Үкімет
«Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Бәсекелестік – рынокты байытудың өркениетті жолы Әділ де өркениетті бәсекелестік – қоғамның экономикалық дамуын қамтамасыз ететін қозғаушы күш. Әлем таныған реформатор, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағының баянды әрі бай-қуатты болуы – экономикамыздың да, адам капиталының да бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей байланысты екенін үнемі атап көрсетіп келеді. Сондықтан бәсекелестікті қорғау және дамыту Қазақстан экономикасын өркендету жөніндегі 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламаның басым бағыты, түйінді темірқазығы болып отыр. Міне, осы бастаманы өрістету мақсатында елімізде Бәсекелестікті қорғау агенттігі (монополияға қарсы агенттік) құрылып, жаңа мемлекеттік құрылымның жұмысын қалыптастыру және басқару міндеті білікті экономист, кезінде Қаржы министрлігін басқарған білімді қаржыгер әрі тәжірибелі менеджер Мәжит Есенбаевқа тапсырылған болатын. Бүгін біз еліміздегі еркін бәсекелестіктің ахуалымен және оны дамытудағы агенттік атқарып отырған жұмыс ауқымымен оқырмандарымызды таныстыру мақсатында Мәжит ЕСЕНБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Мәжит Төлеубекұлы, республикамызда Табиғи монополияларды реттеу агенттігі және Бәсекелестікті қорғау агенттігі, басқаша айтқанда, Монополияға қарсы агенттік жұмыс істейді. Осы екі мемлекеттік құрылымның басты айырмашылығы неде? – Бұл екі агенттіктің өкілеттігі мен атқаратын міндеттерінің ауқымы арнайы қабылданған заңдармен нақты белгіленіп берілген, осы заңдарға сәйкес бұл қос мемлекеттік органның атқаратын жұмыс ауқымының ара жігі жан-жақты айқындалған. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау агенттігі еліміздің «Бәсекелестік туралы» заңының аясында бәсекелестікті қорғау мақсатында қоғамдық қатынастарды реттеу, монополиялық қызмет түрлерін шектеу және тұтынушылардың заңды құқықтарын қорғау міндетімен айналысады. Осы заң шеңберінде тауар рыногындағы басымдық пен монополиялық жағдайларды теріс пайдалануға жол бермеу және оның алдын алу агенттікке жүктелген басты міндеттердің бірі болып саналады. Ал өз кезегінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Қазақстанның «Табиғи монополиялар және реттелетін рынок туралы» заңына сәйкес табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін рыноктағы реттеу қызметтерімен айналысады. Осы заң шеңберінде ол атқаратын тағы бір басты мәселе, реттелетін рыноктағы бағаның қалыптасуын мемлекеттік реттеу және бақылау болып табылады. Сонымен бірге бұл агенттік табиғи монополия субъектілерін және реттелетін рыноктағы басым жағдайларға ие болған субъектілердің қызметін техникалық реттеу, баға мәселесіне тұрақты түрде мониторинг жүргізу міндеттерін жүзеге асырады. Реттелетін рынок дегеніміз – бұл тиісті заңнамаларға сәйкес баға мәселесіне мемлекеттік реттеу жүргізілетін тауар рыногы болып табылады. Реттелетін рынок субъектілері үшін баға мәселесіне мемлекеттік реттеу жүргізу «Табиғи монополиялар және реттелетін рынок туралы» заңмен айқындалған. Реттелетін рынокқа темір жол көлігін, электр энергетикалық және жылу энергетикалық, мұнай және газ өнімдері, мұнай тасымалдау, азаматтық авиация, теңіз айлағының қызметі, телекоммуникация және пошта байланысы салаларындағы рыноктар кіреді. Осы аталған рыноктардың субъектілерін Бәсекелестікті қорғау агенттігі белгілеген Мемлекеттік реестрге енгізуге байланысты олардың қызметін реттеу міндетін агенттіктің реттеуші органдары жүргізетін болды. Міне, осындай нақты міндет бөлінісі экономиканы реттеудің мемлекеттік жүйесінде монополияға қарсы күрес жөніндегі және реттеуші органдардың орны мен қызмет рөлін жіті айқындап берді. Бұл екі құрылым бір-бірінің қызметін қайталамайды, қайта рыноктағы жағдайды жан-жақты реттеп отыруда әрқайсысы өз міндеттеріне сәйкес тиімді жұмыс атқарады. Өкінішке орай, құқықтық сауатының төмендігіне байланысты тұрғындарымыздың кейбір бөлігі тарифтік бағаларды реттеу қызметін Бәсекелестікті қорғау агенттігі өкілеттігіне жатқызып, табиғи монополия субъектілері қызметтері тарифтерінің қымбаттауын монополияға қарсы күрес органдарының олқылығы деп есептейді. – Әділ бәсекелестікті қорғау және дамыту Қазақстан экономикасын дамытудың басты бағыттарының бірінен саналады. Ал бәсекелестікті өрістету ішкі рыногымызда тауар түрлерін аттыруда, тауарлардың сапасын көтеруде, бағаны