• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2011

Ауылға айрықша назар қажет

691 рет
көрсетілді

Қазақстанда халық саны аз, барлығы 16,0 млн. ғана. Бұл жер жүзіндегі бір ғана ірі қаланың халқы. Жеріміз өте үлкен. Жер асты, жер үсті игерілмеген шикізат бай­лы­ғы орасан көп болса да, соны ұқсатып, іске асы­ра алмай отырмыз. Бұған кінәліні сырт­тан іздемеген жөн болар. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз» атты биыл­ғы Жолдауында ауыл мәселесіне назар аудара отырып, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе арттыру керек екендігін атап көрсетті. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Біздің жұмыс істеудегі олқылығымызды Кеңес одағы да өз заманында шеше алмаға­ны өтірік емес. Кеңес өкіметі ол кезде әр­кімнің іскерлігімен, өнертапқыштығымен, ақылды шешімділігімен өз тұрмысын түзеп әкетуіне, жеке меншікке рұхсат етпеді. Бәрі үкіметтікі, бәрі қоғамдікі. Біз осындайдан дамымай қалдық. Қоғам мүддесі мен жеке меншік мүдде екі түрлі. Үкімет мүдесіне ешкімнің жаны ашымайды. Жеке меншік өз мүддесіне бар жан-тәнін салып қорғайды. Бұрынғы заманда біздің басшыларымыз жаны ашып жұ­мыс істемеді. Ал істесе талан-тараж ұйым­дас­тырып, өз мүдесін түгендеді. Кабинеттен-кабинетке қағазды домалатудан қол­да­ры босамады. Содан жұмыс жүрмеді. Біз осы жаттанды әдістен әлі шыға алмай келеміз. Бұрқыраған қағаз көп, іс жоқ. Біз осы уақытқа дейін шет елдің тез да­мыған тәжірибесін, оны дамытқан әдістері мен құралдарын, шағын зауыт цехтарын барып көрген жоқпыз. Өзіміз олардай істей алмадық. Олардың да жақсы-жаманы, өнім­сіз-өнімді құралдары бар. Біз солардың жетістігі көбін, пайдалысын таңдауымыз керек. Соларды сатып әкеліп, өзімізге орна­туы­мыз керек. Олардың тәжірибесі мол ма­мандарын шақырып әкеп, солардан үй­ре­нуі­міз керек. Олай істемесек біз сол бұрын­ғы қалпымызда дамымай тұра береміз. Балтық теңізі жағалауындағы Латвия, Литва, Эстония елдерінде теңіз балығы мен торфтан басқа өнім жоқ. Бізден арзанға әкеткен тері мен жүнді өңдеп, иіріп тоқыма өнеркәсібін дамытты. Сол матадан киім тігіп сатты. Сырттан тасып әкелінген шикі­зат­ты өңдеумен дамып, алға шығып кетті. Біз неге солай істемегенбіз? Шикізат біздің Қа­зақстанда орасан көп, олай болса, біз неге дамымай қалдық? Мен ауылдық жердің адамымын. Менің туып-өскен елімде даланың табиғи байлығы орасан мол. Соны өңдеп, іске асырып, ел игілігіне жаратып ұсынатын бастаушы, яғни елдің көсемі табылмай тұр. Сондықтан шет мемлекет кәсіпкерлерінің қолына түспей жат­қан мол шикізат байлықты тастап жергілікті халық жан-жаққа көшіп жатыр. Аңның да, құстың да, малдың да, адамның да соңына ергендерді пайдалы іске бастайтын көсемі бо­ла­ды. Мен елдің жергілікті тұрғындары жан-жақ­қа көшіп, тарап кетпей тұрғанда, солар­дың ортасына барып, ұйытқы болғым келеді. Өзім ауылда туып-өстім. Сондықтан ауылдың да, қаланың да тұрмысын жақсы білемін. Өсір­ген ұл-қыздарымды қатарға қосып, өз орын­дарына таратып, ата-аналық өз пары­зым­нан құтылдым. Өзім де тоқтасқан жасқа келдім. Қазіргі жаңа заманда бұрынғыдай орын­сыз көп шектеу жоқ. Кім не істесе де өз еркі. Осындай еркіндікте күніңді көре алма­саң өз обалың өзіңе. Осындай еркін тұрмыс­ты әкеп бергеніне Президент Н.Назарбаевқа мың да бір рахметтен басқа айтарым жоқ. Елдің ортасына барып, жаны ашитын ағайын-іліктерімнің басын қосып, өз иесін таппай қор болып жатқан мол шикізатты өң­деп, халық мүддесіне ұсынып, соның табысы­мен өзімді әрі әр жерде жүрген ұл-қыз­дарым­ды ауыл өнімдерімен асырағым келеді. Осы жасқа келгенше біраз жерге барып шапқылап жүргенде өз елімізде, шет елдерден көрген тәжірибелерімді іске асырып, елдегі мол шикізат байлықтарын өңдейтін станок, шағын құрал-жабдықтарды жинақтап, елге әкеп ор­натып, соларды үйретіп, қатарға қосқым келеді. Өзіміздің елдің әр жерінен, алыс-жақын бір­неше шет елдерден осындайды бізге үй­рететін жақсы тәжірибелі мамандарды уақыт­ша шақырып әкеліп, содан үйренбейінше біз алға жылжи алмаймыз. Біздің елдің адам­дарын­да тәжірибе жоқ. Содан да біздің ісіміз жүрмей отыр. Біздің жақта көл көп, онда өскен қамыс-қоға көп. Солар жылда қурап текке жатыр. Соларды ұқсатып өңдейтін станогі мен маманы болса, құрылысқа жетпей алыстан қымбатқа сатып әкеп жатқан ДВП, ДСП, қағаз жасауға әбден болады. Ауыл малдарының көп жүндері еш жерге өтпей, үйіліп шіріп жатыр. Бұрын Кеңес одағы тұ­сында сол жүннің әр қылшығы есепте бо­ла­тын. Соны өңдеп жатқан бұрынғы зауыт-фаб­рикалар қайда? Ауылда жазда әр үй 5-10 сиыр сауады. Қал­ған көп сиырларды саумай бұзауымен бос жібереді. Олардың сүті өңделмейді. Жаз­дағы көп сүт қыста болмайды. Оны ұзақ сақтау қиын. Жаздағы мол сүтті, сол сияқты көп қымызды консервілеп, ұнтаққа айналдыратын құралы мен маманы жоқ. Мұны да іске асыру қиын емес. Соны ұқса­тып, елге көрсететін маманды табу керек. Ертеде саяси қуғыннан шет елге қашқан қазақтар Түркия еліне барып паналап, мал терісін өңдеп күндерін көрген. Оны жақсы мең­гергені сондай, дүние жүзінің бәріне тері өнім­дерін қалай шығаруды осы қазақтар үйреткені тарихта бар. Сиыр терісін 7 қабат етіп бөліп шығарып, содан әртүрлі киімдер жасаған. Соны біз көп терінің ортасында отырып білмейміз. Тері өңдеуді шет елден үйрену керек. Бізде игерілмеген ұлан-ғайыр жер мен мол су бар. Осыған бау-бақша егіп, оның ар­зан мол өнімін елге ұсыну керек. Осыған мұ­рындық болатын маман ұйымдас­ты­ру­шы­ны табуымыз керек. Аз уақыт ішінде мол табыс оралтатын кәсіптің бірі – құс ұстау. Мұны ұстау үшін көпшілік жерден алыс жайлау мен көл керек. Ол менің жерімде жеткілікті. Осыны өндіруге менің толық мүмкіндігім бар. Жеңіл тірлік сені іздеп, үйге өзі келмейді. Аралап көріп жақсысын таңдап үйрену үшін шет елге көп шығу керек. Осының бә­рі қалтаға, ақшаға келіп тіреледі. Ондай ақ­ша біздің елдің кедей халқының қалтасында жоқ. Сондықтан бәрін біліп отырса да, көздері жайнап, соры қайнап орындарынан қимылдай алмай отырғаны өтірік емес. Істі әрі қарай дамытып, жылжыта алмай отыр. Әлемге әйгілі Нобель сыйлығын алған экономистердің айтуы бойынша да, өмірде­гі тәжірибе бойынша да, ауыл шаруашылы­ғы­ның 40 %-ы, мал шаруашылығының 60 %-ы үкімет қолдауымен дамиды екен. Оны экономика тілінде дотация, субсидия дейді. Сенің шаруа қожа­лы­ғың құлап қалмай, ауыл­шаруашылық өнімін жылда беріп тұру үшін, өніміңді үкімет сатып алып, артық шы­ғыныңды жауып отырады. Осы мен айтып отырған дотация мен субсидия біздің Қазақстанда көптен бері бар. Бірақ оларды кім жұтып жатқанын ешкім білмейді. Көтеріп отырған осы тіршілікті қозғап іске асыру үшін мен сияқты адамдарға мемлекет тарапынан моральдық, материалдық көмек керек. Бұлай болмаса, бұл іс бұрынғы қалпында қозғалмай тұра береді. Мәселенің осы жағын да ойлау керек. Байдос ӨМІРБЕКОВ. Астана.