• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2016

ШАРАЙНА

385 рет
көрсетілді

Әлем жаңалықтары Демократтар сайлауалды тұғырнамасын қабылдады АҚШ-тың Демократиялық партиясы Пенсильвания штатындағы Филадельфия қаласында өткен жалпыұлттық съезде өзінің сайлауалды тұғырнамасын қабылдады. Демократтар өз тарихында ең прогресшіл партиялық тұғырнама үшін дауыс берді, деп хабарлады өзінің Твиттердегі парақшасында бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон. 28 шілдеде Филадельфияда өтетін съезде Клинтон Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде ұсынылатын болады. Айта кету керек, бұған дейін АҚШ президенттігіне Республикашылар партиясынан кандидат Дональд Трамп партия съезінен кейін өз қарсыласы Хиллари Клинтоннан әлдеқайда кең танымал бола түсті деп хабарланған болатын. Сакурадзима жанартауы атқылады Жапонияда Сакурадзима жанартауы атқылады. Әзірге қира­ған ғимараттар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Сакурадзима жанартауының атқылауы Жапонияның оңтүстік-шығысында орналасқан Кюсю аралындағы Кагосима префектурасында орын алды. ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ол жарылыс сипатына ие болып, жоғары көтерілген күлдің биіктігі 5000 метрге дейін жеткен. Метеорологтар 5 балдық шкала бойынша қауіпсіздіктің үшінші деңгейін өзгеріссіз күйінде қалдырып отыр. Ол жанартауға жақындауға тыйым салынады дегенді білдіреді. 1117 метр биіктіктегі Сакурадзима жанартауы Жапонияда неғұрлым белсенді жанартау болып есептеледі. Мұнда жыл ішінде жүздеген әлсіз атқылаулардың орын алуы мүмкін. Осы жанартау ең күшті атқылаған 1914 жылы 35 адам қаза тапқан болатын. Журналистерді қорғау комитеті тіркелді Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті атты үкіметтік емес ұйым БҰҰ жанындағы консультативтік мәртебеге қол жеткізді. Бұл туралы ұйымның сайтында хабарланған. Тиісті шешім БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭКОСОС) сессия­сы барысында қабылданған көрінеді. Журналистерді қорғау комитеті БҰҰ офистеріндегі түрлі іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беретін консультативтік мәртебені алу үшін өтінішті алғаш рет 2012 жылы берген болатын. Осыдан екі ай бұрын БҰҰ-ның Үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі комитеті оған ондай өкілеттік беруге қарсы дауыс берген еді. Дегенмен, АҚШ делегациясы бұл мәселені ЭКОСОС-тың қарауына қайтадан шығарды. Нәтижесінде ұсыныс қолдау тауып отыр. Жаңа конституция жобасы әзірленеді Әділдік және даму партиясы оппозициялық халықтық-республикалық партиямен және Ұлттық қозғалыс партиясымен бірлесіп жаңа демократиялық конституцияны әзірлеу үдерісін бастады. ТАСС агенттігінің мәліметіне қарағанда, бұл туралы Түркияның премьер-министрі Бинали Йылдырым хабарлаған. Біз қазіргі қолданыстағы конституция аздаған өзгерістер енгізуді қажет етеді деген қорытындыға келдік. Сөйтіп, біз жаңа конституция жобасын әзірлеу үдерісін бастап кеттік, деп атап өткен ол. Өткен дүйсенбі күні Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған саяси партиялар көшбасшыларымен кездесіп, олардың әскери төңкеріс жасау талпынысына қарсы тұрудағы ұстанымына өз ризашылығын білдірген болатын. БҰҰ-ның Ирактағы миссиясы ұзартылды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иракқа көмек көрсету жөніндегі миссияның мерзімін 2017 жылдың 31 шілдесіне дейін ұзартты. ТАСС агенттігінің хабарлауынша, тиісті қарар бірауыздан қабылданған. Құжатта Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Ирактағы террорлық топтардың, соның ішінде «Ислам мемлекеті» тобының сақталуына байланысты қазіргі ахуалға қатысты алаңдаушылығы көрініс тапқан. Бұл қатерге қарсы тұрудың бірден-бір тәсілі қауіпсіздік, саясат, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық салалардағы барлық ирактықтардың бірлескен жұмысы болып табылмақ деп атап көрсеткен Қауіпсіздік Кеңесі. Айта кету керек, Иракқа көмек көрсету жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясын Қауіпсіздік Кеңесі 2003 жылы бекіткен болатын. Миссияның мәлімет­тері бойынша тек маусым айында ғана Иракта 650-ден астам адам қаза тауып, 1457 адам жарақаттанған. Колумбия эпидемияның аяқталғаны туралы мәлімдеді Колумбияның денсаулық сақтау министрлігі дүйсенбі, 25 шілдеде елде Зика вирусы эпидемиясының аяқталғаны туралы мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігі Колумбияға 2015 жылдың қыркүйегінде келген Зика вирусы эпидемиясының аяқталғаны туралы хабарлады, делінген осы министрліктің Твиттердегі парақшасында жарияланған ақпаратта. Сондай-ақ, онда елдегі Зика вирусы эпидемиясы кезінде ауру жұқтырудың 99 721 оқиғасының тіркелгені атап көрсетілген. Осы орайда Зика вирусының әлемнің 65 еліне тарағанын да еске сала кету қажет. Мәселен, бұған дейін аталмыш вирустың АҚШ-тағы 400 жүкті әйелден табылғаны туралы хабарланған болатын. Қылмыскер полицияға өз еркімен берілді Жапонияда бір қылмыскер Сагамихара қаласындағы мүгедектер үйіне шабуыл жасап, 19 адамды ажал құштырды. Кейін қолына пышақ алып қылмысқа барған ер адамның өз еркімен полицияға берілгені белгілі болып отыр. Алдын ала ақпарат бойынша, 26 жастағы ер адам бұған дейін осы пансионатта жұмыс істеген көрінеді. Қазіргі уақытта полиция қаскөйдің мұндай әрекетке баруына не себеп болғанын анықтауда. Осыған дейін таратылған хабарда мүгедектерге арналған мекемеге шабуыл жасау барысында 19 адамның мерт болып, тағы 45 адамның түрлі дене жарақаттарын алғаны хабарланған болатын. Түрмедегі қатыгездіктерге тергеу жүргізіледі Австралия үкіметі Солтүстік аумақтағы түзеу мекемесіндегі жасөспірім қылмыскерлерге қарсы қатыгез іс-әрекеттер жасалғаны туралы істі тергеуді тапсырды, деп хабарлайды Франс Пресс агенттігі. Тергеу бұған дейін ұлттық АВС телеарнасы көрсеткен бейне­көріністерге байланысты болып отыр. Онда күзетшілердің түрмедегілерге күш көрсеткені, көзден жас ағызатын газ қолданғаны, кәмелетке толмағандарды орындықтарға аяқ-қолдарынан таңып тастап, сол күйінде бірнеше сағат бойы қалдырғаны бейнеленген. Осындай қатыгездікті көрсететін көріністер 2014-2015 жылдары түсірілген көрінеді. Бұл бейнекөріністерден менің аза бойым қаза болды, бүкіл австралиялықтар сияқты, мен де мүлде есеңгіреп қалдым, деп атап көрсеткен Австралия премьер-министрі Малкольм Тернбулл осы оқиғаға байланысты.  Интернет материалдары негізінде әзірленді