Сағынбек Тұрсыновтың төрағалығымен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің азаматтардың саламатты қоршаған ортаға құқықтарын қамтамасыз ету, Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандардың қолданыстағы заңдарында және оның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерінде кепілдік берілген құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі және комиссияның 2011 жылға арналған жұмыс жоспары мен 2010 жылғы есебі туралы мәселелер талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша Қоршаған ортаны қорғау министрі Н. Әшімов сөз сөйледі. Елбасы биылғы Жолдауында алдағы онжылдықтың аса маңызды міндеті Қазақстанның барша азаматтарының өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсарту деп атап көрсетті. Сондықтан да азаматтардың саламатты қоршаған ортаға құқықтарын, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл бағытта сөз сөйлегендер қоршаған ортаның сапасына ерекше көңіл аударып, қоршаған ортаның қолайлы жағдайы елдің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының бірі деді.
Демек, Қазақстан орасан табиғи ресурстарға ие болғандықтан, бұл қазіргі ғана емес, болашақ ұрпақтың да алдындағы зор жауапкершілікті білдіреді, сондықтан қоршаған ортаның ластануы үшін жауапкершілікті қатайту, сондай-ақ экологиялық мәдениетті арттыру жөніндегі нақты шаралар уақыт оздырмай қабылдануы тиіс.
Екінші мәселесі бойынша Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы С.Күсетов баяндама жасады. Ол Әділет министрлігі тарапынан сотталғандардың жазасын өтеу мерзіміндегі құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды шаралар кешені іске асырылды деп атап өтті. Түзеу мекемелерінде құқық тәртібін нығайтуға, жазаны өтеуді ізгілендіруге, сотталғандар құқықтарын қорғауға, қылмыстардың алдын алуға бағытталған мақсатты жұмыс жүргізілді, босап шыққан сотталғандарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде.
Күн тәртібінің үшінші мәселесі бойынша сөз алған комиссия хатшысы Т.Әбішев комиссияның 2011 жылға арналған жұмыс жоспары мен 2010 жылғы жұмысының нәтижелері туралы хабардар етті.
«Егемен-ақпарат».