ырықтандыруда қандай нақты тиімділік берді? – Бәсекелестік рынокқа ықпал жасаудың өркениетті күрес жолы болып табылады. Яғни, тауарлардың және қызметтің бағасын арзандату, олардың сапасын арттыру және рынокты тиімді тауарлармен толықтыру – бұл ұзақ мерзімде қалыптасатын әділ де оңтайлы бәсекелестік қатынас. Соңғы уақытта мемлекетіміздің тарапынан бәсекеге қабілетті тауар рыногын қалыптастыру мақсатында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Бәсекеге қабілетті рынокты және монополияны реттеудің сенімді тетіктерін қалыптастыру біздің монополияға қарсы саясатымыздың негізі болып табылады. Жекелеген рыноктарда әділ бәсекелестікті қалыптастыру, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру мақсатында біз ықпалды жұмыстар жүргізіп келеміз. Халықтың әл-ауқатын жақсартудың басты шараларының бірі еркін бәсекелестікті дамыту екендігі айқын. Бұл – бүгінгі өмір талабы, уақыт тудырған өміршең міндет. Соңғы уақытта монополияға қарсы күрес органдары азық-түлік рыноктарындағы, мұнай өнімдері және цемент рыногындағы бағаның негізсіз қымбаттауына және тауар тапшылығына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеді. Жан-жақты сараптамалар жүргізу нәтижесінде импорттық дәрі-дәрмектер сататын бастапқы рыноктың 23 субъектісі және азық-түлік тауарлары рыногының 180 субъектісі «доминанттар-реестрі» атты тізімге енгізілді. Бұл өз кезегінде осы субъектілердің қызметтерін реттеп, бағаның негізсіз шамадан тыс қымбаттап кетуіне жол бермеді. Сонымен бірге доминаттар-реестріне Интернет жүйесіне қосылудың бастапқы рыногының операторлары да кіргізілді. Бұл өкілетті орган тарапынан провайдерлердің қызметін ретке келтіріп, Интернет қызметі үшін тарифтердің төмендеуіне ықпал етті. Қазіргі таңда бәсекелестікті одан әрі дамытудың маңызды факторларының бірі 2014 жылға дейін бәсекелестікті дамыту жөніндегі бағдарлама болып отыр. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, бір жағынан, оның кешенді мәселелерді қамтуында болса, екінші жағынан, оның міндеттері мен принциптерін барлық мемлекеттік басқару дәрежелерінде іс жүзіне асыру болып табылады. – 2009 жылдан бері «Бәсекелестік туралы» Заң күшіне енді. Осы заң кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып, шағын және орта бизнес қауымдастығының жұмысына игі ықпал тигізе алды ма? – Сөзсіз. Ол сол үшін де қабылданды ғой. Монополияға қарсы күрес саласы экономикамыздың дамуымен және қайта жаңғыруымен бірге жетілдіріліп келеді. Республикамыздың рыноктарындағы бәсекелестіктің дамуы өз-өзінен болып жатқан шаруа емес, бұл 2009 жылы түбегейлі жетілдірілген монополияға қарсы жүргізіліп отырған мақсатты мемлекеттік саясаттың нәтижесі екендігі даусыз. Аталмыш заңның жобасын қалыптастыруға еліміздің қоғамдық ұйымдары және бизнес өкілдері белсене араласты. Сондықтан да, бұл заң еліміздегі бәсекелестікті дамытудың тиімді құралына айналды. Сонымен бірге заң шеңберінде кәсіпкерліктің белсенділігін арттыру, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың маңызды тетіктері енгізілген. Менің ойымша кәсіпкерлер үшін инвестициялық тұрақтылықтың кепілі болып табылатын ұзақ мерзімді инвестициялық немесе концессиялық келісім-шарттарды қолдауға арналған заң нормаларының маңызды болып отырғандығы даусыз. Сондай-ақ, аталмыш заң мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке араласа беруіне тосқауыл қойып, монополияға қарсы органдардың кез келген тексеріс жүргізуіне тыйым салды. Бұл органдар тарапынан тексеріс жүргізу мәселесі заңмен нақты айқындалып, монополияға қарсы күрес заңдылықтары бұзылған кезде басты 4 бағыт бойынша ғана тексеру жүргізу тәртібі белгіленді. – Жалпы, біздің елімізде өркениетті, халықаралық стандарттарға сай бәсекелестік бар деп айта аласыз ба? Қазақстанның ішкі рыногы монополистік топтардың қолында, әділ бәсекелестікке жол бермейді деген пікір бар. Оған қалай қарайсыз? – Қалыптасқан объективті жағдайларға байланысты бүгінде кейбір экономика құраушы салалар монополиялық болып қалуда. Оған темір жол саласы, отын-энергетикалық кешені және телекоммуникациялық жүйе кіреді. Жалпы алғанда рынок субъектілерінің басым ықпалы монополияға қарсы күрес органдарының бақылауында болып саналады. Бұл 2011 жылдан бері қалыптасқан экономикалық топтастыру жүйелерін тәртіпке келтіру механизмдері арқылы реттеліп келеді. Осы орайда мына мәселені ерекше атап айтқым келеді. Агенттік экономикалық