• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Тамыз, 2016

«Мараканада» Олимпиада алауы жанып тұр

372 рет
көрсетілді

Рио – 2016 Олимпиадасының ашылу салтанаты атақты «Маракана » стадионында өтті. Бразилия қазір экономикалық қиындықтарды басынан өткеріп жатқанымен жұмыр жердегі ең ұлы спортшылардың бірегейі Пелені берген мемлекет. Сондықтан да құрмет жоғары бола бермек. « Маракана » Пеле сияқты сайыпқырандардың маңдай тері төгілген қасиетті стадион болғандықтан да ұлы дүбірді тамашалаушылардың қатары көп болғандығы анық. Жалпы, осы салтанатты шараны өткізуге 21 млн. доллар жұмсалды деп хабарланды ресми деректе. Бейжің олимпиадасының алауын қабылдап алған ағылшындар Лондонда қытайлықтар секілді шашылмайтындықтарын айтқан болатын. Олардың Лондон олимпиадасы ойындарына салған қаржысы Риодан екі есе көп болғанын ескерсек, бұл спорт салтанатының қоржынының бүйірі солыңқы екендігі білініп қалады. Ерінбегендердің бәрі Бразилияны жерден алып жерге салып жатқандықтан арзанқолдау өткен спорт мерекесі жайында осы жерден тоқтауды жөн көрдік. Рио олимпиадасының Эллада елінен жеткізілген алауын Бразилияның ең таңдаулы спортшылары қолдан қолға өткізді. Ал, алауды тұтату құрметі марафоншы Вандерлей Кордейру ди Лимаға көрсетілді. Олимпиада ойындарының әнұранын балалар хоры орындады. Бразилиядағы Олимпиада-2016 ойындарының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Карлос Нузман жағдаймен хабардар еткеннен кейін ХОК президенті Томас Бах сөз алып, дүние жүзінен келген барша қауымды ұлы мерекемен құттықтады. Томас Бах өз сөзінде бірінші рет олимпиада қозғалысына сіңірген қайраткерлер үшін Олимпиада ордені бекітілгендігін айтты. Ең бірінші орден екі дүркін олимпиада ойындарының жеңімпазы кениялық желаяқ Кипчеге Кейноға табыс етілді. Олимпиада ойындарының шеруіне 207 мемлекет спортшыларымен қатысса, Қазақстан 40-ы болып өтті. Еліміздің Туы таэквондашы Руслан Жапаровтың қолында желбіреген. «Мараканадағы» салтанатта Бразилияның президенті міндетін уақытша атқарушы Мишел Тимер Рио-2016 олимпиадасының ресми ашылғанын хабарлағананнан кейін түнгі аспанды күндізгідей жарқыратып жіберген отшашуға кезек жетті. Олимпиада шеруінде босқын споршылардан құралған топ өткенде БҰҰ-ы президенті Пан Ге Мун мен ХОК президенті Томас Бах орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Спорт – достықтың, бейбітшіліктің мерекесі. Спортта шекара болмайды. «Мараканада» өткен шерудің соңы әлемнің барша түкпірінен келген спорт жанкүйерлерінің де ортақ, бір – бірін тілсіз түсініскен мерекесіне айналды. Көңілде бір ғана түйткіл қалған. Әлемдік тамашадан бір адамды көре алмадық. Ол – Пеле. Келемін депті. Алауын тұтатамын депті. Келмеді, келе алмады. Лондонда марқұм ұлы боксшы Мұхаммед Әлиді көріп едік. Қол арбамен келіп құттықтауын айтып кеткен. Паркинсон сырқатынан тілі тұтқырланып тұрса да жеткен еді. Пеле өкпелесе уақытша үкіметке өкпелеген шығар. Оны алыстан көрсе де көңіліне медеу санайтын, жас балаша қуанып қайтатын, мұндағы келеңсіздіктерді бір Пеле үшін ғана ұмытатын жанкүйерлердің жазығы қанша?, деп ойладық. Қайран, Пеле көкем – ай. Бірақ, спорт тойынан жұрт құр аттай жайтаңдап, көңілді қайтты. Алда 2016-жыл тамыз айының теңдессіз күндері есігін айқара ашып тұр. Бақтияр ТАЙЖАН – Рио-де-Жанейродан.