Шымкентте биылғы жылы алма ағашы екінші рет гүлдеді. Ол бұдан үш жыл бұрын қаладағы мейрамханалардың бірінің жанына отырғызылған екен.
Сол жеміс ағашы биылғы көктемде бірінші рет гүл жарып, маусымда алғашқы мәуесін берген. Енді, міне, тамыздың 1-і күні тағы да шешек атып шыға келіпті.
Табиғаттың осынау ғажайып көрінісі қала тұрғындарының кейбірін қатты қуандырып жіберген сияқты. Олар ақ гүлдің көмкеруіндегі ағаштың жанында жапатармағай суретке түскен.
– Мен осы жерде 5 жылдан бері аспаз болып жұмыс жасап келемін. Мына алма ағашын біздің қожайынымыз Луфатулла Шаходжаев отырғызды. Содан бері 3 жыл өтті. Мен мұндай құбылысты бірінші рет көріп тұрмын. Ол алғашында көктемде гүлдеп, бізге дәмді жемістерін сыйлап еді. Енді, міне, екінші рет гүлдеп тұр. Мен осы жасыма дейін мұндай ғажапты көрген емеспін. Шамасы, жақында тағы да оның мәуесін жейтін шығармыз, – дейді мейрамхана қызметкері Гүлнұр Абдулиева.
Шымкентте жеміс ағаштары күтпеген жерден гүл жарып шыға келуімен жұртты жиі таңғалдырады. Әдетте, мұндай жағдай ауа райы күрт жылып кеткен қыс айларында немесе ерте көктемде болып жатады. Ал жаз кезінде ағаштардың екінші қайтара шешек атуы бұған дейін кездеспеген екен.
Мұрат АЙТҚОЖА