• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2011

Өзі де, сөзі де айқын

542 рет
көрсетілді

Оқырманын қалпынан озық етіп, игі ұмтылыс беретін ұлттық түлеу тiлеулесi, шамшырақ боп нұ­рын шашып, дүниенiң сырын ашып, рухани жол­басшы бола білген, ой мен қырдағы қазақ бала­сы­ның бас алмай оқитын айнымас бiр серiгі – елі­міз­дің бас басылымы «Егемен Қазақстанның» әрбір санын асыға күтетініміз анық. Сондайда газет бетінен қарағандылық оқырмандарына етене таныс бір есім бар. Кім десеңіз, ол – Айқын Несіпбай. Уақыт қас қағым. Қолына қалам алғалы қырық жылдай болған әріптесіміз өзінің шығармашылық жолын «Торғай таңынан» бастап, одан «Ком­мунизм нұрында», «Лениншіл жаста», «Ор­талық Қазақстанда» жалғаст­ы­рып, соңғы он төрт жылдан бері «Еге­мен­нің» өңір­дегі көзі мен құ­лағы болып келеді. Қарап отырсам, өмірдегі біздер ізіміз ұқсас, тіпті бірдей дерлік. Қарағанды мем­лекеттік университетінің тұңғыш тү­лектері болдық. Тағдыр үш-төрт жылдан соң Целиноград, Қарағанды облыстық га­зет­терін­де қайта тоғыстырды. Орыс­тың қазіргі за­манғы ұлы ақыны Евгений Евтушенконың кешегі дәуірдің елуінші жылғы­ларды біртоға ұрпаққа телитіні бар. Сол рас сияқты. Басқаны білмеймін, осы бір ой ұшығы Айқыннан аңғарылады. Бізбен бірге бүгінде белгілі ақындар Абзал Бө­кен, Серік Ақсұңқар, «Фирдоуси» деп атайтын қис­сашыл ағамыз Әбілқасым Тәңірбергенов, Қа­дыр Мырза Әлі жырларын ұйқыдан оятып жібергенде де жаңылыспай жатқа оқи жөнелетін Мұхит Адамов, «жазсам Ақан Нұрмановша жазамын, олай болмағанда жазуды тастаймын», дейтін Серікбай Шоңғаловтар оқыды. Ішіміздегі ең асауымыз қазіргі ірі ақын Серік еді. Алдымыз ақын, әдебиетші, ғалым, журналист болу­ды армандадық. Кейде бір-бірімізге мамандық «үлес­тіреміз». Бірде атына сәйкестендіріп, «Сен Ай­қын Нұрқатов сияқты сыншы боласың» дедік. Көзі­міз­ше «қолдан келсе» деп келіскенімен, ішкі арманы одан алыстау әлденені жазып-сызудан байқалып қалып тұратын. Өзгеміз өз ортамызда қалғанда ол Торғай асып кетіп, сол жақтан мүйізі қарағайдай газетші болып оралды. Осы күнге дейін аузынан тас­та­майтындай бұлайша жолға түсуіне, ғұмырлық сүйік­ті серікке айналуына бір өзі бір мектептей болған ұс­тазы Жақсылық Жүнісұлының тәлімі бөлек болыпты. Ертеден бергі сырластық, ниеттестікке орай бір-бірімізге қашанда тілеуқормыз. «Егеменнің» тілшісіне лайық қалам қарымы марқайтып тастап жү­реді. Соған қоса міндетіне адалдығы жарасады. Ре­дакция лездемелерінде атап өтілген материал­дарынан құрастырылған «Жылжыған жылдар» деген жинағының бірінші данасын алдымен маған тарту еткен соң байыппен оқып шыққанымда, шы­нын­да әріптестері аузына жай ілікпегені білінген. Кітап демекші, тұрғыласымның бойындағы бір қасиеті – әсіреқызылдық пен түймедейді түйедей ету­ге бармайтындығы. Қабілет-қарымы танылған, мойындалған болса бір сәрі, кейбір ізбасар­лары­мыз­дың құс қайта бір, құс келе бір ширақтық таны­тып, басшылардың тілін таба білу ептілігін бай­қатып, қаржы тауып, бір баспадан шыққан жина­ғын екінші баспадан қайта шығарып, оқырманға оқылмайтын күлдібадамын қайта-қайта тықпалап мезі ететіні күннен күнге етек алып бара жатқаны жасырын сыр емес. Ал Айқын ондайлықтан аулақ. Араға біраз жыл түсіп кетсе де жинақ шығару бәсекесіне асығатын емес. Бұл, меніңше, кітап атты қасиетті дүниенің қадірін қастер тұтқандық. Оның әдебиетшілік қыры да маған мәлім. Ешкімге жар салмай өз көңіл қалауына орай істер тын­дырып жүреді. Мәселен, сонау тоқсаныншы жыл­дар басына дейін біразымыз өмір­де Жолдыкей Нұр­мағамбетұлы ат­ты ақын болғанын білмей келдік. Халық ақын­дары­ның Қара­ған­ды өңіріндегі соңғы бір үл­кен шоғыры Қа­йып, Доскей, Кө­шен, Болман, Ғабди­ман­дарды Ғабит Мүсіреповтің өзі бастап, соғыс жылдарында алғаш ұйым­­дас­тырылған Ал­маты­да­ғы айтысқа алып бар­ған­да орта­ларындағы Жолды­кей Мұхтар Әуезов, Сә­бит Мұ­қановт­ардың назарын ау­дарып­ты. Айтыс бас­та­лар ал­дын­да Сәбең ақын­дар­дың ша­лы­мын байқамақ болып, «Об­лыс­­тары­ңыз­­д­ың сипатын таны­тар­лық жай­ды бір ауыз өлең­ге сый­ды­ра айтып шық­са­ңыздар», дегенде басқа­лары то­сы­лып қалғанда Жөкең қолма-қол: Халқыма Қарағандым – қара саба, Атағы Алатаудан  аласа ма!? Еліме қара алтынын  беріп жатыр. Ақындар осыныма таласа ма? – деп одан әрі көсіле жө­нел­генде Сәбең риза болыпты. Мұхтар Әуезов те суырыпсал­малық өнеріне сүйсінген екен. «Совет ақындарының айтысы» деген мақаласында Жолды­кей­дің есімін бөліп атап, айтысынан ұзақ үзінді келтіреді. Осы жайлар бірінші рет баян етіліп, оның айтыскер ғана емес, тіл кестелілігі, өрнектілігі көзге ұрарлық ақын болғандығы Айқынның зерттеу мақаласында жан-жақты талданып, көрсетілген. Содан соң-ақ танылып, ортамызға оралған ақын мұрасы, есімі қазір көпшілікке белгілі. Нұра ауданының орталығында атына көше берілді. Өңір айтулы тұлғаларының қатарынан орын алды. Бір әттеген-айы, осы еңбегіне жиендік жаса­ған­дар болса керек, бірде қатты қынжылып жүргенін көрдім. Басқа болса, ат-тонын алып тулар ма еді, ренішін сыртқа шығармай, булығыңқырап барып басылатын сүйегіне сіңді сабырлыққа көнді. «Қай­те­міз, ұяты білсін» дейді есіне түскен сәтте. Маған кейде қызық көрінеді, оған әсіресе, ата-баба жеріне оралған ағайындар үйір. Бірде Моң­ғо­лия­дан қозғалған ұлы көшті бастап келгендердің бірі, әріптес інім Аманжол Ақыннан сөз тартқанымда: – Атажұртқа алғаш табан тірегенімізде бірінші төс түйістірген бауырымыз Айаға еді. Жаңа ортада әркімге жаутаңдап жүріп, «Орталық Қазақстанды» арқа тұта барғанымызда таныстық. Топ жан едік. Бірден үйіне алып барды. Соғымның соңғы тәуірін қазанға салдыртып, дәм берді. Сол бір жан жылуы естен кетпейді. Іле «Құтты қоныс» қайырымдылық қорын құрып, мұндағы ағайындарды көмек қолын созуға жұмылдырды. Бұрынғы кен инженері менің жазып-сызуға икемімді байқап, өз қатарына тартты, – деген болатын бауырластық сырын ашып. Уақыт жаңарды, өмір өсті. Ал ол өзі қалаған қатарда. Сонау 1997 жыл күзінен « Егемен Қазақстан» сеніміне сақ. Білуімше, оған одан артық атақ, абырой жоқ. Айтпақшы, осындайда еске түседі, білім терең­детуге құлаш ұрған кезде он жетідегі өрендер, яки біздер оның туған күніне Шандор Петефидің жыр жи­нағын тарту етіп, «Атына лайық азамат бол» деп тілек жазған едік. Өзі де айқын, сөзі де айқын қаламдас сол үдеден шығып келе жатқан сыңайлы. Сәбит БЕКСЕЙІТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қарағанды.