Әлеуметтік стратификация жүйесінің маңызды бөлігі саналатын қоғамның салмағы басым осы тобы бүгінде қай елде болмасын көптігімен ерекшеленеді. Тұрмысы жоғары және төмен тұратындардың ортасындағы белсенділер – орта таптың азаюы ел экономикасының құлдырауымен тікелей байланысты болады екен.
Айтар болсақ, біздің елде орта тап туралы түсінік әлі де болса лайықты сипатқа ие болмай отырған сыңайлы. Себебі, еліміздегі жағдайы жақсы деген тұрғындардың шын мәніндегі тұрмыс деңгейі шетел азаматтарының төменгі табының критерийлерімен сәйкес келуі әбден мүмкін. Жалпы, орта таптың әр елде әралуан болатындығын ескеру қажет. Және де қоғамның әлеуметтік құрылымын сөз еткенде оның құрылым жағынан бірдей болмайтынын, адамзат тұрмысының арасында қашанда теңсіздік болатынын да ескеру маңызды сияқты. Сондықтан да олардың жіктелуі ғалымдар үшін ылғи да күрделі мәселе болып келді.
Десек те, әлеуметтанушылар азаматтардың білімі, табысы, материалдық жағдайына байланысты бірнеше жіктерге бөліп қарайтын стратификациялық модельдерді ұсынады. Олардың қатарына жоғары тап, орта тап, жұмысшы табы және төменгі тап жатады. Қаржы және өнеркәсіп магнаттары, жоғары билік элиталары жататын жоғары тап туралы әңгіме қозғаудың жөні басқа. Тап солай табысы тұрақсыз, жұмыссыз, әлеуметтік аз қамтылғандар жайын да бөлек әңгімелемекпіз.
Бұл ретте ауқымды топ – орта таптың қоғамда алар орны ерекше екендігі осыдан бірнеше ғасырлар бұрын-ақ белгілі болған. Осы орайда ұлы ойшыл Аристотель: «Кез келген мемлекетте үш топ бар. Біріншісі – байлар, екіншісі – кедейлер. Ал үшіншісі – ең жақсылары», деген екен. Тіпті, өткен XX ғасырдан бастау алған орта таптың ортасын көбейту мәселесі қашанда маңыздылығын жоймай келеді. Оған көптеген себептер де жоқ емес, әрине.
Бірінші кезекте қоғамдағы әлеуметтік тәртіп пен тұрақтылықтың және экономиканың тірегі орта тап өкілдері екендігін ескере кеткен жөн. Сондай-ақ, қоғамның негізгі интеллектуалдық күші мен жоғары мамандарынан тұратын тобының кез келген мәселеде белсенділік таныта алатыны тағы бар. Бүгінде ғалымдар, жазушылар, суретшілер, дін қызметкерлері, оқытушылар, дәрігерлер, орта және шағын кәсіпкерлер мен маманданған жұмысшылар жататын орта таптың заман талабына сай өзіндік өмір сүру дағдысы бөлек және экономика мен саяси бағытта тәуелсіз екені белгілі. Халықтың неғұрлым көп бөлігі ауқатты болған сайын, қоғамның тұрақтылығы да нығая түсетіні дәлелденген. Яғни, қандай да бір меншікке ие азамат өзіне тиесілі игіліктердің сақталуына мүдделі.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрғындарының арасында орта тап өкілдерінің санын арттыру мәселесіне ұдайы назар аударып келеді. Осы туралы өткен жылы «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі барысында орта буын қазақстандық ұлттың негізі ретінде қарастырылуы тиіс екендігін баса айтқан болатын. «Еліміздегі орта тап кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың көзі ретінде қарастырылуы керек. Бұлар нағыз заңның салтанат құруына мейлінше мүдделі, мемлекеттің халыққа есеп беруін қалайтын, елдегі тұрақтылық үшін барымен күресетін үлкен күш», деді Елбасы сонда.
