• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

Қауіп-қатерге тойтарыс беретін бірегей шешім қажет

573 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Діндер терроризмге қарсы» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. Оның жұмысына халықаралық ұйымдардың басшылары, шетел Парламенттерінің депутаттары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының мүшелері, елімізде тіркелген дипломатиялық корпустың жетекшілері мен сарапшылары, еліміздің Парламентінің депутаттары және бірқатар министрліктің өкілдері қатысты. Конференцияны Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының Төра­ғасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты және жүргізіп отырды. Жиынға Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев қатысты. Түсінікті түбегейлі өзгерткен терроризм Жиынға төрағалық етуші Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм қазіргі заманғы өркениетке аса үлкен қауіп төндіріп отырған қатер екеніне қысқаша тоқталып өтті. «Осыған орай, терроризмге қарсы күрестегі күш-жігерімізді талқы­лау мақсатында тұңғыш рет осындай бірегей құрамда жиналған маңызды форумға қатысып отыр­ғандарыңыз үшін біз сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Сенат спикері конференция­ны ашардағы сөйлеген сөзінде. – Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев бүгінгі жиынға айрықша ма­ңыз бере отырып, форумға қаты­су­­шы­­ларға өзінің Үндеуін жолдады». Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысушыларға жолдаған Үндеуін оқып берді. «Бүгінде терроризм қатері халық­а­ра­лық қауіпсіздік туралы түсі­н­і­­гі­мізді түбегейлі өзгертті. Терроризм шекара талғамайды, бай және кедей ел деп бөлмейді. Осы­нау қауіпке тойтарыс беретін бірегей әрі жалпыға ортақ шешім әзірге жоқ. Сондықтан бұл жаһан­дық індетке лайықты қарсы тұру жолында бірлескен күш-жігерімізді еселей түсуіміз қажет, – делінген Мемлекет басшысының Үндеуінде. – Терроризм идея­ларын жою үшін бір кісідей жұмылу, саяси қайраткерлердің, діни жетекшілердің, қоғамдық пікір көшбасшылары мен бұқара­лық ақпарат құралдарының ағарту­шылық бағыттағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды». Бұдан соң Президент өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне тоқталды. «Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды, сондай-ақ, осы саладағы халықаралық құқықтық базаны жетілдіруді ұсындым. «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімде барша адамзатты жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты̀ сақтауға шақыр­дым. Бұл ретте түрлі конфессиялар, діндер, мәдениеттер мен өрке­ниеттер өкілдері арасындағы өзара түсіністіктің маңызы айрықша». Елбасымыз өз Үндеуінде қаты­су­шылар назарын осы жиын­ның маңыздылығына аударады. «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында сәтті өтіп жүрген саяси және діни қайраткерлер үнқатысуының бірегей форматын дамытуға айрық­ша серпін береді, – деп атап өтеді Президент. – Осы форум­ның Астанада өтуінің өзіндік мәні бар. Жүзден астам этнос өкіл­дері тұратын Қазақстан хал­қы «әралуандық