топтастыру мәселесін қараған кезде бәсекелестікті шектеу мүмкіндіктерін ғана қарастырмайды, сонымен бірге осындай шаралардан экономикамыз үшін өте қажетті экономикалық тиімділік алуға да аса көңіл аударды. Себебі, рыноктағы монополиялық субъектілердің экономикалық пайда әкелетін көптеген артықшылықтары бар. Мәселен, бұл кеңінен инвестиция тарту мүмкіндіктеріне, өнім өндіру көлемін арттыру есебінен инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізу, бағаны арзандату жағдайларымен сипатталады. Сонымен бірге, бұл арқылы тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, әртүрлі төлемдер есебінен бюджет қоржыны да толығады. Біздің Конституциямызға сәйкес монополиялық қызметке тыйым салынбаған, тек оны жүргізуді шектеу ғана қарастырылған. Мұндай шектеулер рынокта басым және монополиялық артықшылықтарға ие субъектілердің ортақ іске кесірін тигізбеу жағдайын реттейді. Ел Үкіметі соңғы уақытта салаларды монополиядан арылту және бәсекелестікті дамыту мәселелеріне ерекше көңіл аударып келеді. Алайда, бүгінгі таңда қалыптасқан ахуалды түбірімен жаңарту үшін біраз уақыт, айтарлықтай тер төгу керек. Бұл көп күш-жігер жұмсауды қажет ететін ауқымды жұмыс екендігі белгілі. Сондықтан, бәсекелестікті барынша кеңінен орнықтыру 2014 жылға дейін бәсекелестікті дамыту бағдарламасында, сол сияқты салалар мен өңірлердің басқа да даму бағдарламаларында ерекше орын алған. – Еліміздің ішкі азық-түлік рыногы импортқа тәуелді. Бәсекелестікті дамытатын отандық тауарлар қайда? Сауда және коммуналдық салаларда заңдар тиімді жұмыс істемейді. Тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы тым жоғары, сапасы сын көтермейді... – Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы Үкіметтің тұрақты бақылауында. Агенттік өткен жылдан бастап азық-түлік тауарлары бойынша арнайы құрылған жұмыс тобына жетекшілік жасап келеді. Бұл комиссия азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, оның тапшылығын болдырмау мақсатында бірқатар ықпалды шараларды жүзеге асырды. Сонымен бірге бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың және өңірлік штабтардың да азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесіндегі жұмыстарын атап өткен жөн. Қазіргі таңда азық-түлік өнімдерін сақтау инфрақұрылымдары мен логистикалардың тапшы екендігі жасырын емес. Бұл өз кезегінде жиналған өнімнің сақталуын және оны тұтынушыларға жеткізудің қиындықтарын туғызады. Мамандандырылған мал сою пункттерінің, көкөніс қоймаларының, тауарларды сақтау және қайта өңдеу орталықтарының жетімсіздігі ішкі рынокта импорттық тауарлардың үстемдік құруына әкеліп соқтырды. Әсіресе, бұл жағдай маусымдық кезеңдерде шиеленісіп кететіндігін тәжірибеден көріп жүрміз. Дегенмен, бұл мәселе шешілу үстінде. Елімізде қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде де осы бір қордаланған проблеманы шешуге барынша көңіл бөлінген. Тек 2010 жылы ғана бұл проблеманы шешу мақсатындағы жалпы құны 95,8 миллиард теңгені құрайтын 87 инвестициялық жоба жүзеге аса бастады. Оның ішінде 42 нысан қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Ал 2011 жылы жалпы құны 55,5 миллиард теңгені құрайтын 45 жоба пайдалануға берілмек. Менің ойымша, енді бір 2-3 жылдан кейін еліміздің барлық өңірлеріндегі көкөніс қоймаларының жүйесі көбейтіледі. Сөйтіп, бұл азық-түлік түрлерінің тапшылығы жойылады. Қазір қолға алынып отырған шаралар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады. Сараптаулар көрсетіп отырғанындай, азық-түлік рыноктарындағы бағаның күрт қымбаттауы әдетте жыл басында және мерекелер қарсаңында орын алатындығы дүркін-дүркін болып тұратын құбылысқа айналды. Көп ретте азық-түлік бағаларының қымбаттауы табиғи монополия және реттелуші рынок субъектілерінің өнімдері мен қызметтері тарифінің көтерілуіне де тәуелді болып келеді. Мәселен, мұнай өнімдері және электр қуатының тарифтері көтерілсе болғаны, бірқатар тауарлардың өзіндік құны артып шыға келеді. Бұл өз кезегінде инфляцияның өсуіне әкеліп соқтырады. Мәселен, мұнай өнімдерінің бағасын Ресей Федерациясындағы бағамен біршама теңдестіру үшін биылғы жылдың басында еліміздегі бензин және дизель отынының бағасын 14,6 пайыздан 22,6 пайызға дейін көтеруге мәжбүр болдық. – Мәжит Төлеубекұлы, біздегі базарлар мен сауда орындары делдалдардың қолында. Жалпы, біз қашан осы делдалдар мен алыпсатарлардан құтылып, өркениетті рынокқа көшеміз? Агенттік