• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2016

Бұлақ көрсе, көзін ашқан

571 рет
көрсетілді

Арқа өңіріне Тілеуқабыл Есенбекұлының есімі жақсы таныс. Әсіресе, саятшылықты өнер деп бағалаған ағайын мен мал өсіруді кәсіп еткен шаруа қауымының ол кісіге деген сый-құрметі ерекше.   Тілекең ұмыт болған құс­бегілік өнеріміздің тамырына қан жүгіртіп, елімізде ал­ғашқылардың бірі болып халықаралық «Салбурын» сайы­сын ұйымдастырған азамат. Ол құсбегілердің осы додасын бірінші рет 1995 жылы, содан кейін 1998 жылы екінші рет өткізді. Аталған сайысқа еліміздің бірқатар облыс­тарынан және Германия, Австрия, Венгрия сияқты шет мемлекеттерден құсбегілер келіп қатысқан еді. Бұл шараның соңы ғылыми-тәжірибелік конфе­ренцияға ұласып, құсбе­гілік өнер кеңінен тыныстап қалған болатын. Сонымен қатар, ол шет мемлекеттерге шығып, сондағы ақпарат құралдары арқылы бекзат өнер – құсбегілікті насихаттау ісінде көп шаруа тындырды. Батыс елдерімен құс баптау бойынша тәжірибе алмасу жұмысын жолға қойып, бұл іске қызығушылық та­нытқан еуропалықтармен тығыз қарым-қатынас орнатты. Бұдан бөлек, іскер азаматтың Шет аудандық шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы ретінде фермерлерге түрлі кө­мек­­тер көрсетіп келе жатқа­ны­на да он жылдың жүзі болды. Жасының жетпістен асқа­нына қарамастан Тілеу­қабыл Есенбекұлы үнемі ізденіс үстін­де жүретін жан. Биыл ол «Табиғи бұлақтарды жөндеп және қалпына келтіру арқылы қуаң аймақтағы тұрғындарды сумен қамтамасыз етуді арттыру» жобасын іске асыра бастады. Негізі бұл игі шара – Еуроодақ пен Қазақстан Үкіметі арасындағы су көздерін сақтау және ауыз суды тиімді пайдалану бойынша бірлесе қолға алған жоба. Қарағанды облысының біршама бөлігін шөлейт жерлердің алып жат­қаны белгілі. Сондықтан да бұл өңір үшін жеті қат жер астынан атқылап жататын бұлақтарды сақтау ерекше маңызға ие. Таяуда ол Шет ауданының орта­лығы Ақсу-Аюлы кентін­дегі Жанғұтты би бұлағының біте­луге айналған басын то­лық­тай жөнге келтіріп, ауыл тұрғындарының таза су ішуіне жағдай жасады. «Бұрын бұл бұлақтың суы молынан ағып, Шерубай-Нұра өзеніне құйылып жатушы еді. Кейіндері көзі бітеліп, суы сарқылып қалды... Біз ең алдымен, бұлақтың суын сорып алып, көзін тазаладық. Содан кейін бастауын бетонмен шегендеп, қызыл кірпішпен өріп шықтық. Қайнардан шыққан су резервуар арқылы бұлақтың қолдан жасалған шарасына ағып барады. Бұл жаздыгүні тұрғындарға су алу үшін қажет, ал қыс кезінде су резервуардан құдық арқылы қауғамен тартылады. – Оның жан-жағын мал бас­пау үшін таспен қоршадық. Енді су ағып әрі қарай арыққа кетеді. Оны мал ішеді. Біздің есебіміз бойынша, осы жерден шамамен 80-90 отбасы ауыз су алатын болады», – дейді жоба жетекшісі Тілеу­қабыл Есенбекұлы. Бұдан бөлек жобаны іске асырушылар құдыққа дейінгі 100 метрдей болатын жолды өз күштерімен салды. Ал бұл шаруа жобаның жоспарында жоқ болатын. Жалпы бұл істе жоба же­тек­­шісіне Шет ауданының тұрғындары, жастардан құ­ралған еріктілер тобы көп қол­ғабыс тигізіпті. Олар арнайы сенбілік ұйымдастырып, сауапты істен қолдан келген көмек­терін аямаған. Жоба аясында барлығы 10 бұ­лақтың басын жөнге келтіру көздел­ген. Бүгінгі күнге дейін оның үшеуі жөндеуден өтті. Бағдар­лама бойынша жөнделуге тиіс бұлақ­тардың барлығы Ақсу-Аюлы кенті­нен айналасы 20 шақырым жерде орналасқан. Қазақта «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген өнегелі сөз бар. Тілеуқабыл Есенбекұлы осындай сауапты іс тындырып жүр. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы, Шет ауданы