• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Мамыр, 2016

Жеті мың тасбақа еркіндікке жіберілді

542 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Ресей шекарасында контрабандалық жүк мамыр айының басында ұсталған. Құжатта арматура, пластикалық құбыр деп көрсетілген қаптардың ішінен шақ болмаса өлуге қалған 7 мың тасбақа шыққан. Тасбақаларды тырбаңдап тіршілік белгісін білдірмес үшін аяғын арқасымен қосып скотчпен жапсырып тастайды. Қазақстан өңірінен теріліп алған тасбақалар елге қайтарылмас бұрын Орынбордағы университеттің зоология кафедрасының оқытушылары оларды арнаулы бөлмеге орналастырып, биологтардың бақылауында болыпты. Тасбақалар естерін жиып, күш-қуат алғаннан кейін Қазақ­станға қайтарылды. Олар мамандардың қатысуымен «Арыс-Қаратау» мем­лекеттік табиғи қорығының ерекше қорғалатын аймағына жіберілді. Кейінгі кезде ешкімге зияны жоқ бауырымен жор­ғалаушыларға қиянат жасаушылар көбейіп кетті. Сондықтан тасбақалар еркіндікке жіберілердің алдында олардың сауытына қызыл бояу жағылды. Мұндағы мақсат, тасбақаға қастық қылғысы келгендерді үркіту әрі қызыл бояуы арқылы олардың әрі қарайғы тіршілігін зерттеу нысанға алынады. Алматыдағы зоологиялық институты қызметкерлері араға ай салып қайта келіп, тасбақалардың жаңа ортаны жерсінуін қадағалайды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Бақыт Мұсалиев: «Негізінен ғылыми инс­титут мамандарымен бірлесіп жы­нысын анықтап, келесі жылы осында қала ма, қалмай ма, соны білу мақсатында бояп, көлемін біліп, бәрін зерттеп, жіберіп жатырмыз», – дейді. Адамның қатыгездігінде шек жоқ қой. Тасбақаны тағам ретінде пайдаланатын Қытай сияқты елдерде қайнап тұрған қазанға тірідей тастап жібереді. Байғұс аласұрып, жаны шығып кеткенше жас балаша шыңғырады екен. Керең құлақтар естімейді. Ал тасбақаның қарғысы қатты болады дейді. Бірақ ақша үшін бәріне баратын қаскөйлер ертеңгісін ойлап жатпайды. Тасбақаның бұл түрі «Қызыл кітапқа» енбегендіктен, құқық қор­­ғау органдарының да қолы қыс­қа. Айыппұл салады, сот жоқ. Соны біліп алған қаскүнемдер осын­­дай тағылыққа ойланбастан ба­ра береді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»