Бүгінде елімізде отандық өнім өндірушіні қолдау мен ынталандырудың бірқатар тәсілдері қолданылып жүр. Солардың бірі – отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді нарыққа ұсыну барысында индустриялық-инновациялық жаңалықтарды қолдануға жұмсалған шығынды өтеп беру. Бүгінгідей заманауи технологиялардың көз ілеспес шапшаңдықпен дамуы мен жарысы заманында мұндай қолдаудың маңызы зор екені сөзсіз. Ең алдымен ол өз өнімдеріміздің бәсекеге қабілетін арттырады.
Биыл «NADLoC» жергілікті қамтуды дамытудың ұлттық агенттігіне осындай өтемақы алғысы келген 132 өтініш түскен екен. Оларды қараған ведомствоаралық комиссия кеше 82 өтінішті қанағаттандырды. Қалғандарына келесі қаржылық жылда өтемақы төлеу көзделеді. Өз өнеркәсібіне заманауи жаңалық енгізгені үшін отандық өнім өндірушіге төленетін биылғы жалпы сома 120 млн. теңгені құрайды.
Өтініштер 25 наурыздан 30 маусымға дейін қабылданған болатын. Өтемақы алатын компаниялардың тізімі аталған агенттіктің ресми веб-сайтында жарияланады. Бұл атқарушы тараптың қолдауды мейлінше ашық жүргізуге ынталы екенін көрсетсе керек.
Айта кету керек, өтемақы индустриялық-инновациялық қызмет үшін жұмсалған 50 пайыздық шығын тиісті құжаттармен расталған жағдайда өтеледі. Бірақ 3 мың айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Сонымен қатар, мұндай өтемақыны Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұтынуға жіберілген және Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі реестріне енгізілген тауар сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестігін растаған отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілер ала алады.
Осылайша, еліміздегі индустриялық-инновациялық қызметке қолдау жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заң 2012 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Өткен жылы өндіріске жаңа технологияларды енгізуді кезең-кезеңімен дамытуды көздейтін бағдарлама өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, Елбасының 5 институттық реформасында да бұған баса назар аударылған. Бүгінде қарқынды жүргізілген осындай саясаттың нәтижесінде Қазақстан бұрынғы шикізат өндіруші ел ретіндегі атынан арылып, әлемдік нарыққа өз өнімдерін шығаруға қабілетті ел екенін дәлелдей бастады.
Жандос Бәделұлы,
«Егемен Қазақстан»