• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Көкжал Барақ келешекке көз тастайды

2477 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Отаным, жерім, елім деген әрбір азамат қуаныштан бөркін көкке атып, талай уақыт көтеріңкі көңіл күйде, қуанышта болды. Әрбір азамат өзінің ұнатқан ісімен айналасуға мүмкіндік алды, оған жағдай жасалды. Ел еңсесі көтерілді. Өткен-кеткенімізді, тарихымызды түгендей бастадық. Талайдан ұмыт болған хан-билерімізді, батырларымызды, ақын-жазушыларымызды еске түсірдік. Өткен жылы бүкіл ел болып Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Мереке барлық ауылдарда, аудандарда, облыс орталықтарында, бас қалаларымыз – Астана мен Алматыда да өтті. Осындай шаралардың бірі Күршім ауданында бастау алған болатын. Ауданда Абылай хан батырларының бірі, жеті Көкжарлыдан шыққан Көкжал Барақ батырға арналған ескерткіш бой көтеріп, ашылу рәсімі жоспарланып отыр. Көкжал Барақтың өмірбаяны туралы мәлі­меттер тапшы. Ол 1701-1702 жылдары Шар мен Жарма аралығындағы Қызылсу өзенінің бойында туып, 1772 жылы шайқас кезінде жау қолынан қаза табады. XVIII ғасырдың бірінші жартысында Алтай тауларын, Ертіс өзенін мекендеген қазақтар жоңғарлардың жасаған жорықтарынан көп зардап шекті. Жаудың өтінде отырғандықтан қалмақтар шабуылдап, малын айдап әкетіп, адамдарын мал бағуға, құлдықта ұстауға тырысты. Осындай шабуылдардың бірінде қалмақтар Барақтың әкесі Шүректің ауылын шауып, адамдарын байлап-матап, малын айдап кетеді. Шүрек те, Барақтың шешесі де қаза табады. Нағашысы Назардың ауылына қонаққа кеткен Барақ 9-10 жаста болса керек. Ерте жетім қалған бала Барақ Назардың қолында қой бағып жүреді. Жасынан кектенген ұл тез есейе бастайды. Күн санап көркейіп, жыл санап есейіп, кесек денелі, түсі суық, көп сөйлемейтін, жұмысына тиянақты жігіт болып өседі. Нағашысы 13 жасында жылқы бағуды сеніп тапсырады. Ерге тақымы мықты Барақ шу асауларды тастаған арқанымен тапжылтпай ұстап тұрады екен. Он бесінде Қойбике есімді қазақ қызына үйлендіреді. Қойбикеден Бостан, Дос, Кәдір деген үш ұл дүниеге келеді. Кейіннен бес қалмақ қызына (Топжал, Баба, Барын, Назым, Домалақ) үйленеді. Белгілі ғалым Сәбетқазы Ақатайдың айтуынша, батырдың өз кіндігінен тараған ұл-қыздарының шаңырақ саны 86-дан асады. Жоңғарларға қарсы соғыста көрсеткен ерліктері үшін Абылай хан Күршім өзенінің оң жағалауындағы жерлерді сыйға берген екен. Бұл күндері батырдың ұрпақтары негізінен осы аймақта орын тепкен. Елі, әке-шеше, туған-туысқандар үшін жонғарлардан кек алуға ұмтылған батыр 16 жасында атқа қонады. Ақтық демі қалғанша күш-қайратын, қуатын елін сырт жаулардан қорғауға арнады. Тарихта айтылатын атақты Шорға соғысында көрсеткен батырлардың ерліктерін жырлаған Бұқар жырау Көкжал Барақ батырдың ерлігін былай сипаттайды: Ерлікке толы оқиғалардың ішінде ерекше орын алатын Шаған шайқасында Аягөзге келген Доржы бастаған қалың әскерді Барақ пен Жәнібек бастаған халық жасақтары жермен-жексен етіп жеңеді. Қазіргі Шығыс жерінде, Өскемен, Семей, Алтайды өрлеп, Тарбағатай жерінде, Қандысу өзенінде қырғын соғыс салады. Бұл жерде де Көкжал Барақ батырдың есіміне байланысты жауды жеңген жеңісі тарихта қалды. Күршім өңірінде