• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2016

Адамзаттың тағдыры алаңдатқан

328 рет
көрсетілді

Жасыратыны жоқ, Семей полигонын ешкім ашық айта алмайтын. Кеңес заманында Семей полигоны ұлт дертінің жасырын ошағы болды. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезде ғана бұл мәселе қоғамдық деңгейде көтеріліп, әлем елдерінің назарын аударды. Елордада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция осының айғағы. Елбасымыз «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі жалпы адамзат алдындағы қауіпті ашық айтып, жетекші державалар арасындағы текетірестің жаһандық соғысқа ұласуынан қауіп­те­нетінін, Мем­лекет басшысы ретінде алаң­дайтынын әлем назарына салды. Азуы айды білеген қанқұйлы дәуірден де өтіп, еңсесін көтеріп, есін жиған Қазақ елінің бастан кешкені бұл жиында да бүкпесіз айтылды. Жиырма бес жыл бұ­рын жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған қараша жұрттың қасіреті мен жанайқайына құлақ асқысы кел­мегендердің бір сәт ойланып, кідіріп қалуына тура келгендей. Естігенін айтуға, көргенін жариялауға болмайтын шідерліге жан бітіп, әлем қауымдастығының алдында ой тасталды. Жеті басты айдаһарға жан бітіргісі келетін адамзат ойының ұшқыр қиялы бір сәт демін жұтып, күнәсіз құрбандардың көз жасынан бас тартуды да қалайтын күн туар. Назым Хикмет: «Сен жанбасаң лапылдап, Ол жанбаса лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ», депті. Мың өліп, мың тірілген қазақ жұртының аспаны ашылып, Мәңгілік Елге жол бас­тайтын күн туды. Роза МҰҚАНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Астана