• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2011

Сайлауды байқау – айқындық кепілі

590 рет
көрсетілді

Демократия – даму даңғылы

Халық мемлекеттік биліктің бас­тауы десек, оның нақты көрі­нісі халықтың билікті құруға қа­тысуы­мен байланысты. Ал бұл маңызды шара сайлау арқылы іске асыры­ла­тыны белгілі. Сайлау­дың ашық өт­кізілуі – халықтың шы­найы таң­дауын жасауына мүм­кін­дік беретін және сайлаудың халық­а­ралық стан­дарттарға сай өтуіне барынша тиімді ықпал ететін жағ­дайлардың бірі. Сондық­тан, сайлау процесінің бар­лық ке­зеңіне, соның ішінде халық­ара­лық ұйым­дар тарапынан жүргізі­летін бай­қау­дың рөлі артып келеді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғына кіретін мемлекеттердегі сай­лауларға халықаралық байқау­ды негізінен ТМД елдері, Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымы мен Еуропа Кеңесі жүргізіп келеді. 2001 жыл­дан бері он екі елде (Беларусь, Украина, Армения, Әзір­байжан, Грузия, Ресей, Қазақ­стан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Тә­жік­стан, Түр­кі­менстан, Молдова)  өт­кен пар­ламент, президент сай­лау­лары мен референдумдарға  ТМД елдері 58 байқау жүргізіп, оған 10 885 адам қатысыпты. Бүгінгі күні байқаушылар тек сайлаудың өткізілуіне ғана емес, сайлау заңдылығының сапасына, оның халықаралық нормаларға сәй­кесті­гіне де талдау жасап, ұсы­­ныстарын береді. Әділ әрі ашық сайлау өткізу мемлекет үшін ішкі маңызды саяси науқан ғана емес, сол мемлекеттің ха­лық­аралық аре­надағы беделін, оған дүниежүзілік қауымдастықтың көз­­қарасын  ай­қын­дайтын, оның әлеу­­м­еттік-эко­но­микалық  дамуына да әсерін тигізетін маңызды факторға айналуда. Бұл ретте сайлауға бай­қаудың да маңызы өсіп, байқау­шы­лар­дың жұ­мысын ұйымдас­тыру, ор­тақ заңна­ма­лық негіз қа­лыптастыру өмір талабына ай­налып отыр. Биылғы қаңтар айында Санкт-Петербург қаласында ТМД Парламенттік Ассамблеясының ұйым­дастыруымен «Халықаралық сайлау стандарттары мен ұлттық сайлау жүйелері: дамудың өзара бай­ланыстылығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына ТМД елдерінен басқа ЕҚЫҰ-ның Демо­кратиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро­сының директоры Янеш Ленарчич, Еуропа Парламентінің Шығыс әріптестігі мен Ресей жөніндегі құрылы­мы­ның басшысы Сабина Мации Зиссис, Еуропа елдерінде сайлауды ұйымдастыру қауымдас­тығының бас хатшысы Золтан Тот  қатысты. Сайлауға байқау жүргізу ісінің бүгінге дейін қалыптасқан тәжі­рибесін талқылау бұл мәселе­лер­де әлі де пысықтауды қажет ететін тұстар бар екенін көрсетті. Соның ішінде, ТМД-ның баянда­машы­лары мен сөз алғандар бір­ыңғай халықаралық стандарт­ты дайындап қабылдаудың қажеттілі­гіне баса назар аударды. Бұл өте маңызды ұсыныс екені анық. Мұндай заң­дас­тырылған құжатты қабылдау халықаралық ұйымдар­мен арадағы өзара сенім мен түсіністікті қалып­тастыруға оң ықпал ететіні сөзсіз. Ал, бірыңғай стандарттың болмауы көп жағ­дайда ТМД және Еуропа­лық Одақ­тың сайлауға қатысты қо­рытынды­ларының қарама-қайшы­лығын ту­дыруда. Конференцияда  2000-2007 жыл­­­дар аралығында Еуроодақ 41 елдегі 64 сайлауға байқау жасау миссия­сын жібергені айтылды. Бірақ, осы уақыт ішінде Еуроодаққа кіретін елдерде өткен бірде-бір сай­лауға бұл байқаушылар қатыс­паған. Жекелеген Еуропа мемлекеттерінде, тіпті шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды сайлауды байқауға шақыру жөнін­дегі норма жоқ. Ал ТМД-ға кіретін барлық республикалардың ұлт­тық занамалық актілерінде ондай норма қарастырылған. Сонымен бірге, ТМД елдерінде «Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығына қаты­су­шы мемлекеттердегі демокра­тия­лық сайлаудың, сайлау құқық­тары мен бостандықтарының стан­дарттары туралы» конвенция, «Тәуел­сіз Мемлекеттер Достасты­ғы­на мүше мемлекеттердегі президенттік және парламенттік  сай­лау­ларды, сондай-ақ референдум­дарды ТМД-дан байқаушылар мис­­сиясы туралы» ереже, «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің  сайлаулары мен референдумдарын  халықаралық  бай­қау принциптері туралы»  декларация сайлауға байқау жүр­гізу­дің толық заңнамалық негізін қалады. Айта кететін жай, кон­венцияны ТМД-ға мүше мемлекеттер ратификациялаған, ал қал­ған құжаттар ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Пар­ламент­аралық Ассамблеясының шешімдерімен қабылданған. Яғни, бұл маңызды құжаттардың қолда­ны­сы ешбір дау тудырмайды. ЕҚЫҰ, Еуроодақ, тіпті БҰҰ-ның сайлауға байқау жүргізуде басшы­лыққа алатын, қабылданған құ­жат­тары осы ұйымдардың ең жо­ғары басшылық органдарымен  бекітілмеген. Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­­ғының Атқару комитетімен ЕҚЫҰ-ға осы ұйым шеңберінде бірыңғай ха­лықаралық сайлау стан­дарт­тарын әзірлеп, қабылдау жөніндегі ұсы­нысы болғанымен, ол біздің Еуро­падағы әріптес­теріміз тарапы­нан қолдау таппай отырғаны да конференцияда сөз болды. Әрине, тәуелсіз мемлекеттер ретінде өткен ғасыр­дың со­ңында дүниеге келген елдер үшін демократиялық дәстүрі бай, да­мы­ған елдердегі сайлау жүйесі­мен, оны өткізу барысымен та­нысуға деген құштарлықты түсі­нуге болады. Бұл жәй қызығу емес, ең алдымен сайлаудың озық дәстүрін, кейбір ұйымдастыру жұмыстарын­дағы оң өзгерістерді өз тәжірибе­мізге алып, әрбір сайлау өткен са­йын бізге берілетін сан алуан ұсы­ныс­тар­ды саралап, салмақтау үшін қа­жет. «Жақ­сы­дан үйрен, жаманнан жирен», дейді дана халқымыз. Со­ны­мен бірге, «бар­масаң, көр­месең жат болар­сың», деген де нақыл бар. Бару, көру жақсыны алуға, алыс­пен жа­қын­­дасуға, өзара сенімділік пен түсі­ніс­тікті қалыптас­тыруға да қажет. Санкт-Петербург конферен­ция­сы қабылдаған қорытынды үн­­­деуде сайлаулар  мен референ­думдарға халықаралық байқаудың халықаралық-құқықтық және ме­тодологиялық базасын қалыптас­тырудағы белсенді жұмысты жал­ғастыру қажеттігі атап көрсетілді. Халықаралық ұйымдар, оның ішінде сайлау жөніндегі есептері неғұрлым маңызды болып есептелетін ЕҚЫҰ-ның тарапынан бұл қолдау табады деп сенемін. Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Сенат депутаты.