• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2016

Оқудан шықсаң, мемлекет шығынын қайтарасың

286 рет
көрсетілді

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің кезекті отырысында білім беру саласындағы қаржылық аудиттің қорытындысы қаралды. Осы тексеріс кезінде білім беру саласындағы 24 нысан қамтылса да, тиімсіз жұмсалған бюджет қаржысы аз емес болып шықты. Ал, ең бастысы, аудит осы саланың аса өзекті мәселелерін анықтап берді. Атап айтқанда, бүгінде білім беру бағдарламасы мен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арасында байланыс жоқ. Аталған бағдарламаға қажетті мамандар жүйелі түрде дайындалмайды. Оқытушы-профессор құрамын жаңарту жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Бұдан бөлек, оқудан шығып кеткен жастардың кесірінен ел бюджеті шығындалып жатыр. Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин ондай студенттерден бюджет қаражатын қайтарып алу механизмін әзірлеуді ұсынды. «266 адамды сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарды. Ішкі тәртіпті бұзды. Бұл дегеніміз, бұзақылық жасады және тағысын тағы. Сосын өз еркімен оқуды тастап кеткендер бар. Міне, осы студенттерді оқыту үшін бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Біздіңше, «Болашақ» бағдарламасындағы сияқты бюджет қаражатын қайтарудың белгілі бір ережесін әзірлеу керек», - дейді Қозы-Көрпеш Жаңбыршин. Оның айтуынша, мұндай механизмді іске қосу туралы шешім міндетті түрде болады. Ал аудитке келер болсақ, тексеріс кезінде білім беру саласындағы 16 кәсіпорын, 7 акционерлік қоғам мен 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік қамтылды. Ондағы қаражат пен активтердің жалпы көлемі 214,9 млрд. теңгені құрады. «Аудит кезінде жалпы сомасы 1 млрд. 845 млн. теңгенің қаржылық тәртіп бұзушылықтары анықталды. Соның ішінде 918 млн. теңгенің тәртіп бұзушылықтары түзелді. Бұдан бөлек, 252,8 млн. теңге мемлекет бюджетіне қайтарылды. Сондай-ақ 12 млрд. 119 млн. теңгенің процедуралық тәртіп бұзушылықтары анықталды. Тиімсіз пайдаланылған қаржының көлемі 7 млрд. 49 млн. теңгені құрады», - дейді комитет мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов. Оның сөзіне қарағанда, ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қыруар қаражат та дұрыс игерілмейді. Осы мәселелерге қатысты жауап беру үшін Есеп комитетіне білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова келген екен. Оның бұл қызметке таяуда ғана тағайындалғанын ескерген комитет мүшелері вице-министрді аса қинамады. Бірақ ескертусіз де қалдырмады. «Біз министрліктің атқарған жұмысын тыңдау үшін жиналған жоқпыз. Есеп комитеті «гламурный» есептерді тыңдайтын мекеме емес. Білім беру саласында анықталған кемшіліктер неге болды? Соның бәрін жою үшін қандай жұмыс атқарылды? Міне, сіздің негізгі міндетіңіз осыны айтып беру еді. Себебі 1 млрд. 845 млн. теңгенің қаржылық тәртіп бұзушылықтары бар, ол дегеніңіз аз емес. Сол ақшаның барлығын қайтару қажет», - деп атап көрсетті Қозы-Көрпеш Жаңбыршин. Арман Асқар