тұтынушылар мүддесін қорғау мақсатында не тындырды? – Біз экономика бос кеңістікті көтере алмайды деген экономикалық қарапайым қағиданы түсінуіміз керек. Егер рынокта қалыптасқан қандай да бір бос кеңістікті кәсіпкерлер немесе мемлекеттік кәсіпорындар толтырмайтын болса, оны сөзсіз алыпсатарлар мен саудагерлер толтырады. Олар қалыптасқан жағдайдан мүмкіндігінше молырақ пайда тауып қалу үшін ештеңеден тайынбайды. Мемлекеттік органдар бұл мәселеде жедел де жүйелі шаралар қабылдауда. Қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Азық-түлік рыноктарын жүгенсіз кеткен делдалдардан арылту мақсатында да тиімді шаралар жүргізілуде. Жуырда Мемлекет басшысы сауда қызметін реттеу жүйесін барынша жетілдіруге бағытталған «Сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл дер кезінде қабылданған маңызды заң болып табылады. Енді біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу тетіктеріне қол жеткіздік. Бұл өз кезегінде алыпсатарлардың ашылған аранын тежейді. Алыпсатарлардың басым көпшілігі бағаны негізсіз қымбаттатып, барынша мол пайда тауып қалуды көксейді. Жаңа құжаттың бұл проблеманы шешуге жағдай жасайтындығына сенімдімін. Енді рыноктағы ахуалды жергілікті атқарушы органдар зерттеп отыратын болады. Бағаның белгілі бір өңірде не себептен қымбаттап кеткені жергілікті органдарға барынша түсінікті. Сондықтан, бұл жағдайға бақылау жасау тетігі артады. Мәселен, белгілі бір өңірде қант бағасы 40 пайызға өсіп кетті делік. Бұл ақпарат дер кезінде жұмыс тобына белгілі болады. Олар жергілікті жердегі қалыптасқан жағдайға байланысты бұл өңірде алдағы 90 күн ішінде қант бағасын 220 теңгеден асырмау туралы шұғыл шешім қабылдайды. Егер, белгілі бір азық-түлік өнімі шикізаттың немесе электр қуаты тарифтерінің қымбаттауына байланысты орын алатын болса, заң жобасында бұл айырманы мемлекет есебінен өтеу шаралары қарастырылған. Жоғарыда атап кеткенімдей, біздің бірқатар рыноктарымызда бірнеше баға көрсеткіштерін қолдану тәсілі орын алған. Бұл жағдай да заңда ескерілген. Егер, алыпсатарлар қосарланған бірнеше баға көрсеткіштерін қолданатын болса, олар әкімшілік жазаға тартылып, кінәлілерге 100 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл шара араны ашылған алыпсатарлардың тәбетін тежейді ғой деп ойлаймын. Сондай-ақ, заң бойынша қандай азық-түлік түрлері импортталатынына, олардың қандай бағамен жеткізілетіндігіне, бұл тауарлар қай өңірлерге және қандай базарларға түскендігіне, оларға қанша дәрежеде үстеме сауда бағасы белгіленгендігіне тұрақты мониторинг жүргізу шаралары белгіленген. Яғни, рынокта қалыптасқан жағдайлардың ашықтығын арттыруға көңіл бөлінеді. Рыноктар мен базарларда ашықтық пен жариялылық орын алса, саудагерлердің де жүгенсіздігіне тосқауыл қойылады. «Астық туралы» заңға сәйкес облыс әкімдері мемлекет қоры және мемлекеттік тұрақтандыру қорындағы астықтан алынған ұн және нан өнімдерінің шекті бағасын бекіту өкілеттігіне ие болды. Қолда бар деректер көрсетіп отырғанындай, биылғы жылы елімізде ешқандай азық-түлік тауарларының тапшылығы болмайды. 2010 жылы агенттік тарапынан азық-түлік рыногының 289 субъектісінің қызметіне тексеріс жүргізілді. Рыноктағы басымдық жағдайын пайдаланып, жең ұшынан жалғасқан 64 субъектінің үстінен әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде ұн және нан бағасын негізсіз қымбаттатқан 25 делдал бар. Өсімдік майы, қарақұмық және құс етін негізсіз қымбаттатуға жол берген 39 субъектінің үстінен агенттік әкімшілік іс қозғады. Сонымен бірге, қаржы полициясы Батыс Қазақстан облысының екі ұн шығаратын кәсіпорнының үстінен қылмыстық іс қозғады. Ішкі рыноктағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Үкімет тарапынан, оның ішінде, агенттік ықпалды шараларды жүзеге асыруда. Алайда, бағаны жалаң бұйрықпен бір деңгейде ұстап тұруға болмайды. Бұл рыноктағы әділ де еркін бәсекелестікпен реттелуі тиіс. Инфляция кез келген экономикалық көрсеткіш сияқты реттелетін құбылыс. Дегенмен, оны біліктілікпен реттеп отыру керек. Міне, біздің орталық және жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті осы тұрғыдан айшықталады. – Мәжит Төлеубекұлы, агенттіктің алдағы қызметінің ауқымы мен перспективалары туралы не айтар едіңіз? – Менің ойымша, агенттіктің болашағы зор. Әлемнің барлық дамыған елдері экономикадағы жоғары жетістіктерге әділ бәсекелестікті дамыту нәтижесінде қол жеткізді. Қазақстан да экономикалық зор табыстарға осы өркениетті жолмен жетуді мақсат етіп отыр. 2011 жылы агенттік алдында бірқатар нормативтік мақсаттардағы міндеттер тұр. Бұл бәсекелестіктің бірыңғай үдерістері мен ережелері туралы келісімдер жасау, мемлекеттік монополия мәселелері бойынша заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жөніндегі жұмысты аяқтау, сондай-ақ еліміздің «Бәсекелестік туралы» заңына тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелері болып табылады. Біздің жұмысымыздағы тағы бір маңызды бағыттарға жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып өңірлік бәсекелестікті дамыту, бәсекелестікке қабілетті орта қалыптастыру үшін өңірлердегі тауар рыноктарының ахуалын зерттеу жатады. Сонымен бірге, өздеріңізге белгілі, агенттік еліміздегі тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы өкілетті орган болып табылады. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып тұтынушылар құқығының барынша қорғалуын қамтамасыз ету аясында бірқатар кешенді шараларды жүзеге асырмақпыз. Негізінен, біздің атқаратын міндеттеріміздің барлығы дерлік отандық тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған. Мәселен, агенттік Ресейдің федералдық агенттігімен бірлесе отырып рынокта қалыптасқан монополиялық үстемдігін пайдаланып қызмет бағасын шексіз көтеріп жіберген ірі ұялы телефон операторларының жұмысына жан-жақты тексеріс жүргізіп, заң бұзушылық оқиғаларын анықтады. Нәтижесінде, елімізде жұмыс істейтін бірқатар операторлар ұялы телефон байланысының тарифін төмендетуге мәжбүр болды. Мұндай мысалдарды қаржы рыногындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұмыстардан да көптеп келтіруге болады. 2011 жыл – барыс бейнелі еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтілетін жыл. Қазақстанның монополияға қарсы күрес органдарының құрылғанына да 20 жыл толады. Осыған байланысты үстіміздегі жылы еліміздің монополияға қарсы күрес саясатын одан әрі жетілдіру мақсатында бірқатар ықпалды шараларды жүзеге асырмақпыз. Осы мақсат аясында ТМД мемлекеттерімен тәжірибе алмасу жұмыстары да жүргізіледі. Агенттік алдында тұрған басты міндет – елімізді әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына қосу мақсатындағы экономикалық зор жетістіктерге жету жолында әділ әрі өркениетті бәсекелестікті дамыту болмақ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
Өндіріс өңірлерді өрге бастырады
Ал ол әлеуметтік саланың әлеуетін арттырады
Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет соңғы кездері өңірлік даму мәселесіне ерекше мән беруде. Өйткені, елімізде нарықтық қатынас орнағаннан бері әрбір өңірдің экономикасының, тұрмыс-тіршілігінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі жағдайдың қалыптасқандығы белгілі. Мәселен, Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде әлемнің басқа елдерімен тығыз экономикалық қарым-қатынастар орнатуы, әлемдік рынокқа қолда бар шикізат ресурстарын тікелей шығара бастауы негізгі тіршілігі мұнай-газ өндірісімен байланысты болып келген еліміздің батыс өңірінің жедел дамуына әкелді. Ал енді өндірістің басқа салаларымен, соның ішінде, ауыл шаруашылығымен шұғылданатын бірқатар облыстар өздерінің қол жеткізген бұрынғы деңгейлерінен төмендеп кетті. Осы ретте Жамбыл облысының жағдайына салыстырмалы түрде тоқтала кетейік. 1991 жылғы көрсеткіштер бойынша Жамбыл облысының ел өнеркәсібіндегі үлесі 6,5 пайызды құрайтын. 2009 жылғы көрсеткіш бойынша бұл үлес көлемі енді 1,3 пайызға дейін төмендеген. Сондай-ақ, осы облыстың еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі үлесі 1991 жылы 29,5 пайызды құраса, 2009 жылғы көрсеткіш бойынша ол енді 12,1 пайызды ғана құрап отыр. Мұндай төмендеудің негізгі себебі неде? Жамбыл облысында бұрын химия өнеркәсібі, металлургия саласы, тамақ өнеркәсібі жақсы дамыған еді. Бұл салаларда өндірілген өнімдер Кеңес одағының тұтыну рыногында жақсы пайдаланылатын. Алайда, осы үлкен ортақ рыноктың жойылуы, бұрынғы қалыптасқан экономикалық қарым-қатынастардың үзілуі осы облыс жағдайына үлкен соққы болып тиді. Осындай факторлардың ықпалымен облыста бұрын пайдалануда болып келген 11 миллион 500 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 2009 жылғы көрсеткіш бойынша 4 миллион 400 мың гектарға дейін қысқарып кетті. Егер облыс аумағында 14 миллион 426 мың гектар жер ресурсы бар екендігін еске алатын болсақ, қазіргі көрсеткіштер