• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2016

Жүрегіміз кетпесін, тасқа айналып...

718 рет
көрсетілді

Тұрмыстың түрлі сынынан тырмысып жүріп тіршілік кешкен пенде ғұмырымызда жағдайымыздың жақсы болғаны үшін тәубе деп, біріміз мал, біріміз жан бағу үшін әуре болып келеміз. Сағаттар сырғып, уақыт жылжыған сайын соңымызға бір қарайлап қойып, азын-аулақ жиған-тергеніміздің есебін санамалап жүргеніміз. Дұрыс-ақ. Бүгінгі мынау түлкі болып бұлаңдап тұрған заманда несібеңді ертерек қамдап алмасқа шара жоқ. Бірақ, қым-қуыт тірлік біткен бе, қашанда өзінің айласына құрық салдырмайтын мехнатты өмірдің мәніне терең жету сірә да мүмкін емес. Дүние мен мал-мүлік жинауда адамзат баласы біреуден ілгері, біреуден кейін. Солай, көштен қалып жатқан ешкім жоқ. Бір-біріне қарайласып, көңіл бөлу кеміс келетіні өз алдына, көршімен кейде амандассақ, кейде өте шығамыз. Бұл да қалыпты жағдайға айналып қалды. Себебі, заманның ағымына қарай жылжыған жүрісіміз осы, өзгеге қарауға мұрша жоқ. Дүрбелең дүниенің жұртшылықтың дег­бірін алып, тынышын кетіргені соншалық, әркім өз басымен қайғы. Бірі ұзақ жылға алған несиесін төлеумен әуре, бірі үй салу үшін тепеңдеп жүрсе, кейбірі ауыр дерттің азабын тартып, бір күндік сау өмірдің шуағын сағынып сарсылуда. Алла тағала пендесін жаратқанда жүрегіне мықты іргетас болу үшін иманды қоса берді, тек оның мөлшерін адамзаттың өз еркіне қал­дырып еді. Иманы толық адамның мейірімі теңізден терең, шыңнан биік болса, иманы әлсіз жандардың бойында қазіргі қоғамда көптеп орын алып отырған безбүйректік әрекеттер жасырынып жатады. Иманды толтыру үшін ұдайы жақсылық жасап, сауапты істерге ұмтылыс таныту қажет. Айналамызда бір үзім нан мен жұтым суға мұқтаж жандардың да бар екендігін ескерсек, өзіміздің осы күнімізге күпірлік қылмай, шүкірлік етуші едік. Пенделік фәнидің мәні де осы – өзгенің ауыртпалығына жүрекпен қарай білу, түйсіну және көмекке ұмтылу дер едім. Әлеуметтік желіде желдей ескен көмекке мұқтаж жандардың, ем-домына қаражатты қажет еткен балалардың ауыр халдері жазылған посттар көбейді. Қарап отырып, тіпті, қайсына көмек қолын созарыңды білмей дал боласың. Қолдан келгенше бәріне бірдей жәрдем етіп, бәріне теңдей игілігіңді тигізгің келеді. Оған, әрине мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен, көп түкірсе көл деп, тамшыдан тама-тама дария боларын ескерсек, бір адамға кішігірім қаражат бөлу арқылы үлкен сауапқа кенелуге болатынын естен шығармаған жөн. Сіз секілді тағы да көптеген азаматтар мұқтаж жандардың мұңына бей-жай қарамай, күнделікті қажетсіз нәрсеге жұмсайтын ақшасын ажыратып жатса, сіз үшін түк те болмауы мүмкін, тек осы кішкентай сома бір жанның өмірін арашалап қалуына 100 пайыз көмегін беруі ғажап емес. Мысалы, жыл сайын елімізде кедейшілік деңгейі төмендеп, орта жағдайдағы отбасылар­дың ортаға қосылып келетінін статистика сан мың рет санамалап айтса да, әлі де болса осы қоғамда, біздің бейбіт елімізде әлеуметтік мұқтаж жандардың бар екендігін жасыра алмаймыз. Себебі, оны көзбен көріп, күнделікті тұрмыста кездестіріп те жүрміз. Шетел ға­лым­­­дарының зерттей-зерттей тізесі шыққан кедейшілік тақырыбының түпкі тамырын да талқылап уақыт ұттырмай-ақ қоялық. Ең бас­тысы, басына түскен нәубетті жалғыз көтере алмайтын жандарға көмек қолын созсақ, мына сіз бен бізден құралатын қоғамның айшықты келбеті жасалушы еді. Не десек те, адамның күні адаммен емес пе? Осындайда ақын Қалқаман Сариннің мына бір өлең жолдары ойға оралады: Тарықса да таба алмай түнер орын, Тағдырының күрделі күре жолын, Жазғырмайды ешқашан. Тас жастықта Жатса-дағы жұп-жұмсақ жүрегі оның. Ал, біздің ше, ...