• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
25 Ақпан, 2011

Қысқы мәжіліс отырыстары басталды

362 рет
көрсетілді

Кеше Австрия Астанасы Вена қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым Парламенттік Ассамблеясының қысқы мәжілісі жұмысын бастады. Оған Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған еліміздің делегациясы қатысуда.

Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Венадан.

Форум аясында Тұрақты ко­ми­теттің отырысы, сондай-ақ сая­си мәселелер және қауіпсіздік, эконо­ми­калық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта, демократия, адам құқығы мен гума­ни­тарлық мәселелер жөнін­дегі Жалпы үш комитеттің оты­рыс­тары жүруде. Қазақстан­дық­тар Ассамблеяның саяси, қауіп­сіздік, сондай-ақ экономикалық мәселе­лер, ғылым, технология және қоршаған орта жөніндегі комитеттерге мүше болып табы­лады. Бұл – Парламенттік Ассамблея қысқы мәжілісінің оныншы кездесуі. Басқосуға 53 мемлекеттен 240 парламентші тіркелген екен және бұл осыған дейін болып келген Ассамблеяның ең ірі қысқы мә­жілісі болып табылады. Бірінші күні өткен үш Жалпы комитеттердің бірлескен отыры­сын­да Ассамблея Төрағасы Петрос Эфтимиу, Австрияның Феде­рал­дық Президенті Хайнц Фишер, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төраға­сы, Литваның Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис сөз сөй­леді.  Түстен кейін болған саяси мә­селелер мен қауіпсіздік жө­нін­дегі Жалпы комитеттің мәжі­лі­сінде Қазақстан Парламенті Се­на­тының төрағасы Қасым-Жомарт То­қаев сөз сөйледі. Парламенттік Ассамблея сес­сия­сы ЕҚЫҰ аумағындағы ағым­дағы мәселелер­ді қарастырады. Талқылау тақы­рыптарының қата­рында Беларусьтегі ахуал мен Минскідегі ЕҚЫҰ Офисінің жабылуы, Қырғызстандағы жағ­дай, ЕҚЫҰ реформасы, БАҚ бос­тандығы, демократия мен адам құқықтарының сақталуы, ұзаққа созылған жанжалдар, Еуропа қауіп­сіздігінің келешегі турасын­дағы үнқатысу және басқалары бар. Әрине, форум делегаттары та­рапынан Қазақстанға деген қызығу­шылық өте жоғары. Былтырғы жылы төрағалықты үздік атқарып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұсынысымен он бір жылда тұңғыш рет жоғары деңгейдегі саммиті ұйымдастырып, ЕҚЫҰ-ның одан арғы бағдарын айқын­даған Астана Декларациясының қабылдануына барынша күш-жі­герін салған Қазақстан өзінің ар­тынан орасан саяси мұра қал­дыр­ды. Ал биылғы жылы Үштікке мү­ше ретінде өзінің ЕҚЫҰ-дағы белсенді саясатын жалғастыруда. Мираскерлік пен сабақтастықты қамтамасыз ететін бұл органның күнделікті жұмысымен бірге Қа­зақстан ЕҚЫҰ-ның азиялық әріп­тестерімен ынтымақтасу жө­нін­дегі байланыс тобына төрағалық етуде. Бұл топқа 56 мүше мемлекетпен қоса, ынтымақтастық жө­нін­дегі әріп­тес дәрежесіне ие алты азия­лық ел кіреді. Олар – Австралия, Ауғанстан, Моңғолия, Корея Рес­публикасы, Таиланд және Жапония. ЕҚЫҰ Астана Декларация­сын­да әріптес елдермен ынты­мақ­тастық деңгейін көтеру қажет­тілігі айтылған. Құжатта, атап айт­қанда, «аймақтық қауіпсіздік көршілес аймақтардың қауіп­сіз­дігімен тығыз байланысты, әсі­ре­се, Жерорта теңізі аймағы мен Азияда» делінген. 