жасаған ерліктері туралы Бәдел Тұрсынбаевтың «Барақ батыр, Абылай» атты дастаны еліміздің Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылым академиясының орталық ғылыми кітап­ханасында сақтаулы. Араб әріптерімен жа­зылған дастан 2700 жолдан тұрады. Бұл дастан Шығыс өңіріндегі Көкжарлы Найман, Қаракерей, Сарыкерей, Саржомарт руларының көнекөздерінен, яғни, бұрынғы Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Үлкен Нарын, Марқакөл аудандарының жергілікті халқынан жиналып алынды. Қытайдың Лүңгір ауданында жазған дастанды автор академия кітапханасының сирек кітаптар және қолжазбалар қорына тапсырған. Шығармада қалмақтың батырлары Күрсін, Доланқара, Сум, Толағай қазақ батырларымен жекпе-жекке шығып, Барақ батыр, Ер Жәнібек, Танаш, Шон қолдарынан қалай қаза табатындары сипатталады. Әсіресе, Қабанбай батыр мен қалмақтың қолбасшысы Көңтәжі шайқасы тамаша берілген. Қалмақтар қырғын табады, Қалмақты қазақ жеңген жер Жазасын жаудың берген жер, Қан төгілген сол өзен, Қандысу болып қалады, делін­ген дастанның тілі жатық, ұйқастары келісімді, мазмұны түсінікті, оқуға жеңіл. Қазақ батырларының жоңғар шап­қыншы­ларымен шайқасқан жерлері Балқаш, Көк­шетау, Алатау, Жетісу, Сарыарқа, Іле өңірі, Еренқабырғаны бойлап Алтайға, Тарбағатайдан Ертіске құлап, ұлан-асыр алқапты алып жатыр. Он алты жасында жауға қарсы қаруын асынып шыққан Көкжал Барақ жетпіске келгенше аттан түспей, туған жерін, елін қорғап, ерлік туын желбіретті. «Келіпті Көкжарлыдан Көкжал Барақ» атты еңбегінде тарих ғылымдарының докторы Сәбетқазы Ақатай былай деп жазды: «...Барақтың азан шақырып қойған өз аты да, қан майданда құрмет түрінде алған «Көкжал» деген лақап аты. Қалихан Алтынбаев пен Бәдел Тұрсынбаевтың ел ішінен жинаған аңыз-әңгімелеріне қарағанда, құба қалмақтың Күрсін (осы батырдың атымен Күршім ауданы аталады. Не деген мырзашылық!), Долон-хара, Арқа-ола, Тарбағатай және Шоян атты бахадүрлерімен сайысқа шығады. Барақтың Топжал, Баба, Өлмес, Қойбақ және Барын деген әйелдері осы қалмақ батырларының қыздары. Сөз соңында Қазақстан тарихының кейбір кезеңінде «Барақ» атауының жиі кездесуінің себебіне тоқтағанымыз артық болмас. «Барақ» М.Қашғари лұғатында екі мағынада қолданылады: 1.сабалақ жүнді ит; 2.бүркіт қартайғанда екі жұмыртқа салады. Бірінен құмай құс, екіншісінен тазы шығады. Осы тазыны «барақ» деп атайды екен. Өткен кездің адамдары Барақ есіміне қызығуының себебі неде деген сұрақ та тууы мүмкін. «Барақ» атауының тағы бір ұшы араб тілімен де орайлас: «барақ» – жеңіс, мереке, береке мағынасындағы сөз. Бұл есімнің сахарада мұсылмандық салт дәуірлеу кезеңінде бел алуы оның сақ, үйсін, ғұн, XI –XII ғасырлардағы қыпшақ, XIII ғасырдағы монғол дәуірінде кездеспейтіндігінің де кепілі бола алады. Қазақ халқының сайда саны, құмда ізі қалмай, «ақтабан шұбырындыға» ұшырап, босып жүрген кезеңде еліне қорған болған арда ағасына риза ұлт енді тәуелсіздік алып, төрт бұрышы түгенделген тұста иелік танытып, есіне түсіріп, аруағын құрмет тұтқаны – есейгендіктің белгісі...». Барақ батыр туралы зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген жерлестеріміздің бірі, Шығыс өлкесінің тумасы, өзінің құнды шығармаларымен жұртшылыққа