• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2016

Прокурорлық қадағалау қайда?

399 рет
көрсетілді

Өткен аптадағы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова республикадағы кәсіпорындардың өз жұмысшыларына жалақы қарызы 1 миллиард 600 миллион теңгені құрай­тынын айтты. Оның ішінде үш айға дейін­гі ағымдағы берешектер 514 мил­лион теңге, үш айдан өтіп кеткен берешек шамамен 134 мил­лионды құрайды екен. Банк­ротқа ұшыраған кәсіп­орын­дар­дың берешегі 955 миллион теңгеге жеткен. Бұл айтуға оңай болғанымен артында зілдей салмағы бар үлкен мәселе. Жұрт­шы­лықтың есінде болар, осы­дан біраз бұрын Елбасы сол кез­дегі Бас Прокурор Асхат Дауыл­баевқа жалақы қарызы тура­лы мәселеге қатаң қадағалау жасау туралы тапсырма берген бола­тын. Сонда министр ай­тып отырған бүгінгі көрсеткіш про­курорлық қадағалаудың қау­қар­сыз болғанын байқатпай ма? Табанақы, маңдай терінің ақы­сын ала алмаған адам ашы­на­ды, әрине. Ашынған адам арыз жазады. Осылайша «Егемен Қазақстанның» Алматы бөлім­шесіне Хамит Сабырбаев деген азамат та арыз алып келіпті. Оның айтуынша, өзі жұмыс іс­теп жатқан мекеме басшылығы ауысымы біткен соң оны үйіне қайтармай келесі ауысымға мәжбүрлеп қал­ды­рады. Нәтижесінде екі күн, екі түн қатарынан қарауылда тұрған ол көлігінің рөлінде ұйық­тап кетіп, апатқа ұшырайды. Не­сиеге алған машинасының сау-тамтығы қалмай, өзі ауруханаға түсіп, ота жасатып, екі ай емдел­ген оған мекеме тарапынан еш­қан­дай жәрдем болмайды. Жәр­дем бермек тұрмақ, жұмысына қайта шығайын десе, оны қабыл­да­май әуре-сарсаңға салады. Шарасы таусылған Х.Сабырбаев «Егеменге» жүгінуге келген екен. Біз Х.Сабырбаевтың арызын ол жұмыс істейтін мекеме орна­ласқан Алматы қаласы­ның Жетісу аудандық прокура­тура­сы­на жолдадық. Арадан бір айға жуық уақыт өтер-өтпестен аудан прокуроры Нариман Бекназаровтан редакцияға хат келді. Х.Сабырбаевтың арызы тек­серіліп, онда айтылған жәйт­тар дәлелденіп, мекеме басшы­лығы арыз иесіне материалдық және моральдық шығынын өтеп беріпті. Прокурорлық қада­ғалаудың пәрменділігі деген осы емес пе? Ал енді осыған кереғар жағ­дай туралы айтайық. Жақын­да редакцияның Алматы бө­лім­шесіне кәсіпкер Дәуір Мұрат­баев арыз алып келді. Ол бас­қарған «Трал-тасымал» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі Ақмола облысы, Аршалы ауда­нын­дағы «Аршалы-Неруд» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігінде келісімшарт­пен жұмыс істейді. Міндет орындалған. Бірақ 3-4 айдың 11 миллион 800 мың теңге жалақысын әлі күнге ала алмай жүр екен. Аршалы аудандық про­кура­турасына Дәуір Мұрат­баев­тың арызын жібердік. Бес-алты айдың жүзі болды. Тым-тырыс. Міне, прокурорлық қадағалаудың пәрменсіздігі деген осы емес пе? «Қазіргі уақытта бұл бағытта Бас прокуратурамен, Қаржы министрлігімен және жергілікті атқарушы орган­дармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде», деді министр Тамара Дүйсенова. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Біз де күтеміз, әзірге.  Шарафаддин ӘМІРОВ, Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар