• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2011

Ақынның мәңгілік мерейі

395 рет
көрсетілді

Енді біраз күндерден кейін ұлы Жамбылдың туғанына 165 жыл толады. Соған байланысты Жетісу өңірінде ақын даңқын асқақтату мақсатымен бірқатар ауқымды шаралар қолға алын­ды. Атап айтқанда, рес­пуб­ликалық ақындар айтысы мен облыстық оқушылар айтысын, жыр мүшәйрасын ұйымдастыру, мектептерде өткізілетін тақы­рып­тық кештермен қатар, 5 сы­ныптан бастап әрбір өренге Жамбылдың жырын жаттату сияқты мазмұнды жұмыстар өрістеген. Ақынның 165 жылдығын атап өту дайындығына өткен жыл­дан бастап-ақ қызу кіріскен жерлестері әуелі оның мұражай ғимараты мен кесенесін жөн­деуді ойластырып еді. Облыс әкі­мінің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған бұл жұмыс­тың тиянағы туралы Жамбыл мұражайының директоры Мәу­лен Қожашев былай деді. – Мен осы музейге 1974 жылы қыркүйекте бас қор сақ­таушы болып қызметке тұрдым. Содан бері ағымдағысы бар, бас­қасы бар бірнеше мәрте жөн­деу жұмыстары жүргізілсе, ең көзге көрінерлігі – ақынның 150 жылдығы қарсаңында орындал­ған жұмыстар дер едім. Енді, міне, облыс әкімі Серік Үмбетовтің қамқорлығы нәтиже­сінде былтырғы қыркүйек­тің 1-інен желтоқсанның 10-ына дейінгі ара­лықта жедел жөнделсе де, өте сапалы атқарылған жұ­мыстарға барша келушілер дән риза. Мұ­ражайға қарасты 7 ғимаратпен қоса ақынның кесенесі, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев ескерт­кішінің айналасы түгелдей абат­тан­дырылды. Оған бюджеттен 70 млн.теңгеден астам қаржы жұм­салды. Күрделі жөн­деу жұмыс­тарын Анатолий Рябинин басқа­ратын «Ал­маты ауыл құрылыс» мекемесінің ұжымы ат­қарса, қо­салқы жұ­мыстарын «Күм­без» серіктестігі жүргізіп, кесененің көркін келтірді. Ата­мыздың аруағы дем берген болар, қысқа мерзімде қы­руар іс тындырылды. Иә, Жамбылдың ең сүйікті ұлдарының бірі Қожаштың немересі Мәулен  мұражай тізгінін  қо­лына алғалы да отыз бес жылға жуықтапты. Оның білікті бас­шылығымен істелген жұмыстар аз емес. Қай кезде келсеңіз де айналасы мұнтаздай тап-таза. Сан алуан гүлге оранып, бағында бұл­бұл сайраған мұражайдың аула­сына кірген адамның шыққысы келмейді. Ақынның көзі тірісінде ағаш­тан салынған үйдің  12 бөлме­сіндегі жәдігерлерді тамашалап, 150 жылдық мерейтойы қар­саңында 900 шаршы метр ау­мағында қосымша салынған мә­жіліс залын еркін аралайтын келушілерді музей қызметкерлері қашан болсын құшақ жая қарсы алады. Сондықтан да шығар, Жамбылға тағзым ету үшін жыл сайын ең кемінде 11-12 мың адам ат басын бұрады. Әлемнің әр түкпірінен ағы­латын аса мәртебелі қонақтары да үзілмейді. Мұражай ұжым­ның 2002 жылдан бері облыс­тағы 22 мұражай арасындағы өзара бәсекеде «Алтын сапа» белгісіне тұрақты ие болғаны жарқын жетістіктің бірі деуге болар. Жамбыл деген сөздің төркі­нін қамал деп ұғынамыз. Ол расында, халқына қамал бола білді. Отызыншы жылдардағы ашаршылық пен аласапыран қу­ғын-сүргін кезінде елінің ру­хын сақтап қалды. Жанталасқан соғыста, жан-жағынан жауы анталап жеткенде, Нева өзені бо­йындағы кешегі Ленинградты шынайы қамалға айналдырған да Жамбылдың жалынды өлеңі болатын. Оның әрбір шумағы қоршаудағы елге дем берді, оқ болып атылды, снаряд болып жарылды. Миллион жол өлеңді жа­дына тұтып, жатқа сапыратын дастандарын тыңдаған әдебиет сарапшылары тоқсаннан асқан құдіретті ақынның дарынына шүбәсіз бас иген күндерден бері де 70 жылдан асыпты. Әлем әлі Жамбылдың құпиясына тамсанумен келеді. Алашын жырына қосып, татулықты ту еткен Қатағанмен айтысын әлі күнге жырсүйер қауым бой­тұмардай бағалайтынын да айтпай кету әбестік. Қазақтың төл­құжатындай болған оның мәртебесі қашан да жоғары. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.