арқылы бір­лік» қағидатын ұстанады. Бұл біз­дің халқымызға сан түрлі қиын­дық­­тар­ды еңсеру, әлеуметтік-эко­но­ми­калық даму жолында зор же­тіс­тік­терге жету үшін күш-қуат берді». Мемлекет басшысы конферен­цияға нәтижелі жұмыс тілей келіп, жиында тың идеялар ұсыны­латынына сенім білдіреді. «Бүгінгі басқосу мәдениеттер мен діндер үн­қатысуы тәжірибесін байы­та түсетініне және сіздердің тарап­тарыңыз­дан терроризмге қарсы іс-қимыл барысындағы діннің рөлін арттыруға бағытталған тың идеялар ұсынылатынына сенімдімін». Елбасының Үндеуі ықыласпен тыңдалған соң, Қ.Тоқаев сөз сөйледі. Қазақстан Президентінің Үндеуі бүгінгі іс-шараның аса жоғары мән-маңызын көрсетіп отыр, деп бастады ол сөзін. Осыдан он үш жыл бұрын Н.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастама көтерді, содан бері бұл бірегей форум Астанада тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осыған дейін өткізілген бес съезд осы үнқатысу алаңының XXI ғасырда айрықша қажет екенін көрсетіп отыр. Осы жылдар ішінде съездің ауқымды құжаттамалық негізі қалыптасты, онда әлемдегі діни қайраткерлердің қазіргі заманның барлық өзекті мәселелері бойынша ортақ ұстанымдары мен көзқарастары көрсетілген. Олардың қатарында дінаралық үнқатысу қағидаттары, жаһандану жағдайындағы мәдениеттердің ықпалдастығы, жалпы адами құндылықтарды сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, терроризмге қарсы іс-қимыл және басқа да мәселелер бар. Астана съездерінің құжаттары консенсус бойынша қабыл­данған, бірлескен іс-әрекет­тердің нәтижесі болып табылады. Бұдан кейін жиынға төрағалық етуші өткен жылы Астанада өткен съезге тоқталды. Оның тоқ­талып өткеніндей, 2015 жылы маусымда өткен форум съезді жете­к­ші діни және саяси лидерлер үнқатысуының деңгейіне көтерді. Съезд жұмысына алғаш рет БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания Королі Абдалла II, Финляндия Президенті Саули Ниинистё және барша діни көшбасшылар қатысты. Ал бүгінгі форум осы үнқатысуға жаңа серпін беретін болады. Осы жылдың басында әлемнің әр түкпірінде террористік актілердің кезекті толқыны орын алды. Біз террористердің іс-қимылдарының әдістері мен түрлері кеңейе түскендігін көріп отырмыз. Радикалды топтар тұрақты қаржыландыруға ие болып, қазіргі заманғы технология­ларды тиімді пайдалануда әрі олар «квазимемлекеттік құрылым» мәртебесіне ашық түрде талаптанып отыр, деп жалғастырды сөзін спикер. Мұндай жаһандық қауіп-қатерге күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болады. Қазақстан Президенті конференция қатысушыларына жолдаған Үндеуінде терроризмді оқшаулау тәжі­рибесінен оны жою­дың жал­пыға бірдей стратегиясына көшуге табанды түрде шақырып отыр. Мемлекет басшысының ұсы­ныс­­тары форумның қорытынды құ­жа­­тында көрініс табады деп сенемін. Сөзінің соңында Қ.Тоқаев дінге сенетін адамдардың сенімін қорлайтын жайларға да тоқталды. Біз дінге сенетін адамдардың сезімін қорлайтын экстремистердің дінге қарсы әрекетін айыптайтын ортақ позицияны ұстанғанымыз жөн, деді ол осы жөнінде. Бұл орайда, тағы бір міндет алға шығады: хал­ық­­аралық-құқықтық деңгейде сөз бос­тандығы мен Құдайға тіл тигі­зу­дің аражігін ажыратып алған орын­ды. Бұл тұрақты түрде назар ауда­руды, үнқатысуды және өзара іс-қимылды талап ететін күрделі де жауапты жұмыс. Сондықтан біздің конференциямыз осы жұмысқа оң ықпал етуі қажет. Бүгінгі жиында терро­ризмге қарсы іс-қимылға ла­йық­­ты үлес қосатын сындарлы да же­­міс­ті талқылау болады деп сенеміз. Діндер әртүрлі, Құдай бір, адамдар тең Алдымен сөз кезегін Біріккен Араб Әмірліктері Федералдық Ұлттық Кеңесінің төрайымы доктор Әмәл Абдалла Әл-Кубейси алды. Сөзін осындай тамаша шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан басшылығына алғыс айтудан бастаған ол одан әрі ойын терроризм мәселесіне аударумен сабақтады. Терроризм кедейшілік пен білім­сіздіктен, басқа діндегілердің көз­қарасын білмеуден және оларға толерант­тылық жасай алмаудан бас­талады, деді шешен. Сондықтан бұл күресте зұлматтың алдын алу үлкен рөл атқарады. Террористік ұйымдар белең алған кедейшілік шегі шарықтаған өңірлерде діни төзімділікке үндейтін шаралар жиі өткізілуі керек. Олар мектепте ғана емес, үйде де, түзде де, телеарналарда да, интернетте де қатар беріліп жатқаны жөн. Қай күнде барлық халықтар ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дейді ғой. Бұл күресте де осындай әдіс­терді қолдану керек. Діни ағарту­шылық фанатизмге беріліп кеткен өңірлерде халықтың көзін ашып, саналарға білім нұрын құяды. Сондықтан біз дінді ағартушылық арқылы түсіндіретін кең ауқымды білім кешеніне кірісуге тиіспіз, деді Ә.Әл-Кубейси. Екінші сөз ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Роберто Монтеллаға берілді. Сөзін бүкіләлемдік тыныштық пен татулыққа қызмет ететін осындай шараны ұйымдастырып отырған Қазақстан басшылығына алғыс айтудан бастаған ол көтеріліп отырған тақырып төңірегіндегі біршама ойларын өзі қызмет ететін ұйымның шеңберіндегі шаралар негізінде әңгімелеп берді. Біз үшін осы аймақ елдерімен парламенттік үнқатысулар орнатудың маңызы зор. Біздің ұйымға Ванкуверден Владивостокқа дейінгі 57 мемлекет мүше екенін білесіздер. Олардың экономикалық дамуы, саяси ұстанымдары әртүрлі болғанымен, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға олар кедергі бола алмайды. Керісінше, экономикалық жағдайдың әртүрлі деңгейде болуы бір-бірінің ұстанымдарын сыйлап, өзара төзімділік танытқанда дамудың даңғыл жолына бірлесіп түсіріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатқан елдерді де көріп жүрміз. Біздің ұйым да осыны қалап, барлық мемлекетке жақсы экономикалық жағдай туғызуды көздейді. Толеранттылық, төзім­ділік және өзара сыйластық, міне, осы қасиеттер ЕҚЫҰ-ның өз мүше­леріне таратып отырған дәндері. Барлық кикілжіңдердің тек қана келіссөздер арқылы шешілуі қажет­тігін де біз үнемі насихаттап отырамыз. Соның ішінде дінаралық келіс­сөздер де біздің ұйымның баст­ы ұстанымдарының жүзеге асуына өзінің игілікті ықпалын тигізе алады. Сондықтан біз діни төзімділік мәселесіне қатты көңіл бөліп, арнаулы мамандар ұстап отырмыз. Ұйымның Парламенттік Ассамблеясы да тамырын тереңге жіберген көптеген діни кикілжіңдер бойынша үнқатысуларды алға жылжытуда өзіндік алаңға айналып келеді, деді ол. Одан кейін сөз Сауд Арабиясы Корольдігі Консультативтік кеңесінің мүшесі Ахмад бен Мұхаммад әл-Гамдиге берілді. Ол өзінің сөзінде Саудия Корольдігінің терроризмнің кез келген түрін қолдамайтын бейбіт, толерантты ел екенін атап өтті. Біздің мемлекетіміз терроризмнің алдын алатын шараларды тиянақтылықпен жүргізіп отырады. Біз лаңкестіктің діні де, азаматтығы да жоқ деп санаймыз. Сондықтан, оны қай діннің атынан жасалса да құртып отырамыз. Саудия Корольдігі 2005 жылы терроризмге қарсы өткізілген конференцияның бастамашысы болды. Оның қорытындысы бойынша БҰҰ шеңберіндегі терроризмге қарсы орталық құрылды. Корольдік сол орталықтың 10 млн. доллар болатын бюджетін қалыптастыруды өз мойнына алды. Сөйтіп, терроризмге қарсы күрес орталығының күшеюі мен іс-әрекетінің тиімді болуына біздің еліміз өзінің қомақты үлесін қосты, деді шешен. Одан әрі орталықтың жұмысына тереңірек тоқталып өтті. Оның халықаралық деңгейде жұмыс істейтіндігі де аталды. Одан әрі шешен Корольдікте терроризмге қарсы әрекет ететін қарулы топ­тың құрылып, қазір тиімді әре­кет етіп жүргенін тілге тиек етті. Сөзі­нің соңында ол Сауд Арабиясы Корольдігі Ислам дінінің атынан жа­са­латын террористік әрекеттерді қат­ты айыптайтынын жеткізді. Келесі сөз ЕҚЫҰ ПА вице-пре­зи­денті, Грузия Парламентінің де­путаты Георги Церетелиге беріл­ді. Өзінің сөзін шешен діннің адам­зат қоғамындағы орны мен пай­дасын көрсетуден бастады. Ал діни терроризм халықара­лық тұрақ­сыз­дықтың көрінісі, ол сая­си теке­тірестің түлегі, деді ол. Тер­­ро­ризмді құрықтау үшін оның алғы­­­шартын анықтау керек. Соны­мен қатар, оны құрықтауды әскери қи­мыл­­дармен ғана емес, керісінше, үн­­қа­ты­су­лар арқылы адам қыр­ғы­нына жол бермей жасаған дұрыс. Сон­дай-ақ, экономикалық, идео­ло­гия­лық, тіпті, мәдени шараларды да қол­дануға болады. Адамды сый­лау, оның құқы мен бостанды­ғын аяқ­қа баспау – терроризмнің алдын алу­дың ең басты алғышарты. Тек осы­лар­дың бірінің бұзылуы ғана терро­ристік әрекеттердің өріс­теуіне жол ашады. Одан әрі шешен өзі қызмет ететін ЕҚЫҰ ПА осы ба­ғыт­тарда үлкен жұмыстар істей­ті­нін тілге тиек етті. Сөзінің соңын­да шешен өзінің отаны Грузия­да діни төзім­ді­лік­тің берік қалыптас­қан­ды­ғы мақ­тан етуге тұрарлық екенін атап өтті. Осыдан әрі сөйлегендердің арасында Латвия Республикасы Сеймі­нің депутаты Ингунда Судраба­ның сөздері де әсерлі шықты. Оның айтуына қарағанда, Латвия кон­фес­сияаралық және этносаралық үнқатысудың үлгісі болуға лайықты елдердің бірі екен. Бізде түрлі конфессия­лар кикілжіңнен қашып, бір-бірі­мен достық қатынас орнатуға асығады. Бізде адамгершілікті қор­ғай­тын арнайы қоғам бар. Ол бас­қа қыз­меттерімен қатар, діни бір­лес­тік­тер­дің де мүдделерін қорғап, оларға заңгерлік тұрғыда қызметтер де көрсетеді. Осының өзі діндер арасында өзара сенім тудырып, оларды дін атын жамылатын терроризмге қарсы күресте біріктіреді. Сонымен қатар, әлеуметтік сауалдамаларға қарағанда, Латвия тұрғындарының 40 пайызы өздерінің ешқандай дінге кірмейтіндігін айтқан. Одан әрі шешен әлемдік қайшы­лықтар туралы айтып, ғалым­дар­дың зерттеулерінше, 2016 жылы Жер тұрғындарының 1 пайызына барлық әлемдік байлықтың жартысы тиесілі болатынын жеткізді. Осыдан кейін қандай теңдік туралы айтуға болады? Біз күн сайын өзін ғана ойлап, барлық ырыз­­дықты жеке-дара қалтасына бас­­қысы келетін адамдар туралы ес­тіп, біліп отырамыз. Олар үшін ең үлкен қазына тек ақша, пайда, әлеу­меттік мәртебе. Адамгершілік және рухани құндылықтарды олар білмегенімен қоймай, қолдарынан келген жерде аяққа басуға тыры­сады. Екінші жақтан аштық, жетіс­пеу­шілік ұлғайып барады. Осы­ның бәрі адамзаттың азуына соқтырары сөзсіз. Білім беру жүйесі де адамгершілік құнды­лықтарды таратуға емес, ақпарат алу бағытында ғана жұмыс істеп кетті. Осының бәрі адамдарды тер­рористік актілер жасауға итер­мелейді. Олар терроризм арқылы ар­мандаған дүниелеріне қол жет­кі­зетіндей көреді, деп шешен лаңкестіктің төркіні кедей­ші­лік­те, соның ішінде рухани және адамгершілік қасиеттердің жоғал­ған­дығында екендігін айтты. Дін – бітімгершілік құралы Әзербайжан Милли Меджлисі төрағасының орынбасары Бахар Мұрадова өз сөзінде күн тәрті­біндегі мәселенің өзектілігіне кеңі­нен тоқталды. Терроризм нақты бір өңірмен шектелмейтіндігін, экст­ремистердің діни ұранды өз мақ­саттарына, қылмыс жолына пай­­далануы қазіргі замандағы өзекті мәселе болып отырғандығын тілге тиек етті. Сол себепті оған қар­сы күресте бүкіл тетіктерді пай­далануымыз қажет, деп бір қайырды сөзінің орайын. Әзер­байжан да көп конфессиялы ел. Соған қарамастан, түрлі дін өкіл­дері­нің ынтымағы жарасым тауып отыр. Елде жылына бір мәрте мәде­ниетаралық диалог өткізіліп тұрады. Оның негізгі мақ­саты түрлі дін өкілдерінің басын бірік­тіру және өзара түсіністіктің маңы­зын арт­тыру болып табылады, деді Қазақ­станның терроризмге қатысты ұйымдастырған жиынын тілге тиек ете отырып. Әзербайжан Милли Меджлисі төрағасы орынбасарының пікірін­ше, экстремистік идеология­ға қар­сы пәрменді жұмыс жүргізу, соны­­мен қатар, ғалымдар саясат­кер­л­ер­мен бірлесе отырып, терро­рис­­тер­дің тұғырнамасына қарсы күрес­ті жандандыруы қажет. Зор­лық­­шыл идеяны озық идея ғана жеңі­ліс­ке ұшыратады. Сол себеп­ті діни құн­дылықтардың маңыз­ды­лы­ғын күшейте отырып, діни ағар­ту­шы­лыққа басымдық бергенде ғана жұмыс нәтижелі болады. Мәскеу Патриархатының дін­ара­­­лық қатынастар бойынша сырт­­қы шіркеулік байланыстар бөлімі­нің хатшысы, Ресей Дінара­лық кеңесінің атқарушы хатшысы Дмитрий Сафонов өз сөзінде экстре­мистер дін­нің атын жамылып, өз­дерінің арам пиғылдарын жүзеге асы­­рып жатқандығын жеткізді. Экс­тре­мистердің Таяу Шығыс пен Сол­түстік Африкадағы жауыз­­дық­пен жүргізген қанды оқиғаларын сын­ға аламыз. Қасиетті діннің атын жа­мылып, олар өздерінің әрекет­терін іске асыруда. Геноцидтің кесі­рі­­нен жергілікті тұрғындар елін тас­­тау­ға мәжбүр болып, босқынға ай­нал­ды, деді ресейлік мейман. Дмитрий Сафонов экстре­мис­тер­ден зардап шеккен хрис­тиан­­дар мәселесіне кеңінен тоқ­тал­ды. Таяу Шығыстағы жағдай­дың шиеленісуі, соңғы жылдар ішін­де Мысырдан жүз мыңдаған хрис­тианның босқынға айналғаны әң­­гіме арқауына айналды. Алай­да, әлем­дік қоғамдастықтың бұл мәсе­леге жеткілікті көңіл бөл­­­мей отыр­ғанын, сол себепті ха­лық­­­аралық экстремизмге қар­­сы бел­сенді күрес жүргізу керек­­ті­гін қаперге салды. Бұл өзе­кті мәсе­леде саясаткерлер мен дін­ба­сы­лар бірлесіп әрекет жа­са­ған­­да ғана тиімді нәтижеге қол жет­кізуге болатынын, олардың бейбітшілікті орнықтыруда үлкен рөл атқаратынын жеткізді. Иран Ислам Республикасы Ислам Консультативтік Кеңесі төраға­сының бұрынғы бірінші орын­басары Саид Мұхаммад Хассан Абутораби-Фард өз сөзінде осындай алқалы жиынның бейбіт өмір сүруге ұйытқы болатындығын жеткізді. Иранның тәжірибесінде дін жақсы үрдістерге, ізгіліктерге жол салды, халықтардың бірігуі­не жол ашты. Иран қазір Таяу Шығыс­тағы қауіпсіз елдің бірі болып табылады, деді Саид Мұхаммад. Ол террористердің түпкі мақ­са­ты тереңде жатқандығын айтты. «Экст­ремиз­ге қарсы күресте жеңіс­ке жету шектеулі уақытта мүм­кін емес. Экстремистер әлемнің бар­лық бөлі­гінде бір тілде сөйлейді – қоғам­­дағы ынтымақты бұзғысы келе­­ді. Еуропадағы мешіттерді жару, Ирак пен Сириядағыдай шіркеу­лерді бұзу сондай ниеттен туын­даған. Олар өздерін дұрыс жолдамыз деп есептейді, басқа дін­де­рмен диалогқа келе алмайды. Ең бастысы, террористер қауіп-қатер­лерді пайдалана отырып, билікке жеткісі келеді», – деді ол. Бүкіләлемдік буддистер қауым­дастығының бас хатшысы Фаллоп Тайиари болса, террористік әре­кет­тердің бүгінгі таңда бүкіл әлем­ге үрей туғызып отырғанын айта келіп, бірде-бір дін терроризмді қол­да­майды деген пікірін шегелей жет­кізді. Сондай-ақ, ол зорлық-зом­былыққа қарсы әрекеттерді ең­серу үшін діндер дұрыс білім таратуы қажеттігін, терең білім алмаған адам лаңкестердің қармағына оңай түсетіндігі туралы ұсынысы жиынға қатысушылардың ойынан шыққандай болды. Отбасында, елде ғана емес, жаһандық дең­гей­де бейбітшілік орнығуы керек. Шын мәнінде әрбір дін бейбіт­ші­лікті қолдайды және адамзат үшін ең маңызды мәселе – бейбіт­ші­лікті қамтамасыз ету. Әрбір дін­нің қағидаттары ақылды болу­ға, сонымен қатар, бейбіт қатар өмір сүруге шақырады. Дін зор­лық-зомбылықтың емес, бітім­гер­шіліктің үлкен құралы болып табылады, деді шешен. Сөзінің соңында Фаллоп Тайиари: «Үйлесімділікпен бей­біт қатар өмір сүру үшін өзің де үй­ле­сімділікті насихаттауың керек», деген Будданың қанатты сөзі бар екен­дігін айта келіп, жиынға қаты­су­шы­ларды терроризмге қарсы күрес­ті үйлесімділікпен жүргізуге шақырды. ГФР Бундестагының депутаты Аксель Фишер: «Осы лаңкестік әре­кеттерге жауапкершілікті өз­дерін «исламдық» деп атайтын топ­тар алып отыр. Алайда, біз осы лаң­кестік топтарды исламдық ұйым­дар деп сипаттаудан бас тартуы­мыз қажет. Атап айтқанда, бұл ұйым­дарда ислам атын жамы­лып, өздерінің талаптарын қою­ға құқы жоқ», – деді. Осы орай­да А.