• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2016

Жанаттың жанайқайы

504 рет
көрсетілді

аудандық аурухананың былық-шылығын ашып берді Маңғыстау облысында әлеу­меттік желіні «жарып», жұрт­шы­­лықты дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Бейнеу аудандық ауру­­ханасынан шу шықты. Бейнеу ауданының тұрғыны Жанат Қалдыбаева фейсбук әлеу­меттік желісінде Бейнеу аудандық ау­руханасы жағдайының сын көтермейтіндігін, тө­сек-орындардың лас жә­не мезгілінде ауыс­тырыл­май­тындығын, емде­лу­шілерге тамақ күніне бір рет бе­рі­­летіндігін жеткізді. Жанат жа­най­­қайымен жұрт назарын өзіне аударды. Жергілікті журна­лис­тер арнайы барып, аудандық ауру­ха­наның ахуалына көз жет­кізіп қайтты. Нәтижесінде, Бей­неу ау­дандық ауруханасы жағ­дайы­ның мүшкілдігі, жыртық әрі лас төсек-орындардың мүлдем ауыстырылмайтындығы және ем­­делушілерге тиісті үш мезгіл астың бір мезгілге көшірілгені анық­­талды. Яғни, ауруханада емде­­лушілерге биылдан бастап тек түскі тамақ беріліп келген. Қинал­ғанда көңіліне үміт ұя­лап, жаны­на сая іздеп келетін орын­ның олқы­лықтары туралы нау­қастар да баяндады. Ал ауру­хана директоры Берік Аб­дул­лаев төсек жабдықтарының тез тозатындығын ғана айтып, одан өзге мардымды жауап бере ал­маған. Бір мезгілдік тамақ бері­луін қаражаттың жетіс­пеуімен, қар­жыны үнемдеуге бай­ланысты ше­шім екендігін түсіндірген. Ал, саған керек болса! Үнем не­ге емделушілер мен тамақ есе­бі­нен жасалуы керек? Саламатты өмір салты денсаулықтың кепілі екендігін жағы талмай айтатын дәрігерлердің сол ақыл-кеңестерін өздері ұстанбайтыны қалай? Әйтпесе, тазалық пен мезгілінде та­мақ­тану денсаулықтың, ауру­мен күресудің басты құралы емес пе? Шу шыққан соң Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы «тамақты өз бетінше бір мезгілге көшіруге құқы жоқ бола тұра, басшылыққа ескертусіз және талапқа сай жасамаған» үнемшіл бас­шы­ны жиналысқа салып, әбігерленгенге ұқсайды. Тіпті, үнемшілдің жұмыстан қуылып кету қаупі де болған. Алайда, «қаражат жетіспегендіктен осындай жолын қарастырған» оны қызметінде қалды­рып, «жұмсақтық» танытқан басшылық Б.Аб­дуллаевқа ауруханада емделушілер үшін толық жағдай жасап, үнемдеуді тоқтатып, то­лыққанды жұмыс жүргізуді міндеттейді. Оқиғаның барысын кірпік қақпай қада­ғалап отырған аудан тұрғындары мен жалпы маңғыстаулықтар жұртшылықтың жанын ауыртқан былықтың беті ашылып, тиісінше шешім тапқанына қуанды. Қазір тиісті орындар мен іс басындағылар қалай жамап-жасқап, бүркеп-жасыруға тырысқанымен, уақыты келгенде шикі­ліктің шиі шығып, сорақылықтың соры қайнамай тұр­май­ды. «Сын түзелмей мін түзелмейтіндігін» қа­­періне алмай, айтылған сынның сүріндіру үшін емес, керісінше жағдайды түзеуге, жасап жатқан жұмыстарына ынтасын арт­тыруға, екі жақты пайдалы нәтижеге қол жеткізуге қызмет ететінін ескермей, сын айт­қаннан сырт айналып кететін басшылар бар екені жасырын емес. Жалпы, әкім-қаралар қағаздан бас алмай оқып беретін «жылтырақ есебіне» ешкім сенбейтіндігін сезе ме екен, сірә? Тіпті, айлар бойы ала-шапқын жүгіріп, ақпараттық технологияның мүмкіндігін қолданып, онлайн үлгіде «ойната» өткізгенмен, журналис­терге алдын-ала сауалдар таратып «барынша дайындалғанмен» мұндай тірлік халық үшін нанымсыз да қызғылықсыз, нақты айтсақ, «түкке тұрғысыз». Сенбейді. Халық – айна. Олар «бізде анадай бар, мынадай бар» дейтіндей есептерге емес, нақты іс-әрекеттерге сенеді. Мұ­ның дәлелі – Бейнеу аудандық ауру­ханасындағы жағдай. Денсаулық сақтау басқармасының есептері мен баяндамаларына қарап, ауруханаларда мұндай сорақылық орын алып жатыр деп ешкім ойламаған болар? Егер тұрғындар куә болып, айдай аймаққа жар салмаған­да әлі қашанға дейін емделушілерді лас төсек үс­тінде «ашықтырып» емдеп, «диета­ға отыр­­ғызары» белгісіз, тіпті, «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып қояр ма еді деген ой мазалайды. Иә, Жанат айтпағанда... қайтер еді? Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы 
Соңғы жаңалықтар