• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2016

Ортаймайтын қазаны, тарқамайтын базары

393 рет
көрсетілді

Сыр өңірі Астанаға берекелі де мерекелі тарту-таралғысын ұсынды Сенбі күні Астанада еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылорда облысының күндері аясында өңірдің шығармашылық ұжымдарының концерті мен фото және суретшілердің көрмесі өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Конгресс-Холл сарайында қанат жайған көрмеге Сыр су­рет­шілерінің қолынан шық­қан 60-тан астам кескіндемелік шы­ғар­малар мен фотосуреттер қойылды. Көрменің мақсаты – облыс сурет­шілерінің шығар­ма­шылығын насихаттау, өнер­лерін шыңдау және тәжі­рибе ал­масу. Шарада Сыр елі өнер иелерінің қайталанбас жұмыстары Арқа жұртшылығы мен қонақтарына эстетикалық тұрғыда рухани әсер сыйлады. Онда көпшіліктің назарына Қайырбай Зәкіров, Аманкелді Кененбаев, Шәкірбек Сәменов сияқты есімдері белгілі су­рет­шілердің туындылары ұсы­нылды. Сонымен бірге, бейнелеу өнеріне өз үлестерін қосып ке­ле жатқан жас суретшілердің шы­ғар­маларына да орын берілді. Көрмеге келушілер суретшілердің Арал маңындағы қарапайым адам­дар­дың өмірін, ауыл тақырыбын бейне­лей­тін шығармаларымен, қазақ­тың тарихына қатысты салған сурет­терімен таныс­ты. Ал фотосурет көрмесінде жұрт­шы­лық «Кешегі Ақмешіт, бүгінгі Қызыл­орда», «Өңір меди­цинасының өр­кені», «Білім­ділер бағындырған биік белестер», «Қы­зыл­орда – балаға мейірім­ді қала», «Сыр елі – жыр елі», «Сәулетті, дәулетті Қызылорда», «Сыр елінің толағайлары», «Ырыс­ты, күрішті Қызылорда», «Жер кін­дігі – Байқоңыр» тақырыбындағы фото­­сурет­терді тамашалады. Онда 1991 жыл­­­дан осы кезге дейін облыс­тың жетіс­тік­тері туралы түсірілген жұмыс­тар ұсыныл­ды. Суреттерді түсірген Мансұр ХАМИТ ------------------------------------------------------------------ Тоқшылық пен мол­шы­лық­тың кезеңі деп саналатын күз к­үндеріне де ауыз салдық. Ал биылғы күздің аста­налықтар үшін айрықша артық­шы­лығы болып тұр. Себебі осы күзде ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғы атап өтілмек. Соған бай­ла­­ныс­ты елор­дада апта са­йын өңірлер­дің ауылшаруа­шы­­­лық өнімдерінің «Қуатты өңір – қуат­ты Қазақ­стан» деп ата­латын жәр­мең­келері ұйым­­дастырылмақ. Өт­кен сен­­бі-жексенбі күндері мұн­дай игілік­ті шараны Қызыл­орда облысы бас­та­ды. Егіні бі­тік шығып, алтын астық­ты қамбаға молынан құйған өңір еңбеккерлері жаз бой­­ғы төккен терлерінің нәтижесін паш етті. Әрине бұл тұтыну­шы­­ларды қол­жетімді тауарға кенелтіп, мәре-сәре етсе, өнді­рісшілердің өнімін өткі­зіп қуан­­­татын ерекше жағдай. Ал Тәуел­­сіздік тойына арнал­ған жәр­­­мең­келердің жөні тіптен бөлек. Мұнда сауда-саттық қана емес, рухани-мәдени ша­ра­­­лар да ұйым­дастырылып, ел­ор­­­да­лықтарға ерек­ше дема­лыс сыйлайды. Сыр елі де тай­қаза­нын толтырып, қырман қам­­басын еселеп, алып елдің жүрегі Аста­наға шашу-шат­тығы­­мен келді. Аймақ өнер­паз­дары да әсем әндерден шашу ша­­шып, астаналықтарды дәс­т­үр­лі өнер­мен сусындатты. Соны­­мен бірге жәр­меңкеге кел­ген­дер Сыр елінің өт­кені мен бүг­іні­­нен сыр шертетін көр­ме­лер­ді, соның ішінде Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тари­хы мұра­­жайының ар­на­йы ұйым­­дас­тырған көрмесін тамашалады. Жәрмеңкенің ашылуында Астана қаласы әкімінің орын­басары Андрей Лукин мен Қызылорда облысы әкімінің орын­басары Руслан Рүстемов елор­да тұрғындары мен қо­нақ­тарын айтулы күнмен құт­тықтады. «Өңірлердің Астана қала­сындағы күндерінің, оның ішінде Қызылорда облысы күндерінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Әри­не қазақ­тың әрбір сынық сүйем жері қа­сиетті, міне, со­ның ішінде астаналар өңірі, ежел­гі тарихты қойнауына ба­сып жат­қан Сыр өңірінің осы жәрмеңкелер шеруін бас­тап келуінің де өзіндік тари­хи маңызы, мәні бар деп ойлай­мын», деді Р.Рүстемов. Әкім орынбасарының мәлім­­деуінше, бұл тари­хи сабақ­тастық. Ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығында еліміздегі өзге өңірлер сияқ­ты Қызыл­орда облысы да әлеу­меттік-эконо­микалық, мәде­ни-рухани дамудың биік деңгейінде келе жатыр. Тек соңғы он бес жылдың өзінде, салыстырмалы түрде айтар болсақ, облыста 171 мектеп, яғни білім ошағы бой көтерген екен. Соңғы бес жыл ішінде облыс халқының өсімі жылына 1,6 пайызды құ­рап, қазір облыс халқының саны 800 мыңға жетіп қалған. Қызылорда облысы Елба­сы­ның қолдауымен қарыш­тап алға қадам басып келеді. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы­мен даңғайыр диқан, дала академигі атанған Ыбырай Жақаев атамыздың 125 жылдығы орайлас келіп отыр. Сондық­тан ортаймайтын қазанын, тарқамайтын базарын таныту үшін Қызылорда облы­сы өзінің тарту-таралғысымен келіп, қарт Қаратаудан ақиық Аралға дейін созыл­ған қасиетті өлкенің дәмін аста­на­лық­тарға Сырдың сый-тартуы ретінде ұсынды. Ауылшаруашылық өнім­дері­нің жәрмеңкесінде Қызыл­ор­да облысының 7 ауданынан кел­ген 50-ге тарта өнім түрі сау­­даға түсті. Жалпы құны 70 мил­­­лион теңге болатын 400 тон­на азық-түлік елорда тұр­ғын­­дары­на төмендетілген қол­же­тімді баға­мен сатылған. Олар­дың ішін­де алғашқы орақтан жи­­нал­ған 70 тонна күріш, 90 тон­­на­­ға жуық көкөніс түрлері бар. Қызылорда облысынан кейін жәр­мең­­келер эстафе­тасын Алматы об­лы­сы жал­ғас­­тыр­­мақ. Осылайша өзге өңір­­­­лер­­мен кезектесетін апта са­йын­ғы жәр­мең­ке қа­зан айы­ның соңына дейін ұласады. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан» ------------------------------------------------ «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты өңірлер күндерінде Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапхана елордадағы М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасында «Туы биік, тұғыры берік Сыр елі» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Шараның ашылу барысында облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратова Сыр бойы түркілік, шығыстық өркениетке ошақ болған қасиетті мекен, қалың қатпарлы тарихтың куәгері болған өлке екенін баяндады. «Көне тарих, даланың шыншыл шежіресі бұл өлкенің береке-бірлігі бұзылмағанын, қиын-қыстау күндерде ұлтқа пана, өзегі талған өзгеге сая болғанын айғақтайды. Көрмедегі кітаптар мен газет-журналдардан, фотосуреттерден Сыр бойы туралы көптеген мәлімет алуға болады», – деді кітапхана директоры. Көрменің «Елбасы Сыр елінде» атты бірінші бөлімі Президенттің әр жылдарда Қызылордаға жұмыс сапармен келген тарихи кезеңдеріне арналған. «Тарихы өсиетті, қойнауы қасиетті Сыр елі» атты екінші бөлім өлкенің сонау VІІ ғасырдан бастап, түрлі түркі тілдес халықтардың астанасы болғанынан хабар береді. Олардың арасында VІІ-XІ ғасырлардағы Оғыз астанасы – Жанкент, XІІІ ғасырдың екінші жартысында Жошы ұрпақтарының кезіндегі – Ақ Орда, XV-XVІІІ ғасырларда қазақ хандықтарының орталығы – Сығанақ. 1925-1929 жылдары Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасының астанасы – Қызылорда қаласы бар. «Өңірдің өркенді келбеті – тәуелсіздік жемісі» атты бөлім тәуелсіздік жылдарында облыста әлеуметтік, экономикалық, мәдени-рухани салалардың өсіп, дамығанын көрсетсе, «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалар бөлімі» Сыр жерінің даңқты тұлғаларына арналған. Олар – от ауызды, орақ тілді Әйтеке би, Самарқанды 30 жыл билеген Жалаңтөс Баһадүр, Жанқожа, Көкен, Жаназар, Бұхарбай, Бақтыбай сынды хас батырлар, алаш қайраткері Мұстафа Шоқай, қазақ әдебиеті мен ғылымының, мәдениеті мен өнерінің тұлғалары – Ә.Қоңыратбаев, Ә.Тәжібаев, З.Шүкіров, А.Тоқмағамбетов және т.б азаматтар. «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Сыр елі» атты бөлім Сыр елін жыр елі атандырған, жыраулық дәстүрдің мектебін қалыптастырған Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуған сынды Сыр сүлейлеріне, облыс мәдениеті мен өнерін асқақтатып, жер-жерлерден жүлделермен оралып, өлкенің даңқын шығарып жүрген өнерпаздарға арналған. Қызылорда облысының бай тарихын, әдебиет пен ғылымның, мәдениет пен өнердің мол мұрасын паш ететін көрмеге 300-ге жуық кітаптар мен газет-журналдар, фотосуреттер қойылды. Топтаманы әзірлегендер Дастан КЕНЖАЛИН, Динара БІТІКОВА, Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»