Фишер барша әлемді діни қауым­дастықтарды қорғау керектігін, құндылықтарды лаңкестерге қар­сы қолдану қажеттігін атап өтті. Ұлт­тық биліктер діни қоғам­дас­тық­тар­дың әлеуетін көбірек назарға алуы тиіс, диалог құру бағытында бел­сен­ді жұмыс атқаруы тиіс. Өз кезе­гінде бұл қоғамдастықтар бейбітшілікте өмір сүрудің ортақ құндылықтарын насихаттауға ерекше мән беруі керек. Біз білім беру мен әлеуметтік саясат арқылы лаңкестік ортаның құрылуына тосқауыл қоя аламыз, деді Бундестаг депутаты. Король Абдалла атындағы Халық­­­­аралық дінаралық және мәде­ние­т­­аралық орталықтың бас дирек­торы Фахад Абулнаср өзі басқа­ратын ұйымның мақсаты конфе­рен­цияның мақсатымен астаса­тын­дығын жеткізді. Әртүрлі дін­дер арасында көпір орнатуға ұмты­лыс. Түпкі мақсаты әлеуметтік тең­дік­ке қол жеткізу. Бірде-бір дін оның аты­мен зорлық-зомбылық жасау­ға жол бермейді. Керісінше, дін тер­ро­ризм мен экстремизмге қатысты мәселені шешудің жолы болып табылады, деді Фахад Абулнаср. Халықаралық конференция­дағы шешендердің сөзінің «бісмілләсі» Қазақстан Прези­денті­не алғыс айтудан, риза­шы­лы­ғын білдіруден басталды. Әлем­дік деңгейдегі өзек­ті мәселе төңі­регіндегі жиын­ға бас­тама­шы­лық таныт­қаны үшін. Не дейміз, елордада өткен конфе­рен­цияның сауабы мол болсын дейміз-дағы. Сауабы мол болсын демекші, кон­ференцияның соңында «Діндер тер­роризмге қарсы» кон­фе­рен­ция­­сына қатысушылар мәлім­деме қабылдады. Ізгіліктің, бей­біт­­ші­ліктің белгісіндей бол­ған сол мә­лім­деме дүниенің түк­пір-түкпіріне таралатын бола­ды. Ал оның қыс­қа­ша мазмұны төмен­дегідей. Мәлімдеме – мән-жайды нақтылайтын құжат Яғни, онда қатысушылар бірың­ғай діни руханиятқа, халық­аралық қауіпсіздікке және адамзаттың өркендеуіне төнген аса қауіпті және күрделі қатерлердің бірі ретінде барлық түрдегі және көріністегі терроризм мен зорлықшыл экстре­мизмді үзілді-кесілді айып­тай­тын­­дықтарын айтады. Санда­ған жазықсыз адамдардың өмірін қиып, адам құқықтары мен ер­­кін­­дік­терін бұзып, тұтас ұлттар мен мем­лекеттердің қасі­ретіне айнал­ған, әлемнің түрлі аймақ­тарында орын алып жатқан қатыгез тер­рористік актілер біз­дің жанымызды түршіктірді. Әлемнің кейбір ай­мақ­тарындағы діни қауым­дардың қасіреттерін қай­ғыра қабыл аламыз. Жүз мың­даған бейбіт тұрғын өз үй­лерін тастап, террористер ғиззат­­ты діни көшбасшыларға шабуыл жасауға ұмтылуда. Ежел­гі діни ескерткіштер мен қасиет­ті орындарға үлкен зиян кел­ті­ріл­­ді, дейді конференцияға қатысушылар. Сондай-ақ, олар өздерінің толе­рант­тылық, бейбіт қатар өмір сүру және дінаралық диалог қағи­даттарына қайта назар аудара оты­рып, діндер мен олардың символ­дарын қаралауға (диффамация) тыйым салу туралы БҰҰ Бас Ас­самб­леясының қарарын қабыл­дау­дың маңыздылығына ерекше назар аударады. Халықаралық терроризм діни ұрандарды жамылу арқылы адамның құқықтары мен еркіндіктерін таптап, адамзат өркениетінің мәдени және рухани мұрасына елеулі залал келтіріп, конфессияаралық үйле­сім­діліктің беделін түсіріп, оған қауіп төндіріп отырғанына зор алаңдаушылықпен қараймыз. Экстремизм мен терроризм идео­логиясы діндердің гуманистік табиғатына қайшы келеді деп санаймыз және дінге сенушілердің конфессиялық-доктриналық көз­қарастарын радикалдандыруға бағытталған террористердің ұмты­лыстарын үзілді-кесілді айыптаймыз, өйткені бұл халықтардың рухани бірыңғайлануына және олар­дың өзара кемелденуіне, тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықаралық қауіпсіздікке орны толмас зиян келтіреді, дейді өздерінің мәлімдемелерінде қатысушылар. Осы орайда олар мемлекеттер өз юрисдикциясындағы барлық азаматтарды террористік актілерден қорғау үшін шаралар қабылдауы тиіс екендігін мойындай отырып, терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы күрес тұрғысынан адамдардың құқықтары мен негізгі еркіндіктерін көтермелеу және қорғаудың аса маңызды екеніне айрықша назар аударады, сонымен бірге, экстремистік идеология алдында жастардың мейлінше әлсіз болып бара жатқанына қатысты ерекше алаңдаушылық білдіре отырып, барлық елдерді радикализацияның, терроризмнің және зорлықшыл экстремизмнің алдын алу үшін жастарды тартып, олардың құқықтары мен мүм­кіндіктерін кеңейтуге бағыт­талған күш-жігерді еселей түсуге шақырады. Экстремистік идеологиямен күрес тұрғысынан жас­тарды тәрбиелеудегі әйелдер мен отбасының рөлін ерекше атап көрсетіп, экстремистік және тер­рористік идеологияға ұтым­ды түрде қарсы тұру үшін халық­ты сәйкес діни біліммен және діни көшбасшыларды арнайы дайын­дықпен қамтамасыз етудің маңыз­дылығына назар аударады. Түрлі саяси деңгейлерде ше­шім­­­дер қабылдауға әйелдер мен жас­­тарды қатыстырудың мән-ма­ңы­зын баса көрсететін Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіпсіздік Кең­е­сінің 2250 және 1325 қарарларын қол­дайтындарын айта келе, қаты­су­­шылар терроризм мен зор­лық­­шыл экстремизмді бірде-бір нәсіл­ге, этностық текке, ұлтқа немесе дінге балауға болмайтыны мен балануға тиіс емес деп сене­тін­діктерін білдіреді. Сонымен қатар, шараға қаты­су­шылар БҰҰ-ның Жаһандық контр­террористік стратегиясын одан әрі ілгерілетуді қолдайтындықтарын айта келіп, мемлекеттерді осы стратегияны іс жүзінде іске асыруға күш салуға және терроризмнің халық­аралық анықтамасын әзірлеу бо­йынша мәмілеге келуге шақырады. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаһандық контртеррористік стра­тегия ережелері мен БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің қарарына сәйкес, БҰҰ-ның аясында жаһандық анти­террористік коалиция құру және БҰҰ-ның терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын қабылдау туралы бастамасына қолдау білдіреді. Әлем қауымдастығын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың соғыстар мен жанжалдар вирусын жою бо­йынша үйлесімді және жауапты іс-қимылдар ұсынатын «Әлем. ХХІ ғасыр» атты Манифесін қол­дауға шақырамыз. Ядролық терроризм қаупіне байланысты ерекше алаңдаушылық білдіреміз. Әлем қауымдастығын ауқымы бо­йынша жаһандағы төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан, осыдан 25 жыл бұрын Семей ядро­­лық сынақ полигонын жа­уып, барша планетаның қауіпсіз бола­шағына теңдессіз үлес қосқан Қазақстанның жолын үлгі тұтуға шақы­рамыз, дейді халықаралық конференцияға қатысушылар өз­дерінің мәлімдемелерінде. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Жақсыбай САМРАТ, Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар