• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2011

Елімізді жұрт Елбасы арқылы таныды

438 рет
көрсетілді

Кеше Президенттік мәдениет орталығының концерт залында британиялық саясаткер, жазушы Джонатан Айткеннің «Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Кітап авторы Джонатан Айт­кен саясатта кездейсоқ жан емес. 1942 жылы Ирландияның астанасы Дублин қаласында ту­ған оның атасы Рагби мен әкесі Айткен де Британия парламентінде консерваторлар пар­тия­сының мүшесі болған. Өзі де Британия үкіметінің және пар­ламентінің бұрынғы мүше­сі. Үл­кен саясаттан кеткеннен кейін ол әлемдік тарихтағы белгілі тұлғалардың өмірбаянын зерттеумен айналысып, оның қала­мы­нан 10-нан астам шығарма туған. Тұсаукесерді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Президенттік мәдениет орталығының дирек­торы Мырзатай Жолдасбеков жүр­гізіп отырды. Автордың Назарбаев туралы кітабының тұ­саукесері бұ­ған дейін Англияда, АҚШ-та, Түр­кияда, Ресейде өт­кен­дігін айтып, әрі қарай ойын жалғастырған ол кітапта Елба­сының бүкіл өмір жолы өте жақ­сы көрсетілгенін, қайрат­керлік жар­қын келбетінің де на­нымды суреттелгенін, реформа­тор­лық кес­кіні де, қазақ мемлекетін дамытудағы ерен еңбегі де жақсы айтылғанын атап көрсетті. Сондай-ақ М.Жолдасбеков: «Ав­тордың демократия туралы кей көзқарастарымен де келісе қою қиын. Батыс демократиясы қазаққа өлшеусіз кигізе сала­тын көйлек, я костюм емес, керек болса ол отбасында тәр­бие­ленетін бала да емес. Демократия – ұзақ уақыт бойы қалып­та­сатын, әр елдің тарихына, ұлт­тық ерекшеліктеріне, дәстүріне ыңғайлана­тын құбылыс. Демо­кра­тияны қо­ғам қалыптас­ты­ра­ды, заман қалыптастырады. Ұлы­британияда Азаттық хар­тия­сының 1200-ші жылдары қабыл­данғанын, ағыл­шын әйелдері өздерінің саяси құқығын содан 700 жыл өткеннен кейін ғана алғанын Айткен мырза жақсы біледі деп ойлаймын. Ал, біз Тәуел­сіздігімізге 1991 жылдың ая­ғ­ында ғана қол жеткіздік», деді. М.Жолдасбеков келесі кезекте қазақта демократия бол­ған жоқ деп ешкім айта алмаса керек, деген пайымын жеткізді. Оның пікірінше, халқымыздың таби­ға­тын­дағы кісілік, әдепті­лік, қайы­рымдылық, парасат­ты­лық, кіші­нің үлкенді сыйлауы дейтін мінезі, тіпті қазақ дала­сында түр­ме­нің болмауы да, есігіне құлып салмаған салты да демокра­тияның айқын белгісі болып табылады. Демократия дегеніміз – еркіндік. Қазақ – басынан еркін халық. Сон­дық­тан Еуро­па­дағы, Батыстағы достарымыз демократия деген сөзді өте сақ­тық­пен, әдеппен пайдалануы керек. Кітаптың алдағы басы­лым­дарында автор осы айтқандарды ескереді деп сенемін, деді жүргізуші. М.Жолдасбеков сөзінің со­ңын­да Ұлы қазақ даласында бұ­рын да әрқалай мемлекеттік құ­рылымдар болғанын, бірақ олар­дың ешқайсысы дәл бүгінгі қазақ мемлекетіндей төрт құбы­ласы түгел, дербес мемлекет бол­мағанын көлденең тартты. Бұған дейін елімізде тұтас мемлекет құрудың тәжірибесі де болған емес, деді жүргізуші осы орайда. Талай кемеңгерлер де, да­налар да, шешендер де, кө­сем­дер де, батырлар да, ақылмандар да өмір сүрген. Бірақ Назар­баев­қа дейін жаңа мемлекет орнатқан, оны баянды еткен, нығайтқан, әлемге танытқан, мойындатқан дәл сол кісідей тарихи тұлға бол­ған жоқ. Тарихтың біз білетін шын­дығы осы. Бұл кітапта сол кезде әрқалай қызметте болған, Елбасына қолғабыс тигізген көп­те­ген кісілердің кейбірінің атта­ры аталады. Олардың біразы осы залда отыр. Енді сол кісілерге сөз беруге рұқсат етіңіздер, деп сөз кезегін Парламент Сенатының депута­ты Өмірбек Бәйгелдиге ұсынды. – Былтырғы жыл қазақ үшін қуанышты оқиғалармен аяқта­лып, қазақтың аты әлемге жайы­лып, абыройы асып еді, ал би­ыл­ғы жыл біздің Тәуелсіздігімізге 20 жыл толатын, өткен өмірдің қорытын­ды­ларын шығаратын ке­зең бол­ға­лы тұр. Жылдың басы жақсы оқи­ғалармен басталды. Міне, соның бірі – бүгінгі тұсау­ке­сер, – деді депутат. – Шын мәнінде біздің мемлекетіміз осы жылдар ішінде ұлы жолдармен жүріп өтті. Соның басы-қасында біздер де жүрдік. Біздің Ел­ба­сымыз кезінде одақтық дең­гей­дегі үлкен лауазымды қыз­метке шақырылғаны да есімізде, сонда оны қаламадық, өйткені, елі­міз бас­шысыз қала ма деп қи­налдық. Ал 20 жылда еліміз көп­теген ауырт­палықты артқа тастап, өз дамуының даңғылына түсті. Қазақ елінің жаңа тарихының Елба­сының ерен еңбегі арқасында жарқын беттері жазылып жатыр. Мұнан соң мінберге сенатор Қуаныш Сұлтанов көтерілген. Кі­тапқа қатысты өз түйгенімді айтсам, бірінші – бұл кітаптың жаңалығы – тарихи саяси деректілігі, екіншісі – Еуропа жұрт­шы­лығында бұрынғы Кеңес Ода­ғы­нан шыққан елдерге, тіпті Азия елдеріне қатысты қалыптасқан сте­реотипті бұзып, автордың өзі­нің көзқарасын ұсынуы, бар жақсылық пен өркениеттің тек кәрі құрлықта ғана емес, өзге жұртта да бар екенін айтып, қалыптасқан қағидатты қайта қарау жөн дегені. Үшіншісі – әрине, шүкіршілік, жалпы бұл– тұлғатанудағы ерекше еңбек, деді сенатор. «Егемен Қазақстан» респуб­ли­калық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов: «Біз ба­ғалау туралы көп айтамыз. Ал ол са­лыстырмалы категория. Бі­реу­дің «керемет» дегенінен бі­реудің «жаман емес» деген ба­ғасының артық болуы мүмкін. Бәрі де бағаны кімнің беруіне байланысты. Біз өзіміз қанша айтсақ та, біз туралы, ел туралы, Елбасы тура­лы сырт­тан айтылған сөздің құны бө­лекше. Ендеше, біз осы кітап­тың жазылу фактісінің өзіне ерек­ше назар аударуымыз қа­жет. Автор Нұрсұлтан Назар­баев­тың қызмет аясы тек Қазақ­стан­мен шектелмейтінін дәлел­дейді, оның елімізді дамытумен, көр­кей­тумен шектеліп қалмаған­ды­ғын дәйектейді, Нұр­сұлтан На­зарбаевтың Кеңес Ода­ғының ыды­рауы тұсындағы, ГКЧП бүлігі кезіндегі, ТМД-ны құ­рудағы бүкіл әлем тағдырына әсер еткен қадамдарын нақты мысалдармен көрсетеді», деді. Сондай-ақ С.Абдрахманов жи­нал­ғандар на­за­рын мына жайға бұрып өтті. Ол – кітапта ұлты­мыздың абыз ақсақалы Бәйкен Әшімовке қатысты де­рек­тің бұр­малануы: «Мәселе Джонатан Айткеннің Бәй­кен Әші­мов­тің үк­і­мет бас­қарған 14 жылын 20 жыл деп көрсеткенінде емес, сол жыл­дарды ол тек билікке бас шұл­ғумен ғана өткізді  деуінде. Ал ол баға Бәйкен Әшімовтің өмір си­патына дәл үйлеспейді», деді С.Абдрахманов. Ба­сы­лым бас­шысы бұдан кейін кітап авторы­на құнды еңбегі үшін рахмет айта келіп, Нұрсұлтан На­зар­баевтың әлем­дік деңгейдегі саң­лақ саясаткер ретінде ай­рықша танылған тұсы елімізді ЕҚЫҰ төріне алып шық­қан, Ұйым Саммитін өт­кізуге қол жет­кізген шағы екендігін еске са­лып, алдағы кезде осы кезең­дерді қамтитын еңбек жа­зуын ұсынды. Тұсаукесерде ғалымдар Мақ­­сұт Нәрікбаев, Жабайхан Әбділ­дин, студент Арайлым Сейітжан өз ойларымен бөлісті. Рәсімнің соңында ата ғұрпымен шапан жабылып, құрмет көрсе­тілген Джонатан Айткен өзінің біздің елге деген жүрекжарды лебізін жеткізді. Болашақта Қазақ­станның XXI ғасырдағы дамуы жайында кітап жазатын ойы бар­лығын айтып, өз туын­дысына қатысты айтылған жекелеген тілек-ескертпелердің дұ­рыс­ты­ғын, ендігі шығарма­сын­да оларды ескеретіндігін мәлім­деді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.