• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2016

Ақтөбенің «Арбаты»

413 рет
көрсетілді

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құ­жаттама басқармасының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы сая­бақта Ақтөбедегі «Арбаттың» ашылуы өтті. «Арбат» шығармашылық адамдардың – ақындар мен суретшілердің, авторлық ән орын­даушыларының, шеберлер мен кітапсүйер қауымның сүйікті алаңына айналды. Бұл жерде суретшілердің, шеберлердің еңбектерін сатып алуға, портретке жедел тапсырыс беруге, шеберлік сағатына  катысуға және кітап көрмелерін тамашалауға  мол мүмкіндік бар. «Арбатты» облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қ.Айтбаев ашқаннан соң, көрермендер «Лестница» театр-лабораториясы қойған интермедияны қызыға тамашалады. Сондай-ақ, сол күні саябақта «Ашық аспан астындағы кітапхана» жұмыс істеді, онда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғы­лыми, С.Жиенбаев атындағы облыстық жас­өспірімдер және қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен түрлі тақырыптардағы көркем әдебиеттермен танысты. Жылжымалы стеллаждарда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, «Оқитын өлке», «Бір ел – бір кітап» акциялары аясында жарық  көрген  кітаптар көрмеге қойылды. Белгілі адамдардың бос уақытты ұйымдастыру және кітап оқудың пайдасы туралы нақыл сөздері жазылған стендтер, кітапхана жұмысы туралы түрлі тақырыптардағы фотостендтер оқырман назарына ұсынылды Облыстық кітапхана қызметкерлері кітап көрмелеріне шолулар жасады, тұрақты оқырман болуға шақырған жарнамалық бук­леттерді таратып, қазақ ақындарының туындыларын мәнерлеп оқыды. Ақтөбедегі «Арбат» әр жұма, сенбі күндері кешкі уақытта ақтөбеліктердің сүйікті алаңына айналмақ. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы