Ширек ғасыр ішінде өрлеу мен өсудің, өркендеу мен өршіл мақсаттарға қол жеткізудің ғажайып құбылысына айналған Қазақстанның тәуелсіздігі мен демократиялық жетістіктері Ата Заңымызбен тікелей байланысты екені баршаға мәлім. Өзінің түптамырын адам мен адамның өмірін, құқы мен еркіндігін ең басты құндылық деп санайтын Конституциямыздың 1-бабында: «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм», – деп айқын көрсетілген.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Кешегі тарихтан тамыр алған, ертеңгі тарихқа тұғыр болған Ата Заңымыз салтанат құрып тұрғанда еліміз толағай табыстарға бөлене бермек» деген сөзінің астарында терең мағына, айрықша мазмұн жатыр. Мемлекет басшысы осындай тұжырымды пікірімен бүгінгі өркениеттік құндылықтар мен бағзыдан жеткен ұлы дала демократиясының элементтері енген Конституцияның мызғымастығы мен тарихи әлеуетін белгілеп берді.
Осындай қастерлі ұстанымның әлемдік көшбасшы елдер, дәлірек айтсақ, дүниежүзіндегі озық отыз елдің қатарына кіруге қадам басқан еліміздің мәдени дамуында да басты орында тұрары анық. «Мәңгілік Ел» идеясымен біртұтастыққа айналған халық санасындағы жасампаздық пен сол арқылы құндылықтар жасалатын шығармашыл әрекетті өзінің өзегі, сенімді темірқазығы етіп алған мәдениеттің даму қарқыны әрдайым арта түсері белгілі. Яғни, осындай ерекше патриоттық актімен тұғырлана түскен Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздегі мемлекеттің, оның саяси және мәдени ұстанымдарының жаңа сапалы сәйкестіктері қалыптасып келе жатқанының айғағы болып табылады.
Нақты айтатын болсақ, бұлар тек сапалық тұрғыдан ғана жақын ұғымдар емес.
Біріншіден, саяси мәдениеттің деңгейі дегеніміз – елдің мемлекеттік мәртебесінің деңгейі болып саналады.
Екіншіден, саяси мәдениет тікелей саяси іс-әрекеттерде көрініс береді. Демократиялығы кемелділікпен дамыған елдердің тарихына зер салатын болсақ, тек өзіндік саяси мәдениетінің даму нәтижесінде туындаған саяси жүйе ғана тұрақтылық пен бірқалыптылық болмысқа ие бола алатынын көреміз.
Саяси мәдениеттің ішкі құрылымында саяси сана маңызды орын алады. Осымен де байланысты, адам санасы мен сезімінде әсемдікті қалыптастыруда қуаты орасан зор көркем өнер туындыларының, атап айтқанда, көркем шығармалардың, кинофильмдердің, телевизиялық бағдарламалардың, музыка өнерінің, мұражайдың, көркем мәдениеттің, тағы да басқа жұмыстардың тамаша мүмкіндіктері арқылы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің құндылықтарын алдыңғы жетекшілік орынға қарай дамыту, сол арқылы қазақ халқының біртұтастыққа айналуына негіз қалау – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен оның ведомстволық құрылымдары үшін өзекті болып саналады.
Көркем мәдениеттің саяси санаға тигізетін әсері мен ықпалы және оның гуманистік құндылықтардан тұратын мазмұны – адамдарды ұлы жасампаздыққа жетелейтін қуатты күш екені адамзаттың алғашқы өркениет кездерінен белгілі. Жоғары зайырлы биліктің, меценаттардың, ерекше тұлғалардың, жасампаз тұлғалардың, ғалымдардың, саясаткерлердің атқарған қызметтерінен көркем шығармашылықтың қандай да бір түріне, белгілі бір бағытына қолдау көрсету стратегиясын айқын көреміз. Бұл тұста барлық қазақстандықтар тұтас ел болып қолдап отырған, әлем мойындап отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатын ерекше атап өтуіміз керек. Президенттің орасан зор тарихи қызметінің арқасында бүгінгі күні көк Туын әлемге таныта желбіреткен тәуелсіз Қазақстан келбетінде ата-бабамыздың өз алдына егеменді ел болсақ деген арманы көрініс тауып отыр.
Қазақта «Ел үмітін ер ақтар» ұғымының тұжырымдамалық маңызы өте зор. Бұл ретте қазақтың ата-баба жолымен қалыптасқан «елдік сана» ұғымының нық та берік мұратқа айналғанын айта кетуге болады.
Мәдениет пен өнердің керемет әлеуеті мен мүмкіндіктерін ерекше бағалап, сол арқылы қазақстандық мәдениеттің асқақ беделін қалыптастырудың қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев әрдайым атап көрсетіп келеді. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінде басты құндылық ретінде белгіленген тәуелсіздік идеясы еліміздің мәдениетінің бұлжымас тетігін құрап отыр. Ауыл клубтарында қойылған концерттер мен аудандық көрмелерден бастап, халықаралық деңгейдегі имидждік іс-шаралар мен фестивальдерге дейін тәуелсіздік болмысын мәңгілік жырланатын тақырып етіп келеді.
Келесі қастерлі құндылықтарымыздың бірі – ұлттық бірлігіміз бен қоғамдағы бейбітшілік пен өзара келісім. Бұл тұста мемлекет пен мәдениет арасындағы нәзік те берік медиаторлық қызмет атқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі алдыңғы орында тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдени саясат жүйесінде өзекті орынға ие болады. Оның елімізде тұратын барлық этностарды біріктіретін 820 этномәдени бірлестіктерді кіріктіріп атқаратын қызметі бейбітшілік пен келісімді дамытуда маңызды орынға ие болып келеді. Ассамблея зайырлы көзқарас пен асқақ руханилықтың мүмкіндіктерін келістіре үйлестіріп отырған азаматтық қоғам мен мемлекеттің сенімді құрылымына айналды. Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың нақ осы шарттары «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің екінші және үшінші құндылықтары ретінде белгіленген.
Біздің Конституциямыздың гуманистік құндылықтары индустрияландыру мен инновацияға негізделген экономикалық өсудің мемлекеттік бағдарламасынан қолдау табады. Бұл мәселеде Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясы – оның дүниетанымдық құраушысы болып саналады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі» екенін айтқан еді. Елбасының бұл сөздерін мәдениет пен өнер қайраткерлері өздерінің алдына қойылған міндеттерін шешуде қолданатын мүмкіндіктері ретінде басшылыққа алады. Еліміздің мәдени дамуы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін шынайы болмысқа айналдыруда өзінің бар әлеуетін пайдалануын керек етеді. Бұл ретте «Мәңгілік Ел» идеясы шығармашыл тұлғаларға – сазгерлерге, суретшілерге, ақындар мен жазушыларға, мұражай қызметкерлеріне, кітапханашыларға екінші тынысы ашылып, жаңа мотивациялар тауып, шығармашылық шабыттарын тасқындатудың қайнар бұлағына айналады. Осындай жаңа құндылықтар мен мәдени мәнділік қазынаны қалыптастыру үдерісіндегі ерен еңбектері олардың қоғамдағы дәрежелі орнын танытып, моральдық қанағатшылдық сезімін қалыптастырады. Біздің Конституциямыздың шығармашылық еңбек еркіндігімен байланысы дегеніміз – Ата Заңымыздың түрлі мәдени өнімдер жасауға берілген кепілдігі екені осылай танылады.
Тарих пен тілдің ортақ болмысы – барлық деңгейдегі мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық еңбектерінің ажырамас бөлшегі ретінде танылатыны белгілі. Бұл «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің алтыншы құндылығы болып табылады. Конституциялық дәрежеде бекітілген осы құндылық қазақстандық көпұлтты қоғамды бір мақсат пен ортақ құндылықтар аясына біріктіріп, бір ұлттың екінші ұлттың мәдениетін тұтастай немесе үздіктеп қабылдау үдерісін, мәдени алмасулар үдерісін өткізуге негіз қалайды.
Осылай, тұтас мәдениет пен одан туындайтын саяси мәдениет дегеніміз – қазақстандық қоғамда берік орын теуіп келе жатқан әлеуметтік санадан өткізілген және сезімнің терең иірімдерінде өрнек салған құндылықтар мен соған сай келетін сенімдердің жиынын танытады. Өз кезегінде, бұл қасиеттер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметі сияқты, ұлттық қауіпсіздік пен еліміздің жалпыәлемдік және өңірлік мәселелердің күрмеуін шешуге қатысудың жаһандық қадамын да қамтамасыз ете алатын қуатқа ие болып табылады.
«Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің алтын қазығы болып саналатын барлық құндылықтарымыз қазақстандық мәдениеттің патриоттық мәнділігін танытады. Осы құндылықтардың арқасында Қазақстан, біздің алтын ұямыз, тарих үшін қысқа уақыттың берген мүмкіндіктерін санаға салып, әрбір сәтін таразылай пайдаланып, мол жетістікке қол жеткізді, кемел келбетке ие мемлекеттілік құрды.
Қазақстандық қоғамның саяси бағдары мен мәдени құндылықтары қазақстандық саяси мәдениеттің болмысын құрайды. Осы құрылымдағы әрбір құраушы бөлшектің тұтас мемлекет үшін маңызы зор болып келеді. Қазақстан Республикасының Ата Заңының өзіндік ерекшелігі сонда, Конституцияда Қазақстанда тұратын жүзден астам ұлт өкілдерінің бір «Мәңгілік Ел» идеясын ұлықтап, ол бағытты өзінің даму бағдары етіп бірауыздан қабылдауына және осы жолда сеніммен қарыштап қадам жасауына кепіл беретін сенімді тіректер жазылған. Мұндай сеніммен қаруланған жеке тұлғалар өздерінің шығармашылық әлеуетін ел пайдасына шешілетін құндылықтар туындатуда жасампаздықпен қызмет етеді. Мәдени құндылықтар, елдің саяси құндылықтарына игі ықпалын тигізіп қана қоймай, уақыт өте келе, «мәдени формулаларға» айналып, елді әлемге танытатын белгілерге де айналады.
Осымен қатар, қол жеткізген жетістіктерді болашаққа алып баратын сенімді қадам деп санап, алға қарай даму қарқынымызды бәсеңдетіп алмау жағын да сәт сайын түсінуіміз керек. Алға қарай жүретін жолды әрдайым ой жүгірту арқылы сезіп отыру, оның қыры мен бұралаңының алдын алу, қалай болғанда да адаспайтын тура жол табу – саяси мәдениетіміздің даму үрдістерін анықтауды білдіреді. Қазақстанның жемісті дамуының маңызды критерийлері ретінде мәдени даму деңгейін, мәдени институттар мен мәдениет тетіктерінің инфрақұрылымдарының тиімді де сапалы қызмет етуін атауға болады. Қазақстан мәдениеті өзінің дамуы мен биік нәтижелерге қол жеткізуі арқылы тек ұлттық қана емес, әлемдік мәдени мұраны дамытуға да өз үлесін қосып келеді. Өзінің сапалы қызметін жүйелі жолға қою арқылы қазақстандық мәдениет сапалы мәдени құндылықтарды жасауда, ұрпақтан-ұрпаққа, елден-елге жеткізуде және пайдаланып, тұтынуда озық үлгі жол қалыптастыруда. Мәдени алмасулар мен жеке тұлғаның өзіндік болмысындағы шығармашылық әлеуетін жүзеге асыра алуында да қазақстандық мәдени институттар жемісті нәтижелерге қол жеткізуде.
Ата Заңымыздан нәр алған конституциялық еркіндігіміз бүгінгі жақсы өмірімізді де қамтамасыз ету көзі болып табылады. Қазіргі біздің уақытымыз – бақытты мүмкіндіктер мен бақытты сәттер кезі. Мәдениет арқылы өмір сүру, еліңді сүю мен жасампаз болу, осынау жаһанның бір сапалы да маңызды бөлшегіне айналу, қоғамдық және саяси өмірге саналылықпен араласу да осы кезеңнің бізге берген бақыты.
Ата Заңымыздың арқасында өзінің шығармашылық қызметінің жоғарғы сапаға жетуіне, сөйтіп әлемде қазақстандық мәдениет мәртебесін танытуға, Қазақстанның атын тарих парақтарына алтынмен жазуға үлес қосуға берілген мүмкіндіктеріміз өте зор.
Осындай жарқын сәттердің нәтижесінде, аға ұрпақтың саяси тәжірибесін, қазақстандық саяси-мәдени мәнділіктер мен құндылықтардың өскелең ұрпаққа сабақтастықпен жалғасуына беретін мол мүмкіндіктерін пайдалануда Қазақстан Республикасының Конституциясы айнымас тірек болып табылады.
Қуатжан УӘЛИЕВ,
Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы, заң ғылымдарының докторы