Иран мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде табысты дамып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында өткен Иран Ислам Республикасына ресми сапары екіжақты уағдаластықтарға негізделген табысты сапар болды. Елбасының ресми сапары барысында екі ел арасында жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 66 құжатқа қол қойылды. Иран жағы Қазақстанмен сауда жасауға, елімізге инвестиция салуға мүдделі екендігін айқын паш етті.
Иран Ислам Республикасы – Азияның оңтүстік бөлігінде орналасқан мемлекет. Жер көлемі 1,648 миллион шаршы шақырымды құрайды. 2011 жылғы санақ бойынша Иран халқы 75 149 669 адам болды. Иран – полиэтникалық мемлекет. Халқының этникалық құрамына келетін болсақ, 61 пайызы – парсылар, 16 пайызы – әзербайжандар, 10 пайызы күрдтер және басқа халықтардан құралған. Елдің ресми тілі – парсы тілі, мемлекеттік діні – ислам діні, Иран – діни мемлекет. Иран мемлекетінің конституциясы ұлттық, діни ерекшеліктеріне қарамастан, халықтың барлығына бірдей тең құқық береді. Ел тұрғындары әлеуметтік жағынан қорғалған. Медициналық қызмет және білім беру тегін.
Иран жерінде адам баласы тым ерте заманнан бері қоныстанып келеді. Б.з.д. 2-мыңжылдықта бұл аймаққа Орталық Азиядан арий тайпалары келіп қоныстанады. Б.з.д. 672-673 жылдары қазіргі Иранның солтүстік батысында Мидия мемлекеті пайда болды. Ол 615-616 жылдары Ассирияны талқандап, аса ірі мемлекетке айналды. 550 жылдары билік парсылық Ахемен әулетіне көшті. Батыс пен Шығысты жалғастыратын сауда жолдары үшін бұл мемлекет гректермен ұзақ жылдар соғысты. Сақтар еліне бірнеше дүркін басқыншылық (Кир ІІ, Дарий І) жорықтар жасады. Ахемен әулеті мемлекетін б.з.д. 330 жылы Ескендір Зұлқарнайын талқандады. VІІ ғасырдың екінші жартысында Иран араб халифатының құрамына қосылды.
VІІІ ғасырда араб халифатының билеушісі Әбу әл-Аббас әс-Саффах халифат астанасын Бағдад қаласына көшірді. ХІІ ғасырда салжұқтар бірнеше сұлтандыққа бөлініп, осы ғасырдың соңында бүкіл Иранды түркі қыпшақ тайпасынан шыққан Хорезм шахы Текеш биледі. 1220-1256 жылдары Иранды Шыңғыс хан әулеті жаулап алды. 1380-1393 жылдары Иранды Әмір Темір әскерлері басып алды. ХVІ ғасырда Кіші Азиядан шыққан түркі тайпалары (қызылбастар) Иранға басып кіріп, оны толығымен бағындырды.
ХІХ ғасырдың соңында Иран еуропалық мемлекеттердің жартылай отарына айнала бастады. 1909 жылы бірлескен ағылшын-парсы мұнай компаниясы құрылды. Елдің солтүстігіне Ресей, оңтүстігіне Ұлыбритания қожалық етті. 1905-1911 жылдары шетелдіктерге қарсы ұлт-азаттық күресі белең алды. 1918 жылы ағылшындар бүкіл Иранды басып алып, оны кіріптарлық шарттарға қол қоюға мәжбүрледі. 1921 жылы Реза ханның басшылығымен мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырылып, жаңа үкімет құрылды. 1941 жылы 16 қыркүйекте Реза шах тақтан өз еркімен бас тартып, орнына баласы Мұхаммед Реза Пехлеви шах болды.
1955 жылы Иран шахы М.Р.Пехлеви АҚШ-пен әскери келісімдер жасасты. 1960 жылдан бастап Иран батыс үлгісімен дами бастады. Елде АҚШ капиталының үстемдік алуы, ұлттық құндылықтардың аяққа басылуы 1972 жылы халықтың шах үкіметіне қарсы жаппай көтеріліске шығуына алып келді. 1979 жылғы 11 ақпандағы төңкеріс нәтижесінде шах үкіметі құлап, 1 сәуірден бастап Иран Ислам Республикасы жарияланды. Үкімет басына шиит дінбасыларының көсемі Аятолла Р.Хомейни келді.
Иран Орталық Шығыстағы ең ірі экономика болып саналады. Ол ІЖӨ жағынан Азияда Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Индонезия және Оңтүстік Кореядан кейінгі жетінші орынды иеленеді. Иран мұнай өндіру көлемі жағынан ОПЕК мемлекеттерінің ішінде екінші орынды иеленеді. Иран мұнай өнеркәсібі жоғары дамыған индустриялық ел болып табылады. Мұнда ірі мұнай өңдеу және мұнай химия кәсіпорындары жұмыс істейді. Сонымен бірге, машина жасау және металл өңдеу өнеркәсібі де жақсы дамыған. Елдің тамақ және тоқыма өндірісі саласында да табыстары үлкен.
Иран әлемдегі бүкіл табиғи газ қорының 16 пайызына иелік етеді. Иран экономикасының дамуына соңғы жылдары Батыс мемлекеттері тарапынан қойылған санкциялар өте кері ықпалын тигізді. Соңғы уақытта Иранның батыс мемлекеттерімен жүргізген табысты дипломатиялық келіссөздерінің нәтижесінде экономикалық санкциялар біртіндеп алына бастады.
Қазақстан Президентінің Иран Ислам Республикасына жасалған ресми сапары екі ел арасындағы ынтымақтастық байланысқа жаңа қарқын берді. Сапар барысында Елбасы келесі жылы біздің елімізде «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетіндігін еске салып, осыған байланысты баламалы энергетика саласында алдыңғы қатарлы, озық технологияларға қызығушылық мол екендігін жеткізді. Мемлекет басшысы қазіргі Қазақстанда басымдығы бар бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын, оларға Иран компаниялары қатыса алатындығын атап көрсетті. Бұлар – инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы Жол» бағдарламасы, индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі және ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы.
Сонымен бірге, Қазақстан Иранмен ынтымақтастықты медицина, биотехнология, агротехнология, ғарыш технологиясы салаларында да белсенді түрде дамытуға мүдделі. Иран мемлекетінің халқы көп. Сондықтан, тұтыну қабілеті де жоғары. Осы себепті Қазақстанның ауылшаруашылық саласы бұл елге жылдан-жылға бидай, арпа, майлы дақылдар және басқа егіншілік өнімдерін экспорттауды арттыра бермек.
Габон Республикасы – Орталық Африкадағы мемлекет, Францияның бұрынғы отары болып табылады. Жер көлемі 267 667 шаршы шақырымды құрайды. 2012 жылғы санақ бойынша халқының саны 1 563 873 адамды құраған. Ел астанасы – Либревиль, мемлекеттік тілі – француз тілі. Габон 9 провинцияға бөлінген президенттік республика болып табылады. Габон Республикасы шығысында және оңтүстігінде – Конго Республикасымен, солтүстігінде – Камерунмен, солтүстік-батысында Экваторлық Гвинеямен шекараласады. Елдің батыс жағалауын Атлант мұхитының суы шайып жатыр. Халқының басым көпшілігі католик дінін, аз бөлігі мұсылман дінін ұстанады. Габон Республикасы Африка құрлығындағы ең бай және тұрақты мемлекет болып табылады.
Ел аумағында алғаш пигмей тайпалары өмір сүрді. Олар тропикалық ормандарда аң және жеміс терумен айналысатын. Х-ХІІІ ғасырларда Габон жеріне мұхит жағалауындағы банту тайпалары қоныс аударды. Шығыста және оңтүстігінде теке, мпонгве тайпалары қоныстанды. ХІХ ғасырда Габонға фанг тайпалары басып кіріп, жергілікті тайпаларды ығыстырып, елдегі ең көп этникалық топқа айналды. 1472 жылы Габон жеріне капитан Руй ди Сикейру бастаған португалдар басып кірді. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Габон жеріне голландтар, француздар, испандар және ағылшындар келе бастады. Сөйтіп, бұл жерде құлдарды сататын Орунгу корольдігі құрылды. Ол 1873 жылға дейін еуропалықтардың көмегімен өмір сүрді. Габон жерін француздардың отарлауы 1839 жылы капитан Л.Э.Буэ-Вийомездің басшылығымен жүзеге асырылды. 1840-1960 жылдары француз отаршылары жергілікті тайпа көсемдерінің бәрімен келіссөз жүргізіп, оларды «Францияның қорғанышы мен шапағатына» кіруге көндірді.
Габон Республикасы 1960 жылы өзінің тәуелсіздігін алды. Осы уақыттан бері ол Африкадағы жан басына шаққандағы табысы ең жоғары дамыған және тұрақты мемлекет болып табылады. Бүкіл тәуелсіздік жылдарында Габонда бар болғаны үш президент қана ауысты. 1961 жылы Леон Мба бірінші президент болып тағайындалды. 1967 жылы Мба өлгеннен кейін 32 жасар Альбер-Бернар Бонго президент болып сайланды. 1973 жылы ол христиан дінінен шығып, ислам дінін қабылдап, әл-Хадж Омар Бонго деген есім алды. Бонго теке тайпасы көсемінің ұлы болатын. 2005 жылы өткен сайлауда әл-Хадж Омар Бонго сайлаушылардың 80 пайызының қолдауымен тағы да президент болып сайланды. 2009 жылы 8 маусымда елді 38 жыл басқарған Омар Бонго қайтыс болды. 2009 жылы 30 тамызда өткен сайлауда ел президенті болып әл-Хадж Омар Бонгоның ұлы Али-бен Бонго сайланды.
Қазба байлықтарының арқасында Габон Африка құрлығындағы ең бай мемлекеттердің бірі болып табылады. Бұл елде жан басына шаққанда ІЖӨ көлемі Африка құрлығында үшінші орын алады. Тұрғындарының 60 пайызына жуығы ауыл шаруашылығымен айналысады. Негізінен бұл елде какао, кофе, қант және мал өнімдері өндіріледі.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»