• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2011

Кезектен тыс сайлау заңы қолдау тапты

567 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының кезекті пленарлық отырысы болып өтті.  Күн тәртібінде Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы»  Конституциялық заңның жобасы қаралды. Отырысты палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашты. «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» Заң бірауыздан қа­былданғанын және оның  қолда­нысқа енгізілгенін, соның негізінде кезектен тыс президенттік сайлау өткізудің заңдық тетігі бекітілгенін Қасым-Жомарт Кемел­ұлы ерекше атап өтті. Бұл шара­ның жүзеге асуы халқымыздың ынтымағын нығайтудың бірден-бір дұрыс формуласын тапқан Елбасының екшелген шешімі ар­қасында мүмкін болды. «Елбасы ретінде танылған, Қазақстанды ха­лықаралық беделі зор, өрке­ниет­ті мемлекеттер қатарына қос­қан Президент Нұрсұлтан На­зарбаевты қолдаудағы біздің қо­ғамның мызғымастығы мен бірлігіне әлемдік қоғамдастықтың көзі тағы да жетті», – деді Қ.То­қаев. Президенттің шешімі мен Ата Заңымызға толықтыру мен тиесілі Конституциялық заңдарға түзетулер енгізу жөніндегі ұсы­нысы, сондай-ақ «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауы Қазақстанның демокра­тия­лық құндылықтарға, ха­лық­тың әл-ауқатын көтеруге бағыт­талған экономикалық және саяси реформаларды одан әрі жалғас­ты­руға деген берік ұстанымын көрсетеді. Төраға, сонымен қа­тар, өз сөзінде «Нұрсұлтан Назарбаевтай кемеңгер әрі жігерлі Көшбасшының жетекшілігімен мемлекетіміздің жаңғырту стра­те­гиясы табысты жалғасын та­ба­ды»,  деп Сенат депутаттарының атынан нық сенім білдірді. Заң жобасы бойынша депутаттар алдында баяндаманы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов жа­са­ды. Заңдық құжат елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу мүмкіндігін көздейтін тү­зе­туді іске асыру болып табы­лады. Яғни, «Қазақстан Респуб­ли­касындағы сайлау туралы» және «Қазақстан Республика­сы­ның Президенті туралы» Консти­туциялық заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. Тарқа­тып айтқанда, заң жобасында кезектен тыс президенттік сайлау Президент шешімімен тағайын­дал­са, сол күннен бастап екі ай ішінде сайлау өткізілуі тиіс. Сон­дай-ақ кезектен тыс сайлаудан кейінгі Президенттің кезекті сай­лауы бес жылдан соң тағайын­дал­ған мерзімде жарияланады деп күтілуде. Бұдан басқа заңдық құжатта кезектен тыс сайлау өт­кізілген жағдайда Президенттің ант беруі президенттік сайлау қо­рытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізі­ле­тіндігі қарастырылған. Заң жобасы бойынша сөз алған Өмірбек Байгелди «Назарбаев феномені неде?», «Ел неге Елбасыны қолдайды?» деген пі­кірлердің айтылып жүргеніне орай жауабында оның мәні қиын­шылық көрген халықтың Елба­сымен бірге еңсе көтергенінде жатқандығымен түсіндірді. Еліміз қазіргі таңда алдыңғы елдер қатарына ілігіп отыр. ЕҚЫҰ-ға мүше кейбір елдердің  кездеспей жатқанын кездестіріп, бас қоса бермейтіндерін жолықтырған Президент кемеңгерлігі мен іскерлігін дәлелдеп берді, деді сенатор өз сөзінде. Бұдан кейін Рашит Ахметов, Юрий Кубайчук, Еділбай Иман­құлов, Серік Аяғанов және Ерболат Мұқаев сөз сөйледі. Депутаттар өз сөздерінде Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімінің орындылығын тілге тиек етті. Бұл қадам Пре­зиденттің демократиялық принциптерге беріктігін, еліміздің та­ғы бір тарихи сынақтан сүрінбей өткендігін көрсетеді. Елбасы Негізгі Заңымызда көрініс тапқан құндылықтарды басшылыққа ала отырып, қиын жағдайдан шы­ғу­дың оңтайлы жолын таба аларын тағы бір дәлелдеді. Депутат­тар­дың айтуынша, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы мемлекеттің ең жоғары лауа­зым­ды тұлғасы ретінде мораль­дық қасиеті басым екендігін көрсете білді. Оны Елбасының қаншама халық қолдау білдіргеніне қарамастан, өз өкілеттігін создырып алуға моральдық және заңдық құқы болса да одан бас тартуынан көруге болады. Өзінің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, Елба­сы нағыз лидер және Конституция кепілі екендігін дәлелдей білді. Бұл өз кезегінде келесі келетін саясаткерлер үшін дұрыс бағыт ұсынатын сабақ болуға тиіс. Со­нымен қатар, Мемлекет басшы­сы­ның бұл қадамы Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақ­ты­лығы жолындағы демократияға деген адалдығын да айғақтайды. Осылайша өз пікірлерін білдірген сенаторлар Мәжіліс ма­құл­дауынан өткен «Қазақстан Рес­публикасының кейбір Консти­ту­циялық заңдарына толықты­ру­лар мен өзгерiстер енгiзу ту­ра­лы» Қазақстан Республикасы Конс­титуциялық заңын қабылдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.