АСТАНА. 1 маусым. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өкімімен облыстық ішкі саясат басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аймақ басшысы тағайындалған жаңа басшыны облыс активіне таныстырды. Ол – Қайруллаев Айдын Бөкенбайұлы.
Айдын Қайруллаев 1981 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлу төбе ауылында туған. Ол 2002 жылы Қорқыт ата атындағы университетін – журналист, 2008 жылы осы оқу орнын заңгер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылы облыстық телерадиокомпаниясының редакторы болып бастаған. Әр жылдары облыс әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы, көмекшісі, облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдердің басшылары қызметтерін атқарған. 2015 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.
«Айдын Бөкенбайұлының ішкі саясат саласындағы тәжірибесі мол. Сондықтан бұл саланың жұмысын жүйелі ұйымдастырады деп сенемін», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.