таныс, өлкетанушы, әдебиетші, айтыскер ақын, «Көкжал Барақ батыр» шығармасының авторы – Шекербану Жақыпова. Көптеген проза, поэзиялық еңбектер ішінде оның «Көкжал Барақ батыр» шығармасы құнды деректерімен ерекшеленеді. XX ғасырдың соңғы жылдары Шекербанудың бастауымен Күршім ауданында қазақ тілін дамыту, өлке тарихын зерттеу жүргізілді. Алматы қаласына қоныс аударғаннан кейін де батыр туралы ізденістерін жалғастырды. Елім деген азаматтардың көмегімен батырдың жерленген жерін іздеуді қолға алды. Үшжылдық іздестіру шараларының нәтижесінде батырдың жерленген жері анықталды. Бұл – қазіргі Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Ақсу мен Шу өзендерінің қиылысы. Барақ батыр ұрпақтарының бірі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Күршім ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Күршім ауданындағы Теректібұлақ ауылының тумасы Советхан Қалиғожин де батыр жөнінде зерттеу жұмысымен айналысып жүр. Ол Барақпен үзеңгілес болған басқа да қазақ батырларына іздеу салып, бірқатар шығармалар жазды. Соңғы шыққан еңбектерінің бірі «Нар найман саңлақтары» деп аталады. Бұл жинаққа кейінгі ұрпақтары бабасының бейітін тауып, басына мазар мен ескерткіш орнатқан Көкжарлы Қаратай батыр туралы, мәйіті қасиетті Түркістанда жерленген, бүгінде ұрпағы есімін ауылға беріп отырған Мамай батыр жайында, «Аблайкит» бекінісінен қалмақтарды қуып шығуда орасан ерлік көрсеткен, Тарғын, Тайынты, Өмеш жоталарын, жалпы қазіргі Ұлан мен Самар аудандарының аумағын жаудан тазартқан Сарыжомарт Танаш батыр, сансыз жорықтарда Бура қосынын бастап жүрген Ақпантай батыр, үш би мен Абылайдан мадақ алған Қараужасық Сатыпалды батыр, қазақ халқының тарихында «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен енген зар заманда ғұмыр кешіп, өзі би болған Терістаңбалы Жарылғап батыр, Көкжал Барақтың он мыңдығының құрамында Ақнайман жасағын басқарған Жаман (Бердіғожа) батыр, Сарыжомарт руынан шыққан құралайды көзге атқан Күркебай мерген туралы дастандары енген. Кітаптағы «Өтейдің абыз ақсақалы» туралы дастанның да жөні бөлек. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, отставкадағы гвардия полковнигі Хабдыашар Әміреновтің «Абылай хан құрметтеген», тарихшы, өлкетанушы Зайнолла Әбдікәрімұлының «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» еңбектерінде де мағлұматтар бар. Ақын, Ұлан ауданының тумасы Серік Ғаб­дуллин «Батыр баба рухына» атты жырында: Қазақтың Көкжал Барағы Сілкінткен тау мен даланы. Жорықтың жолы – Түркістан, Алтай мен Арқа алабы. Жүрек жұтқан ерлігі, Жарты әлемге тарады. Ақырғы демі біткенше, Түспеді қолдан жарағы, деп жырлады. Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхамет­қалым Шаяхметұлы көзі тірісінде бас болып, облыс орталығы Өскемен қаласында «Көкжарлы Барақ» қоғамдық қорын ашты. Қордың құрылтайшылары мен демеушілері қатарында Жанарбек Білімбаев, Қуаныш Қарсыбаев, Мұрат Тамбаев, Санақбек Кітапбаев, Әділбек Мәткәрімов, Әбділдәбек Сақалбаев, Қуаныш Қарсыбаев сынды кәсіпкерлер мен құқық қорғау қызметкері Еркін Әнуарбеков және Нұрлан Әскетаев, Советхан Игібаев, Төлеген Кнасилов сияқты зейнеткерлер де бар. Тұрғындардың қолдауымен Өскемен қаласында Барақ бабамызға көше аты берілді. Осы жұмысқа белсене атсалысқан батыр ұрпақтарының бірі, Ұлы Отан соғысының 92 жастағы ардагері, запастағы полковник Құрмат қария Рахимов екенін айта кеткеніміз абзал. Көшенің атын Барақ батырға беру үшін Құрмат ақсақал студенттермен бірге пәтерлерді жаяу аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл 90-нан асқан қария үшін ерлікке тең емес пе! Қордың есепшотына зейнетақысынан 100 мың теңге аударды. Ал батырдың жеті атадан бергі ұрпақтарының бірі, Көкіден тараған Қайырбай ақсақалдың кенже ұлының бойы биік, иықтары кең, түсі суық батыр атасына тартқан алпамсадай азамат Кенжебайға суырыпсалма ақындық дарыды. Былтыр 60 жылдық мерейтойы өткен ақынның 200-ден астам өлең-жырлары ұрпақтарының қолдарында сақтаулы. Өскемен қаласында 2000 жылдан бастап алғашында №1 кәсіптік лицейде, кейіннен Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде батыр бабамызға арналған жас­өспірімдер арасында волейболдан облыстық турнир өткізу дәстүрге айналды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің волейбол командасы Барақ батыр атымен аталады. Барақ батырдың алғашқы тойы 1992 жылы Күршім жерінде өткізілген еді. Теректібұлақ ауы­лында батыр бюсті ашылып, киіз үйлер тігіліп, ғылыми-тәжі­рибелік конференция, бәйге, ай­тыс және тағы басқа шаралар өт­­кізілген болатын. Дүбірлі тойға Халық қаһар­маны Қасым Қайсенов, жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Оралхан Бөкей, Талаптан Ахметжанов, тарих ғылымдарының докторы Сәбетқазы Ақатай, суретші, Барақ батырдың Кәдір ұрпағынан тараған Айдарбек Ғазизов бастаған қонақтар келген-ді. Бүгінгі қуанышымыз – Барақ батырдың тарихта алатын орны жөніндегі аға буынның аманаты біртіндеп орындалып келеді. Заман өзгерді. Осы уақыт ішінде Барақ батырды ұлықтауда көптеген шаралар іске асырылды. Өскемен қаласында, Күршім ауданының орталығында, бұрынғы Самар ауданының Құлынжон ауылында батырдың атына көше берілді. Күршімдегі Дарственное ауылы Барақ батыр ауылына айналды. Батыр жөнінде қаншама кітаптар мен мақалалар жазылды. Ғалымдарымыз ұмыт болған тарихи деректерді табу үшін Қытай, Ресей кітапханаларынан тырнақтап материалдар жинады. Оның ішінде тарих ғылымының докторы, академик, батыр ұрпақтарының бірі, Теректібұлақ ауылының тумасы Советхан Қабдуалиұлы көрші елдерден батыр туралы мол материалдар алып келгенін айта кетейік. Жуырда «Мәңгілік Ел» идеясы және Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына орай Күр­шім жерінде батыр ескерткіші ашылмақ. Осылайша, Шығыс Қазақстан жерінде туып, ер жетіп, ат жалын тартып мінгеннен жау қолынан қаза болғанға дейін бар күш-қуатын, өмірін қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауға сарп еткен Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың рухы асқақтай бермек. Десе де, алдымызда Өскемен қаласындағы Барақ батыр атындағы көшеге батырдың ескерткішін орнату, батыр жөнінде деректер жинауды жалғастыру, «Ханым бейіті» аталған қорымның сырын ашу, батырдың жерленген жеріне белгі орнату, мұражайын ашу сынды көптеген жұмыстар кезегін күтіп тұр. Нұрлан ӘСКЕТАЕВ, «Көкжарлы Барақ батыр» қоғамдық қорының төрағасы Шығыс Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар