғамда көптеген құндылықтарға деген көзқарас өзгеруде. Өкінішке қарай, жақсару жағына қарай емес, нашарлау, төмендеу жағына қарай. Оның мысалдары аттап басқан сайын кездеседі. Біреуді біреудің ұрып жатқанын көргендер оларды ажыратуға, жәбір көрушіні арашалауға емес, жалма-жан телефонына түсіріп алуға ұмтылатыны немесе байқамағандай өтіп кетуі – әлімжеттікке төзбеу, әлсізді қорғау сияқты адами асыл қасиеттердің азаюынан деген ой келеді. Ал шаңырақ көтергендердің төрттен бірі ажырасатынын – отбасылық құндылықтардың қадірі кетуінен демей не дейміз? Ал соңғы кездердегі білімді, білікті деп үміт артып, жоғары лауазымдарға тағайындалған жап-жас басшылардың жемқор болып шығып, әкелерінің «аттарын шығарып» жатқандарынан мораль­дық құлдыраудың айқын белгісін көруге болады. Таяуда солардың біреуінің әкесімен қалай сөйлескенін көріп, жағасын ұстаған таныс қорғаушы кісі мол сома төленетін жұмыстан бас тартқанын білеміз. Оның бұлай етуінің себебін түсінбеген жемқор жігіттің туыстары таңғалыпты. Жалынып, шалғайына оратылған шешесі де оның «Әкесін таптап кетейін деп тұр­ған ұлдан не үміт, не қайыр?» деген уәжін түсіне қоймаған сыңайлы... Біздіңше бұл – ортасында, отбасында әкені сыйлау, құрметтеу деген атымен болмаған адамның мінез-құлқынан хабар береді. Әдетте, қылмыстық жолға толық емес отбасында, қоғамдық нашар ортада өскендер көп барады деседі. Ал соңғы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар кейіпкерлерін ойша шолып өтіңізші – олардың ішінде «қарны тоқ, уайымы жоқ» ортада, ешкімнен (әкесінен де!) ықпай өскен балалардың көп екендігі ойлантады. Міне, осындай мысалдар отба­сындағы әкенің байырғы беделін, мақала басындағы сілтемеде кел­тір­гендей, орынды қаталдығын қал­пына келтіру керек деген ойға жетелейді. Ол үшін еуропалық тәрбие әсерімен барған сайын кең қолданысқа ие болып бара жатқан «әке – досың» дегеннен гөрі «әке – сенің жарық дүниеге келуіңе себепші, сен бас иер тұлға» деген қазақи ұғымды орнықтырған дұрыс. Әркімнің өз орны бар. Әке ұлы мен қызының құпия сырын бөлісіп, сыбырласып жүретін «досынан» гөрі, отбасының айбары, қорғаны, асыраушысы және ең бастысы, балалары үшін беделді тұлға болуы керек. Бұл екі тарапқа да жауапкершілік жүктейді. Бала кезімізде бір жаққа барғы­мыз келіп, анамыздан сұрансақ, ол кісі «Әкең жіберсе – барарсың» дейтін. Әлдебір жағдайға келісетін болса да, әуелі «Әкеңе айтайын» дейтінін білетінбіз. Менің алдым­дағы буын өкілдері мен қатарластар мұны жоққа шығармасы анық. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда сол беделдің берекесі кете бастаған сияқты. Атқарған қызметіме, зерттеп жүрген тақырыбыма байланысты отбасылық мәселелер тал­қыға түсетін жиын, кездесулерге, телехабарларға жиі қатысамын. Сол жерлерде алимент төлемеу үшін өз белінен жаратылған бала­ларынан қашып-пысып жүр­ген «әкелер» туралы; өмірдің қиын­дығына «күйініп» ішімдікке салынып кеткен «отағасылар» туралы мысалдарды естіген сайын; әкесінің жуан жұдырығынан қорғау үшін әйелдердің шиеттей бала-шағасымен «дағдарыс орталықтарын» мекендеп жүргенін көрген сайын... біз білетін, біз жырға қосатын әкелер динозавр­лар сияқты жер бетінен жоғалып кете ме деген қауіп ұялап жүр. Әкелер неге өзгерді? Аталар мен әкелердің бойындағы іріліктің бүгінгі ұрпақтарына даруы неге мардымсыз? Туғанынан бастап әйелдердің тәрбиесінде болып, ер адамның ықпалын кем көрген бүгінгі буын азаматтардың ішінде «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін, әйелдің табысына ауыз ашып отыратын, еркекке тән ірілігі аз, ұсақтығы басым, батыр бабаларымыздың ел қорғаушылық рухын жоғалтып, әскерге барудан қашатын, әйел демей, қыз демей, салғыласып ұрсысып шыға келетін жігіттер көбейіп бара жатқандай. Соларға қарап жүріп, елсүйер ұлды өз өнегесімен баулып өсірген ұлы тұлғалар туралы кітаптардан оқығанымыздай, оның бер жағында өзімізді тәрбиелегендей рухы күш­ті, атадан балаға берілген тәрбие тіні мықты, адами қадір-қасиетін сақтай алған әкелерді, сондай әкелердің тәрбиесін көрген балаларды іздейтін болдым. АРАБИЯДАҒЫ АХМЕТ Қазіргідей тікелей рейс жоқ кезінде Дубай қаласына келген­дерді Абу-Даби әуежайынан «Эйр-Астана» компаниясының автобусы жеткізіп салатын. Көлік жүргізушісі: «Әне, сіздер тоқтайтын қонақүйі» деп 43 қабаттық «Gloria hotel»-ді көрсетіп, бізді жол бо­йынан түсіріп кетті. Машиналар әрлі-берлі тоқтаусыз жүріп жатқан сегіз қатарлы автожолдың арғы бетіндегі қонақүйге қалай барамыз деп тұрғанымызда: «Сіздерге такси керек пе?» деген дауыс естілді. Дубайда, түн жарымнан ауғанда, қазақ тілінде қойылған сұраққа аң-таң қалып, ес жиғанымызша, қасы­мызға келіп тоқтай қалған көліктен жас жігіт түсіп, сәлем берді. Ол бізді қонақүйге әкеліп, орна­ласуымызға көмектесті. Қызым түрлі қағаздарды толтырып жат­қанда мен онымен жақыны­рақ таныстым. Аты Ахмет екен. Әкесі Сапар өткен ғасырдың сек­сенін­ші жылдары Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасындағы шарт­қа сәйкес аса үлкен, жабық құрылыс нысанын салысуға келген инженер екен. Уақыт өте сол жердегі ірі компаниялардың бірі қызметке шақырған кезде бала-шағасын көшіріп алып келіпті. Үш ұлы, екі қызы бар, Ахмет кенжелері көрінеді. «Апаларыңыз арабтарға тұрмысқа шықты ма?» деген сұрағыма «О не дегеніңіз? Әкем оларды «Қазаққа тұрмысқа шығасыңдар» деп өсірген, солай болды да» деді. Дауыс ырғағында әкесінің айтқаны жөн екендігіне деген нық сенім бар. «Қазақша жақсы сөйлейді екенсіз», – дедім мен сүйсінгенімді жасырмай. Ахмет: «Ана тілім ғой!» – деді жай ғана. Сосын: «Әкем­нің талабы солай болды. Ол кісі үйде арабша сөйлеуімізге рұқ­сат етпейді. Бала кезімізде оны­сын түсінбегенбіз, қазір сол үшін тек алғыс айтамыз», – деп қосып қойды. Ана тіліне қоса араб, ағылшын, француз, түрік тіл­дерін­де еркін сөйлейді екен. «Орыс тілін үйреніп жүрмін. Қазақстанға барсам, керек болады ғой» деді. Жүрегім шым ете қалды. Бірер жыл бұрын Қазақстанға келіп кетіпті. Туған жері – Ақтөбе өңірі туралы айтып, «Оқуымды бітірген соң елге қайтамын», деп алып-ұшып отыр. Мақсаты – тағы да әкесінің айтуы бойынша – алған білімін Қазақстанның көркеюіне арнап, туған жерге қазық қағу және қазақ қызына үйлену. «Елдегі адамдардың сөз арасына «братан», «давай», «конечно» деп сөйлейтіндері қызық көрінді. Сосын жігіттердің де, қыздардың да дөрекі мінез көрсететіндері қолай­сыз әсер етті. Ал ең жаманы, қыздар біреудің отбасын бұ­зып, күйеуге шыға береді екен – оған әкелері қалай рұқсат еткенін түсінбедім», – деді Ахмет тағы бір әңгімелескенімізде. Ойлап отырсам, бұл да біздегі әкелердің айбарымен ықтырып, ұрпағына түзу өмір сүру туралы мызғымас ұстанымын сіңіретін байырғы беделі азайып бара жатыр ма деген күдігімнің бекер еместігін көрсететіндей. Біз бала болған уақытта анамызды өйтіп-бүйтіп дегенімізге көндіру мүмкін болғанымен, бәрібір соңғы сөзді әке айтатын. Әулетіне келер сөз, түсер таңба «пәленшенің ұл-қызы» деп, өзінің атымен қоса айтылатынын ескере отырып, түпкілікті шешімді әке қабылдайтын. Әр жылдардағы деректерді са­лыс­­тырып отырсақ, бұдан отыз, қырық жыл бұрын қазіргідей, біреудің әйелін тастатып тұрмысқа шығу, әйелі бар екенін біле тұра жүріс жасау, некесіз бала туу факті­лері де әлдеқайда аз кездеседі. Ал бүгінде арамызда ұл-қызына күнәнің ең үлкені – біреудің отбасын бұзу еке­нін айтпақ түгілі, отбасылы еркек­тен бала туып алған қыздарының шаш­бауын көтеріп жүрген әкелер де кездеседі. Ащы шындық. Шіркін, Ахметтің әкесін әкеліп, соларға әулет абыройын ойлайтын әке болудан «шеберлік сабақтарын» өткіздірер ме еді деген ойға қалам кейде. Ахметтің әр сөзінен әкеден үй­рену, әкені пір тұту, отбасындағы әке­нің орны туралы нық орныққан сенім байқалатын еді. Сол күндері Қазақстан туралы сұрап, кейде қаланың қай жеріне бару керектігін айтып, бізбен хабарласып тұрған жас жігітпен әңгімелескен сайын оның тарихымыз, салт-дәстүріміз, елдің қазіргі жағдайы туралы сон­ша­лық көп білетініне сүйсіндім. Және Ахметтің әңгімелерінен оның әрбір жетістігінің ар жағында «әкем біліп жүр деген... әкем үйреткен... әкем айтқан соң...» деген «түрткі» тұрғанына көзім жете түсті. Ахмет­пен қоштасарда: «Әкеңізге тартқан азамат болыңыз!», деп тілек айттым. Ол: «О-о, әкемдей болу оңай емес» деді риясыз таза көңілмен. ТОРҒАЙДЫҢ «ТАРАС БУЛЬБАСЫ» Мектеп бітіре сала оқу іздеп кетіп, одан кейін «қыз – жат жұрт­тық» деген өмір салты бойынша, туған жерімнен біраз алыстап кеткен мен қазір ғана ел азаматтарының бірлі-жарым басқосуларына барып, араласа бастадым. Сондай басқосудың бірінде шашы аппақ күмістей, түрі де келісті бір ағайға көпшілік шүпірлесе амандасып, өзі қатарлас бір кісі «Оу, Тарас Бульба келіп қалыпты ғой!», деп құшақ жайып жатты. «Бұл кісі кім?» дедім мектептес құрбыма қарап. Оның: «Елде қызмет еткен. Облыс жабыл­ғанда Алматыға көшкен» деген сөз­дері маған ешқандай ақпарат бер­ген жоқ. Көкейімде «Неге Тарас Бульба?» деген сұрақ тұрды. Арада бірнеше ай өткенде ағайдың бәйбішесімен танысудың сәті түсті. Жасы сексеннен асса да ойы анық, сөзі ширақ, жылы жүзді кісі екен, апаймен бірден шүйір­келе­сіп әңгімелесіп кеттім. Сөз ара­сында ретін тауып, ағайдың «Тарас Бульба» атануының сырын сұрап едім, ол кісі әуелі: «Айтсам ба екен?» дегендей сынай қарады. Сосын «Арада отыз жылдан астам уақыт өтті... Қатарластарымыздың көбі жоқ. Сонда да болса, атымыз­ды атамай-ақ қойшы», деп өтінді. Себебін апайдың әңгімесін тыңда­ғанда түсіндім. «Ағайыңның арқасында шалқып өмір кештім. Елге сыйлы, отбасына қадірлі болды. Саятшылығы бар еді, «қабан атамыз, құс атамыз», деп Ақкөл, Сарықопа жаққа жиі барып тұратын. Олжасын жұртқа тара­тып, шаң-шаң болып үйге кіріп келгенінде балалары мойнына асылып, балағына жармасып жатқанына мәз болатын. Сөйтіп жүріп, балалардың өскенін де бай­қа­май қалдық. Үлкен қызымыз тұ­р­мыс­қа шықпақ ойын айтқанда және от­басылы адаммен көңіл жарастыр­дым дегенде төбемізден жай түскендей болды. Әкесі «шықпайсың» деп шорт кесті. «Біреудің отбасын бұзып, балаларын тірі жетім етуге жол бермеймін» деді. Мен де ақылымды айтып, райынан қайтаруға тырысып бақтым – қыздың көнетін түрі жоқ. «Балаларына қарасып тұрады» деп уәж айтады өзінше. «Жастық шақта желік қай еркекте де болады. Ол – өтпелі жағдай, ал отбасы – киелі, оған ешкімнің килігуіне болмайды» деді әкесі шегелей сөйлеп. Қыз сонда да қисайып, өзінікін жөн дей берді. Кенет ағайың «үйге алып кел, көрейік» деді. Мен көнді деп ойлап қалғам... Сөйтсем, отағасым басқа ойға бекінген екен. Жігіт келген кезде ішкі бөлмеге кіріп кеткен ол мылтығын алып шы­ғып, қызына кезеді. «Ұябұзар бол­ға­ныңша өлгенің артық», – деді тістеніп. Сосын жігітке қарап: «Қазір мына шірік жұмыртқаны атып тас­таймын да... милицияға барып берілемін... Ал сен... сонша қадірлі болса, сүйегін алып кетіп жерлеуіңе болады!» – деді сұп-сұр болып. Бәрімізде үн жоқ. Жігіт екі тізесі дір-дір етіп тіл қатпай тұра берді. Бір кезде «Бала-шағамды тас­тамай­мын десем, қызыңыз ғой...», деп міңгірледі. Оны әрі қарай тыңдаудың еш мәнісі жоғын түсінген болуы керек, отағасым барып есікті ашты да сырт­ты нұсқады. Ол ілби басып шы­ғып бара жатқанда, қыз шың­ғы­рып атын атап еді, бұрылған да жоқ... Бұл оқиға осылай аяқталды. Қай-қайсымызға да жеңіл тиген жоқ, шырағым, бірақ, ең қатты қина­лған отағасым шығар деп ойлаймын. Шашы бір аптаның ішінде ағарып кетті. Қызым бір жағынан соны көріп, тәубесіне келген сияқ­ты. Әрі жас кезінде адамның ішкі қуаты да молырақ болады ғой – бізге қарағанда тезірек ес жиып, ел қатарлы күнін көріп кетті. Болған жай туралы ешкімге тіс жарған жоқпыз – мақтанатын нәрсе емес қой. Не де болса «болмай қалған» күйеу жігіттен шыққан сияқты. Бірде құрдастары ағаңа «Сен Тарас Бульба сияқты «Я тебя породил – я тебя убъю» депсің ғой», деп қалжыңдап жатқанын құлағым шалды. Бірақ: «Сенікі жөн! Нағыз еркексің!», деп арқасынан қағып, «Бұлай ету екінің бірінің қолынан келмейді» дегендерін да естідім», – деп аяқтады апай әңгімесін. ТУҒАН ТІЛДІҢ ТҮМЕНДІК ЖАНАШЫРЫ Қарағанды қаласында ұзақ жылдар бойы қазақ тілін дамыту ісімен айналысып келе жатқан Төлеуғайша Ноқатқызы есімді жақсы маман, абзал ана тұрады. Кезінде қазақ мектептерін ашқызу жолында өлшеусіз еңбек еткен Шона Смахан­ұлы ағамыз туралы барша қазақ біледі. Дегенмен, сол жылдары бүкіл елді қамтыған осы бастаманы өңір-өңірлерде іліп әкетіп, басы-қа­сын­да тұрған адамдардың аттары көп­ке танымал емес. Солардың бірі – осы Төлеуғайша Ноқатқызы. Өткен жылы жақын достарының ұлы үйленетінін, болашақ жары сонау Ресейдің Түмен облысынан екенін хабарлағанда қуанышпен қоса ішінде бір «әттеген-ай» сезімі қылаң бергенін ол жасырмайды. «Қазақша білмейтін шығар... Қарағанды жастарының тілі шүл­дір-шүлдірге бейім. Оларға «Қазақ жерінің кіндігінде тұрып, өз ана тілдеріңде сөйлемегендерің ұят», деп кейде жөнге салып отырамыз. Ал қалың орыстың ортасында туып-өскен адамнан қазақша сөйле деп қалай талап етеміз?» деп ойлапты. Табалдырық аттаған үлпершек­тей жас келіннің ізін ала Түмен облысы Упоров ауданында өсіп-өнген құда-құдағи Серғали Қали­ханұлы мен Мағрипа Жақсым­байқызы Әшімхановтар бастаған жаңа жегжаттар да келіп жетеді. Мұндағыларды орыстың ну орман­ды өлкесінен келген жаңа құда­лар­дың салт-дәстүрге беріктігі, кәде-жоралғыларға жүйріктігі ерекше сүйсіндіреді... Әсіресе, құдалар тобы­ның ана тілімізде айтылған байып­ты ой, ғибратты сөздері, көр­кем тілдері таңғалдырады. Таңғал­дырып қана қоймай өздерінің құда­лық­та да, тойда да тілектерін басқа тілде білдіргендері үшін ұялтады... Мұндағылардың «Қазақ мек­тебінде оқыдыңыздар ма?» деген сұрағына «Қайдағы мектеп? Бар болғаны бірнеше түтін тұрдық ол жерде», – деген жауаптары одан әрмен қысылтады. «Сонда қазақша қалай таза сөйлейсіздер!» деп қой­мап­ты құдағилардың бірі. «Ол – біз­дің отағасының арқасы. Әкесі үй ішінде сондай тәртіп орнат­қан: есіктен кіргеннен кейін тек қазақ­­ша сөйлеуіміз керек. Бала-шағасы әкесінің қабағына қарап өсті, қазір де тік тұрып сыйлайды. Туыс­тары­мыз бен жора-жол­дас­тары­мыз да Серағаңның ұстаны­мын қолдайды», – депті Мағрипа құдағи. Айтқандай, ол кісілер таяуда ата­мекенге оралып, Қостанай об­лысының Ленин ауданына қарасты Березовка селосына қоныс теуіпті. «Енді сол жердегі әке­лер сіздің құданың жолын қуып, өз отбасыларында сондай тәр­тіп орнатса, қандастарымыздың саны 40 пайызға жетер-жетпес өңірде қазақ тілінің дамуына нақты үлес қосылар еді», – дедік біз осы әңгімені естігенде. Тілді үйретіп қана қоймай, орта ахуалын зерделеп жүретін Төлеуғайша Ноқатқызы: «Біз ана тілі дейміз ғой. Бірақ осы жылдар ішінде отбасында кімнің ықпалы үстем болса, бала соның ыңғайына жығылып, соның тілінде сөйлейтініне көзім жетті, – дейді. – Қалада өскен қыздар пысық келеді ғой. Ауылдан келіп, сондай қала қызына үйленген жігіттердің отбасына кіріп шығыңызшы – балалары шетінен орысша сөйлейді. Өйткені, қазіргі заманның балалары сұңғыла – отбасында кімнің беделді екенін жақсы біледі». Бұл да – ойландыратын жай. Қоғамда, отбасында ұлттық құнды­л­ық­тарымыз орнығып, оның бір тармағы ретінде әкенің орны мен рөлі бекемделе түсуін ойласақ, оны іске асыру кең ауқымда жүргізілуі керек. Бұл ретте әке беделін арттыра түсетін жаңа форматты іс-шаралардың жөні бөлек. Соның ішінде балалар көп қолданатын электрондық құралдарға салынған әкенің орны, өнегесі туралы тағы­лым­ды мысалдарды арқау еткен шағын роликтер жас буынның сана­сына тезірек әсер етер еді. Хал­қы­мызда «жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген сөз бар, ендеше, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлерінде әке беделі насихатталып, осы мақала кейіпкерлері сияқты нақты адамдар жастармен кездесулерге, ток-шоуларға шақырылуының да пайдасы зор. Ұлдарымызды өмір бойы тек қана әйелдер тәрбиесінің ық­па­лынан шығару үшін жасалуы керек тағы бір қадам – жас ұрпақ­қа тәрбие, білім беру ісіне ер-азамат­тардың молынан тартылуы екендігі даусыз. Бұл үшін ең алдымен педа­го­гикалық білім ордаларына ұл бала­ларды қабылдауда жеңілдік жасалуы керек. Одан кейінгі мәселе педагог­тердің еңбекақысына келіп тіреледі. Отағасы, асыраушы болған соң, оның табар табысы да соған сәйкес болуы керек. Игі мақсатымыз үшін, мектепте мұғалім болып жұ­­мыс іс­тейтін ер азаматтардың жалақы­сына үстеме ақы белгілеу жол­дары қарас­тырыл­ға­ны жөн болар еді. Мәселеге байып­пен қарап, ойластырса, педагог ұстаз­дар­дың қатарын ер азаматтармен толтыру­дың бұл жанды мәселесі шешімін табар ма еді? Ал біздің халық үшін білімді, іскер қыздарымыздың билікке араласуы қаншалықты маңызды болса, ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы, ұлдарымыздың жас шы­бықтай солқылдап тұрған шағын­­да ер азаматтардан өнеге алып, өздерін жігітше ұстап үй­ренуі, еркек болып қалыптасуы да сон­шалықты маңызды. Ұстаздар ара­сында ер азаматтар санының көбеюі ұлдарымыздың ұлықты бо­лып өсуіне, ал өз кезегінде бұл от­­ба­сындағы, қоғамдағы әке беде­лі­нің артуына оң ықпал етер еді. Камал ӘЛПЕЙІСОВА, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Сарапшылар кеңесінің хатшысы