бойынша жалпы жер әлеуетінің үштен бір бөлігі ғана пайдаланылып отырғандығына көз жеткіземіз. Жамбыл облысы бұрын еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы ең дамыған облыстардың бірі болатын. Мұнда мыңғыртып төрт түлік мал өсірілетін. Малдың жүнін, етін, терісін өңдейтін, тамақ өнімдерін шығаратын өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейтін. Өкінішке орай, экономиканың негізгі салаларының, соның ішінде, химия және металлургия өнеркәсібінің құлдырауы халықтың сатып алу қабілетін көп төмендетіп жіберді. Осының әсерінен ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс азайып, мал басы, олардан өндірілетін өнім көлемі қысқара түсті. Мәселен, 1991 жылы бұл облыста жылына 11 833 тонна жүн өндіріліп келсе, ендігі кезекте оның көлемі екі есеге дейін қысқарды. Осылайша экономика ауқымының қысқаруы, жұмыс орындарының азаюы әр адамға шаққандағы еңбек өнімділігіне де үлкен әсер етті. Мәселен, 2008 жылғы мәлімет бойынша Атырау облысында жылына бір адамға шаққанда 7 миллион 466 мың теңгенің, Қарағанды облысында 4 миллион 742 мың теңгенің, Алматы, Астана қалаларында 3 миллион 893 мың теңгенің өнімдері өндірілсе, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 613 мың теңгені ғана құраған. Егер әр өңір өз бетінше дамып, әр адам өз жағдайымен ғана өмір сүретін болса, Жамбыл облысының халқы қазіргі күні өте үлкен қиындықтарға душар болар еді. Бірақ мемлекеттің бүкіл Қазақстан халқына ортақ әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізуінің арқасында Жамбыл облысының халқы өз қиындықтарымен жеке қалған жоқ. Бұл облысқа республикалық бюджет есебінен жылма-жыл ауқымды субвенция мен трансферттер бөлінетіндігі өз алдына, сонымер қатар, түрлі экономикалық жобаларға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Осының әсерінен қазіргі күні мың жылдық тарихы бар кәрі Тараз қаласының жылдан-жылға жайнай түскендігін байқаймыз. Қазіргі күні облыс халқын газбен қамту ісінде бірқатар проблемалар шешімін тапты. Оған осы облыс аумағындағы Амангелді газ кен орнының іске қосылуы үлкен ықпал етті. Сонымен қатар, Үкімет Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша облыста бұрыннан қалыптасқан химия, металлургия өндірістерін қайтадан жандандырып, оларды заман талабына сәйкес дамыту ісінде үлкен шараларды жоспарлап отыр. Қазіргі күні оларды жүзеге асыру үшін әлемдік деңгейдегі әлеуетті инвесторлар іздестірілуде. Салынып жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің едәуір бөлігі осы облыс аумағын кесіп өтетіндігі белгілі. Бұл жоба толық іске қосылған жағдайда осыдан сандаған ғасыр бұрын кәрі Тараз жерін әлемдік сауда бағыттарымен тығыз байланыстырып жатқан көне Жібек жолы қайта жанданып, облыстың әлемдік экономикалық интеграциялық үдерістерге қосылуы бұрынғыға қарағанда қарқынды сипат алатын болады. Мұның өзі облыс экономикасына тың серпіліс әкелетіндігі анық. Облысқа Қанат Бозымбаевтың әкім болып келуі өз нәтижесін бере бастағандығы байқалады. Бұрын жылма-жылғы жыр болып келе жатқан Жамбыл ГРЭС-нің проблемалары біршама шешімін тапты. Оның үстіне өткен жылы еліміздегі жүзеге асырылу үстіндегі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында Жамбыл облысында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылды. Бұл облыста іске қосылған осы жобалардың бір ерекшелігі, жұмыс орындарын неғұрлым көптеп ашу мәселесінің алдын-ала ойластырылғандығы дер едік. Соның нәтижесінде, Жамбыл облысы өткен жылы жұмыс орындарын ең көп ашқан облыстардың қатарына қосылып отыр. Облыс үшін бұл да бір алдан байқалып отырған жақсылық нышаны. Қазіргі күні Үкімет әзірлену үстіндегі Қазақстан Республикасының аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды кестесі аясында аталған облысты одан әрі дамыту ісіне ерекше назар аударуда. Осы кесте бойынша бұл облыста бірінші кезекте ауыл шаруашылығын, тамақ өнеркәсібін, химия өнеркәсібін дамыту ісіне басымдықтар берілетін болады. Осы үшін облыстың энергетикалық әлеуеті қайта қалпына келтіріледі. Түсті металлургия саласы, дәрі-дәрмек өндірісі, флюорит өңдеу, кальций содасын шығару, техникалық кремний алу, цемент өндіру және одан түрлі қоспалар жасау өнеркәсібі дамытылатын болады. Сондай-ақ, алдын-ала зерттеулер бойынша бұл облыста жеңіл өнеркәсіпті, туризмді, көлік логистикасы мен мәшине жасау саласын дамытудың біршама тартымдылығы бар. Осы мәселелерге де назар аударылып, тиісті шаралар ойластырылу үстінде. Біз осы мақаламызда ел өңірлерін дамыту ісіне қатысты тек бір ғана облыстың мысалы негізінде әңгіме қозғадық. Ал осындай шаралар басқа облыстарға да қатысты жүзеге асырылып жатқандығы баршаға белгілі. Қазір еліміздің қай өңіріне бармайық онда тұрып жатқан адамдардың жүзі жарқын, еңсесі көтеріңкі екендігін байқаймыз. Бір қарағанда әдеттегідей жағдайға, қалыпты құбылысқа айналып кеткен осы көріністің астарында үлкен мәселе жатқандығын аңғара бермейміз. Ал түбін қуалап келетін болсақ, осының барлығы Қазақстан мемлекеттігінің үлкен әлеуметтік саясатты жылдар бойы тынымсыз жүргізуінің нәтижесі. Бір жақсысы, біздің тәуелсіз Қазақстанымыз Елбасының халық қамын күйттеген саясатының және дана басшылығының нәтижесінде бұрынғы Кеңес одағы ұстанған әлеуметтік жетістіктердің барлығын сол күйінде сақтап қала алды және оны одан әрі жетілдіре түсуде. Мәселен, бізде орта білім тегін. Оқимын деген жастарға жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттар беріледі. Оның үстіне оқуға ынталы әрбір жастың мемлекеттің жүзеге асыру үстіндегі «Болашақ» бағдарламасының аясында әлемнің кез келген еліне барып, ондағы таңдаулы жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігі бар. Ал халық үшін мұндай жақсылықты кезінде коммунизм орнатуды мақсат еткен әлемдегі ең әлеуметтік мемлекет Кеңес одағы да жасай алмаған болатын. Қазақстанда денсаулық сақтау саласының да жағдайы жылдан-жылға жақсара түсуде. Қалалы жерлерде, тіпті ауылдарда да қазіргі заманға лайық жақсы жабдықталған спорт алаңдары салынуда. Мұның сыртында санаулы жылдардың ішінде біздің Қазақстанда мыңға жуық мектеп пен емханалардың, мәдениет мекемелерінің салынғандығын көріп отырмыз. ТМД-ның, тіпті дүние жүзінің ешбір елі әлеуметтік мәні бар осындай нысандарды салуда дәл Қазақстандай батыл қимылдап, жылдамдық танытқан, осы мақсатта мемлекеттің мүмкіндік деңгейімен есептегенде ауқымды қаржы бөлген емес. Шағын ауылда 30-40 бала үшін жеке мектеп ұстап отырған осындай мемлекетті басқа жерлерден тауып көріңіз. Сонымен бір сөзбен айтқанда, біздің Қазақстанымыз қазіргі күні әлемдегі ең бір әлеуметтік мемлекеттердің біріне айналып келеді. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі. Осыны әр өңір тұрғыны, басшысынан бастап баласына дейін дұрыс түсінсе екен деп ойлаймыз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.Ылғал – құнарлылық кепілі
2010 жылғы құрғақшылық көптеген ауылшаруашылық мамандарын егіншілікті жауын-шашынсыз қалай дамыту керектігі жөнінде ойландырады. Құрғақшылықтың қайталанбауына ешкім кепіл бола алмайды. Әлем ғалымдары ауа температурасының біртіндеп көтеріліп жатқанын айтуда. Солтүстік Қазақстан егіншілеріне еріген қар суының емес, топырақ қабатындағы ылғалдың маңызы зор. Бұл А.И.Бараев атындағы ғылыми-тәжірибелік орталығында көпжылдық зерттеу нәтижелерінен кейін дәлелденіп отыр. 2010 жылы қазанда «Казахзерно» газетіне берген сұхбатта біздің зерттеулеріміздің нәтижесінде құрғақшылықтың өсімдіктің өсіп-жетілуіне кері әсер ететіні айтылған болатын. Соңғы 50-60 жылда егіншілікте өсіп жетілу кезінде мұндай жоғары температура мен жауын-шашынсыз жыл байқалған жоқ. Ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарын өсіру технологиясында ең басты факторлардың бірі – егін егер алдындағы ылғал қорының жеткілікті болуы. Бұл мәселені шешу үшін ылғал қорын жинауда қыс айында, бұрынғы кеңестік кездегідей, қар тоқтату іс-шараларын жүргізу қажет. Бірақ қар тоқтату алдында егіншілер көктемде еріген қар суының топыраққа қолайлы және кері әсерін естен шығармағаны дұрыс. Негізгі су эрозиясы көктем айында қардың еруі кезінде ағын судың болуынан пайда болады. Егістік топографиясын, агрофон, топырақ қабатын негізгі сүдігермен өңдеу, топырақ қабатының ылғал мөлшерін анықтау сияқта негізгі факторларды да естен шығармау керек. Егін жинағаннан кейін күздегі жауын-шашын мөлшері: қыркүйек айында – 2,5 мм., қазан айында – 5,9 мм., және қараша айында – 31,3 мм., орташа көпжылдық мәліметтерде 24,4; 28,7 және 15,5 мм. құрайды. Қараша айының үшінші жартысында ауа температурасы тұрақтала бастайды. Осы уақыттағы жауған қар мөлшері 22,0 мм., құрайды, ал орташа көпжылдық мәліметтерде ол – 24,0 мм. Аңыздық дақылдар еңкіс жерлерге егіліп және топырақ қабатына кесе көлделең өңдеу жүргізілмеген болса, осындай жерлерде де ағын су қалыптасады. Бұндай егістіктерде қар қабатын 35 см., артық тоқтатуға болмайды. Жылда су ағатын және сайлы жерлерді егіншіліктен алып тастап, ондай егіс алқаптарын шалғынды шөпті және шабындық жерлерге айналдыру керек. 2010 жылы ауа райы қуаңшылығына қарамай біздің зерттеулер бойынша жаңа технологияның арқасында жаздық жұмсақ бидайдың өнімділігі гектарына 12-16 центнерге жетті. Ал өңдеу технологиясы сақталмаған жерлерде өнімділік гектарына небәрі 2-4 центнер ғана болды. Тағы бір маңызды жәйт, қаржы жетіспеген кезде, материалдық және жұмысшы адамдар аз болғанда егіс алқабын қажетіне қарай себу керек, қаржыны тек таза және өнімді көп беретін егістіктерге ғана жұмсау керек. Алдымен, экологиялық қаупі аз жерлерде қар тоқтату қажет. Топырақтың құнарлы қабатының шайылуы орны толмас апат. Экология мен топырақты эрозиядан қорғау бірінші орында тұруы керек. К.АКШАЛОВ, А.И. Бараев атындағы Ғылыми-зерттеу институтының егіншілік бөлімінің меңгерушісі, Ж.ТАЙШУХЭР, ғылыми қызметкер.Е-әкімдік қызметін бастады
Жақында Астанадағы “Бәйтерек” медиа-орталығында елорданың электронды әкімдігі жобасын таныстыруға арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда Астана қаласының тұрғындарына мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсететін жаңа жүйе таныстырылды. Жаңа веб-портал атауы –e.astana.kz. Тұрғындар пайдалануына ұсынылып отырған елордалық е-әкімдік жергілікті атқарушы органдардың қызметін онлайн режімінде көрсетеді. Жаңа портал арқасында мемлекеттік қажетті қызметтер жиынтығын компьютер қолданушылардың барлығы бірнеше ноқаттарды басу арқылы лезде ала алады. Астаналықтар бұдан былай жұмыспен қамтамасыз ету, білім, тұрғын үй, жер қатынастары және басқа да 15 қызмет түрін үйден шықпай-ақ алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Веб-порталдың басты мақсаты – тұрғындар тарапынан барынша сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Портал демалыссыз жұмыс істейді. Ал қызмет жеделдігіне келсек, қала тұрғындары кез келген уақытта интернет қосылған жерден тапсырыс жіберіп, оның орындалуын қадағалай алады. Портал мүмкіндігі, уақыты тапшы азаматтарға ұзын-сонар кезекке тұру арқылы уақыт жоғалтпай-ақ қажетті құжатын тез әрі сапалы қызмет түрімен алудың баламалы жолы болмақ. Жобаның жалпы құны 30 млн.теңгені құрайды. Жаңа портал белсенді интернет тұтынушылар санын көбейтіп, мемлекеттік мекемелердегі үдерістерді автоматтандырады. Е-әкімдік қызметіне жүгінген азаматтардың тапсырысы сол сәтте-ақ тиесілі органға тікелей келіп түседі. Өтінішті қару мерзімі шешілу уақытына қарай 5 күннен жарты жылға дейін созылады. Тұрғындар порталдағы жеке бұрышы арқылы келген анықтама формасын баспа арқылы шығарып алып, қолдана беруіне болады. Анықтамаларды алу барысында адам факторының азаюы, үдерістің ашықтығы өте тиімді. Анықтама алушылар өзінің нешінші орында тұрғандығын анықтап, орындалу үдерісін бақылай алады. Е-әкімдіктегі қызмет көрсетудің жаңа жүйесі бірнеше қауіпсіздік сатысынан тұрады. Олар: веб-порталға қосылу арнасының қорғалуы, арнайы электронды сандық қолтаңба, ЖСН. Электронды әкімдік қызметін тіркелген елордалықтар ғана қолдана алады. Ол үшін “Электронды үкімет” сайтынан немесе қаладағы ХҚКО-дан электронды қолтаңба алу қажет. Жүйе ЭСҚ-ға ие азаматтарға құжаттардың көшірмесін сақтауға мүмкіндік беретін жеке электронды кабинет ұсынады. Ал ЭСҚ-сы жоқ тұтынушылар үшін мемлекеттік қызмет алу үшін тапсырыс беруге және кезекті брондауға мүмкіндік бар. Интернет желісі арқылы салық және басқа да төлемдерді талап етпейтін қызметтер тегін көрсетіледі. Астана қаласының әкімдігі ұсынып отырған жаңа қызмет жүйесіндегі қызмет саны болашақта бұдан әрі көбеймек. Жаңа жүйені жасап шығарушылар 43 мемлекеттік қызмет ішінен елорда тұрғындары қатты қажет еткен қызмет түрлерін электронды түрге ауыстырды. Мысалы, балаларды балабақшаға орналастыруға кезекке тұру, жұмыссыздарға есепке тіркелу, мемлекеттік қордан үй алуға үмітті азаматтарды есепке алу, 18 жасқа дейін балаға жәрдемақы алу анықтамасы секілді қызметтер бар. Қалғандары болашақта кезең-кезеңмен ауыстырылатын болады, деді Астана қаласының мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің меңгерушісі Олжас Омар. Венера ТҮГЕЛБАЙ.Мақсат – тұрғындар талабынан шығу
Елордадағы Конгресс-Холл фойесінде Астана қаласы Бас жоспарына оның 2030 жылға дейінгі даму бағыты бойынша түзетулер енгізу жобасының таныстырылымы болып өтті. Жобаны Елбасының тапсырма