Астана қаласында өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияға қатысып, әлемдік деңгейде көтерілген келелі мәселелердің куәсі болдым. Елбасының әлемдік деңгейдегі ядролық қарусыздандыру жөніндегі бастамасы – Жер шарындағы бүкіл адамзатты ядролық сынақтардан біржола бас тартуға және бейбітшілікке шақырған үндеуінің нәтижесін көріп, ұғындым.
Конференция барысында Елбасы Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация соншалықты түсініксіз теория емес екенін және еліміздің аумағында 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты «бейбіт» деп аталып келген әскери сынақтар жасалғанын атап өтіп, бүгінгі күнге дейін осы сынақтың зардабын тартып келе жатқанын баяндап, адамзатты ядролық қарусыз әлем құру мәселесіне бір кісідей атсалысуы қажеттігін жеткізе білді.
Бүгінде Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуы – ядролық қарусыз әлем құру бастамасының өзге елдерге үлгі боларлықтай бірден-бір факт екенін айтуға болады. Семей сынақ алаңының жабылуы еліміздің болашағын, яғни бейбітшілікті таңдаудың дұрыстығына ешкім күмән келтірмейді. Ядролық қарудан бас тарту арқылы еліміздегі тұрақтылықты, бейбітшілікті қамтамасыз ете білдік.
Әлемдегі қарулы қақтығыстарды тоқтатып, бейбіт өмірге бастайтын Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV саммитте жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесі әлемдік деңгейде қолдау тапқанын баса айтқан дұрыс. Сондықтан, осы мақсатта елімізде кеңінен насихат жұмыстарын жүргізуге «Нұр Отан» партиясы барша қазақстандықтарды шақырғаны мәлім. Осынау бірлікке бастау болатын келелі іс Жетісу жерінде жанды жалғасын тауып, мемлекеттік саясатқа сай қадам жасайтынына кәміл сенім білдіреміз.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
ТАЛДЫҚОРҒАН