Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыру кезінде салынған бірқатар нысанда болды
Мемлекет басшысы алдымен «Астана» көлік-логистика орталығына барды. Онда орталық жұмысымен танысып, жеңілдетілген кедендік ресімдеу аймағын көрді. Жалпы аумағы 46 гектар «Астана» көлік-логистика орталығы терминалдық өңдеу инфрақұрылымы бар Қазақстандағы «А» санатындағы ірі орталық болып отыр. Бұл халықаралық және республикалық жүк ағымына қызмет көрсету, сондай-ақ, тауарлардың қала мен өңірлерге таратылуы үшін қойма және ілеспе қызметтер ұсыну мақсатымен құрылды. Орталықтың қойма кешендері қойма шаруашылығын жүргізудің заманауи талаптарына сай келеді және тиеу-түсіру аймағының өткізу қабілетін күніне 1000 паллетке дейін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа құрылғылармен жабдықталған. Жобаны іске асыру аясында Астана мен Шымкентте логистикалық орталықтар желісін құрудан басқа, Қорғас, Ақтөбе, Алматы және Павлодар қалаларында көлік-логистика кешендерін салу және іске қосу көзделген.
Президент орталықты аралаған соң кәсіпорынның еңбек ұжымы өкілдерімен жүздесті. Олармен әңгіме барысында Елбасы елдің индустриялық дамуында көлік-логистика қызметтері нарығы маңызды рөл атқаратындығына тоқталды.
«Сыртқы экономикалық қызмет өкілдері бұрын құжаттарын үш тәулікте ресімдейтін, ал мұнда ол жеңілдетілген, 1 сағаттан 3 сағатқа дейін ғана уақыт алады. Біз Астанада тауар өңдеу жөнінен Орталық Азия ғана емес, Кавказ бен Сібірді қоса алғанда ең ірі логистикалық хаб салдық. Ол қазірдің өзінде 70 пайыз жүктемемен жұмыс істеп тұр. Бұл – біздің индустриялық бағдарламамыз бен инфрақұрылымдық дамуымыздағы ауқымды іс», деді Н.Назарбаев.
Бұдан соң Мемлекет басшысы «GLB» үй құрылысы комбинатында болды. Мемлекет басшысы нысанды аралау барысында комбинаттың арматура және қалыптау цехтарының жұмысымен танысты, сондай-ақ, көрме павильонын қарап шықты. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру барысында кәсіпорынның өндірістік қуатын кеңінен пайдалану қажеттігіне назар аударды. Елбасы 1200-ге жуық адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған комбинаттың әлеуметтік маңызын айрықша атады.
Өндірістік 8 цехтан тұратын «GLB» үй құрылысы комбинаты ірі панельді және каркас-жинақтау құрылысы үшін темір-бетон бұйымдарының барлық түрін шығарады. Жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске асырылды.
Жалпы аумағы 15 гектарды қамтитын кәсіпорын Германия мен Австрияда шығарылған заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Комбинаттың жетілдірілген технологиялық үдерісі жылына құрылыс нысандарының 250 мың шаршы метрге дейінгі аумақ өнімділігін қамтамасыз етеді.
Өнімді іске асыру көлемі жөнінен жылына 130 000 текше метр темір-бетон бұйымдары өндіріледі. Елбасы, сондай-ақ, «Тұлпар-Тальго» ЖШС-тің жолаушылар вагонын шығаратын зауытта да болды. Онда зауыттың индустриялық паркі жұмысымен танысты. Президентке теміржол машиналарын жасау саласының өсім қарқыны мен жүрдек қозғалысты дамыту бағдарламасы туралы баяндалды.
Кәсіпорынның өндірістік орынжайларының жалпы аумағы – 31 мың шаршы метр, өндірістік қуаты – жылына 150 вагон. Еуропалық сапа стандарттарына сай озық технологиялар мен материалдарды қолдану пойыздың сағатына 200 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүруін қамтамасыз етеді. Вагондардың пайдаланылу мерзімі – 40 жыл. 2012-2015 жылдар аралығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін 436 вагон жасалып, жеткізілген. Өткен жылы шанағының ені кеңейтілген вагондар өндірісі қолға алыныпты. 2020 жылға дейін осындай сериялы 603 вагон шығару жоспарланған. Осы ретте Мемлекет басшысы елдің көлік жүйесінің тиімділігін арттыру үшін өндірісті одан әрі ұлғайту қажеттігін айтты.
«Құрылысы жөнінде Испания Королі Хуан Карлоспен көп жыл бұрын мен келіскен Тальго вагондарын шығару зауытының өнімдері елімізде кеңінен пайдаланыла бастады. Біз теміржол саласы үшін электровоздар мен тепловоздар ғана емес, заманауи жүк және жолаушылар вагондарын да жасаймыз. Қазір олар түрлі бағыттарда жолаушы таситын жүрдек пойыздарда пайдаланылады. Жалпы, Астананың индустриялық паркі қарқынды дамып келеді. Біз осы технологиялық паркке инвестиция тартып, жобаларды табысты жүзеге асыру үшін жағдай жасап жатырмыз. Соның арқасында қала экономикасы дамып, жыл сайын бюджет түсімдері ұлғайып келеді», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы Олимпиадалық су спорты орталығына барды. Қазақстан Президенті елорданың көпфункциялы мұз сарайында орналасқан жаңа орталық ғимаратын аралап, жұмысымен танысты. Іс-шара аясында су спорты өкілдері келушілер назарына трамплиннен суға секіру, мәнерлеп жүзу және су полосы ойынын ұсынды.
Әлемдік сапа стандарттарына сәйкес салынып-жабдықталған спорт ғимараты халықаралық ауқымды жарыстар өткізуге арналған және толыққанды оқу-жаттығу үдерісіне жағдай жасалғандығымен ерекшеленеді. Таяуда Олимпиадалық орталықта Қазақстан Республикасының суға секіру, мәнерлеп жүзу, су полосы және жүзу бойынша ұлттық құрама командалары дайындық өткізеді деп жоспарлануда.
Елбасы, сонымен қатар, «Forte Bank» акционерлік қоғамы ғимаратына да барды. Мемлекет басшысы банктің жаңа кеңселік орынжайларын көрді, сондай-ақ, қаржы ұйымын одан әрі дамыту жөніндегі жоспармен танысты. «Forte Bank» АҚ құрылыс учаскесінің жалпы аумағы – 2 гектар. Бас ғимараттың инфрақұрылымына арт-галерея, VIP-бөлімше, WorkCafe, фитнес орталығы, аудитория және террасса кіреді. Филиал ғимаратында жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету аймағы, сондай-ақ, банк қызметкерлеріне арналған кеңселер орналасқан.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»