2011 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде тағы бір жауапты әрі маңызды миссияны жүзеге асы­ра­ды. Қыркүйек пен желтоқсан ара­лығында еліміз ЕҚЫҰ-ның қауіп­сіз­дік саласындағы ынтымақ­тас­тық жөніндегі форумына төраға­лық етеді. Бұл форумның жұмысы Парламенттік Ассамблея мәжілісінің күн тәртібінде ерекше орын ал­мақ. Форум Тұрақты кеңес, Сырт­қы істер министрлерінің кеңесі және саммитпен қатар ЕҚЫҰ-ның ресми шешімдер қабылдай­тын дербес нұсқаушы органы бо­лып табы­ла­ды. Форум қатысу­шы-мемлекет­тер­дің тұрақты өкіл­де­рі­нен тұрады және ЕҚЫҰ айма­ғын­да қауіпсіз­дік пен тұрақты­лық­ты нығай­ту­дағы әскери-саяси сала­да­ғы нақты шаралар жөнінде ке­ңестер мен келіссөздер өткізу мақсатында Ұйым­ның Венадағы Штаб-пәте­рін­де апталық жина­лыс­тар ұйым­дастырады. Қару-жарақты бақы­лау, қарусыздану мен сенім шара­лары, қақты­ғыс­тардың пайда болу қаупін мейлінше азайту жөніндегі келіссөздер, қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты кеңестер, сенім шарала­ры мен қауіпсіздік мәсе­ле­лерінің жүзеге асуын бағалау жөніндегі жылдық жиналыстар, әскери доктриналар жөніндегі семинарлар ұйымдастыру форум міндетіне жатады. ЕҚЫҰ-ның атқарушы құры­лым­дарында қазақстандық өкіл­дер бүгінде өз жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. Ал биылғы қаң­тар айында ЕҚЫҰ-дағы Литва төр­ағалығы Қазақстан Парламенті Се­натының депутаты, Елші Әділ Ахметовті Іс басындағы төраға­ның Мұ­сылмандарға қатысты тө­зім­сіз­дік пен кемсітушілікке қарсы кү­рес жөніндегі Жеке өкілі ретінде қайта тағайындағанын атап өткен жөн. Жалпы, Қазақстанның Ұйым­ның үш өлшемінің жұмысына белсенді қатысуы жалғасуда. Астана ЕҚЫҰ-ға Литва төрағалы­ғымен тығыз өзара қарым-қа­ты­насқа және оның 2011 жылғы бағ­дарламасын жүзеге асыруда атса­лысуға дайын екендігін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Қ.Тоқаевтың Венаға сапары­ның бағдарламасы австриялық және ха­лықаралық саясаткерлермен, са­рап­шы­лармен екіжақты кездесулерге толы. ЕҚЫҰ ПА Президенті П.Эфтимиумен, осы ұйым­ның құрметті төрағасы Жоао Соарешпен және ЕҚЫҰ ПА Бас хат­шысы Спенсер Оливермен кездесулер барысында парламент­ара­лық ынтымақтастықтың өзекті мә­се­лелері бойынша пікір алмасылды. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ директоры Янеш Ленарчичпен кездесу бары­сын­да Қ.Тоқаев биылғы сәуір ай­ын­дағы президенттік сайлау қар­саңындағы Қазақстандағы жағ­дай туралы жан-жақты хабардар етті және Қазақстан мен ЕҚЫҰ, оның ішінде ДИАҚБ-мен ынтымақтас­ты­қ президенттік сайлау барысын­да да табысты жалғаса беретініне сенім білдірді. Өз кезегінде Я.Ленарчич ЕҚЫҰ алдағы сайлау үде­рісіне зор ықы­лас білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қа­зақстанда халықара­лық ережелер мен қағидаларға сәйкес байқау­шылар тобы жұмыс істейтін болады. Олар сайлау үдерістерін нақты әрі шынайы бағалайды, деді Я.Ленарчич. Қазақстан делегациясы бас­шы­сы­ның Австрия Республикасы­ның Федералды Президенті Хайнц Фишермен кездесуінде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқым­ды мәселелері бойынша пікір алмасты. Қ.Тоқаев былтырғы желтоқсандағы Х.Фишердің Қа­зақ­станға сапары «табысты және жемісті» болғанын атап өтті. Сенат Төрағасы Х.Фишерге Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаевтың ізгі тілектестігін жеткізді. Одан басқа, Қ.Тоқаев Монтерей халықаралық зерттеулер инс­ти­туты қаруды таратпау мәселеле­рін зерттеу орталығының дирек­то­ры профессор Уильям Поттермен кездесті. Қазақстанның осы орталық­пен ынтымақтастығының келешегін талқылау барысында У.Поттер 2010 жылғы сәуірдегі Ва­шинг­тон­дағы Ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі жаһандық саммитте Қазақстан Президенті Н.Назарбаев көтерген бастамаларды жоғары бағалады. Венаға сапарының алғашқы күні еліміздің делегациясы Қазақ­стан­ның елшілігі ұйымдастырған Қазақстан-Австрия дипломатия­лық қатынас­тары орнауының 19 жыл­дығына арналған қабылдауға қатысты.