Қайтеміз босқа айла ғып? Кейде күпір қыламыз жастай налып. Құс жастықты құшақтап жатсақ-тағы, Жүрегіміз барады тасқа айналып... Сіз бір бөлмелі жалдамалы пәтеріңіздің тарлығын, пәтерақының қымбаттығын айтып, көрпеңізде көсіліп жатқанда елімізде басында бір күндік түнер орны жоқ, ит пен тауық қораны мекен етіп, бір күн болса да жауын жауып, жел тұрмауын Құдайдан сұранып отыратын жандардың барын білдіңіз бе? Білмесеңіз, айтайық. Ондай жандардың бірі – Астана қаласының тұрғыны, жалғызбасты екінші топтағы мүгедек Асан Темірбаев. 2010 жылдары өзінің баспанасын су алып кетіп, үйінің шаңырағы ортасына түскен егде жастағы азамат бүгінде есік алдындағы, бұрын иті мекендеген сарайда бас сауғалап отыр. Сарқынды су жинақтаушының орнына үй саламын деген көршісінің әрекетінен айналаны жаппай су алып кетіп, салдары жақын тұрған Асан Темірбаевтың үйін құлатады. Үйіңді қайта тұрғызып беремін деп аузын құр шөппен сүртіп жүрген көршісі бүгінде мұның ахуалына алаңдамайтын сыңайлы. Көмек сұрап, тиісті органдарға барған Асан Темірбаевқа ешкім көмек қолын соза қоймапты. Мемлекеттен алатын 35 мың теңге жәрдемақысын айдан-айға талғажау ететін азаматтың бүгінде ыстық ас ішуге мүмкіндігі жоқ. Қаражатының басым бөлігі өкпенің қатерлі ісігі бойынша ауыр отадан өткен жанның дәрі-дәрмегінен артылмайды. Елорданың бет қаритын қақаған аязында әупірімдеп күн көретін оның жылу көзі иті ғана. Таңды таңға ұрып, ертеңгі күні ұйқысынан оянбай қалудан қауіптеніп көз іледі... ...Ал бөбегінің бір күндік күлкісін күзетіп отырған Дәулет Ахметжановтың жағдайы мүлде басқа, тілегі бөлек. Жүрегі жүзге бөлінетін әкенің арманы – қатерлі дертке шалдыққан бес жасар перзентін ажалдан арашалап қалу. Қаршадай қызының дерті жанын жегідей жейтін жанның жай-күйі өзіне аян ол, қадірлі қоғамнан, ел тұрғындарынан қаржылай көмек сұрауын жиілетіп келеді. Оған себеп, шетелде ғана емі табылған дерттің қыруар қаржыны талап етіп отырғаны бар, күн санап химия қабылдап жатқан бауыр еті баласын ажалдың тырнағынан арашалап алғысы келетін әкенің жүрек қалауы – перзентінің өмір сүріп кетуі ғана. Бір отбасында төрт жақыны, мүгедек ата-анасы, інісі мен қарындасын аурухана ау­мағында күзетіп, кезек-кезек халін сұрайтын қызылордалық Жорабек Мырзабеков алақандай жерді несиеге алып, кішігірім қосын салып қойғаны болмаса, басында баспанасы жоқ. Сон­да да, жас жүрегі жеңіліс бермеген ол күндіз-түні еңбектенумен келеді. Бар арманы – тірнектеп алған жеріне екі бөлмелі болса да баспана тұрғызып, жақындарына қамқорлық көрсету. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі. Осыған ұқсас санын санап, түсін түстеп беруге болатын жағдайлардың дені жұртшылық болып қолұшын созғанда ғана азаятын секілді. Біреуге көмек беру үшін арнайы себептің қажеті жоқ, тек жүрегіңіз мейірімге, бойыңыз иманға толы болса болғаны. Жұртқа жәрдем ету үшін асқан бай болудың да қажеті шамалы, бастысы пейіліңіз бай болсын. Күні бүгінге дейін күпті көңілдің жетегінде жүрген болсаңыз, жаныңыз сырқаттанып, рухыңыз кішірейсе – жаздың жайма-шуақ алғашқы айынан басталған қасиетті Рамазанда мол сауап жинаңыз. Айлардың сұлтаны – Рамазан адамзат баласының жүрегін идіртіп, иманын күшейтуге, жанын тазартуға мүмкіндік беретін ғажап ай. Елді бірлікке, ынтымақ пен тыныштыққа шақыратын қасиетті айда жасалған әрбір жақсылықтың сауабы жетпіс есе өсіммен болатынын ескерейік. Адамзат баласының мерейі шалқитын мәртебелі айда маңызы бар, артында айта жүрер сауабы мол игі істерге ұмтылайық. Не дегенмен, адамзат баласы дүниенің соңына жете алмайтыны ақиқат. Сондықтан да жанымыздан қаражат бөліп мұқтаж жандарға қолұшын созсақ, жүрегіміз жібіп, бойымызға иман ұялары сөзсіз. Бұл ретте өзгеге мейірім танытпасақ, Алла да мейірімге бөлемейтінін есте ұстаған жөн... Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»