Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кездесуде А.Есімов Мемлекет басшысына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық, сондай-ақ, оның мазмұндық тұрғыдан жабдықталуы жөнінде баяндады.
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатқанын айтты. Қазіргі кезде 87 ел және 15 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растаған.
Көрме тақырыбын ашатын тақырыптық нысанның бірі «Үздік тәжірибелер аймағы» павильоны болмақ. Бұл аймақта қатысушылар энергетика саласындағы жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, технологияларды, стратегиялар мен жобаларды ілгерілету тұрғысында пікір және тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады деп жоспарланып отыр.
Қазақстан Президенті кейіннен Қазақстан павильонын Болашақтың музейінің негізі ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін көрме контентінің сапалы болуы үшін халықаралық тәжірибені қолданудың маңыздылығына назар аударды.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