Президенттің орта тап өкілдеріне берген сипаты бойынша, еліміздегі орта тап тұрғындары – бұл өзінің баспанасы, автокөлігі, бизнесі мен жалақысы қалыпты, отбасын асырап отырған, балаларын оқытуға, қыдыруға жағдайы толық келетіндер. Бұл ретте Елбасы дәл осы тап тұрақтылықтың мейлінше жақтаушысы екендігін, Германияда ұлттық байлықтың 90 пайызын орта тап өкілдері құрап отырғанын атап айтқан болатын.
Әлемнің ең дамыған жетекші елдерінде орта тап халықтың 60-80%-ын құрайды. Кем дегенде бұл көрсеткіш жартысына жуықтауы керек. Басылым беттеріндегі деректер бойынша, мемлекетімізде орта буынның қатары азайып келе жатқаны айтылуда. Соңғы жылдары теңге бағамы өзгергенге дейін олардың көрсеткіші 25-30% болса, қазіргі таңда 10-15%-ды құрайды. Мұның өте аз көрсеткіш екендігі белгілі. Және де алдағы уақытта олардың артатынына күмән да жоқ емес.
Тіпті, бірқатар сарапшылар біздің елде орта тап туралы айтуға әлі ерте деп есептейді. Кейбірі мемлекетіміздегі орта таптың ұзақ уақыт бойы қалыптасу кезеңінде болатынын тұспалдаса, тәуелсіз мамандардың пікірі бойынша, елдің орта тап өкілдерін шетелдікімен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ, елде қоғамның орта буындарының саны басым екендігіне және оның жылдан-жылға ұлғаятынына сенім білдіретін сарапшылар да жоқ емес.
Десек те, бүгінгі таңда тек біздің елде емес, бірқатар мемлекеттерде алаңдатарлық ахуалға айналып отырған бұл мәселе көптеген шараларды қолға алуға итермелейді. Себебі, жаһандық сипат алған дағдарыс, мұнай бағасының құлдырауы әсіресе, экономиканың белін бүктіргені рас. Осы ретте оның салқыны бірқатар бизнес өкілдері мен кәсіпкерлердің жұмысын қиындатып, айтарлықтай соққы берді. Орта тап өкілдерінің нағыз ядросы саналатын бизнесмендердің саны кеміп, орта таптың пайызы да азайып қалды.
Кез келген елдің экономикасының негізі шағын және орта кәсіпкерлік екендігі бүгінде баршаға аян. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде үлкен маңызға ие. ШОБ-ты дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптастыруға үлкен мүмкіндіктер бар. Сондықтан да, елдегі кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық бере отырып, оны дамытудың тиімді шараларын қолға алу қажет.
Ал бұл тұрғыда елімізде қоғам арасында орта тап өкілдерінің санын арттыру барысында көптеген жұмыстар жүзеге асып, мемлекеттік бағдарламалар енгізіліп жатқанын айта кеткен абзал. Бизнеске тұрақты әрі қолайлы жағдай жасалып, жеңілдетілген салық жүйесі, кепілді, субсидияландыру мен жеңілдікпен несиелендіру секілді мемлекеттік қолдау шаралары енгізілуде. Дей тұрғанмен, әлі де болса экономикаға тәуелді болып отырған осы мәселенің мән-жайын толыққанды тексеріп, ШОБ өкілдеріне бұдан да тиімдірек жағдайларды жасау қажеттігі туындайды. Сондай-ақ, салық көлемін одан әрі қысқарта түсудің маңызы да айрықша.
Миннесота университетінің өткен жылғы зерттеулері бойынша АҚШ-та орта таптың үлесі 42-55% аралығында екендігі белгілі болды. Бұл көрсеткіш бұрнағы жылдармен салыстырғанда бірнеше пайызға кеміген. Яғни, 2015 жылы Америка тұрғындарының тек жартысына жуығы ғана өздерін орта таптың өкіліміз деп есептеген. Ал бұл тұрғыда дамыған елдің орта тап туралы критерийлерінің өзгеше екендігін ескерген жөн. Мысалы, «Business Insider» журналында орта тапты сипаттайтын мынадай анықтамалар беріліпті. Онда жылдық табысы 25 пен 76 мың долларды құрайтындар өздерін орта таптың өкілі ретінде санайды. Мысалы, Нью-Йорк пен Калифорния үшін адамның бір жылдық табысы 30 мың доллардан жоғары болуы қажет. Яғни Нью-Йорк тұрғыны айына 3000 доллардан кем табатын болса, онда ол төменгі таптың жанына жайғасады.
Сонымен қатар, «Независимая газета» басылымы көрші Ресейде орта таптың азайып келе жатқанын жазған. Яғни экономистер мен әлеуметтанушылар елде орта таптың орны ойсырап қалғанын айтады. Олардың айтуы бойынша, Ресейдегі ресми деректер көрсетіп отырған орта таптың 20-25%-дық көрсеткіші, шын мәнінде 7%-ды құрайды. Ал Ресей ғылым академиясының Әлеуметтану институты тұрғындардың 20%-ын орта тапқа жатқызуға болатынын айтады.
Шетелден деректер келтіре отырып, олардың қоғамы, құрылымы және тұрмысының біздікінен бөлек екендігін айттық, бұл ретте әр елдің өзіндік ұстанымдары болатынын да ескеру қажет. «Әр елдің салты басқа, иттері қара-қасқа» екенін бабам қазақ баяғыда білген. Себебі, бағзы заманнан қанағатпен қарын тойғызып, шүкірлік ету арқылы шаруасын жасап жатқан исі қазаққа осы жөнінде сұрақ қояр болсаңыз, міндетті түрде «өзін орта тапқа жатқызатыны» жөнінде жауап аласыз. Бұл туралы шетелдік сарапшылар да адамзаттың өзін-өзі рухани тұрғыда орта тапқа жатқызуын орта тап сипаттарының бірі деп есептейді.
Ал осыған қатысты өткен жылғы «Қазақстандағы орта тап ұлттық экономиканың қозғаушы күші ретінде» атты конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Рамазан Салықжанов тұшымды пікір айтқан болатын. Оның айтуы бойынша, ең бірінші, орта тап өкілдерін табысымен алып қараған дұрыс емес. Екіншіден, әр ұлттың, қоғамның өзіндік танымында ерекшеліктері бар. Мәселен, біздің елімізді алар болсақ, қазақ халқына «шүкіршілік», «тәубешілік ету» тән. Соңғы зерттеулеріміздегі «Сіз өзіңізді қалай сезінесіз?», «Өзіңізді қай тапқа жатқызасыз?» деген сауалдарға халықтың басым бөлігі өзін жақсы сезінетінін, өзін орта тапқа жатқызатындығын айтқан. Ал ауылдағы орта тапқа жататын азамат пен қаладағы орта тап өкілі және Батыстың орта тап өкілдері арасындағы табыстары, көңіл-күйлері әртүрлі болып келеді, дейді ғалым.
Демек, орта тап өкілі деген кезде нақты ел-жұрттың, қоғамның, экономикалық және саяси жағдайдың ерекшеліктерін ескеру қажет. Оның айтуынша, орта тап өкілдері мәселесінің күн тәртібіне шығарылуы қоғамдағы тұрақтылық жағдайына байланысты. Орта тап неғұрлым көп болған сайын қоғам тұрақты дамып, биліктің жүргізіп отырған бағыты дұрыс деген түсінік қалыптасады. Яғни елдегі орта тап өкілдері санының көбеюіне мемлекет мүдделі.
Сонымен қатар, Р.Салықжанов қазіргі таңда еліміздің орта тап өкілдерінің нақты саны белгісіз екенін айтады. Тіпті, оларды анықтайтын нақты өлшемдер де жоқ. Ал, орта тап өкілдеріне басында баспанасы, астында көлігі бар, бала-шағасы мен туған-туысына қарайласуға жағдайы жететін азаматтарды жатқызуға болады, дейді.
Десек те, дамыған елдермен иық тірестіріп дамушы көшке адымдай ілескен соң, елдің орта табын көбейту және олардың тұрмыс сапасын көтеру де мемлекеттің және кез келген азаматтың міндеті деуге болады. Себебі, біреуден кеш, біреуден ілгері келетінімізге қанағат ету өз алдына, «Бұдан да жаман күнде тойға барғанбыз» дегенді «Бұдан да жақсы болу қажет» дегенмен алмастыру заман талабына сай болмақ.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан»