Тәуелсіздік талаптары
Мамандығы мұғалім Сағидың Астанаға қоныс аударғанына біраз жыл өтті. Баспанасы бар, қызметі бар ол қазір балаларының қызығын көріп отыр. Біреулер бұда тұрған не бар деуі мүмкін. Әрине, бүгінде баспанасыз жүрген кім бар? Республикамыздың әр қаласында, аудан орталығында небір тұрғын жайлар салынуда. Жаңадан бой түзеп жатқан ауыл үйлерінің сәні мен мазмұны бірдей жарасқан. Үйдің де неше түрі бар: көп қабатты үйлердегі жайлы пәтерлер, коттедждер, бір қабатты ақшаңқан үйлер... Олардың өзі бірнеше түрге, дәрежеге бөлінеді. Айта берсе жаңалық көп. Ең басты жаңалық сол, Сағи қаншама жылдар еңбек етіп, кезінде сарғая баспана күтсе де оны ала алмай тек Астана дүниеге келген соң ғана жайлы пәтерге қол жеткізді. Әйтеуір ғұмырының орта жасынан асқанда жер үйінен шығып, кең әрі самаладай жарық та жылы жайға ие болғанына шүкіршілік етеді. Оны айтасыз, кезінде жиырма жыл бойы сарғайып кезегін күтіп, алайда қолы жетпеген өзі сияқты емес, жақында ұлы мен келіні мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша іші, сырты жарқыраған пәтерге ие болды.
Мұндай бақыт қазақстандықтар басына аспаннан өздігінен түсе қалған жоқ. Бар жақсылық еліміздің егемендік алуынан басталды. Сол егемендікті елдің еншісіне айналдыра білген Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін берді. Жылма-жыл жас отбасылар, дәрігерлер, мұғалімдер, әскерилер үйлі болып жатыр. Республикалық Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, бір ғана Астана қаласында 2009 жылы жалпы алаңы 1 259 575 шаршы метр тұрғын жай пайдалануға беріліпті. Ал республика бойынша 44 522 пәтер салынған. Бұл – одан бұрынғы жылмен салыстырғанда едәуір көп деген сөз. Демек, әлемдік қаржы дағдарысының салқыны тиіп жатса да тәуелсіздік жылдарында баспанамен қамтамасыз ету барысы ешқашан тоқтаған емес. 2010 жылдың қаңтар-қараша айларында республика бойынша 5 231 513 шаршы метр жалпы алаң тұрғын жайға қамтылды.
Қай елде де болмасын адам баласы үшін баспана қасиетті саналады. Берекелі шаңырақтан ұрпақ өрбиді, өмір жалғасады. Алайда, кезінде сол баспана зәрулігі талай адамның бағын байлап, сағын сындырғаны да белгілі. Қазақтың талантты ақыны Қасым Аманжолов секілді қайсар жандар Кеңес өкіметінің кесірлі қарекетінен тайынбай: «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаспын астанамды», деп жырлап өткендей, бүгінде орта жасқа келген адамдар бұрынғы кезеңнің ащы дәмін жақсы біледі. Олар қазіргі жайымызды өткенмен салыстырып, тәубе дейді. Сонау жылдары ауылдан қалаға оқу іздеп келген студенттік шақта, одан кейінгі жалын атып жұмыс істеген кездерде қазақ жастарының көпшілігіне мұң болған баспана еді. Баспана зарын да, қуанышын да жырға қоспаған ақын жоқ шығар. Талай жан жат біреудің босағасын жағалап, пәтер жалдаудың жайы қандай болатындығын бастан кешірді. Сол заманның зардабы өткенімен, соны көрген адамдардың көкірегінде ізі қалды.
Тәуелсіздік адамдарға бақ болып қонды. Тақырыптан ауытқымау үшін бір ғана шыңдықты келтірейік. Елорда құрылысы жаңадан басталған шақта жүргізуші Құдайбергеннің үйі дәл орталықта болған көрінеді. Шағын ауласы бар, төбесінде шатыры да жоқ жапырайған баспанасын ол жылма- жыл іші-сыртын тазалап, ақтап, сырлап әупірімдеп жүреді екен. Содан бір күні оған: «Ескі тамыңыздың орнына үлкен үй кешендері тұрғызылады, сондықтан сізге басқа жайлы баспана беріледі», дейді. Құдайберген бұған қуанбаса, ренжімейді. Бірақ, ержетіп отырған ұл-қыздары бар екенін айтады. Сөйтсе, заңдылық жағын саралап шыққан билік Құдайбергенге бір емес, бірнеше пәтердің кілтін ұстатады. Тіл-аузы байланып қалған оған әкімдіктегілер тәуелсіз еліміздің заңы солай, ешкім де далада қалмай баспаналы болуға тиіс, дейді. Мұндай мысал көп.
Содан бері бірнеше жыл өтті. Ару Астанада жағалай самсап бой көтерген үйлер көз тартады. Мұнда қарқын алған құрылыс әсері елдің түкпір-түкпіріне дем берді. 2009 жылы елордада пайдалануға берілген үйлер бойынша 11 984 пәтер қамтылған. Бұл – одан бұрынғы жылмен салыстырғанда 117,1 пайызға артық. Бұлардан басқа жалға берілетін коммуналдық, коммерциялық тұрғын үйлер және жергілікті атқарушы органдарды несиелендіру есебінен салынған үйлер де бар. Бас қаладағы осындай қуатты құрылыс қарқыны еліміздің өзге өңірлерінде тұрғын үй құрылысын жедел жүргізуге жәрдемін тигізді. Сол сияқты соңғы жылдары ескі, жарамсыз үйлердің орнына жаңадан үйлер тұрғызылды. Тәуелсіздік алғалы бері республика бойынша сан мың адам жайлы пәтерлерге қоныстанды. Ешкім де баспанасыз қалмайды, кезегі келген кенеледі деген осы. Сонау келмеске кеткен кеңес заманында ұлтарақтай бөлмесі бар үйге ие болудың өзі арман-тұғын. Ал қазір қазақстандықтар бұрын-соңды түсінде де көрмеген пәтерлерге емін-еркін қоныстанып жатыр. Солай болуға тиіс. Мұның бәрі тәуелсіздік табыстары.
Александр ТАСБОЛАТОВ, Астана.