Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен осыдан тұп-тура ширек ғасыр бұрын Семей полигонының жабылып, қазақстандықтардың адам тілі айтып жеткізгісіз қасіреттен біржола құтылғаны мәлім. Осы бір атаулы датаға орай өңірде «Қазақстан – ядролық қарусыз әлем көшбасшысы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Шараға полигон зардабын шеккен жерлестеріміз, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
1947 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен құрылған полигон Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының тұрғындарына ауыр зардап әкелді. Жер асты мен ауадағы ядролық жарылыстар салдарынан мыңдаған адамдар айықпас кеселдерге шалдығып, мүгедек болып қалды. Оның зардабы әлі күнге дейін білінеді. Ядролық тәжірибелер үшін 18500 шаршы шақырым жер бөлініп, ашық сынақтардың зардабын көргендердің қатарында солтүстікқазақстандықтар да бар. Солардың бірі Тоты Тұрысова жолдасының жұмыс бабымен Қарағанды облысына келген. Ана атанғалы жүрген келіншектің денсаулығы сыр беріп, тұңғышынан өлідей айырылып тынған.
1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонында 473 ядролық жарылыс болғанын осы маңда әскери борышын өтеген Асхат Ақжанұлы жиі еске алады. Оның айтуынша, айына 2-3 рет жарылыс жасалып, көз алдау үшін адамдар басқа жерлерге уақытша көшірілген. Тоталитарлық режімнің құрбандығына оның бірталай әскери әріптестері де ұрынып, жастайынан көз жұмған. Денсаулықтарына айтарлықтай нұқсан келген.
Жуырда «Семей полигоны» Солтүстік Қазақстан облыстық бірлестігі құрылып, ядролық жарылыстардан жапа шегушілерге материалдық, рухани қолдау шараларына кірісті. Дөңгелек үстелге жиналғандар Қазақстанның Кеңес Одағы елдері арасында алғашқы болып ядролық қарудан азат етілгенін мақтанышпен әңгімеледі.
Семей полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиыннан кейін ядролық қарудың зардабын шеккен отандастарымызды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы