қаланың сәнін келтіріп тұр
Қалада қазір көптеген жаңа ескерткіштер бой түзеуде. Алайда, ол музыкалық аспапқа алғаш рет орнатылып отыр. Мұндай ескерткіш бұдан бір жыл бұрын орнатылуы керек екен. Бірақ оны металдан жасайтын шебер жуық арада табыла қоймаған. Табылғаннан кейін біршама уақыт келіссөздер жүргізілген. Ұста Қуатбек Есжанов көпке дейін бұған келісімін бермеген. Шебер қолымнан келе ме, келмей ме деп біраз толқыған сыңайлы. Көңіліне сенімділік орнап, тәуекелге бел буған шебер үш айда осы әсем ескерткішті жасап шығарды. Темірден құйылған домбыра ескерткіші Ақтөбе қаласының 147 жылдығы қарсаңында ашылды. Темірден түйін түйген шебер оның бірнеше нұсқасын жасаған. Түптеп келгенде, соңғы нұсқасы қабылданыпты. Ескерткіштің биіктігі – 6,30 метр, ені – 1,40 метр, шанағы – 2,5 метр, ал мойны 4 метр шамасында. Домбыра ескерткіші 12 перне, қос ішекті болып келеді. Домбыраның үкісіне дейін ұмыт қалмаған.
Ескерткіш авторы Қуатбек Есжановтың айтуынша, музыкалық аспаптың барлық заңдылықтары сақталған. Осындай ескерткіштер арқылы жастардың жүрегіне ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу қасиеттері сіңірілетіні де сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы